Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңғырық 4757 11 пікір 4 Қаңтар, 2021 сағат 14:59

Жамбыл қалай Жетісудың бас ақыны атанды?

Жамбыл Жабаевтың туғанына -  175  жыл!

ЖАМБЫЛ

Роман-этюд. (Үзінділер)

Жалғасы:

1881 жылы Жамбыл ауыздығымен алысқан тұлпардай кемел шаққа жеткен. Орда бұзған отызды артқа тастап Жамбыл есімі етектегі Қопадан төбедегі Суықтөбеге, Іледен асып Шуға кеткен. Ол тықыршыған тұлпардай бір жерде отыра алмай, іздейтіні сауық болды. Ал сауық болған жерде айтыс болады. Айтыс болған жерде табыс пен атақ бар.

Жамбыл Талғар, Түрген бойындағы ағайындарға жиі келетін. Бұл бақуатты ел, өскен өлке. Шөбі шүйгін, суы мол, даласы кең. Қалың ағайын албан-дулат пен шапырашты.

Осында ағайыншылап келіп ауыл жағалап жүргенде албан ағайындар үлкен той жасайтын болыпты. Шәрипа деген қыз. Әкесі мыңғырған малы бар байлардың бірі.

Бұл сөз Жамбылдың құлағына тиісімен мазасы кетті. Аздаған қой-ешкіні алдына салып екі қона ауылға жетті.

Екі-үш күн домбырасын тартып, албан, дулат, суан тарихына қатысты деректерді ойға жинақтады. Бас көтерер болыс-билері, ақындары мен шешендері, батырларын ойға жүгіртті. Әшейінде бір жүретін Бәйдібек баба балалары айтыста бөлініп шыға келеді. Бұл айтыс заңы. Бірақ оны кек сақтамайды. Жеңді. Алды. Кетті. Онан кейін бір-бірін ой бауырымдап іздеп жүреді. Сондықтан да айтыскер ақындардың беделі де, салмағы да әнші ақындардан көш жоғары. Бұл айналып келгенде бүгінгі парламенттің депутаттық сауалдарына ұқсас қоғамдық ойдың жаршысы. М.Әуезов айтқандай «дене қартаяды, ақындық қартаймайды». Айтыс жас та талғамайды. Мұндай кезде бәрі жас жағынан теңеседі. Бірақ, әдетте, әдептен аспайды.

Асы жайлауы Ой жайлау емес, ай жайлау. Жұлдыз да, ай да төбеңе құлап тұрады. Бұл жайлау күллі ұлы жүз ағайын үшін ортақ. Той да, қызық та, көкпар да осында. Тау асып қырғыздар да келе қалады.

Албан тойы есте қалу үшін не істеу керек? Міне, осыған бола Шәрипаның әкесі жан-жаққа хабар салған. «Отыз күн ойын, қырық күн той» деген осы. Алды он күн, арты үш күн болатын той. Оның әдет-ғұрыптары қаншама?

Бұл тойға, әрине, Құланаян Құлмамбет келеді. Әзірше Жетісудың бас ақынын иеленіп жүрген сол. Оның қарым-қауқарын Шәбден манапқа барғанда көрген. Адуынды. Бір жағы үзеңгі жолдастығы бар, екінші жағынан ұстаздығы бар. Түбекпен, Жанақпен, Бақтыбаймен, Майкөтпен, Тезек төремен айтысқан. Сүйінбаймен де сөз қағысқаны бар.

Құласаң нардан құла. Осы жолы Жамбыл Алла бұйыртса Құланаянның шабын құлатып тынады. Не өзінің сағы сынады. Нартәуекел!

Асы жайлауы пейіштің төрі. Алты, он екі, он алты қанат үйлер тігіліпті. Құлмамбет алты қанат ақбоз үйде қалың текеметтің үстіндегі құрақ көрпенің үстінде отыр. Анау-мынау адамға қарамайды. Бұл ақындық сес. Жамбылға да жақтырмай қарады. Мысын басқысы келеді. Мысқылдап күлгені жанға батады.

Талай ақын жолда қалды. Мәреге бір-бірінен сескенген, бір-біріне қасқырша атылғалы екі түз тағысы отыр. Бір-бірін аямасы белгілі.

«Аға бордан, іні жолдан» бола ма? Әлде той иесінің толағайын айтып Құлмамбет шыға ма? Бәрі сілтідей тына қалған. Қымызға бөртіп Құлмамбет, домбыраға сыйынып Жамбыл отыр. Бірі – төрде, бірі – етекте. Құланаян Құлмамбет жолбарыс жүрек Жамбылды көрмеген болады.

Құланаян Құлмамбет айтысты бастап жіберді:

... Құланаян Құлмамбет менің атым,
Сайрайдағы кеудемдегі жазған хатым.
Албан, дулат жиылып бата берді,
Құлақ салып ұға бер жамағатым.
...Қара күңнің баласы Ысты батыр,
Кім өлсе соған түсер заман ақыр.
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса, ол неме, қайда жатыр?
Құлмамбет үшін айтысқа кіру алдындағы ет қыздыру.

Құдайберген Жамбылға барып, қолтығынан демеді. Қарқарадан келген ағаға амандасу керек емес пе? Тоғыз ақын тақиясына тар келіп отырса Құлмамбет не дерсің? Жамбыл төрге келіп отырды. Дәл сол жағынан:

Ізденіп келіп тұрмын Қарқарадан,
Аузыңда сәлемің мен аманың жоқ.
Үлгісіз көргенім жоқ сендей надан.
...Шапырашты, сөйлесең жаманың жоқ
Туу десең бәрің жүйрік шабаның жоқ.
Майтөбе, Құлансазда өлеңдетіп,
Баяғыдай гулеген заманың жоқ.
Үндемей кіріп келдің тайпаң қара
Өзің қандай, мен қандай байқап қара.
Үлкенге сәлемің жоқ, аманың жоқ,
Не басыңа күн туды тозақ қара...

Жамбыл Құлмамбеттің талма жерін іздеп отыр. Сөз ауанына қарағанда албан-дулаттың көптігі мен байлығын айтып мадақтауға көшетін тәрізді. Сүйінбайдың Қатағанды жеңген жолы, бұл жолға гәп емес. Онда ел мен ел беттескен. Ал мынау Арқадан ауып келген Құланаян сол көптіктің артында тұзақ тұрғанын аңдамайды. Аңдамайтын да себебі бар. Айтыс Құдайбергеннің қызығы емес, ежелгі аға баласы мен тоқал баласы арасындағы ежелгі әңгіме. Бірін-бірі мұқату мен кекету. Сәрсембайды, Майлыбайды, Бектембайды, Нұрақанды атайды, Шойбек қара, Қарабай, Сатыбалды, Қанай, Тілеуқабыл, Үсенбай, молла Сәтім, Сегізбек, Ормақай, Ысмайыл қажы, Мәңке болыстың байлықтарын айтып күш көрсетпек. Оған қоса Ноғайбай би, Молдыбай, албан Әжібайды айтып таразы басын өзіне аудармақ. Құланаян Құлмамбеттің айтқаны шын еді. Олардың барлығы да қалың дулаттың белгілі би-бектері, байлары болатын. «Әйтеуір, біреумізден төгілді айран» деп Жамбылдың абыройы сөгілетінін меңзеп отыр.

Жамбыл енді Құлмамбеттің желкесін қиятын жолды біледі. Мақтаған байларының мал-мүлкі, дүниесі қайдан келді. Ақынның делебесі қозып отыр. Құлмамбет Жамбыл сөзін тосып отыр.

...Шу десе жүйрік озар мына жолдан,
«Демей көр, ескі әруақ» алып қолдан.
Қарасай дем бере гөр, менің бабам,
Сілтейін будақтатып оң мен солдан.
...Қарасайлап қосылсам бір бүйірден,
Ақырында кетерсің басы аманға.

Жамбыл ерлігі ерлігіне, байлығы байлығына дөп келетінін айтып, сөз басын қайырады.

Құлмамбет ерлігіңе ерлігім, байлығыңа байлығым дөп деген сөзді ұстап алды да, Дулаттың байлығын айтып, шапыраштыны кедейсінеді.

Тұра тұр, тағы айтайын көптігімді,
Көптікті айтсам, үземін шеттігімді.
Шапырашты күйіңмен байлық айтып,
Айыл-жіппен тартып кел көптігіңді.

Сөзді сөз, ойды ой қозғайды. Асыл мен Шыбылдың да атақ-даңқы жетіп жатыр. Дулаттан алып Қаба ұрпағын да өзіне теліп алған не сасқаны? Сол сөз бе? Сөз деп мынаны айт:

Адамдықты айт, ерлікті айт,
Ел бірлігін сақтаған батырлықты айт.
Қарымбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап, әуре болмай, жөніңе қайт!

Құлмамбет тағы да қорадағы қойды, желідегі құлынды, жамбы артқан он түйені айтып, албан-дулаттың мал-мүлкін санамалап жатыр.

Қалың албан-аулат дүр-дүр көтеріліп, Құланаянды қолдап жатыр.

Ол кезде айтыстың өзіндік тағы бір сыры бар-ды. Бір рудың ақыны басқа бір рудың атынан айтысқа түсе береді. Әу баста, Құлмамбеттің албан, дулаттың жақсыларынан бата алдым деуі содан. Содан ол Өтеген батырды, баяғы санамалаған ақындарын қайта жырға қосады.

Енді Жамбыл сөзді қиядан салды. Сыпатайдың дәулетін, Медеубайдың сәулетін айтып, шапырашты мекенін түгендеп өтеді. Сонан соң:

Алатауды бөктерлеп,
Бұдан да сырғып өтейік.
Қалай айтсаң, олай айт,
Құлмамбет саған төтейін.
Бұдан шығып аяңдап,
Қастекке барып жетейік.
Ол Қастекті жерлеген,
Көңілі көкке өрлеген,
Сұраншы, Саурық батырым.

Онан соң Жамбыл түкті құрттан тараған Байтелі, Қаумен, Дәулет, Жәпек сынды байлардың әулетін түгендейді. Қожбамбет Қилыбайұлын түгендеп, Өтеген, Қазыбекті дәріптейді. Нұрғожа, Алғожа, Байғожа, Райыс, Допас атты Ыбырайым ұлыларының батырлығын жырлайды. Сонан соң сөзін түйіндеді:

Баймын деп сендей тасыман,
Кедеймін деп жасыман!
Берекелді елді айтам,
Ел қорғаған ерді айтам,
Басымнан сөз асырман!

Құлмамбет таптаурын жолдан шыға алмай, аяғы тайғанақтай бастады. Бекетбай, Торпаң, Тоқсейіт, Телдіртай, Шортанбай, Шоманақ, Шәкей сынды тағы да байларым бар. Ал сенің кімің бар, аз шапырашты деп, «қақ жүректің тұсы деп, өлер жерің осы» деп Құлмамбет әруаққа ұрынды.

...Айтасың, шапырашты, ерлігіңді,
Шыр айнала соқтырдым белдігімді.
Селтеңдеген серкенің ажалы деп,
Сұраншы сарттан өлген сайрамдағы.

Құлмамбет қазақы әдептен аттады. Әдетте әруақты миятқа шақыру бар да, әруаққа тіл тигізу жоқ. «Иман жаназасы шығарылмай көмілген» деп айыптайды.

Жұрт тіксініп қалды. Бірақ делебесі қозған топ өздерін де, айтыскерлерді де тоқтата алмайтын күй кешті.

Жамбылдың сөзге жауабы болуы керек. Құлмамбет қызуы-қызуымен дулаттың ұрпақтарын, байын түгендеп жүріп, Әжібай албанды мақтаған-ды. Жамбыл қарап қалсын ба:

Екейден шыққан озып Байсалбайды,
Жылқысы өңкей жорға тайпалмайды.
Аңырып әңгіме аңдап қала-тұғын,
Өлеңді бүйтіп жыршы айта алмайтын!
Апиыншы албанды сонша мақтап,
Құлмамбет неменеге сайтаңдады.

Сонан соң Жамбыл Құлмамбет айыбына айыр сұғып алды.

Оның рас, таз Құлмамбет –
Сұраншы, Саурық пенен жаудан өлген.
Халық үшін шәйіт болып жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.

Жамбыл тақымға басты. Енді өзі бастады. Енді жөн сұрасу емес, құн сұрасу қажет. Мақсұт деген бай албаны кісі қолынан өлген. Соны бетіне басты. Енді Жамбыл жебені Құлмамбеттің өзіне оқтады:

Құлмамбет, мен білемін түбің уақ,
Арқадан кісі өлтіріп келдің шұбап, –

деп тарих қоржынын ақтарды. Туған қызын төрт ат, жүз теңгеге бола дүнгенге сатып жібергенін бетіне басады.

«Арқадан ауып келген ақтабансың,
Таза албанның өз баласы Құлманбет», - деп Дүйсенбай, Сәт, Мәңке жанын беріп, сені ақтап алсын».

Жамбыл енді тұғырға қонған бүркіттей шаңқылдады. Құлмамбеттің адам сүйер қылығы жоқ. Енді оны аластау керек:

А, Құлмамбет, Құлмамбет,
Ағып жатқан сумен кет.
Сумен кетсең ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді,
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайта шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады,
Қараңғы тұман түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет!
Тауды да халық мекендер,
Кесірің жұғар, Құлмамбет
Қу пәлекет арман кет!

Осы кезде Жамбылға ары қарай айтқызбас оймен Құлмамбет домбырасын ұрғылады. Мұндай тегеурінге домбыраның ішегі де шыдамай үзілді.

Жамбыл сөз өрнегін өзгертті. Жұрт орнынан тұрып кетті. Жамбылды орнынан тік көтеріп алды. Ақын:

Жамбылдың жеңіп бәйге алған жері,
Жеңіліп Құлмамбеттің қалған жері.
Домбырасының ішегі үзіліп қап,
Осы екен Құлмамбеттің арман шері.

Жамбыл жай ақын болып кіріп, бұл айтыстан соң Жетісудың бас ақыны деген атақ алып шықты.

Жалғасы бар...

Уәлихан Қалижанов,

филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА академигі

Abai.kz

11 пікір