Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3843 0 пікір 23 Ақпан, 2012 сағат 04:50

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VIII

Рақымсыз ашаршылық бізді ұлар шу болып жылауымызға қарамай бүрді. "Қуаныш айтып" уатушылардың өздері де бүріліп, тыжырына әрең сөйлейтін болды. Әкеміз бен Бигелді мойындарына қоржын-қап артып ел кезді. Әркімнен қарыз астық сұрағанымен, жақын маңнан табыла қоймай, алысқа жорытты. Әр күні кеткен жақтарына қарап тұрғанымызда екеуі екі таяқпен қалқақтап әрең жетіпті, үн-түнсіз құлап түседі. Олар тастай салған қап пен қоржынның бос екенін көре тұра көзіміз сенбей, қол сала тінтеміз. Түбінен кейде бір табақ кебек, иә, тарының қара талқаны шыға қалса, жайраңдап қаламыз. Табылмаған күндері, табанынан таусылып қайтқан екеуінше біз де солай жата қаламыз.

Бір күні екеуі де ақсап таяқ сүйенішімен әрең жетті, десе де кеберсіген еріндерінен күлкі байқата жетті. Екеуі бөліп көтерген екі бұттай шикі тары бар екен. Сол кеште тілмар Биғазы бізге қызық ертегі айтып берді. Бәріміз күлкімен болдық. Шешем де жасаңғырап қалғандай, ол ертекке жымиып қойып жүрді. Бұл шаттық қайнап жатқан шикі тары көженің буы еді.

VIII

Рақымсыз ашаршылық бізді ұлар шу болып жылауымызға қарамай бүрді. "Қуаныш айтып" уатушылардың өздері де бүріліп, тыжырына әрең сөйлейтін болды. Әкеміз бен Бигелді мойындарына қоржын-қап артып ел кезді. Әркімнен қарыз астық сұрағанымен, жақын маңнан табыла қоймай, алысқа жорытты. Әр күні кеткен жақтарына қарап тұрғанымызда екеуі екі таяқпен қалқақтап әрең жетіпті, үн-түнсіз құлап түседі. Олар тастай салған қап пен қоржынның бос екенін көре тұра көзіміз сенбей, қол сала тінтеміз. Түбінен кейде бір табақ кебек, иә, тарының қара талқаны шыға қалса, жайраңдап қаламыз. Табылмаған күндері, табанынан таусылып қайтқан екеуінше біз де солай жата қаламыз.

Бір күні екеуі де ақсап таяқ сүйенішімен әрең жетті, десе де кеберсіген еріндерінен күлкі байқата жетті. Екеуі бөліп көтерген екі бұттай шикі тары бар екен. Сол кеште тілмар Биғазы бізге қызық ертегі айтып берді. Бәріміз күлкімен болдық. Шешем де жасаңғырап қалғандай, ол ертекке жымиып қойып жүрді. Бұл шаттық қайнап жатқан шикі тары көженің буы еді.

Таңертең бәріміз де ерте тұрдық. Шешеміз бар тарыны қазанға бір-ақ салып қайнатып жатты. Бисара тәтем арық үстіне тоқыған ши жайып қайнаған тарыны соған салып сүзуге дайындалды. Сүзілген соң-ақ ол тары қуырылады. Алаша жайылып оның үстіне келі-келсап қойылды. Демек, қуырылған соң-ақ түйіледі. Түйілді деген сөз - ауызға түсті деген сөз. Бигелді де, Бисара тәтеміз де асқан келіші болатын. Тары қайнап болмай-ақ ол екеуі жеңдерін түріп, сыбанып алып, қазір-ақ тоятындығымызға сендік.

Бірақ сол тары ауызға түспей, бір уақиға туылып  қалды.

Өз үйі алдынан Бигелдіні шақырған Баянбайдың дауысы естілді де сыбанып тұрған ағамыз ұша жөнелді. Бәріміз сол жаққа қарадық. Бигелді жүгіріп жетіп еді, Баянбай бір қап бірдемені үйінен әрең көтеріп шығарып, Бигелдінің арқасына қойды. Зор денелі, күшті ағамыз тәлтіректей барып түзелді де, бар күшімен дедектеп бері тартты.

- Ойпыр-ай, мына қасқыр не пәле тапты екен? - деп әкем шошына қарады оларға.

- Сірескен бір қап ет екен. Бигелді үйге кіргізіп қоя салды. Өте семіз жылқының еті. Біз қатты қуанғанымызбен әкеміз қатты шошыды. Көзі шатынап біраз тұрды да, Бигелдіге ақырып қалды:

- Әкет, өзіне қайтарып бер!

Бигелді қайтерін білмей, шешеме жалтақтай берді.

- Япырмай, мынасы ұрлық қой! - деді шешем.

- Пәлесі тиеді, әкет! - деп тағы ақырды әкем. Баянбай қарқылдап күле кірді біздің үйге:

- Қорықпай-ақ қойыңыз, Жәке, пәлесі де күнәсі де өзімдікі, сізге жұқтырмаймын!.. Бұл ет - балалардың ырыздығы. Жас балалары мен кәрі кемпірлердің кұдайға еш жазығы жоқ. Бұлар аштан қырылмасын дедім де, кеше таңертең жаяу жорытып банды қуалап жүрген атты солдаттардың соңына түстім. Бұл шақта банды аталғандар - жазадан құтылу үшін тау-тауға тығылып жүргендер болатын. Өткен іңір қараңғысында сәті келе кетті: банды жолында күзетте жүрген бір орыс әскер түсе қалды да, атының шылбырын қолына алып, тобылғының арасына қисая кетті. Еңбектеп қасына таман бардым. Ауыл өте алыста қалып еді, ұйықтауын күтіп көп кідірсем, таң ағармай үйге жете алмайтын сияқтымын, тықыршып асығып барамын. Сыбдыр білдірмей, аттың мінер жақ алқымында біраз жаттым. Қатерсіз болу үшін мылтығын ала жөнелмек едім. Бауын мойынына асып, басына жастанып алыпты. Шылбырын қиып, жерге қоя салдым да атқа қарғып міне қаштым. Аттылы атып қалды артымнан. Аттың жалынан ұстап қабырғасына жабыса жөнелгенмін, тимеді. Әр жерге түсіп тыныққан бес алты әскер еді, тарс-тұрс бәрі атты. Оқ шыр-шыр етіп үстімнен аттың құлағынан сипай өтіп жатты. Жануар мұндай жүйрік болар ма, лезде қара үзіп кеттім. Із тастап тауға қарай біраз зымыраттым да, бір жыраға түсіп алып, қайта бері тарттым. Үйге түн ортасы ауа бергенде-ақ жетіп келіппін... Атын бұл ауылға сойылды деп ол солдаттар мүлде ойламайды, банды әкетті деп түсінеді. Қорықпай-ақ жей беріңіз!

"Енді қайтармаса екен!" деген тілекпен бәріміз әкемізге жаудырап қарай бердік.

- Япырмай!.. Япырмай!.. - дей берді әкем. - Үй,
осыншалық жаныңнан безетіндей не болған саған, жалғызсың
ғой!

Баянбай қарқылдап күле берді, әкем шиыршық атқан сайын күлді.

- Ақтай алдына салып айдағанынан-ақ безгенмін бұл жаннан, - деп тынды ақырында. - Артымда шулап қалар балам жоқ. Шешем мен кішкене інім тағдырдың жазғанын көрер!
Келіншек қой жап-жас, мен өлсем тие салар біреуге,
қорыққанды құдай алмай ма, "еркек тоқты құрбандық...
Мына кәрі шешелерің мен жас балаларыңның бір кәдесіне
жарап өлейін дегенім ғой!.. Ал, Жәке, бұл пәледен қам жемеңіз,
біреу көрсе "Баянбай балаларға беріпті, қайдан алғанын
білмеймін!" деп қамсыз отыра беріңіз! Жауабын жалғыз өзім-ақ қайтарамын!..

Баянбай шығып кеткен соң әкем бір тұрып, бір отырды,шапанын бір киіп, бір шешті. Қайта тұрып, қайта киінді де, таяғымен қоржынын алып жүре берді бір жаққа.

- Қайда барасың? - деді шешем.

- Жынды деп аталсам да ұры деп аталмаған едім... Мына еттің иісі тарап кеткенше жоғала тұрайын!.. - Сол бойы артына қарамай жүріп кетті әкем!..

Қуғыннан титықтап көзі қып-қызыл болған ашулы қасқырдың ақсиып тұрған тісінен қаймықпай алқымынан ұстай алатын, тіпті, Ақтай "коммунистің" тілерсегін қия салмақ болып талай ұмтылған әкемнің ұрлыққа келгенде тым су жүрек екенін көргенім осы. Шешем оның бұл мінезін ынжықтық-қорқақтық деп білмейтіндей артынан қарап тұрып күлді де, көз жасын бір сүртіп алды. Бигелді етті қабымен егіндік арасына апарып, дымды, салқын жерге көміп қойды. Ол етке қарап сілекейіміз қанша шұбырса да, күн батпай ауызға түспейтінін шешем қатал түсіндірді бізге. Енді қуырыла бастаған тарыға қарап тамсандық. Жан-жағына қарап жалтақтап тұрған Бигелді:

- Бә-...ле! - деді бір кезде. Алыстағы ауылаткомы жақтан бір топ атты құйындатып келе жатқаны көрінді. Тәби шешеміз үш-төрт қап етті бір түйеге артып алып, ықтап кетіп барады. Баянбай өз үйінің алдында түрегеліп тұр.

- Сойқан болған екен! - деді шешем. Сөйтсе де келе жатқандарға қарамай, тарысын қуыра берді. Бигелді мен Бисара тары қаралауға кірісті. Олар да ол жаққа қарамай, келі түюмен болды. Ал, біздің аспан құлап түссе де қарайтындай мұршамыз жоқ, Биғазыдан бастап бәріміздің көзіміз келінің аузында, келсаптың табанында еді. Көңіл-күйіміз өте жақсы тәрізді, тары жейтін уақыт таяп қалды ғой әйтеуір. Бигелді Тәби кеткен жаққа жалт қарағанда бәріміз қарадық. Тәбидің алдынан екі атты адам тосып тұра қалыпты. Біреуі қаптарды қамшымен түртіп-түртіп жіберді.

- Ой, шеше, түйеге артқаның немене бұл? - деді біреуі оқшау үнмен. Тәби біраз кідіріп қалды да дауыстап, ашық жауып қайырды:

- Ет қой, карағым, ашыққан соң бір ат ұрлап әкеліп сойғанбыз!

- Е, енді қайда апарасың?

- Сендерден тасалай тұрайын деп әкетіп барамын.

- Жоқ, енді тасаламай-ақ үй жағыңызға алып жүріңіз!..
Бұл кезде Баянбайды алыстан қоршап мылтықтарын қолдарына алған атты адамдар тұрды. Олар да, Баянбай да үнсіз арбасып тұрғандай қарасады. Ет артқан түйе қайтарылып келгенде Баянбайдың әмірлі үні шықты:

- Апа, түйенді шөгер!.. Тұлтай, бері шық, - деп үйіндегі келіншегін де шақырды, - мына етті жайғастырып көлеңкелі жерге қойындар!

Өзі арқанды шешіп жіберіп, қаптарды түсіре бастады!

- Түсірме! - деп ақырды бір мылтықты, - өзің түйені
жетектеп алып жүр.

Бұл кезде біз де жүгіріп жетіп едік.

- Менің құным бір аттың етіндік болмай ма? - деді Баянбай.
- Қайда апарсаңдар да мен дайын тұрмын, қолыммен істедім,
мойныммен көтеремін, жалғыз сиырларынан айырылып аш қалған мына үйге бөліп беремін де, алдарыңа түсемін!..

Баянбай қаптарды үй көлеңкесіне бір-бірден көтеріп апарып қойды да, өзі бұрынғы тұрған жеріне қайта келіп отыра кетті. Қоршаушылар түспей, ат үстінен төнді. Қайдан әкелгендігі, қалай алғандығы жөнінде сұрақ жүргізе төнді. Баянбай бәріне жауап қайырып отырды. Оның барынша шыншыл жүректі сөзін ешқайсысы бөле алар емес. Жым-жырт тыңдауда.

Біз Ақтай бар ма екен деп көзімізді қанша қыдыртсақ та көрінбеді, ол келмеген екен. Ал, мына мылтықтылар оншалық қорқынышты емес тәрізді, шікірейіп тұрған бірі жоқ, түстері жып-жылы. Баянбай ағамыздың да шырайы бұзылмапты. Қанға толы қызыл-сары жүзі бәз қалпында. Ат жақты жуан басын изеп тастап, күлімдеп сөйледі, ағытыла сөйлеп отырғандықтан екі езуінен ғана аздаған ақ көбік көрінеді. Тегіс етті, жуан мұрны да, сақал-мұртсыз толық иегі де, тіпті барлық мүсіні өзінің сом үніне сомдық қоса түскендей. Қазір оған атса мылтық, шапса қылыш өтпейтіндей сезілді маған. Көз алмай қарап тұрсам да сөзіне толық көңіл бөлмеппін. Әйтеуір оның жүзінен ешқандай қорқыныш ізі білінбеген соң, қорқыныштан мен де азат болдым. Бір кезде Баянбай:

- Ей, Бигелді! Анау екі қаптағы етті үйіңе жеткізіп ал!..
Аш елден қайыр тілегенше, кәнпискіленген малдан ұрлап же!. Шөп жесең қақалып өлесің, басқа лажы жоқ, бауырларым! - деп орнынан тұрды да ұрлап сойған құла жорғаның терісін иығына салып алып жүре берді. - Ал мені айдап апарыңдар! Бірақ, мына көп жанның аштан өлмеуі үшін етке тиісе көрмеңіздер! Ұрлағаным міне, мойнымда тұрмай ма!.. Мойныма қоямын деп әуре болмайсыздар!

Ұстауға келген адамдардың бір-екеуі етті де шып-шырғасын шығармай ала кетпекші болып еді, басқалары тоқтау айтты.

- Бұл - солдаттың аты, олар жылқы етін қайтарып алмайды, терісі мен ұрысын апарып берсең болмады ма, етін жеп қойыпты дей салармыз! - деді егделеу біреуі. Баянбай қайырылып тұра қалды:

- Ей, туыстар, менің басым бірнеше атқа татиды, аштан қырмаңдар, айттым ғой!..

Сөйтіп ат еті бізде қалды, атандай Баянбай айдауға кетті. Артында қалған анасы да, келіншегі де көзіне жас алмады. Жылаған менің шешем ғана.

- Біз үшін өлді-ау есіл қайным! - деп жылады ол. Тәби шеше жалғыз азамат ұлының қолды болғанына босағаны сол, қайта менің шешеме басу айтты:

- Қой, Мәдиян, мұндай шақта жасысаң күн көре алмайсың, шырағым!..

Баянбай кетісімен ет асылды да, бәріміз тойдық. Бірер айдан бергі бар тілегіміз орындалып, арманға жеткендей қамсыз ұйықтадық, ертеңіне сәскеде бір-ақ ояныппыз. Далаға шықсақ, кеше Баянбайдың үйінде қалған екі қап ет біздің есік алдына тағы келіп қалыпты. Оның үйі жағына жалтақтай караумен болдық. "Бәрін бізге беріп, олар не жемекші екен!" деп енді олардың өздеріне жанымыз ашығандай болып еді. Биғаділ екеуміз қанша қарасақ та ол үйдің түңілігінен түтін, есігінен шыққан бірер адам көрінбейді. Байқасақ, түңілігі де, есігі де тарс жабулы екен. Жүгіріп барып босағасынан сығаласақ, киіз үйдің ішінде адам тұрмақ ыдыс-аяғы да қалмапты. Өзіміз шошып қайта қаштық.

Биғаділ айқайлай жетіп еді, Бигелді оның аузын баса қойып, құлағына сыбырлады. Биғаділ маған сыбырлады:

- Баянбай айдалып барған жерінен іңірде қашып келіпті де, үй ішін көшіріп ала безіпті. - Биғаділ сыбырласып отырып қана шай ішкенімен үйден Бигелдінің бір сөзін қайталап айқайлай шықты:

- Ет біздікі, кету Баянбайдікі!...

Ағамыз          оны     қуа      шығып, құлағынан жетектей кірді үйге. "Бұл сөзді ешкімге айтпауға, Баянбай қалдырған киіз үй жаққа бармауға"   құлақтап тұрып қасам алды. Біздің көптен бергі ойнауды көксеген күніміз сол күн еді, айқайламай тыныш ойнаған күніміз де сол күн болды.

Баянбайдың тігулі қалған үйін түске жақын тағы да көп адам келіп қоршады да бір тобы біздің үйге қарай шапты.

- Баянбай қайда?.. Үйі іші қайда кетті?

- Баянбай айдалып кетіп еді ғой, - деді шешем, - үй іші кеше кеште бар сияқты болатын.

- Іргелес отырған үйдің қашқанын білмейсіңдер ме!.. Қайда кетті?

- Ие, қайдан білейік тай шаптырым жерден! Ұрлығы шығып, айдағалы ат ізін салған кім бар екен ол үйге. Жәкең алдынғы күні астық іздеп кеткен. Кеше кештен бері балалар қорқып, ол жаққа аттап баспады!

Шешем осы сөзбен қалды да, олар арба келтіріп, Баянбайдың киіз үйін жығып алып кетті. Біздің үй енді жалғыз шошайды.

Құлазудан егін сары ала тартқан соң ғана құтылдық. Астық жию науқанына бүкіл үй іші болып тұтас кірістік. Әкем мен Бигелді астықтың піскенін кекілдеп тасумен болды да, біз бастырумен болдық: алаша мен киіз, тулақ жайылған "қырманымыздың" үстінде тобымызбен ойнақтайтынбыз. Үп-үлкен шешеміз бен Бисара тәтеміз кекілденген бидай мен тарының үстінде ойнақтап жүргенде Биғаділ екеуміздің делебеміз қалай қозбасын. Шаңтас болып домалауды да шығардық. Мұндай қызыққа іш пыса ма, бидай басатын шаңтас болмай, шашатын "шаңтас" болып шыққандығымыздан кейде шапалақ жеп қалсақ та, қызық сияқты. Қыңқ етпей ойнақ салатын көнтерілі жігіт болып қалдық. Бидай дегенді уыстап емес, табақтап жейтін болған соң, оның буы нені көтермейді. Көңіліміз тоқ, "көлігіміз" күйлі бір топ болып "билеуге" не жетсін!

Астық толық піскен соң қашқындардан қалған бидай тарысын бір жердегі колхозшылар келіп орып алды. Бұл кезде біздің "қырман тобы" қыран масақшы болып шыға келіп еді. Бұлардың ішінде Биғаділ екеуміз ең қыраны болдық. Ересек масақшылар жерге шашылғанын ғана терсе, біз бауға басылғанын тонаймыз. Колхозшылар мұнымызға күледі де қояды. Жаппардың көп баласы да күн көрсін деп кеңшілік ететін тәрізді. "Мына десте бастырақ екен, түгел алып кет!" деп сыбырлайды кейбіреуі. Екеуміз бөліп көтере алмай, Биғазыны шақырамыз. Біздің "беделімізбен" ол да табысты болып қайтады сөйтіп. Масақ кезіндегі қырманшымыз - мықты Биғаділдің өзі болды да, ол үйде алаша үстінде тұрып алып, тауып келгенімізді жуан табанымен бір-ақ тарпи салады. Сөйтіп, егін жиылып болғанша, барлық қабымызды толтырып алдық та, алашаны да қапқа айналдырдық. Әкем «осы тапқан астығымызды өзімізге бұйыртып жегізер ме екен» деп қамықты бір күні.

- Ақтай, Санатпайдың көзіне қазірше түспей, Келдімұратқа көшейік! - деді. Мұқамәди нағашымыз көптен бері сонда еді. Бисараны өздерінің бір қалаған жеріне ұзатып бере салып, әкем Келдімұрат жаққа көлік іздеп кетті. Биғаділ екеуміз ұйықтап қалған бір іңірде екі арба келіп үйімізді ала жөнеліпті, келдімұраттық азамат болғанымызды оянғанда бір-ақ білдік.

Келдімұраттың "Кеңқарын" дейтін ауылы Тарбағатайдың бауырындағы бір қойнауда екен. "Кеңқарын" бізді келісімізбен кең бауырына тартып, сіңіріп әкеткендей болды, даланымен бір ауыз там үй беріп қарсы алды. Кәрі нағашы атамыз тірі екен. Мұқамәди нағашы қырық жастан асыңқырап қалған жалғыз. Ал, оның баласы да жалғыз қыз болғандықтан мені ол да өз балам деп есептейтін. Көшіп барысымызбен мен көбіне сол балажан нағашымның үйінде тұрдым. Бойжеткен нағашы әпкем - Камал оқуда екен, оның кітап-дәптерлері де мені тарта түсті. Өткен қыста өзім жазып үйренген он шақты адам атының жалғасына "Мұқамеди", "Жанқожа", "Майқыбек", "Марқа" деп тағы да төрт адамның атын қосып жазатын болдым. Сөйтіп Ленин мен Сталиннің жалғасына нағашы тегім де тіркелді. Бұл "мағлұматыма" ақылы толған сауатты Камал қатты күліп, әдемі дәптері мен бояулы қарындашын сыйлап жүрді. Бұл үй мені өте еркелететін. Бірақ, "мылқаулық" мәселем сонда да шешіле қойған жоқ, іңірде көбіне үнсіз жазу жазып отырып ұйықтап та қалып, таңертең Камал мектепке кетісімен Биғаділді іздеп жөнелемін, сөйтіп күндіз үйімде болып жүрдім.

"Кеңқарын" бізге кең болғанымен Ақтай, Санатпайдың ызғары артымыздан тағы да қуып жетіп, тағы да тарайта түскені байқалды. Бұл жайды шешемнің немерелес нағашысы Шалақбай дейтін кісі әкеме айтыпты. Ол кісі Келдімұраттағы сақшылық қызметінде екен. Арт жағымыздан келген материал бойынша біздің үйге бақылау, үздіксіз тінту жүргізілетіндігін ескертіпті. "Күнделікті тұрмыстан артығырақ азық-түліктерің болса қауіпті" депті. Әкем оған Ақтай, Санатпайдың неліктен көзіккендігі, өзінің "жуанның тұқымы" болып қалай аталуы жайлы толық айтқан екен. Шалақбай оған қолынан келгенше құтқару жағында болатындығын айтыпты:

- Жуанның тұқымы емес, жуанның соғымы болып келгеніңді толық білемін ғой, - депті ол кісі, - жетім десе жетім, кедей десе тума кедей едің. Тұрмыс езгісін сендей-ақ көрген шығар бір батырақ. Сені шырмап алған бұл жалаға қатты ашынамын, шындығында бұл - коммунизмшілдік емес, бұзақылық, суды лайлап балық аулайтын мұндай бұзақылық пен жалақорлық қазір көп жерді былықтырып жатыр. Бұл үлкен ауқымға айналып алды. Амал қанша, оны тыямын дейтін адамның өзін домалата жөнеледі. Сойқандай алмаған адамның өзін сойқан деп есептейді. "Буржуйды қорғаушы контыр" деп ертең Ақтай менің үстімнен шағым айдаса бұл жердегі ақтайлар мені бас салады. Сонда да оларға сені түсіндіріп көрейін, бірақ, өзің сақ бол!

Әкем мұны естіген күннің кешінде үйдің қарсы алдындағы бір жал қидың далдасынан екі ұра қазып, бидай мен тарысын көміп тастаған екен. Мен таңертең келгенде Биғаділ соның үстінде ойнап жүріпті, мен де ойнап кеттім. Ол астында бар қазынасы жатқанын біліп ойнақтаса, мен "мылқау" білмей-ақ ойнақтай беріппін. Қасымыздан екі жігіт, ойынымызға қарап күлімсірей өтті. Биғаділ де оларға мағынасыз ыржиып қойды. Біраздан соң әлгі екі жігіт тағы өтті. Біз әлі де сол жерде ойнақтап жүр едік, біреуі қидың далдасына қайырылып келіп отыра қалды және күлімсіреді. Қасқыр құйрығын бұландата келетінін қайдан білейік? Қуанышы қойнына сыймағандай жарқылдаған Биғаділ оған қарап және жымиып алды да, енді қаттырақ ойнақтады. Өзінің екі ойнағына кезек-кезек секіріп ойнақтады.

- Сенің осы жерден басқа ойнағың жоқ сияқты, иә? - деді әлгі жігіт күлімсіреген күйі, - мына қи басқа біреудікі, бұл жерде нелерің бар еді.

- Мына жерде біздің бидайымыз бар! - деп Биғаділ бір ойнағын теуіп-теуіп жіберіп, екінші ойнағына секіріп барды да тағы тепкіледі, - мына жерде тарымыз бар!

- Е, солай ма еді, онда ойнақтай берсендер болады екен! - деп жүре берді әлгі жігіт.

Мен бұл жерге астығымыз көмілгенін енді білсем де, не үшін көмілгенін түсіне алмадым. Тағы да "буржуй" болып қалғанымыздан хабарым жоқ еді. Биғаділдің әлгі сөзін Бигелді естіп қалыпты, үйден шыға келді де бізді шақырды. Үйге кірісімен әлгі момын ағамыздың түсі ерекше бұзылып кеткенін байқадым, басы қалтырап гүж-гүж ете түсті. Шұбары бұрынғыдан да көбейіп, бұдыр-бұдыр бола қалыпты. Биғаділді шапалақтап-шапалақтап жіберді. Ол шырылдағанда менің "шыбыным" мұрным ұшына келсе де, аң-таң болып тұрып қалдым. Жайды ести келе әкемнің көзінің қалы да бадырайып, шағын сақал-мұрты тарам-тарам бола қалды. Тұншыққандай түксиген күйі үн-түнсіз отыр. Шодырлау маңдайындағы биыл тереңдеген әжім ши барқыттай жол-жол. Екі қасының арасындағы әліптей-әліптей үш тік сызық үш таяқтай тігілді. Бүк түсе күрсініп қарт әжеміз жатты. Мейірімді шешем сұп-сұр болып, тіксіне қалды.

- Құрыдық-ау енді, - деді ол, - япырмай, бұл түйнекті
қайдан көріп едім. Есімізде болсайшы!..

Мен енді түсіне бастадым, жазы-күзі "ойнақтап" жүріп тапқан азығымызды ойнақтап жүріп алдырған сияқтымыз. Әр жерде томпиып-томпиып отырып қалдық. Үлкендерді былай қойғанда кішкене Биғайшада да үн жоқ.

- Осы кеш аман қалсақ, түн бойы басқа жерге
жайластырар едік-ау! - деп әкем қатты күрсінді бір кезде.

Сұп-сұры іші сұп-суық қауіппен үнсіз дағдарып кешті батырды. Мен бұл күні нағашымның үйіне бармай қалдым. Төніп түрған қауіпті үй ішіммен бірге көргім келді.

"Қауіп неден болса, ажал содан", кешке дейін елестеген құбыжықтар ымырт жабыла сау ете түсті. Есік алдына жиналған адамның бір тобы үйге кіріп тінту жүргізді. Бірнешеуі ұраларды қазып, астық қаптауға кірісті. Ұясын қорыған қызғыштай быжақ болып, шешем барды олардың қасына. Балаларының барлық тіршілігі түгелімен сонда екен, сол жәйтті бәріне айтты. Тыңдаған біреуі болмай алып жатыр, арбаға басып жатыр.

- Обалдарың болса өз ауылыңнан шыққан атқа мінерлеріңе
болсын, біз не білейік! - деді де олар жанымызды -
аузымыздағы нанымызды алып жүре берді.

Біз тағы да үрпиісіп, есік алдында тұрып қалдық. Қап-қараңғы түн болғанымен кетіп бара жатқан ырыздығымыз көңілімізге жап-жарық. Жазда күндіз кеткен қызыл қасқа сиырдай ап-айқын кетіп барады. Алыстаған сайын айқындалып, ауыр күйінішіміз бен қайғымызды ауырлата, жап-жас қабырғамызды күйрете жаншып кетіп бара жатқандай. Бұл жолы бізді қасқа сиырдан да қаттырақ қинап кетті. "Кішкентай саусақтарымызбен әрең теріп, балғын табандарымызға найзаларын сұққанына қарамай әрең тапқан тары- талқанымыз, қош бол!"

Бүкіл адамзат бізге қарап қарғыс айтып тұрғандай, жан-жағымызға сұп-суық көзбен қарап қойып, мөлейіп ұзақ тұрдық. Күннің аязынан біздің көзіміз суығырақ сезілсе керек, біз қарағанда маңайымыздағы адамдар жерге қарайды, олар да үнсіз.

- Мұншалық бүрісіп неғып тұрсың, жарығым-ау! - деп нағашым құшақ жая келіп, көтеріп алды мені. Биік денелі нағашым өз бойымнан қаншалық биікке көтерсе де көңілім жерге кіріп бара жатқандай. Нағашымның алқымына басымды тыға солқылдадым.

Құдіретті "тергеушім", басқа үлкен буржуйлар бір рет қана конфескеленгенде біз осылай екі рет конфескеленген, асқан зор буржуй болғанбыз. Бұл қылмысымды қандай нар көтерер?

IX

Үйде бар-жоғы бір пұттай тары ғана қалған екен. Ертеңіне әкем Шанақбайға кетті. Тіршілік қамымен жергілікті үкімет орындарына жоғары жаққа арыз көтеруі жөнін сұрайын деп кетіп еді. Қайтқанда өте ширап, көзінің қалы қызарып, бадырая кірді үйге. Жай-жапсарды шешем мен Бигелдіге сыбырлап қана айтты, өте суық хабар сияқты. Бізге оның ызғары пікірлесушілердің шырайынан білініп, бүрістіріп барады. Қашан толық ұғармын екен деп мен бар сезіммен бақтым. "Айдалу", "жер аударылу", "Сібір" дейтін сөздер естілді.

- Әттегене! - деді әкем, ақылдасу біраз кідірген кезде. Соны айтты да тағы кідіріп ойланып қалды, - жоқ мен қашпаймын!.. Сол екеуін өлтірмей кетпеймін!..

- Сен кісі өлтіремін деп жүріп балаларды аштан қырасың! -деді шешем.

- Өлтіремін деп жүріп өзің атыласың! - деп Бигелді
бұрқылдап аңыра қарады әкеме. - Осындай аманымызда кетуіміз керек, жанашыр жақыныңның бәрі осыны айтып жатпай ма!

Біраз үнсіз отырған соң әкемнің жүзі сынып, бір түрлі мүсәпірлік халге түскендей болды.

- Ал, олай болса... дайындалайық, - деді дірілдеген өте бәсең үнмен, дереу орындарынан тұрды. Әкем далаға шығып кетті де, Бигелді тарыны ақтауға кірісті. Артынан естісем Шанақбайдың сөзі қысқа болыпты:

-  Ал Жаппар, менен қайран кетті. Тізімге ілініпсің, ендігі арызың өтпейді. Айдалмай тұрып, неғұрлым тез кетіп ал! - депті.

-  Айналдырған бір пұт тары түс аумай-ақ ақталып болды. Шешем ақталған тарының бір бөлігін шекер қосып жармалады да, жылап отырып бір дорбаға салды. Оны кәрі әжеміздің бас жағына қойды. Қалған тарыны қоржынының бір басына, талқанын бір басына салып тігіп тастады. Енді бұл үйде отырып жерлік еш нәрсенің қалмағанын кішкене болсақ та бәріміз біліп алдық. Үй дегеніміз қуыс үңгір болып қаңғырап қалғандай сезілді. Ойнауға зауқымыз болмай, бүрісіп-бүрісіп отырып қалдық. Күн бата кәрі әжеміз үнсіз жылап орнынан тұрды да, бәріміздің бетімізден сүйді. Әкем де, Бигелді де, тіпті, он жастағы Биғазы да мені мен Биғайшаның бетінен қайта-қайта сүйе берді Биғаділдің мандайынан шешем иіскеп, алдына дәміл-дәміл алды. Үй ішіндегі қым-қиғаш бұл сүйіспеншілік қалайдан-қалай күшейіп кеткенін білмей мелшиіп мен отырдым. Бірін-бірі сүйеді, сүйеді де теріс айналып кетіп көздерін сүртеді. Семьяның тоз-тоз болуының бұл аянышты белгісі маған айқын ұғылмады. Ұққан болсам, құлақтасып көз ашқан Биғаділді құшақтап алып, айырылмай жылар едім. Ол екеуміз бір-бірімізге жыласпадық та, сөйлеспедік те. Биғазы мен Биғаділді шешем барынша жылы киіндірді, қатты-қатты сүйді де, өксіп-өксіп қалды сонан соң.

Ымырт жабылған, май шам жағулы. Әкем таяқ ұстап буыншағын арқасына салды да, Биғазыны жетектеп алдымен шығып кетті. Әжем теріс қарап төсегінде жатыр: өне бойымен солқылдап, үнсіз жылап жатыр. Бигелді азық салынған қоржынды мойнына асты да, Биғаділді орап арқалап шыға жөнелді.

- Қайда барады, апа? - дедім мен сонда ғана.

- Шәуешекке барады, біз де барамыз, жылама, - деді шешем, - біз де қазір жүреміз!

Мен мұнан соң "Шәуешек" дегеннің немене екенін, онда неге баратынымызды сұрай бердім: "нағашым да бара ма? Камал тәтем де бара ма?" Менің сұрауларыма шешем жартымсыз ғана қысқа-қысқа жауап қайырып, бірдемелерін буып, түйе берді. Ұйықтайтын уақыт әлдеқашан өтіп кетсе де ұйқым келмеді. "Қыс ішінде қалай жетер екенбіз, ауру әжем қайтып жетер екен?!" - тітірене ойланумен болдым.

Бір кезде нағашым кірді үйге. Ол шешемнің буып-түйген киім-кешегі мен бір-екі көрпені алып шығып кетті де қайта кірді.

- Ал, жүрдік! - деді. Мені қолымнан жетектеп есікке беттеді. Кәрі әжем баж ете түскенде қайырылып тұра қалыппын. Бағанадан бері қасымда сыбырласып, арыздасып отырған шешем, ол кісіні бас салып құшақтап жылап жатыр екен. Қыстығып жатқан әжемнің іштегі барлық қасірет-қапасы барылдаған даусымен бір-ақ ақтарылды.

- Қош, әжетайым!.. Кешіре гөр!.. Өлер шағыңызда қасыңызда болу қолымыздан келмеді. Бақыл бол, әже! - деп шешем де үн сала жылады. Өлмелі кәрі кемпірдің зары өне бойымды сырқыратып әкетті. Оның енді жалғыз қалып өлетіндігін сонда білдім. Солқылдап кеткен зор денелі нағашым бар қауқарымен тартынып, артына қарай құлаған мені көтеріп ала жөнелмекші, онан сайын туладым.

- Қойындар!.. Қойындар! - деді нағашым. -  Маңайдағылар естімесін!.. Әжем зарлы даусын тоқтата қойып, төсегінде отырған бойы Мұқамедидің құшағында тұрған мені сұрады.

- Бері келші, құлыным!.. Немере-шөберелерімнен ең ақырғы сүйіп қалғаным сен боларсың! - деп сүйе берді мені. Маңдайымнан да, иегімнен де сүйіп келіп, бетін екі бетіме кезек-кезек басты. Қатпарлы көзінен тамшылаған ірі-ірі тамшылар бетімнен сырғанап сел боп ақты. Ие, ие, ол көздерден аққан қасірет тамшысы менің көздеріме де құйылып кетті.  - Аман бол, құлыным!.. Өмірің ұзақ болсын!.. Қайда жүрсең де бақытты бол!.. Сендер аман болсандар, ата-бабаларыңның да, менің де өлмегеніміз сол... Жаратушыдан ең ақырғы тілегім осы!.. Құлыным!.. Құлыным!..

Мені нағашым көтере жөнелді. Еңіреп-зарлап жалғыз қарт кемпір қалды сол үңгірде!

Бұл кемпір   -  мен ес білгелі біздің аталас үш-төрт ауылдың ең үлкені де, әйт-шәйсіз, ең бейуаз момыны еді. Әкемнің әкесінің кіші шешесі - Балпаңның кіші әйелі. Сол бидің қартайып өлер шағында зеріккеннен алған әйелі екен. Жас шағында махаббат қызығын да көрмеген, өз құрсағынан бала да сүймеген, сөйтіп тоқсан жылдық өмірі іш құсталықпен, ішінен жылап өткен ең сорлы кемпір еді бұл!. Ақырында мүлде сорланып сол үңгірде қалды! Көп малдың ішінде көп мұң мен өксік жастық шағы өтсе, кәртейген қызыл иек ауру шағында жарты дорба жарманы жастанып иен үңгірде қалды.

Мені нағашым біраз жерге көтеріп әкеліп, қос ат жеккен шанаға орап отырғызды. Қолында ұзын бишігі бар, пималы, тонды біреу божы ұстап отыр. Ұйықтап қалған Биғайшаны көрпеге орап жатқызып, шешем де, нағашым да келіп отырды. Бишік ұстаған сырт бейнесі дәл нағашыма ұқсайтын ұзын мұртты адам екен, артына қайырылып бір қарап алды да шананы айдай жөнелді.

"Нағашы атам мен Камал да қалған екен ғой!" деген тағы бір ауыр қайғы түсе қалды маған. Менің ойымдағыны шешем сұрады.

-  Оларды қайтып келіп әкетемін! - деді нағашым. Шешем бұл ақылға қанағаттанғандай, қайта тіл қатпай үнсіз жылай берді. Жылауы Келдімұраттың көшесінен шыққан соң тіпті үдеді, еңіреп-егілуге айналды. Ал ауру әжеміздің жалғы күңіреніп қалғаны, әсіресе оған тиген жарманың аздығы менің есімнен кетпей қойды. «Неге жылайсың?»  деп сұраған ағасына шешем де соны айтып солқылдады.

- Ел бар ғой, аштан өлмес! Шанақбайға жылап отырып-ақ тапсырдыңдар ғой, болмады ма, қолдарыңнан одан басқа не келмек!...

-  Ажал құдайдан, жасарын жасаған адам ғой!

- Сендерге ақ жол, амандық тілеп, өз раздылығымен қалған соң болды енді! Арқалап жүріп далада өлтіргенше, осында  - елі ішінде қалғаны көрім болды!

Нағашым да, шанакеш те соны айтып шешемді жұбата берді. Шешем үнсіз отырып қалды. Жылауын қойған сияқты. Мен көңілсіз марғау ұйқыға кетіппін.

Бір мезетте оянып қарасам, сұрғылт аспан қарсы алдымыздан ағарып таң атыпты. Ұзын жолда шана шықырлап баяу сырғып келеді. Нағашым мен шешем шананың соңында жаяу қатар келе жатыр. Шанакеш мұрттыны енді таныдым: қазаққа да жарым-жартылай орысша сөйлейтін нағашымның досы Қабыкен деген кісі екен. Қабыкеннің үйі алыста, Көктұма жаққа көшті деп Камалдан естігенмін.

Қайрылып қарасам, шешем және жылауда, көзі бұлаудай. Нағашым ұзақ сөйлеп, бір жайды ұқтырып келе жатқан тәрізді.

- Мұны маған бұрын неге айтпағансың? - деп шешем ашулана қарады оған.

- Сенің ұрысатыныңды біліп айтпадым. Енді сонда баратын болған соң жасыруыма болмады. Ұрысқың келсе осы жолда-ақ ұрысып ал маған, онда барған соң наразылық сыр білдірме!

Шанадан Қабыкен де түсе қалып соларға қатарласты.

- Мәдиян, шырағым, нечего, сен енді өте жақсы жеңге таптың! Қытайға өткеніңше құс төсекте жатасың... Но, барғанда көресің, қап-қара Жамал оның қолына су құйып та бере алмайды!..

- "Оларды қайта келіп әкетемін!" дегеніңе сеніппін, - деп еңіреді шешем, - Қамашымның бетінен де сүйе алмай кеттім-ау!

- Ничего, ничего! - деп Қабыкен тағы сөйледі. Онда да бір Камаш бар, соны сүйесің!..

- Қойыңызшы! - деп шешем оның сөзін бөліп тастады. Мұқамедиді қатын-баласынан аздырған сен екенсің ғой дегендей жазғыра қарады оған, - Камашты жаудыратып тірі жетім ететіндей не жазығы бар, неткен азғындық бұл!.. Жамалдың ұл таппағандығынан басқа қылмысы бар ма? Бұларды жылатып тастап алған кәрі салдақыңнан жолың болғанын көрермін!.. Жоқ, мен бармаймын ол үйіңе, өз жөніме кете беремін, тоқтат шанаңды!..

Нағашы мен Қабыкен екі қолтығынан ұстап алып, жалына берді шешеме. Жаңа қатынды мақтап, Жамалды жамандай жалынды...

Камал тәтем оттай жайнады көз алдымда. Түп-түзу жүретін сұңғақ бойымен, дөңгелек қара торы жүзімен, қарақаттай жайнаған көзімен, қабақ шытпайтын жағымды мінезімен қатты сағындыра елестеді, дәл осы кезде есігінің алдында жалғыз жылап тұрғандай. Қабырғам қатты қайысты. Ұл таппаған үшін қатынның да, қыз болып туылғандығы үшін қыздың да қылмысты болып жазаланатындығын, тастанды болатындығын тұңғыш рет осы жолда сездім. Жалғыз қызын, жанындай жақсы көретін балажан нағашым соншалық опасыз, соншалық мұзжүрек - ызғарлы болып көрінді көзіме. Менің бетіме талай тиіп, жұп-жұмсақ та ыстық сезілетін оның шалғылы сарғыш мұрты дәл қазір қанжардай қатты, құбыжықтай суық сезілді. Қызыл-сары жүзі, ат жақты сопақ еріндегі қызыл меңі ұятсыз опасыздықтың белгісіңдей, әп-сәтте жиренішті, жат адам сияқты көріне қалып, жатырқай қарадым. Шешем оған қатал тиіп, қаттырақ сөйледі енді:

-  Сендер де аспаннан түспей, әйелден туып едіндер ғой, қыз туғандығы үшін ғана осыншалық жазалай ма екен әйелді, осыншалық қорлай ма екен әйел затын! Сендер кімнің арқасында теректей-теректей болып өстіңдер! Камал екі ұлға айырбастайтын қыз ба!.. Қызды балаға есептемесең, мені бір құрсақтан шыққан бауырға есептемегендігің, адамнан туған азғын!.. Бұл қатынның шұбыртып отырған ұлы қайсы сонда!..

Шешемнің ащы тілін естігенім осы, нағашымды да, Қабыкенді де бүрістіріп жіберді. Екеуі де еңкейіп, төмен қарап келеді. Кезек-кезек сөйлейді, күле береді. Өз қылмыстарын білсе де қысылмайтындай, жер-суға сыйғызбай мақтайды тапқандарын. Адамгершіліктен қаншалық тоналса да армансыз сияқты. Шешемнің зілдей сөздерін шыбын құрлы көрмей, көтеріп әкеткендей екі дәу!

Осы көнтеріліктері үшін кешірім етті ме, немесе олардың істерінің "әділеттілігіне" сынды ма, әлде лажсыздықтан ба белгісіз, мұнан соң шешем сөйлеуді қойды. Қабыкен шанасын тоқтатып, шешемді орнықтырып отырғызды да, аттарын қузай жөнелді. Талай ойпаңға зымырай ағып, талай белге сықырлай өрледік. Тағы да зымырай ақтық. Камал тәтем мүлде қалған сияқты, өте алыста, алыстаған сайын оның қымбаты аса түсті. Бауыр мен жүрегімді сағыныш күйдіріп барады, елестеген сайын безіп барады. Әне, жылап тұр ол, біз кеткен жолға қарап жылайды, өзін қыз етіп туғызған құдайға өкпелеп жылай ма, мынау қызыл меңді әкесі мен қара сұры қаскүнемнің опасыздығына ыза болып жылай ма, булығып, буырқана өксіп жылайды. Сонда да оның жазық маңдайы жиырылмайды, биіктей біткен екі қасының арасы түйілмейді, кінәсіз әдемі ажарында кінарат білдіретін ешқандай түйін жоқ. Бар зарын көз жасынан ғана көргендейсің. Ол тұп-тұнық болып зырғиды толықша бетінен. Өйткені әкесіне өте тұнық еді ол. Құдай тағала өзін не жазығы үшін қыз етіп жаратты екен!

Шанадан ауып қалмауым үшін барынша қорғап, дәл қасыма отырған нағашыма бір қарамай мелшиіп отыра бердім мен. Көз алдымнан Камал тәтем кетпеді. Шаңқиған ашық күн қармен шағылысып, шана екпінімен суық жел ұйытқып бұқтыра түсті, бұқсам да тігіле қараймын Камалға. Жылап тұрып "бері келші!" дегендей қос қолын жаяды маған. "Алыс қалдың ғой, тәтетай!.. Бара алмаймын ғой енді!" Мен қысыла қарадым шешеме, ол да төмен қарап алып үнсіз егіліп отыр екен. Салысының шалғайы мен омырауының бәрі су. Әйелдердің көз жасы не деген көп, құдай тағала бұл жағын аямай ақ берген екен...

-  Анау  -  Көктұманың тауы, Бақты,  - деді нағашым.  - Шәуешек соның шығыс жағында.

Шешем екеуміз де қарадық. Біз соның теріскейін көріп, Тарбағатайға қарай өрлеп барамыз. Біздің барып орналасып, қар кеткенше тұратын жеріміз - Тарбағатайдың тағы бір қойнауындағы "Саз" деген қалашық екен. "Онда да бір Камал бар, соны сүйесің" деп шешеме Қабыкен айтқан, бізге қараңғы - суық бойжеткен мен оның нағашымды Жамалдан тартып әкеткен жесір шешесі сол Сазда дейді. Біз сонда келе жатырмыз. "Бұл тәтең ыңғай орысша оқиды, кітап-дәптерлері өте әдемі, суреті көп, соны көресің!" деп нағашым маған оны көпірте мақтаумен, маған оны "тәте" етіп телумен болды, мен ұйықтап қалыппын. "Дыр... ыр" деген Қабыкеннің дауысынан оянып, көзімді ашып алсам, түн екен, екі-үш терезелі биік үйдің алдына келіп тоқтаппыз. Қабыкен шанасын босатып алып, басқа жаққа жүріп кетті. Мен шешемнің артынан дірдектеп, қобалжи кірдім сол үйге. Үй іші де, адамдары да жат көрінді. "Орысша" әдемі киінген жіп-жіңішке ақ сұры бойжеткен келіп, менің малақайымды, мақталы бешпетімді шешіндірді, тығыршықтай семіз, төртпақ ақ қатын шешемнің алдынан шығып, Биғайшаны қолына алды. Үйлері де аппақ кіршіксіз, менің көріп келген үйлерімнен бүтіндей басқа, үй жиһазы мол болмағанымен үлкен байдың үйі тәрізді сәулетті көрінді. Өзіміз жол бойыңда түсіп шай ішіп, тынығып шыққан орыстардың үйіне көбірек ұқсайды. Мұнда да жуан бөлке пісіретін. Аузы арандай ашылған үлкен меш бар екен.

Жуан әйел жуан бөлкені кесек-кесек қойып, самаурыннан шай құйды. Қызы тарелкемен қант-кәмпит әкеліп қойды. "Осыншалық жуан бөлке жеп жүріп, неліктен жіңішке болып қалды екен" дегендей мен оған көзімнің астымен ұрланып қарап қойып отырдым. Ұялыс па, тартыныс па, жек көргендігім бе білмеймін, қарным ашып келсе де аз жеп, шайды анда-санда бір ұрттап шешеме тығыла отырдым. Бөлке мен кәмпитке тамсанып ішегім шұрылдаса да, өзімнен-өзім қатты шектелдім. Шешем де сөйлемей қою сүтті шайды тартып отыр. Жуан әйел мен қызы маған қарай берді:

- Сіз айтқан әлгі үндемес балаңыз осы шығар? - деп сұрады әйел нағашымнан. - Ұялшақ екен.

"Саған бала болсам-ау, енді" деген оймен түйіле қалдым.

- Же, суықтан келдің ғой, көп же, - деп алдыма бөлкені жақындата берді. - Ей, Мәкен, қасына келіп отыршы, қайсысың көп жейді екенсіңдер, көрейік!

Қызының аты Мәкен екен. Ол менің қасыма келіп отырды да, үнсіз күлімсіреп алдыма кәмпит қойды. Бастамашы болмақ секілді. Бөлке мен кәмпитті өзі де күйсей бастады. "Сен әдетте былай жесең ғой, дәл мұндай жіңішке болмас едің" деген ой келді маған. Оның "қулығын" біліп қойсам да еліктеп жеуге кірістім. Аш адам мен тоқ адамның тамаққа деген "махаббаты" бірдей болмайды. Біреуі бар пейілмен құныға жесе, біреуі зорлана әрең жейді. Біреуі нанды дүниенің ең тәттісі деп қадіріне жете жұтса, біреуі дәм татусыз сезіп, әрең жұтады, біреуінің ішегі шуылдаса, біреуінің жүрегі айниды. Екеуміздің өзгешелігіміз сондай көп екен. Маған жегізу үшін шайнаңдай бергенімен оның жұтқаны аз болды да, мен шайнауым аз, жұтуым көп болғанын сезе қойдым, ар жағым айдаһардай тартқанын білдірмегім келіп, енді мен де шайнандауды көбейттім. Ол күліп жіберді:

- Мен жаңа ғана тойып алғанмын, - деп ұяндай қарап күлімдеді маған, - сен көп же!

- Мәкен, ол үндемей отырғанымен сенен қушыкештеу, - деді нағашым. Мәкеннің өзінше шайнаңдасам да бөлкеге көңілім ауып отырғанын біліп қойған қулығын мен мойындап ұялып қалып едім, -сен оған кітап берші! - деді нағашым тағы да, - қағазға қарай отырса көп жейді ол.

- Оқи ала ма! - деп жайнаң қақты Мәкен.

- Оқығанда қандай! Біздің жиендердің ішіндегі ең оқымыстысы осы кісі.

- Оқи алмаймын! - дедім мен төмен қараған бойымда. Қысылғанымнан тер бұрқ ете түсті. "Мәкен кітабын әкеліп оқы десе қайтпекпін» деген күдіктен шошына қарадым жан-жағыма.

- Неше жасқа келіп еді? - деп сұрады Мәкеннің шешесі. Менің шешем күрсіне жауап қайырды:

- Жетіде...  Ағаларынан бірдеме жазып үйреніп жүрген.

Мәкен терезе алдынан бір кітабын алып маған ұсынды. Алсам да бетін ашып көруден ұялдым. Кітапты алдыма қоя салып, нан жеуге кірістім енді. Оқи алмай қалудың ұятынан, нан жеудің ұяты әлдеқайда жеңіл сияқты. Аузымды босатпауға тырысып, тықпалай бердім нанды. Кітапты Мәкеннің өзі алып ашты.

- Мынаны оқышы! - деді. Менің нан жесіме қарап тағы да күліп жіберді өзі. Тағы да біліп қойғаннан ұялдым.

- Шай ішемін! - дедім шешеме сыбырлап қана. Мен шешеме тығылған сайын, Мәкен де жақындай түсті. Шешем күбірледі маған:

- Кітап оқудан ұяла ма екен, оқи бер!

Көзімнің қиығымен қарасам Мәкеннің көрсетіп отырғаны "А" әрпі екен. Мен айта салдым.

- Ие, оқи алады екенсің ғой, тартынба!.. Мынау не? - деп "Б" сияқты бір әріпті көрсетті.

- Білмеймін.

- "Б" - деп атады Мәкен.

- "В" емес, балпаңның "Б-сы" ол емес! - дедім мен. Шешем күліп жіберді. Мәкен таңырқай қалды:

- Не дейді, тәте?!

- Бұл латынша үйреніп жүрген, - деп түзетті шешем, - сен орысшаны көрсетіп отырған шығарсың, Мәкен "В" әрпін көрсетті сонан соң.

- Балпаңның "Б-сы" осы! - дедім мен. Мәкен тағы да таңырқады:

- "Балпаң" деген не?

- Балпаңшы! - дедім мен. "Менің бабамды білмейтін бұл қандай адам" дегендей таңырқап қарадым. Шайын іше күлімсіреп отырған шешем енді қатты күліп жіберді. Оның көптен бері көңілді күлкісін естігенім осы еді, мен де жадырап көңілдене қалдым.

- Бабасының аты, - деп түсіндірді шешем Мәкенге,  ата-бабалары мен нағашыларының атын жазып үйренген бұл.

- Мен нені айтып отыр десем! - деп Мәкен ұяла
сықылықтады. Күлкісі дәл Камал тәтемнің күлкісіндей екен.
Жалт қарап ұзақ қадалдым бетіне. Камал тәтемнен кішілеу,
орысша киімді, сопақша жүзі сұры... ұқсамайды екен! - қайтадан мұңайып төмен қарадым. Камал менің ұялғаныма
қарамай бауырына басып алып қатты сүйетін. Басымнан,
маңдайымнан сипап арқамды қаситын. Жоқ, бұл Камал
тәтемдей емес, менен өзі тартынып, өзі ұяла ма, иә, тәкаппар
ма, әйтеуір суықтау көрінді.

- Мен орысша оқимын, латынша білмейін, - деді Мәкен, - мен саған латынша кітап іздеймін, бірақ бұл жерде үш үйден басқа қазақ жоқ. Олардың оқитын баласы да жоқ.

- Мен оқуды білмеймін, латынша жазуды білемін, - дедім мен. Әлгіндей сұрай беру қатерінен құтылғым келіп айттым. Ол терезе алдынан дәптер мен қарындаш алып келді.

- Кәне, жазшы! - деді.

Әркім өз білгеніне жүйрік қой. Мен қорғанбай жаза бердім. Білгенімнің бәрін жазып болғанымда басымды бір-ақ көтердім. Лениннен бастап Марқаға келіп бір-ақ тоқтайтын бір үлкен "шежірені" Мәкен қолына алып, алдымен жазуымның әдемілігіне таңырқағандай мені мақтап қойды.

- Сен оқып үйренбей жазуды қалай білдің? - деп сұрады сонан соң, үлкендерден ұялғандай басын төмен салып, өте бәсең үнмен сұрады.

- Жаза бердім, жаза бердім, сонан соң білдім.

Бұл сөзіме Камал тәтемше мейірлене күлді ол енді. Мен тағы да телміре қарап қалдым. Оның "қулықсыз" ықыласпен жақсы көріп күлгенін жылы көз жанарынан байқағандаймын. Қоңырлау болғанымен мұның көзі де әдемі екен. Ол маңдайымнан тартына сипады да, алақанын желкеме қойды. Біреудің жақсы көргенін білсем, ұялшақтығым қатты ұстайтын әдетіммен мен енді тұқырып отырып қалдым.

- Сен менен зерегірек екенсің, - деді ақырын ғана, - талапты екенсің!.. Мен оқығалы үш жыл болды, әлі жақсы жаза алмаймын!..

Ол өзінің оқуға кешігіп, он үш жаста әрең түскенін де айтты. Соншалық "асыл киінген" бойжеткен қыздың ұялса да, өзін "жамандап" отырғанына, өзін менімен салыстыра сөйлеген қарапайымдылығына ішімнен жақындап, жақсы көріп қалдым оны: "ие, бұл да тәтем екен"

Осы кештен бастап-ақ оған үйір бола бастадым мен. Екі-үш күн өткен соң тіпті жақсы көрінді. Үлкендер не сөйлесіп, қандай көзқараста жүргенімен ісім болған жоқ. Ол қайда отырса мен де сонда, ол не істесе, мен де соны істейтін болдым. Ол таңертең мектепке кетіп, түсте қайтады. Ол келгенше мен де оқығансып, кітап-дәптерге қараумен боламын. Түске жақын далаға шығып, оның жолын тосамын. Онымен бірге тамақ ішсем қорғанбай көп жеймін. Ең көп айналысатыным - бөлке. Бөлке жегенде маған бір түрлі көңілділік пайда болады. Өйтетіні Биғаділ екеуміз ес білгеннен бөлке нанды көп арман ететінбіз, былтыр-алдыңғы жылдары "колхозға кіреміз, көп баламен ойнаймыз" деген қуаныш пайда болғанда, "бөлкені тойғанша жейміз, көп жейміз" деген тәтті үміт те миымызға қоса орнап, қатты сіңген. Енді қазір Биғаділ бұл арманға жеткенін-жетпегенін білмеймін, ал өзім анық жеттім. Сондықтан, бөлкені құшырлана соғатын болдым. Кешікпей домаланып семіріп алғанымды үлкендер айтып жүрді.

Түстен кейін ойнауға шығамыз, Мәкен үлкен болса да өзі тұстас орыс балалармен ойнамай, ыңғай менімен бірге ойнайды. "Үлкенірек ұлдары адамға соқтығады, қыздары олармен құшақтасып жүреді. Қазақ бала жоқ, сенің келгенің қандай жақсы болды!" дейді ол бойым аласа болса да, мені қолтықтап жүреді. Мая шөптің түбінде отырып, маған әңгіме айтып береді.

Нағашым бұл жерге екі жылдан бері келіп-кетіп, тас қазу жұмысын істейді екен, Қабыкенге еріп келіп бір күні Мәкеннің нағашысымен танысыпты. Содан бірер ай өткенде Мәкенге "әке болыпты". Мәкеннің өз әкесі семейлік, орта ауқатты саудагер екен, жер аударылып келген соң, шешесі мен өзі жалғыз нағашысының үйімен бірге осында келіпті.

- Міне, енді мен қазір сенің нағашыңның қызы болдым, -
деді Мәкен күлімсіреп, - менің нағашымның үйі қазір Саздың
арғы шетінде, біз осы шетінен пәтер үйді әрең таптық.

Сол маяның түбінде ұзақ отырамыз. Ол осындай бір әңгіме сөйледі де, менің де әңгіме айтуымды сұрайды. Мен "әңгіме білмеймін" деймін. Сонан соң тағы да өзі сөйлейді, бұл жерде өзінің іші пысатындығын айтады.

- Сенімен ғана бірге жүргім келеді, сен әңгіме айтып беретін болсаң қандай жақсы болар еді!

- Мен әңгіме айтып көргем жоқ, Биғаділ болса айтып берер еді!

- Ол кім?

- Ол менің інім емес пе!

- Ол қайда?

- Қытайға кетті, әкем де, ағаларым да кетті.

- Сенің қалғаның жақсы болған екен, менімен ыңғай бірге боласың. Менің енді ішім пыспайды. Сен білемісің, екеуміз қандай ұқсаймыз. Мен нағашым мен шешеме еріп мұнда келдім. Сен де нағашың мен шешеңе еріп мұнда келдің. Екеуміз қазір міне бірге отырмыз. Бір үйде тұрамыз, қандай жақсы!

Ол мені құшақтап тартып, басымды алдына алды. Мен оның еркіне беріліп құлай кеттім. Камал тәтемнің еркелетуін сағынып жүр едім. Сол Камал тағы да ап-айқын елестеді көз алдыма. Ие, бұл да менің тәтем емес пе! Мәкен маңдайымды қайыра сылады. Сипап отырды да еңкейіп бетімнен сүйді. Бірақ, Камал тәтемше қалай болса солай жұлмалап-тістелеп, домалатып-лақтырып есімді шығармай, мәпелеп қана сүйді.

- Сенің әкең Қытайға неге қашты, - деп сұрады ол бір кезде. - Бай болып па еді?

- Біз өтірік бай болдық!

-  Өтірік бай болғаны несі? - деп күлді ол.

-  Біз бай емеспіз, басқа біреулер байсың деді де, қызыл қасқа сиырымызды алып кетті, сонан соң астығымызды әкетті. Жейтін еш нәрсеміз қалмаған соң әкем де, ағаларым да Биғаділді көтеріп Қытайға кетті. Апам "біз де кетеміз" дейді.

Мәкеннің мен тығылып жатқан бауыры бүлк-бүлк ете түсті. Жылағанда шешемнің бауыры да осылай бүлкілдейді. Жалт қарасам, Мәкен басын көтеріп далаға қарап отыр екен. Аппақ тамағы да бүлкілдеп тұр. Біреудің жылағанын көргендегі әдетім бойынша басымды көтеріп түзу отырдым. Оның жүзіне тура қарасам да, бетін теріс бұра бере жан қалтасынан орамалын алып, көз жасын тез сүртіп тастағаны байқалды.

- Сен кетпе, - деді ол басымды қайтадан алдына алып,
жасаурап тұрған тұп-тұнық қоңыр көзінен өз жүзімді көріп,
айнаға қарағаңдай қарана бердім мен. - Сен апаңа айт, Қытайға
бармаймын де! Осы жерде оқимын деп айт, бола ма?!.. Бірге
оқимыз, бірге тұрамыз!..

Кей жексенбі күндері нағашым мені азық-түлік алуға ертіп кетіп жүрді. Астық, қант, картоп, қызылша, шекер нормаларын алғанда мені "хатшылыққа" ертеді. Алатынын алып, өлшетіп болған соң стол үстіндегі қағазға мені көтеріп тұрып, "Мұқамәди" деп қол қойғызады. Бұл өнерімді бір рет көрген соң қалған екі қазақ та солай ететін болды. Сөйтіп, кішкене "секретарь" атандым. Біреуі көтеріп тұрып       "Ахметжан" деп жазуымды сұрайды. Менің оқыған "кітабымда" ондай адам аты болмағандықтан "Жаппар" деп жаза саламын. Енді біреуі "Ыбырайды" жаз деп көтергенде "Кұрман" деп қоя саламын. Олар мәз болып азық-түлігін ала жөнеледі. Ол жерде менің өтірік молдалығымды айыра алатын ешкім жоқ. Завхоз орыс та мені танып алды. Қазақтарға азық-түлік береді деп, "секретарь" деп алдымен мені шақырады. Кейде мені өзі көтеріп қол қойғызады. Онысы тым қатерлі еді: «молодцы» деп тік көтеріп, допша лақтырып ойнайды. "Жалғыз хатшымызды өлтіріп аласың, үй, орыс" десіп үш қазақ бірдей ұмтылады онда. Завхоздың қақпақылына түспеу үшін сол қазақтардың біреуінің етегінен мықтап ұстап тұратын болдым.

Уақыт өте келе Мәкен маған бір туысқан жалғыз бауырындай, өте бауырмал болып кетті. Кей күндері азық-түлік немесе қырмандарда молотилкадан шала шыққан топанды ұшырып бидай алуға шешелеріммен бірге кеткенімде, ол да менің жолымды тосып күтетін болды. Мая түбіне отырып алып әңгіме айтысуға, бірге сабақ оқуға асығамыз.

- «Қытайға бармаймын» деп айт апаңа! - Мәкеннің маған алдымен үйрететіні осы болды. - Осы жерде оқимын де, жарай ма?! Орысша тілмен мына есепті үйреніп алған соң, келер жылы екінші классқа оқуға түсесің, сонда мектепке бір барып, бір қайтып тұрамыз.

Бұл ұсыныстарына мен бас изей беремін. Кейде "жарай ма" деп қадалғанда, мен «жарайды» деп жауап та қайырамын. Сонан соң бар ықыласын салып орысша үйретуге кіріседі. Кеш батып, шам жанған соң да оның істе дегенін бар ынтаммен орындауға кірісіп жүрдім.

Мәкеннің еңбегі мен менің талабым да зая кеткенін бір-ақ білдік бір күні. Нағашым көршіміздің ала атына бір арба жегіп келді де, шешем мені киіндіре бастады.

- Кетеміз, - деді, - әкеңе, Биғаділіңе барасың...

- Биғабіл кетпесінші, тәте!.. Осында қалсыншы! - деп Мәкен жалынды да, жылап тұрып, екі қолымен бетін жауып алды. Көзін сүрте салып, үнсіз қарай берген маған ымдады, "Айтсаңшы! Айтсаңшы!" дей берді сыбырлап. Оған бір, шешеме бір жалтақтай берген менен сөз шықпаған соң, өзі тағы жалынды-қалсыншы, тәтетай, осында оқысыншы!.. Ендігі жылы оқуға менімен бірге кіреді! Шешем оған жауабын қысқа-қысқа қайырды.

- Биғайша қалады, оны қайтып кеп әкетемін, қазір жалғыз кете алмаймын!.. Жоқ Биғабілды тастап кетпеймін!

- Тәтетай, онда Биғабілды қайтып кеп әкетерсін, қазірше қалсын!

- Жалғызсырап жүр еді, - деп шешесі құптады оны.
- Бауыры келген соң ғана "іші пыспайтын болып еді, қазірше қала тұрсыншы!

- Жоқ, мен бұл болмаса жалғыз кете алмаймын, Биғайшаны көтеріп жүру қиын! Шешем бұл жалыныштарды тыңдамады, мені жетектеп әкеліп, арбаға шығарды. Биғайшаны күні бұрын алдап көндірген көрінеді, ол қыңқ етпей сол үйде қала берді. Мен жабыға қарадым, Мәкенді қимай қаншалық жалтақтағаныммен, шешемді тіпті қия алмайтын сияқтымын. Нағашым арбаны айдай жөнелді. Мен артқа - Мәкенге қарап отырып алып кете бардым. Ол менен көз алмай, солқылдап тұрды. Әне, қолын көтеріп сермеп тұр, жылап тұр! Мен мылқау ұялғанымнан "қош" деп айта алмай кетіп барамын. Бірақ, екі көзім Мәкенде қалғандай, басқа еш нәрсені көрер емеспін. Ол енді жалғыз қалды ғой! Мінеки, белеңнен астық, ол мүлде көрінбей қалды! "Қош бол, Мәкен! Жалғыздықпен зерігудің қыспағында тағы қалдың!" Қимастықтан ішек-қарным ба, бір жерім күйгендей елжіреп мен кеттім. Камалдың әкесін әке етіп алғанына жауыға келіп едім ғой, енді неге қимай қамыға кеттім?!.

Нағашым бізді Ақшоқының Көктұма жақ тұсына әкеліп түсірді де жол көрсетті, жол емес-ау, жолсызға жөн сілтеді: Шәуешектің тұсын көрсетті. Арбадан түстік. Шешем иығына бос қап салды да, тезек терген болып жөнеле берді. Мен онын жүрісіне ілесе алмай қалып едім, етігімді шешіп қабына салды да, байпақшаң жетектей ерітті. Мен де дедектей зыттым. Шынжаңға қарай дедектедім.

Әділетті "тергеушім", өзімді ұратын күрзіні қаһарлы қолыңызға енді ұстаттым білем, қандай қашқын екенімді баяндадым ғой. Дәлелдеп айтқанда, пролетариат диктатурасындағы Совет одағынан сол кезде феодализм диктатурасында тұрған Шынжаңға қашқанмын. Пролетариат диктатурасына қарсы феодал болмасам, феодалдық елде нем бар еді?! Демек, мен қаршадайымнан бұзылған кері төңкерісші қашқынмын. Бұл сіздің мұқтажыңыз үшін айтқанда, соқырдың қолындағы таяқтай, айырылмай қос қолдап ұстайтын қылмыс емес пе?

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір