Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3207 2 пікір 11 Қаңтар, 2021 сағат 12:35

«Жаңа Парламентпен тың өзгерістер болатындығын күтеміз»

Азаматтарымыз жаңа Парламентпен бірге қарапайым адамдардың өмірінде жаңа өзгерістер болатындығын күтеді. Мұндай пікірді Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов білдірді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлаулар демократиямыздың алға қарай даму қадамы болуы тиістігін айтты. Әрбір сайлау – бұл азаматтық кемелденуге арналға байыпты емтихан. Мәжіліске қажетті 7 пайыздық тосқауылды еңсерген 3 партия өтті. Қазақстанда сайлауға келудің алдын ала қорытындысы – 63,3 пайыз. Бұл – барынша жоғары көрсеткіш. Мәселен, Польшада соңғы сайлауда 30 пайыздан сәл астам сайлаушы қатысқан. Азаматтар жоғары азаматтық жауапкершілік көрсетті, сайлау мәдениеті жоғарылады. Нақты нәтиже сайлаудың соңғы қорытындысы шығарылғаннан кейін болады. Exit poll алғашқы нәтижелері де бар», - деп жазды Марат Бәшімов Facebook-парақшасында.

Институт директорының атап өтуінше, Exit poll әлемдік әлеуметтік тәжірибеде қолданылатын процедура саналады. Оның барысында сайлау учаскесінің шыға берісінде дауыс берген адамдар арасында сауалнама алынады. «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының exit poll нәтижесінде респонденттердің 5,75 пайызы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, 71,97 пайызы «Nur Otan» партиясына, 3,07 пайызы «ADAL» саяси партиясына, 10,18 пайызы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына, 9,03 пайызы «Қазақстанның Халық партиясына» дауыс берген. Сұхбат форматында халықаралық стандартты әдістемеге сай өткізілген exit poll барысында респонденттерге «Парламенттік сайлауда сіз қай партияға дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сұрақ қойылған.

«Сайлау учаскелерінде дауыс беру санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Сайлау процесін ұйымдастыру лайықты деңгейде болды. Жастар көп қатысты. Сайлау барысында-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың азаматтық белсенділігі өте жоғары екендігін атап өтті. Кандидаттар көп және олардың барлығына теңдей жағдай жасалды. Сайлау жоғары деңгейде, заңнамаға сай болды және аяқталды. Қоғам дамуының жаңа кезеңі басталады. Азаматтарымыз жаңа Парламентпен бірге қоғамдық, әлеуметтік өмірде, өзге де салалаларда, қарапайым адамдардың өмірінде жаңа өзгерістер болады деп күтеді», - деді ол.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Abai.kz

2 пікір