Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңғырық 7791 56 пікір 12 Қаңтар, 2021 сағат 16:38

Қонаев: Петропавлды қазақ Қызылжар деп айтады!

12 қаңтар Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. 

Ол 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Сол жылдары Дінмұхамед Ахметұлының тікелей бастамасымен қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласының ең көрнекті ғимараттары салынды.  Мәселен, Үкімет үйі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы қолданысқа берілді. Республика сарайы, Спорт және Мәдениет сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынды. Ел арасында ол туралы «40 жыл ел билеп 47 қала салған», дейді.

Мәселен, Қонаев басшылық еткен 1955-і жылдан 1985-і жылға дейін республика өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс 8 есе өскен. Республиканың игерілмей жатқан аймақтарында мыңдаған елдімекен салынып, 47 жаңа қала пайда болған, дейді. Ол Қазақстанның ғылыми күш қуатының қалыптасуына ерекше көңіл бөлді.

1986 жылы 16 желтоқсанда ҚКП ОК-нің пленумында Д.А.Қонаевты Бірінші хатшы қызметінен босату туралы шешім қабылданды.

Қайраткер тұлға 1993 жылы 22 тамызда 82 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Біз бүгін «Қазақстанның бес облысы Ресейдің жері», деген Горбочевтың сөзіне қатысты Дінмұхамед Ахметұлының айтқан пікірін оқырман назарына ұсынбақпыз.

Қонаев: Горбочевтікі сандырақтаған сөз!

«Димаш аға, Кеңес Одағының Президенті Горбочев жолдас осыдан екі ай бұрын Қазақстанның бес облысын Ресейдің жері деген пікір айтты. Осыған қалай қарайсыз?

- Бұл мәселені осыдан 5-6 ай бұрын орыстың Америкада жататын Солженицын деген писательдері көтерген. Ал, оның алдындағы Горбочевтың сөзі.

Ал, менің ұғымым бойынша, бұл - сандырақтаған сөз. Оны айтқан орыстардың барлығы мына Қазақстанның солтүстік облыстары... Ол біздің ата-бабамыздың, қазақтың өз жері. Ал, біздің тарихшыларымыз оған баға беріп, оның бәрін көрсетіп отыр, дұрыстығын, Қазақстан жері екендігін...

Мәселен, Петропавлды қазақ Қызылжар деп айтады. Ал, Павлодарды Кереку деп айтады. Ал, шынын айтқанда ол Кереку де емес.

Онда бұрын орыстың саудагері болған Карекин деген. Ал, Карекиннің магазинінен товарды алуға Павлодардан қазақтар барғанда, айтатыны Мына Карекинге барайық. Керегімізді сатып алайық. Соның магазиніне барайық... Содан Карекин Кереку болып кеткен.

Ал, шынын айтқанда оның аты Тұзқала. Ол да мына көшіп жүрген қазақтың өз жері екен. 

Одан кейін өздеріңе белгілі Хрущевтің заманында, Хрущевтің бұйрығы бойынша Ақмоланы Целиноград деп атадық. Бұл да қазақтың өзінің жері. 

Ал, мұның бәрін қысып айтқанда, ол Горбочевтің айтқан сөзі сандырақтаған сөз. Тарихты білмегені үшін, ел-жұрттың ішінде не болып жатқанын білмегені үшін айтылған сөз. 

Оның бәрі қазақтың өзінің жері. Еліміздің, атамыздың, бабамыздың жерлері... Мұны өйтіп түсінуге болмайды. Мен оның айтқанына көнбеймін. Оған мен қарсымын».

;fbclid=IwAR2lUgmGWq6DGcT9QdKo-FFy9ZfO3mMEKzN_7Dht6-X6FH_MwVbVtOeCiCM

(Бейнесұхбаттың түпнұсқасы: Tarlan.kz)

Павлодар демекші, осыдан біраз уақыт бұрын сол қалаға Қонаевтың атын беру туралы да ұсыныстар болыпты. Себебі, кезінде ол Павлодардың көркеюі, дамуы, ондағы өндіріс орындарының салынуына қыруар еңбек еткен екен.

Ал, 2022 жылы көрнекті мемлекет қайраткерінің туғанына 110 жыл толады.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

56 пікір