Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Тұлға 2820 2 пікір 5 Қаңтар, 2021 сағат 12:35

Ақ алмас...

5 қаңтар Қайым Мұхамедханұлының туғанына 105 жыл

Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,

Толқын  жуып,  қаншама шайылды іздер.

Бұл күндері Семейге келген адам

Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер.

Н.Айтұлы

Алты алашқа астана болған Семей жеріне табаны тиген жан ең алдымен Қайымды іздейтіні хақ. Алаш мүддесі үшін, ұлт руханияты үшін басын бәйгеге тіккен, арын сатпаған, намысын таптатпаған, рухын аласартпаған қазақтың Қайымына деген аңсар-сағыныш Семей топырағына жетелері де сөзсіз әрқайсымызды. 

Бүгінде талайдың сағынышына айналған Қайым Мұхамедханұлы өткен ғасырдың 50 жылдарында тар қапаста жатып:

Туған жер, алтын бесік, ұшқан ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям.

Тарта гөр Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріңе мен еркін сиям!

– деп кіндік қаны тамған жерін аңсаған еді. Туған топырақтың қадірін, туған жердің асылдығын, туған елдің қымбаттығын бұдан асып қалай айта аласыз. Темір торлы түрмеде азаттық күнді аңсатқан, алғы күнге ұмтылтқан, жігерін жүдетпеген қуат Қайымның туған жерге деген сағынышы еді. Жазықсыз жала жабылып торықса да, үміт, мақсұт үстем. Алған бетінен қайтпауға бекемдігі туған жерге деген сағыныштан тамыр алады. 

Ал отбасы шаттығын, балаларын сағынған Қайым: 

Сағындым да, сарғайдым да, жүдедім,

Қайғы отына өртенгендей жүрегім. 

Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда, 

Осы өлеңім дұғам менен тілегім, 

– деп жырға қосады. Қазақтың қара өлеңінен жан дауасына жұбаныш іздейді, медет табады, сағынышын сейілтеді.

Уақыт зымырап жылдарды алмастырса да Қайым салған із, Қайым салған сүрлеу соқпағы сайрап жатыр.

«Абайға өмірімнің ақырына дейін қызмет етемін» деген Қайымға тиесілі қағидалы сөз бар. Ғалым сол сертінің үдесінен шығып, адам төзбес қиянатқа, қорлыққа шыдап бақты. Қажымай, талмай қайрат тауып Абайдың әдеби мектебін халықтың рухани игілігіне айналдырды. Абайдың ақын шәкірттері шығармашылығын жүйелеуде жарты ғасырға жуық уақыты кетсе де, ақын шәкірттері мұраларын жинастыруда ыждаһаттылық көрсете білді. Ақын мұрагерлерінің халық аузында жатталып қалған мұраларын қолжазба деректермен салыстыра отырып, түбегейлі зерттеп, ақиқатына жетті. 

Абай туындыларының төл нұсқасын қалпына келтіру ісінің жүлгесін салып, жүйесін жасауда Қ.Мұхамедханұлы еңбегі – қашанда негізге алар құнды дүние. 

Соның  айғағындай, қазақ әдебиеттану ғылымына  «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай мұрагерлері», «Абай шығармаларының текстологиясы» сынды сүбелі зерттеулері келді. Бұл еңбектер абайтану ғылымының адастырмас темірқазығы. Сонымен қатар, қазақ әдебиеті тарихына қатысты сын-зерттеулері Қайым Мұхамедханұлының зерттеушілік аясының, ғалымдық қарым-құлашының кеңдігін даралайды. 

Қайым ағаның алдын көру менің пешенеме небәрі екі-ақ рет нәсіп етіліпті. Ең алғаш 2003 жылы профессор А.Еспенбетовтің жетекшілігімен кандидаттық диссертациямның тақырыбы «Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық өмірбаяны» деп бекітілгенде Қайым ағаға арнайы бардым. Мән-жайымды айттым. Қайым аға өзіне деген осындай құрметті күтпеді ма, әлде өз шығармашылығын ғылыми-зерттеуге арқау еткені үшін шәкіртіне (Арап Еспенбетовке) ерекше ырза болды ма, әлде сонау сұрапыл кезеңнің ащы бейнеті есіне түсіп кетті ме әйтеуір терең ойға шомып үндемей ұзақ отырды. 

–  Аға, батаңызды алайын деп едім, – дедім мен имене қолымды жайып.

– Балам, ең бастысы мына жеріңдегі (қолымен жүрек тұсын нұсқап) адалдық керек, одан басқамен адалмын, ақпын деген бос сөз, – деді. Тоқсанды алқымдап қалса да, дауысы нық, көз жанары өткір. Естіген құлақтың өзінің денесін түршіктірер ауыр азапты тартса да адалдығынан танбаған Аға бейне бір қыран бүркітті елестетті сол сәтте. Көк тәңірісі қыран бүркіттей текті, талғампаз, тұнық, тұңғиық. 

Ғалымның маған берген бір ауыз батасы Қайымға «табынуымның» өрісті өзегіне айналды. Бәлкім, біреулер бұнымды әбестік те көрер, бірақ мен үшін Қайым қашан да Ұлы. Әке шаңырағындағы алаштықтардың ғибратты аңсары бала Қайым зердесінде жатталды, көкірегіне нұр құйды.  Алаш ойын бойына сіңіріп, адалдықты ғана жанына серік етті.  

Ал екінші рет көруім – 2004 жылдың 5 қаңтары күні, яғни туған күнінде құттықтап бардым. Дастарханның төрінде, бала-шағасының ортасында. Ерекше көңілді көрінді маған. Өткен жолы келген аспирантпын ғой деп өзімді таныстырып жатырмын, бетіме қарап жымиды да басын изеді. Бұл менің алаш арысын соңғы көруім еді.

Мынау жалған дүниеден қазақтың Қайымының өткеніне де он жеті жыл өтіпті. Он жеті жыл... сол кезде іңгәлап дүние есігін ашқан сәби де ат жалын тартып мінер бозбалаға айналды бүгінде. Ал біз не тындырдық, нені түгендедік? Өнегесі – мектеп, өрісі – әдебиет болған Қайым Мұхамедханұлының құнды мұрасын қаншалықты сараладық. Қайымтану ғылымының көкжиегін кеңейту Қайым үшін емес қазақ үшін қажет екендігін пайымдасақ болғаны. 

Қайым аға, соңыңыздан ерген шәкірттеріңіз үнемі ерекше бір ілтипат-сағынышпен еске алатыны да ақиқат. Тіптен қазақ әдебиеттануы да Сіз сынды нені зерттесе де, бір ауыз сөздің түпнұсқасын анықтауға бар ғұмыры сарп етілсе де тек шындықты көксейтін зерттеушілерге сусап отырғаны да жалған емес.  

Қайым – қайталанбас тұлға, жаратылысы ерен жан. Азапты тартса да, қиындықта мұқалмады, ақ алмас сынды тасқа шапқан сайын жетілді. Иә, расымен де ол нағыз ақ алмас.

Ақмарал Смағұлова,

филология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университеті

Abai.kz

2 пікір