Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 8141 0 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 16:23

Жер де - қазақтікі, ел де - қазақтікі!

Президент Қ.К.Тоқаев «мемлекетімізді нығайту үшін тағы не істейміз?» деген екен, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Осы ойлы сөз көкейімді алаңдатып жүрген мәселені жазуға түрткі болды.

Жаһанды пандемия жайласа, Ресейді Кеңестер Одағының елесі кезіп жүр.

Ресей Думасының бірнеше депутаты кезінде Кеңестер Одағы заңсыз ыдыратылды, енді оны қалпына келтіру қажет деген желеумен баяғы көне Ресейдің имперлік көзқарасын жаңғыртуы ненің белгісі?! Сонымен, Ресей неге Кеңестер Одағын қайта құруға мүдделі дегенге жауап іздеп көрелік.

Бұл Ресейдің өз ішіндегі қарама-қайшылыққа толы саяси-экономикалық дағдарыстың себебі болар деп топшылаймын.

Сондықтан өз халқының назарын басқа бағытқа бұру ескі саясаттың  ұрымтал әдісі деп білемін.

Көрші елдің экономикасымен қоса демографиялық жағдайы да мәз емес. Қазақстанның қазба байлықтары, атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы, жер көлемі оларды қатты қызықтырады.

...Бразилияның Амазонка өзенінде Анаконда атты әбжылан мекендейді. Сол алпауыт жылан  жан-жағын жалмап, жұта берген соң,  коронавирус секілді кеселге ұшырайды. Олар иіс сезу қабілетінен айырылады, содан соң өз құйрығын өзі жұтып, тұншығып өледі екен. Табиғаттағы осы жағдай біздің көрші мемлекеттің басына келіп жүрмесін...

Соңғы жылдардағы Ресейдің  халықаралық қатынастардағы жағдайы, соның ішінде экспансия саясатына байланысты іргелі мемлекеттердің санкциялары нәтижесінде  Ресейдің экономикалық, әлеуметтік жағдайы бәсеңдеді. Ресей құрамындағы субъектілердің  тұтастығы шытынай бастаған сыңайы да байқалады. Сонымен қатар, жақында ғана Эстония да Ресей Федерация құрамындағы екі облысын өздерінің аумағына жататындығын ашық айтып, Ресеймен осы бағытта біраз дау-дамайға барып жатыр.

Бірқатар әлемдік сарапшылардың пікірінше, Ресей өзінің мәселелерін соңғы кезде көрші мемлекеттер есебінен шешуді көздеп келеді. Әрине, мұндай әрекет халықаралық құқық талаптарына қайшы екендігі даусыз. Сондықтан бүкіләлемдік халықаралық қауымдастық мұндай саясатты қолдамай, алаңдаушылық білдіруде. Өйткені ол басқа тәуелсіз мемлекеттердің егемендігіне қауіп төндіреді.

Басында Кеңестер Одағын - Ресей,  Белорусь, Украина және  Закавказье мемлекеттері құрған. Кейінірек құрамына 16 республика кірді.

Кеңестер Одағының жүйесі экономикалық, идеологиялық, саяси тығырықтан шыға алмады. Билік ішінен іріп-шіріді. Халық репрессияға ұшырады. Дағдарыс меңдеді. Алып мемлекет өз еркімен Белорусьтегі Беловеж келісіміне сәйкес таратылды.

Кеңес Одағы құлады. ТМД құрылды.

Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтті.

Әр мемлекет өз Тәуелсіздігін жариялады.

Қазақстан бірден шекараны айқындап, оның шектерін мемлекетаралық  заңмен белгілеуге кірісті. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев осы кезеңде білгірлік пен табандылық танытты.

Қазақстан мен Ресей арасында екі жақты келісім шарттар жасалына бастады.

Мысалы, 1992  жылы 25 маусымда  Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы» Шартқа қол қойылды. Ол 1992 жылғы 7 қазанда күшіне енді.

Осы халықаралық Шарттың 10 бабында тайға таңба басқандай төмендегідей бап жазылған. Шарттың қазақ тіліндегі мәтінін заңнама базасынан таба алмағандықтан, орыс тілі мәтінінде бергенді жөн көрдім.

«Высокие Договаривающиеся Стороны признают и уважают территориальную целостность и нерушимость существующих границ Республики Казахстан».

Парадокс. Ресей мемлекеті мойындайды. Заң етіп қабылдайды, Президент қол қояды. Ал кейбір депутаттар қазір теріс пікір білдіреді. Бұл қаншалықты орынды? Ресей Думасы депутаттарының жеке көзқарастары халықаралық деңгейдегі сыртқы саясатқа сай келмеуі нені білдіреді?

Сонда аталған депутаттар өз мемлекетінің саяси шешімдеріне, ұстанымдарына қарсылық танытады ма? Демек, өз президенттерінің шешімдерін қолдамайды деп түсінуге де болар.

Халықаралық қатынастармен бекітілген заңды  әр мемлекеттің орындауы міндет болып табылады. Бұл норма Халықаралық келісімдер құқықтары туралы Вена конвенциясында бекітілген (1969 ж.). Ресей Федерациясы бұл Конвенцияға қосылған. Мұны да олардың қаперлеріне салып қойғанымыз жөн болар.

Бұл бұл ма? 2012  жылы 7 маусымда жоғарыдағы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол өзгерістердің мазмұны бойынша, мемлекеттер бір-біріне қарсы бағытталған кез-келген іс-қимылға, болмаса шараға қосылмайды және оны қолдамайды. Осы Шартты ратификациялау рәсіміне Мемлекет Думасының депутаты Е.Федоровтың өзі де дауыс беріп, қолдаған екен. Ал ендігісі не?

Сонда өкілетті органның депутаты өзі қолдаған халықаралық деңгейдегі заңға, кейін өзі қарсы шығып отырғанын қалай түсінуге болады? Бұл Ресейдің сыртқы саясатына сенімсіздік мәселелерін тудыратыны сөзсіз. Басқа сөзбен айтқанда, Ресейдің халықаралық имиджіне нұқсан келтіретіні анық.

1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы ХХІ ғасырда бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойылды.

Декларацияда мынадай жолдар бар: «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы кең ауқымды ынтымақтастықпен өзара сенім білдіру, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекаралардың бұзылмауы, дауларды бейбіт жолмен  реттеу және күш қолданбау немесе күшпен қорқытып, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, тең құқықтық және өзара тиімділік принциптері негізінде өздерінің қарым-қатынастарын құрады...».

2013 жылы 11 қарашада Екатеринбург қаласында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» Шартқа қол қойылып, ол заң ретінде 2014 жылы 22 желтоқсанда күшіне енді.

Осы Шарттың 1-бабын оқылық:

«Уағдаласушы Тараптар өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақ негізінде тең құқылы және егемен мемлекеттер ретінде бір-бірімен өзара іс-қимылды дамытады. Олар мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқықтылық және ішкі істерге араласпау, қысым жасаудың экономикалық және өзге де тәсілдерін қоса алғанда, күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қорқытпау, аумақтық тұтастық, шекаралардың мызғымастығы, дауларды бейбіт жолымен реттеу, адам құқықтарын, қағидаттарын, сондай ақ, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа алуға міндеттенеді».

Мұны бір деп қойыңыз. Енді Шарттың 2-бабына назар аударалық.

«Уағдағдаласушы Тараптар 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарт ережелерінде айқындалған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтық тұтастығын және бар шекараларының мызғымастығын растайды және құрметтейді».

Бұдан артық не керек?!

Сонымен қатар, Қазақстан көршілес жатқан мемлекеттермен әркез тату көршілік, достық және ынтымақтастық саясатын ұстанады.

1993-1999 жылдар аралығында Бірлескен Қазақстан – Қытай декларациялары қабылданды. Ал 2003 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасы мен Қытай  Халық республикасы арасындағы  тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартты бекіту туралы халықаралық заң күшіне енді.

Осылай, 2002 жылы Пекинде қол қойылған Шартың төмендегі мағынадағы шарттары бар:

«...Уағдаласушы Тараптардың бірде-біреуі де екінші аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретіндей тұрғыда өз аумағын үшінші мемлекеттердің пайдалануына жол бермейді.

Уағдаласушы Тараптардың бірде-біреуі де өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін ұйымдар мен топтардың құрылуына және олардың қызмет етуіне жол бермейді».

 Атап айталық, Украина, Белорусь пен Қазақстан Ресей Федерациясымен, Америка Құрама Штаттарымен, Ұлыбританиямен қауіпсіздік кепілдігі туралы Меморандумға қол қойған болатын.Онда ядролық қарусыз мемлекеттер санатындағы  Белорусь, Қазақстан, Украинаға ядролық қару қолданылмайтындығына кепілдік берілген. Кейін Меморандумды Франция мен Қытай Халық Республикасы қолдайтындықтары жөнінде мәлімдеме жасады.

Кеңестер Одағын қайта құруды көксеген Ресей Думасының депутаттары тарихтан сабақ алмай ма? Кеңестер Одағының қызыл терроры қазақ халқын жойып жібере жаздады. 1921-22 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық нәубеті жүректі сыздатады. Осы ретте, халқымыздың ұлы жазушысы М.Әуезовтың Қазақ қызметкерлері Одағы кеңесінің мәжілісінде сөйлеген запыран сөзінен мысал келтіргенді жөн көріп отырмын. Тура осы кезеңде айтылған.

«Шындығына көшсек, ашаршылық жайлаған қырдағы елдің қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлі көріністері ойын сияқты әсер етеді. Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл түрде шешуші шара қолданбаса, онда Қазақ Республикасы қазақсыз қалады.»

Тарихи таным жағынан алсақ, кейбір тарихшылар жазып жүргендей ашаршылық жылдары 3 миллионнан астам қазақ опат болыпты. Осыған біз де Ресейден контрибуция және қазақ халқынан кешірім сұрауды талап етуге  құқымыз бар емес пе?!

Біздің кейбір саясаткерлердің пікірінше, Ресейдің әлдебір саяси «үргіштерінің» сес көрсететіндігі - ол иесіне жағынуы деп есептейді. Осы ретте халқымыздың «Иесі айтақтаса - үрмейтін ит жоқ» деген мәтелі есіме түсті.

Ресей Мемлекеттік Думасының, оның ішінде билік партиясы «Единая Россияның» мүшелері тым болмаса жоғарыда айтылған Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім шарттарды оқымаған ба деген ой туады. Әлде, оқыса да «тисе - терекке, тимесе - бұтаққа» деген ойда  ма екен?

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихи танымды жаңғырту керектігіне ерекше назар аударды. Бұл бәрімізді ойландыруы тиіс.

Болашақта жер тұтастығына сұқтанушылардың ауыздарына құм құю үшін Президент мақаласын басшылыққа ала отырып Үкімет өңірлерді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын қабылдағаны жөн болар еді.

Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан шаралар баршылық, бірақ қазіргі жағдайда олар жеткіліксіз. Ең алдымен Солтүстік Қазақстан өңірін жедел қоныстандыру мәселесі сұранып тұр.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарындағы жерлерге ревизия жүргізу керек. Бұл национализация емес, оны инвентаризация ретінде өткізген жөн. Яғни, игерілмей жатқан және қараусыз жатқан жерлерді де анықтау қажет. Өйткені жоғарыда аттары аталған Ресей Думасының депутаттары Кеңес Одағын құрған соң, референдум өткізіп, олигархтардың меншігін түгел тартып аламыз, ол жерлерді халыққа бөліп береміз деген жалған ақпарат таратып жүр.

Осы ретте, 1917 жылғы революция кезінде большевиктер «Жер шаруаларға!» деп ұрандатып, халықты өз жағына тартқан жоқ па еді?!

Ресей мемлекетінде отырып, біздің мемлекетімізге сепаратистік пиғылдағы  іс-әрекеттер жасау, оның ішінде шындыққа жанаспайтын үгіт -ақпарат таратуға жол беруге болмайды. Бүгінгі таңда, екі мемлекеттің арасында болашақта мұндай келеңсіздіктерге тыйым салу үшін арнайы келісім шарт қабылдау  қажеттігі туындаған сияқты.

Заң бастамашылығына құқығы бар органдар мен депутаттар ойланар деп ойлаймын.

Облыс атауларын өзгерту де күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгергені осы үрдістің басы болғай деп тілеймін.

Солтүстік Қазақстан облысын Қызылжар облысы, Петропавл қаласын да Қызылжар деп атаса ешқандай сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын.

Шығыс Қазақстан облысын Алтай облысы деп алсақ орынды емес пе? Ал Павлодар облысы Ертіс облысы, Павлодар қаласын Ертіс қаласы деп атасақ дұрыс болмай ма?

Сондай-ақ, Алматы облысындағы Ұйғыр ауданын Шарын ауданы деп өзгертсе ешкім қарсы болмайтынына сенімдімін. Өйткені Шарын – көне, тарихи  атау.

Еңбекшіқазақ ауданының атын өзгерту де қиындық тұғызбайды. Мұнда бұрын Шелек ауданы болған, соны қалпына келтірсе жетіп жатыр.

Ойды ой қозғайды. Қалың оқырман да осы ұсыныстарға өз пікірлерін білдіріп, қажет жағдайда тиісті құзырлы органдарға ұсыныстарын жіберер деп ойлаймын. Бұл «естуші мемлекеттің» халық үніне құлақ асар сәттерінің бір көрінісі болар.

Президент - жалғыз. Ол халқы мықты болса ғана – мықты Президент бола алады.

Ұлт шаңырағын ешкім шайқалта алмайды.

Жер де - қазақтікі, ел де - қазақтікі.

Уәлихан Қалижанов,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541