Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3867 0 пікір 22 Ақпан, 2012 сағат 05:57

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Бұл қыстауда бізбен бірге отырған Санатпай, Ақтай атты ағалы-інілі екі жігіт болды. Сол кезде Санатпай қырық жастан асқанда, Ақтай отызды басып өткен. Екеуі де әліге дейін неке көрмеген бойдақ. Олардың басын қосып, түтінін түтетіп отырған шешесі еді. Екеуі де белсеніп, ертерек "ақ жүрек" қатарына қосылыпты. Тіпті Ақтай район, ауыл жағалап жүріп, партия қатарына өтіп алыпты да, бүкіл өңірге "Ақтай коммунист" деген атағы шығыпты.

Ұзын шаш қойған жігіттен ең алғаш көргенім осы Ақтай болды. Шашын көзіне түсіріп, әр адым басқан сайын басын кеңжең еткізіп бір сілкіп тастап жүретін. Отырғанда сылағыштап, қолы шашынан кетпей отырушы еді. Оның киімі қала формасында болатын. Бет шырайы да әдемлеу, бірақ, тар мандайындағы ұзын шаш ақ-сұры қушық бетін одан сайын қушайтып, қырылған иегін ғана қалдырғандай, шүкірейген сұп-сұры суық көзі шаш арасынан зәрін шашып тұратын.

IV

Бұл қыстауда бізбен бірге отырған Санатпай, Ақтай атты ағалы-інілі екі жігіт болды. Сол кезде Санатпай қырық жастан асқанда, Ақтай отызды басып өткен. Екеуі де әліге дейін неке көрмеген бойдақ. Олардың басын қосып, түтінін түтетіп отырған шешесі еді. Екеуі де белсеніп, ертерек "ақ жүрек" қатарына қосылыпты. Тіпті Ақтай район, ауыл жағалап жүріп, партия қатарына өтіп алыпты да, бүкіл өңірге "Ақтай коммунист" деген атағы шығыпты.

Ұзын шаш қойған жігіттен ең алғаш көргенім осы Ақтай болды. Шашын көзіне түсіріп, әр адым басқан сайын басын кеңжең еткізіп бір сілкіп тастап жүретін. Отырғанда сылағыштап, қолы шашынан кетпей отырушы еді. Оның киімі қала формасында болатын. Бет шырайы да әдемлеу, бірақ, тар мандайындағы ұзын шаш ақ-сұры қушық бетін одан сайын қушайтып, қырылған иегін ғана қалдырғандай, шүкірейген сұп-сұры суық көзі шаш арасынан зәрін шашып тұратын.

Ол ауылға барып қайтқан сайын сол суық көзі шекшие түсетін болды. Сондықтан, ауыл әйелдері оған алдымен "текеш коммунис" деп ат қойды. "Ақтай" атына жалғаса айтылатын "коммунис" деген сөз кәрілер жағынан өте кекетінді, өте ащы мысқылмен қосылатын болды да, ақыры өз аты өшіп, "коммунис" аты ғана қалды. Ақтай үшін ат болған осы бір қасиетті атау - ең ащы янат сөзден де тұрпайы естіліп жүрді. Сол кезде біздің ауылдастар көрген коммунист осы Ақтай болғандықтан, бірін-бірі янаттағанда «коммунист» деп "тілдесе" ғана әріптесін мұқаттым деп есептейтін.

Ақтайдың мұнымен ісі жоқ, өзін "коммунист" деп қана "атайтын" болғанын "халық атымды атай алмайтын беделді болдым" деп мардымсыған ол шекірейген үстіне тікірейе түсті. Бұған иық сүйеген "белсенді" ағасы Санатпай да елден оқшауланып әспенсіп алды.

Бұлардың жұртқа не істеп жүргенін ол уақытта өзім түсіне алмадым. Бірақ, қарапайым ауылдастардың барлығы да ағайынды екеуінен сілтідей тынады.  Киімдері де, өң шырайлары да, мәртебе-дәрежелері де ауылдан осылай "биіктеп-биіктеп" алған "қос мықты" осы себептен үйлене алмай жүріпті.
Сөз салған қыздары "кәрі" деп қана жауап қайырса, жесір келіншектер күлкілі жауап қайырыпты. Біреуі Ақтайға: "Жарайды, кекілің ұзара түссін, әнеу сүйкімсіз көзің мүлде көрінбейтін болған кезде бір жөні болар!" депті. Тағы біреуі Санатпайға: "Жарайды, менің енді бір-екі күйеуім қайтыс болған соң кел, сонан соң сенен басқаға тимеймін" деген екен.

Мұндай сөздер әйелдер қауымына жұқпалы аурудай тарала кетіпті, ақырында өз қыстауындағы жеңеше-жеңгелері оны түрлендіріп, неше саққа жүгіртетін болыпты. Осы сайқымазақ пен Санатпайды "мүңкір-нәңкірдің" күрзісіндей соққанын   "мылқау" болсам да естіп жүрдім.

Санатпай мен Ақтайдың бірі кірген үйде сөз болмайды, тамақ пісіріліп жатқанда кірсе қазандары түспейді. Үй иесі бір "жұмысына" жөнеледі. Иә, келе жатқанын ести сала "буланып", "терлеп", "ұйықтап" қалады. Өйтетіні, бұл "мықтылар" сөйлесе кетсе бір астамдық көрсетпей қоймайды. Бұлардан балалар да қатты қорқатын болды:

"Үйбай... Әй, Ақтай келе жатыр, көзін қарашы!", "Үйбай... Әй, Санатпай мас болып келеді!" деп қорқытса, "Аю келді!" деп қорқытудан бізге әлдеқайда қорқынышты естіледі. Бұл екеуі де құмаршы болып, бұрынғы орта шаруалы тұрмысын төрт асық пен "жиырма бірге" салып құртқан екен де, ең соңында шешесінің білезігі мен келіншек кезінен қалған сақиналарын ұтқызыпты. Сөйтіп, қаңғыбастыққа салынып жүріп, "ауыл пролетары" болып шығыпты. Бірақ, жалшылыққа түскен батырақ емес, ұсақ ұрлық-кезептікпен, кақты-соқтымен күн кешіріп, ауыл маңына үрей салып өскен бадырақ көздер екен. Бұлардың кезептігінен бұл ауылда, қыл аяғы есік жақта тұратын кебіс те "қорқып", "төрге қашып" жүктің астына тығылатын болыпты.

"Бадырақтардың" қазіргі қолы жеткен кәсібі - ішкілік. Олар мас болып, қираңдап шыға келгенде, тұра қашпайтын бала жоқ. Өйтетіні, қалтырақтаған қолына түссең желкеден, иә, төбеден басып мыжи салады. Жақсы көріп аялауы да, жек көріп жазалауы да осы. Сондықтан біз оларға сау кезінде де алыстап, үрейлене қарайтынбыз.
Жазуды қағазға жазатын болғанда маған бір арман қоса пайда болды, ол - өшіргіш еді. "Айналдырған бір кішкене дәптер, алты бірдей үлкен адамның атын жазуға қаншаға жетпек! Жазып болған бір бетін қағазбен өшіріп, қайта жазып жүрдім. Екінші өшіргенде қағазға қарайып қалады екен. "Егер Биғазынікіндей өшіргішім болса, төрт-бес өшіріп жазсам да қараймас еді!" Осы арманмен шағылдар арасынан құмсағыз іздегім келді. "Құмсағызды төртбұрыштап қатырса өшіргіш деген сол" деп болжағанмын. "Қасқыр жеп қояды" деп бір кешке жақын Биғаділ шықпай қойды да, өзім жалғыз кете бардым. Екі төбе астым, табылмады. Үшінші төбе бауырына жеткенімде қасқырдан өзім де қорқа бастадым. Қайтуға енді беттей бергенімде ауыл жақтан келе жатқан бір атты адам көрінді. Анықтап қарасам Санатпай екен! Қасқыр дейтін корқыныш жай ғана мысық тәріздес болып қалды да, өзім сол қорқынышты санаған иенге қарай зыта жөнелдім. Санатпайға көрінбейін деп жыра-жыраны далдалай қаштым. Ауылдан тым алыстап кеткенімді біле зытқаныммен, "басқа шара жоқ, әйтеуір ұзын мойын Санатпай көріп қоймаса болғаны". Әкем соғып әкеліп беріп жүрген қасқырлар аласа ғой, жүзген мен шыралжының арасынан мені көре қоймас!" - Бар қорқынышым Санатпайда ғана болды. Неше белді асқанымды білмеймін, қараңғы түсіп, шағыл төбелердегі жүзгендердің барлығы сорайып, Санатпайдай көрінді. Қорыққанымнан айқайлап жылайын десем, менің қайда екенімді "біліп қояды", жыламайын десем, қайда келгенімді өзім де білмей қалдым. Маңайымның барлығы түсірлеп-тасырлап асыр сап кеткендей. Бүкіл дүниеден жүрегімнің дүрсілі ғана естілді. Кеңкілдеп жылап барамын, жүгіріп барамын. Біресе оң жаққа, біресе сол жаққа жүгірдім. Таныс жоталарымнан ешқандай белгі жоқ. Өне бойымнан тер сорғалап, малмандай су болдым. Тасыр-түсірмен тосыла тұс-тұстан айқай-шу естілді. Құлағымның шуылы сияқты, оған да сенбеп едім. Сол көп шуылдың ішінен таныс бір айқай сап ете түскенде тоқтай қалдым. Әкемнің дауысы өте қатты естілді, енді жақындап келе жатқандай бір естілді де, өзінің бір жағымнан атпен шауып өте шыққаны көрінді. Мен айқайлайын деп едім, үнім шықпай қалды. Кеңкілдеген дыбысымды естіген болу керек, қайырыла шауып келіп, ат үстінен іліп алды.

- Таптым!... Таптым! Мұнда, мұнда! - деп айқайлады сонан соң жан жағына қарап. Бірнеше адам іздеп шыққан екен.
- Балам-ау, қайда жүрсің! Маңайдың барлығы
шуылдасып жатқан қасқыр ғой!
- Санатпай! - дедім жалғыз-ақ...

Бұл менің одан бір реткі қылмыссыз қорқуым еді. Сол қыста Санатпайдан қылмыс істеп қойып тағы бір қорыққаным бар. Бізге аталас Құрақбай дейтін шал қайтыс болып еді. Артында қалған жалғыз кемпірі оған құран оқытқыш болды. Үлкен келсін, кіші келсін, үйіне кім кіріп құран оқыса сол өлмелі жалғыз кемпір бар мәзірін дастарқанға төгетін. Сілкіп салар сырмағы жоқ кедей болса да тырнаштап жиып, тыққыштап сақтаған құрт-ірімшігін, тары-талқанын беретін сол үшін, балалар Бүбіқан шешенің дастарқанына құран оқығыш болып алды.

Мен өз бетіммен барып оқи алмаймын, құран білмеймін де, кейбір балалар сияқты жоқтан бар етіп құрастырып зулататын қабілетім де жоқ, "мылқаумын ғой". Құранды ең жақсы оқитынымыз "Биғазы молда". Дағды бойынша соны андып тұрып, Бүбіқанның үйіне бара жатқанында ілесе кеттім бір күні. Сонан ол "ассаламағалейкумді" көтере айтып кірді де, жүгініп отыра қалды.

Молда жүгінгенде тәбәрікші одан да жақсырақ жүгінуі керек қой. Мен де оның жамбасына жабыса далдалап, бар ынтамен жүгіндім. Киіз шарығым астыма сыймағандықтан ұша жөнелмек құстай қоқшырайып қалдым да, қатты күшеп, жығылмауға тырыстым. Бірақ, бұдан гөрі күлмеуге күш көбірек жұмсалды. Екі қабат күш жұмсап тіпті қатты тырысқандығымнан көзімді жұмып та алдым.

"Биғазы молда" мақамына келтіре баптап "аузыны", одан соң "биссімилланы" толық соза айтып шықты. Оның есебінде: құранның дұғасын көбейту үшін асықпай, ұзағырақ созу қажет. Бұл ойын надан мен де байқап отырмын. "Биссімилласын" бітірді салмақтанып. Тамағын қырынып тағы да ұзағырақ тынды. Бұл баптауы менің кұйрығым мен тіземді қинап бара жатса да надандық етпейін деп шыдап, енді тістене түстім. Содан сон "молдекем" әр күні оқып дағдыланған ыңғай "иттен" құралатын "дұғасына" түсті:

"Уассалаты уәл ақ итті үйіттім, уәл кара ала итті үйттім, уәл са... а.. ыр и... тым. Уәл тара... уиық тарғыл итті үйіттім, уәл кари... итім".

Мыжырайған оқыр қара кемпір бұл "дұғаның" мақамына мүлги түсті. Аузы жыбырлап: "Амин!.. Амин!!! Сәбидің жүрегі таза ғой, қабыл болар-ақ... Амин!" деп күбірлейді. Мен күлкіден тұншығып Биғазыға сүйене бергенімде, "Сұбыхан" басталып барып шорт тынды. Сып етіп Санатпайдың кіріп келгенін білмей қалыппын. "Биғазы молда" орнынан қарғып тұра жөнелгенде, дастарқанға мен екпетімнен түстім. Санатпай бір түйіп қалғанда "молдаекем" табалдырықтан асып барып, ұшып түсті. Жалма-жан қарғып тұрып, шыбын-шіркей қаша жөнелді.

- Контыр! - деп зекіді Санатпай маған. - Контырдың тұқымы!.. Құран оқы деген кім сендерге!.. Құдайларың қайда! Құлағын жұлып алайын!..
Осыны айтып Санатпай менің құлағыма ұмтылды. Мен шырылдал барып Бүбіқан шешеге тығылдым.
- Асстапыралда, қарағым, үйдеме!.. Бұл балаларға мен оқыттым, мен!.. Бәрімізге де бір құдай бар ғой, үйдеме, қарағым, үйдеме!
- О, құдайынды!.. - деп Санатпай шыға жөнелді.

Құрметті "тергеушім", мен бесіктен белім шықпай жатып-ақ осындай "контыр" (кері төңкерісші) болғанмын. Ол кезде "контыр" дейтін, қазір сіз "пәнгымең" дейсіз, қалай атасаңыз да оңып жатқаным жоқ, бұдан үлкен кері кеткендік бола ма. Бұл атауларыңыздың қылмысқа лайық, аталы атау, әділ үкім екеніне кім таласпақ!

V

Әкем мен Санатпай келісерлік ағайын емес екенін мені "контырдың тұқымы" деуінен-ақ сезгендей едім. Артынан байқасам араларында асусыз кезең, өткелсіз өзен бар екен. Бұл жәйт біздің үйге Минаж ноғай келгенде анық білінді.

Ұзын қара тон киген құндыз малақайлы, жуан күрең сары кісі келіп, әкеммен далада қос қолдап амандасты. Қасында мылтықты екі адам бар. Мұндай "үлкен ұлықтың" үш ат жеккен жылтыр қара шанамен келіп, ескі тымақты әкеммен құшақтаса кетуі бізді таңқалдырды. Жалбырақтай амандасып біздің үйге кіріп бара жатқанда, мен қысыла ұялдым: "жаңа сырмағы да жоқ жаман үйімізге мына киіммен қалай отырар екен!". Биғаділ екеуміз қашып, Күле апамыздың үйіне кеттік. Ол шешеміз бен Нұрғайша қатар ауырып жатқан. Біздің даң-дуңымызды жақтырмады. Далаға қайта шықтық. Есік алдындағы жалтырауық шана мен сап-сары ала шылия - қамытты үш ат біздің үйді сәулелендіріп жібергендей көрінді. Біз шананы біраз сипалап көріп тұрып тоңдық та, есіктен келіп сығаладық.

" Үйіміз мынадай қонақ отырса оншалық ұялмайтындай екен" деген ой келді маған, қайдан келгені белгісіз, бір үлкен текемет жайылып, қонақтарының астына көрпе салыныпты. Жаңа дастарқанға қант пен бауырсақ төгіліп тасталыпты. Шешем шай құйып отыр, қазаннан еттің исі бұрқырайды. "Попыраз" бен тағы бір нәрсенің жағымды исі аңқып кетті. Биғаділ екеуміз сыбырласып, есіктің саңылауынан кезекпен иіскелеп тұрғанымызда, ауызғы үйдің есігінен Санатпай, онан соң Ақтай болып екі бірдей "әзірейілдің" кіріп-ақ келгені ғой! Сыртқа қашуға жол жоқ. Енді қайда қашарсың. Ағалы-інілі екеуміз бір-бірімізді қаға-соға кимелеп, үйге бір-ақ кірдік. Көздеріміз ит көрген лақтай едірейіп, қонақтардың үстінен секіріп өте жаздадық. Қорқынышта иман тұра ма, ұялуды ұмытып қалыппыз.

- Не болды сендерге! - деді әкеміз ызбарлы танданыспен қарап. Жайымызды шешеміз ұқтырды.
- Ар жағынан бөрі келе жатса қайтпек, - деп күлді. Кіре сәлем берді қос мықты:
- Ассалаумағалекум...ым
-  Ә...ысламағалекум!
- Келіңдер, келіңдер! - деді Минаж. Оларға да түрегеліп қол ұсынды.

Елулерге келіп қалған ауыр қозғалатын адам екен. Бурыл тартқан тықырлау, жуан қасқа басы келісіп-ақ тұр. Кіргендердің ахуалын қайталап сұрай түсті.
Сәл шытынып қалған әкем үн қатқан жоқ. Биғаділ екеуміз жуан-жуан төрт шақпақ қантқа ие болған соң "бадырақтардан" алысырақ бұрышқа - ағаш керуеттің аяқ жақ далдасына барып отырып алдық. Бірақ, көзіміз соларда болды. Мен бұрын байқамаппын, Санатпай кеңірдегі ұзын мойнынан бір бөлек біткендей, айырым-сорайып тұрады екен де, езуі ұзын жагын көлденең кесіп өтіп кұлағына таман барып тоқтаған екен. Аузы мұндай үлкен болар ма, бауырсақ бес-алтыдан топталып бір-ақ атылып кіріп жатыр.

Басытқылық ет туралып дайын болғанда, әкем төсектің астынан пешетті бөтелке алып, арақ құйды. Бір шынысын өз алдына қоюынан қаупім асқындап, тітіреп кеттім мен. "Бұрын арақ ішіп көрмеген әкеміз мас болып қалып, "қос мықтыға" төтеп бере алмаса қайттік. Анау Санатпайдың тарғыл беті қазірдің өзінде-ақ талаурап қиық көзі қып-қызыл шоқтай болып отырмай ма. Биғаділ де сыбырлап, қорқынышын айта берді. Мен төсек астына қарай түстім, соның астынан басқа пана табылмайтын сияқты.

Қонақтар арақты үш реттен көтерісті. Дабырласып сөйлесіп отыр. Оған құлақ салудан ойлаған қамымыз басым еді. Минаж бізге бағдарлай қарап қойып сөйлегенде ғана назарым ауды.

- Сіздер балаларды қатты қорқытады екенсіз, - деді ол, - байқасам өте әдепті балалар көрінеді. Ал, жаңа сіз екеуіңіз келіп кіргенде бұлар бізді басып өте жаздады.
- Балаларға ғана емес, - деп оған жауапты әкем қайырды, -бұл маңда үлкен-кішіден бұл екеуінен қорықпайтын адам жоқ, бекер обалдары кәне, қазірше мені ғана қорқытпай жүр.
- Біз буржуйлардың бәрін де қорқыта аламыз! - деді Санатпай. Ақтай бұл сөзді құптаған сықылданып басын бір изеп қалып, шашын сылай түсті де, суық көзінің астымен әкеме бір қарады. Әкем тігіле қарап сөйледі Санатпайға:
- Осы қорқытып жүргендеріңнің барлығы буржуй ма!
- Біз буржуйдың тамырын әлі қырқып болғамыз жоқ, - деп Ақтай бір ырғалып қалды. Санатпай күле қостады інісін.

- Мәселен, өзіңіз де құтыла алмассыз! - Әкемнің көзіндегі қалы қып-қызыл болып, бадырайып шыға келгендей білінді маған. Ақтай оған жалт қарап атып тұрды да шыға жөнелмекші болды. Әкем лып етіп тұрып барып, оның алдын тоса қалды, баяу сөйледі бірақ:
- Сен отыр!.. Мен сендерге бүгін тиіспеймін. Сыйлы қонақ бар, бұл сендердің бүгінгі бақыттарың, сөздеріңе жай ғана жауабын қайтарамын! - деп жауырынынан бүре дедектетіп әкелді де, құйрығын тік еткізіп орнына басып отырғыза салды. Өзі де орнына келіп отырды сонан соң. Сылқ-сылқ күліп отырған Минаж түсін кенет салып, қатқылдау үнмен сөзін шорт-шорт қайырды:
- Қорқытумен еш нәрсе бітпейді, жолдастар! - балалар қорқар, бірақ жойылып кетпес, олар ертең өздеріңді бас салады. Бәрін буржуйға шығарсаңдар, дүниедегі пролетарлар осы екеуің ғана ма! Шипуқа сөзіңді қойыңдар!..  Ал, Жәке ашуыңды маған бер!
- Мен өзім де сіз үшін кешіріп отырмын, - деп күлімсіреді әке. - Сіз болмағанда менің мінезімді бұлар біледі. - Ақтайды қалай бүргеніне қарап біздің қорқынышымыз тарқай бастады. Әкем жайымен арағын құя отырып, кеңінен тыныстап алып қайта сабақтады сөзін.
- Бұл екеуі менің жынымның бүгін түспейтінін біліп құтырып отыр ғой, оқа жоқ! Ал, бұлар жай ғана сөзбен маған "әзіл" айтты жаңа. Мейлі шындағаны болып, буржуй десін де, мені айдата берсін! Бірақ, мен де әзілдеріне-әзіл айтып қояйын: осы бірнеше ауылдан екеуің ұрлаған қозы-лақтарды, кемпірлердің жаңа шылауышы мен кебіс-мәсісін, шалдардың кісесі мен саптама етігін, келіншектердің сендер ұрлаған салысы мен жаңа штанын, - дей бергенде Санатпай қашып шыға жөнелмекші болып еді, әкем оны құлағынан жетектеп әкеліп отырғызды.

- Дәретке барып келейін, Жәкетай, дәретке! - деп кеңкілдеп күле келіп отырды Санатпай.
- Жоқ, әзілдеріңе шыдап мен дәретке жөнелмеген соң, сендер де шыдап отыруға борыштысындар! - әкем де орнына келіп отырды да, ішек-сілесі қатқанша күліп отырған конақтарға арақ көтертті. "Бадырақтарға" қысап ішкізіп, өзі де көтеріп салып тағы сабақтады сөзін. - Жә, сендердің ұрлықтарыңның қай түріне келіп едік?.. Ие, ие әйелдер штанына келгенбіз... Ұрлап апарып құмарға салған өз шешелеріңнің білезік-жүзіктерін, ауырып өлгелі жатқан Құрақбай марқұмның сендер ұрлап апарып сойып жеген жалғыз ешкісін... Қойшы, тіпті қайсысын тізе бересің, өздерің мойындаған барлық ұрлықтарыңды төлеткізіп әпермей, сендердің арестовайттарыңа мен бармаймын! Оның ішінде менің мына қатынымның сыңар кебісі де бар. Менен қорқып бір сыңарын тауып беріп, біреуін көмген жерлеріңнен таба алмай жалынып едіндер ғой! Енді төлетіп аламын, енді төлетіп алмасам буржай болам ба?.. Сендердің мықтылықтарың сол: өздерің басынатын адамдардан ұрлайтынсындар да, өздерің қорқатын байлардың итіне де тисе алмайтынсыңдар. Сендердің қай қылықтарың коммунистік, қай қылықтарың ақ жүректік, қай қылықтарың кедейлер жақта болып еді!.. Енді келіп сол өздерің бұрыннан басынып-тонап келген сорлыларды буржай деп қорқытасындар!.. Қазір екеуің осы "сүйкімділіктеріңмен" қатын таба алмай, екі баласы, жап-жас байы бар Жанжүкенді айналдырыпсыңдар, түнде барып екеуін де қорқытып, ажыратпақ болып жүріпсіңдер. Бұл өнерлеріңді де көріп алмай, мен буржуй болмаспын! Ал, "әзілім" бітті, енді бара беріндер!

Қонақтар дуылдап күліп кетті де, "екі бадырақ" тұра жөнелді.
- Коммуниске мұндай жала жабу - контырлардың кәсібі, буржуй!-дей шықты Ақтай.
- Ей тоқташы, ей! - деп әкем орнынан тұра бергенде олар жеделдете зытты да, әкем қайта отырды. Кейінгі сөзі де сол екі "бадырақтың" үстінде болып, үй іші дуылдаған күлкіге толды. Дастарқан жиылған соң Минаж әкемнің жиған-тергенін көру үшін шошалаға шыққанда, біз де ере шықтық.
Мылтық пен у әкелген соң әкем анды көп алып еді. Әсіресе, қасқырдан өмірлік кегін бір-ақ қайтарғандай болып еді. Пиала үгіндісін қосқан умен кей күндері жеті-сегізін серейтіп, күндіз түйемен тасытқан. Тошалаға кіргенде Минаж бар алғысын бір-ақ жаудырды:
- О, пәле, Жаппар, молодцы!.. Сені дәл-ақ тапқан екенбіз... Өзің жай қыран емес, аң терісін баптаудың шебері де екенсің ғой!.. Сен енді бір колхоздың личный аңшысы боласың,  жүйрік ат, жақсы мылтық қана болады қолында!..

Минаж асығып сол күні басқа жаққа жүріп кетті. Биғаділ екеуміз енді кәрі ұлықтардан қорықпайтындай масайрап қалдық. Қорқытқаны сол Минаж кетерінде біздің басымыздан сипап, екеумізге қызыл бояулы қарындаштан екеуін беріп кетті ғой. Мұнымен екеуміз ертеңінде-ақ әр үйдің есік-терезесін шимайлайтын болдық. Мен бірыңғай ретпен "Ленин", "Сталин", "Жаппар", "Құрман". "Балпан", "Балтекей" деп бар үйдің есігіне жазып  шықтым. Өз үйіміздің есігіне бұл аттарға қосып, оныншы бабамыз "Қожанға" дейінгі тізімді бір-ақ тізіп, қызыл сызықпен "өрнектеп" қойдым. Мұны егер сауаты бар адам көрсе, күлер еді. Бақытыма жарай бұл қыстауда мұныма күлетін адам болмады. "Мылқаудың" мектеп көрмей-ақ "молда" болғанын айтысты.

"Тергеушім", мен - жуанның шөбересі, өзіңіздей адал коммунистерді масқаралауға осындай шебер контыр буржуйдың баласы бола тұра, сол контыр ата-бабаларымызды пролетариаттың көсемдері қатарына жазатын, барып тұрған шебер көзбояушы қылмыстымын.

VI

Бұл қыстауда менің "кітап сөздерім" жазылмаған бір ғана есік қалып еді. Ол - "бадырақтардың" есігі болатын. Олардың есік-терезесі жаңа да теп-тегіс. Оған қызыл бояулы қарындаштың айқын түсетіндігіне көзім жетіп, қаншалық қызықсам да, амал қанша, қос аюдың апаны маңайына бастырар емес. Сонда да әкем оларды бір бүрістіргенінен бері маған біраз жүрек біткендіктен, алыстан торып, байқап жүрдім. Бір күні Биғаділ екеуміз екі қарындашты шарықтың қонышына тығып алдық та, алыстан орағытып, олардың үйінің ар жағына - қыстаудың шетіне шыға қар кештік. Мұнымыз өтірік ойын еді. Екі пәле кетіп, "апанда" момын кемпір ғана болса игі еді деп, төрт көзіміз сол есікте болды.

Таяқ ұстаған екі жаяу белден асып келіп, бір жықпылға отыра қалды да, әудем жерден бізді шақырды. Жүгіріп бардық. Екеуі де тері шақай тартқан, ыңғай тері болса да жеңіл киінген, алпамсадай-алпамсадай жас жігіт екен. Алыстан шаршап келгендей, аяқтарын созып тастап, қозғалмай отыр.
- Кімнің баласысыңдар? - деп сұрады біреуі ақырын ғана. Биғаділ жауап қайырып еді, екі жолаушы күбірлесіп, бізге тәптіштеп қарай түсті.  
- Әлгі Ақтай-Санатпай дейтін коммунистер де осы ауылда ма?
- Осы ауылда, - деді Биғаділ тақылдап, - міне.. Мына ең бергі үйде!
- Жанжүкен тәтең осында келді ме, көрдіңдер ме?
- Көргенмін, бірақ келген жоқ.
Жөн сұрап отырған жігіт қойнынан екі құрт алып екеумізге ұстатты.
- Жәкеңнің дәл өзіне тартқан балалар екенсіндер!.. Қалаға бара жатырмыз, қайтқанда кәмпит әкеліп береміз!.. Сен Жанжүкенді қашан көрдің?
- Былтыр Байжұрқа атамның үйіне келген ғой, сонда көрдім. Кейін көргем жоқ.
- Сен өзің батыр жігіт көрінесің, жасырма!
- Ой, көрсем мен оны жасырам ба!.. Сен көрдің бе, ей, Қырау? - деп Биғаділ "батырлық" көрсете алмай қалғанынан қысылып менен сұрады. Мен басымды бір шайқап, төмен қарадым да шарығыммен қарды тарпи бердім. Бізден еш нәрсе өнбейтінін байқаған болса керек, екі жолаушы орындарынан тұрды да, бір жырашыққа түсіп, қыстаудың теріскей жағына тартты. Мен ойлай қалдым: "әнеукүні Минаж келгенде әкем осы Жанжүкен жөнінде Санатпайға бірдемені қатты айтқанын естіп едім ғой! Қандай сөз еді сол?!"

- Ақтай! Ақтай!.. - деп Биғаділ мені иығымнан басып қарға отырғыза қойды. Баспалап қарасам Ақтай аттанып қыстаудың теріскейіне қарай беттеп барады екен. Ақтай ұзаңқырағанда екеуміз ептеп басып, оның есігінің алдына таядық. Кешеден бері Санатпай үйінде жоқ деп естігенбіз. Биғаділ менен бұрын жетіп, есікке тұра қалды да, айқыш-ұйқыш сыза берді. Есіктің таза уақытында менің "кітап" жазуыма жол бермегеніне ыза болып, терезеге бардым мен, апыл-ғұпыл төрт адамның атын ғана жаза алдым. Жүрегім дүрсілдеп кетіп, жалт бұрылып едім. Оң жағымдағы тошаланың есігінен біреу сығалап тұр екен. Қамыс есік сым темірмен айқыш-ұйқыш шандылыпты да оның үстіне мықты кұлып салыныпты. Ішінен көрінген адам Санатпай ма дегендей қорқынышпен бір ыршып қалып, қашпай қайта қарадым: Көзіме жылы, әдемі адам тәрізді бір шалынды да лезде ғайып болды. "Жанжүкен, сол Жанжүкен!.. Неге қамалған мұнда?" Қамыс есікке бара сығаласам, үй іші қараңғы ештеңе көрінер емес. Байыздап қарап тұра алмадым. Жотадан Ақтайдың дауысы естіле қалды да, Биғаділ мені жетектеп қашты. Өз үйіміздің алдына жетіп алып тыңдадық.

Ақтай біреулерді ақырып айдап келеді. Жаңағы екі жолаушы екен. Олар қылмысты адамша үн қатпай, бастарын төмен салып келеді. Аспан тұп-тұнық еді. Күн батыс жақ жотаның "үстіне қонған" күн жарқырап, шаңқиып тұр. Ызғарлы қармен шағылысып, бет қаратар емес. Қылмыстыларын Ақтай сол шағылысқан күн нұрының астына айдап түсті де, бізге аз уақыт көрінбей кетті. Бірақ, шақылдаған зейіл үні, тері киімге тиген

- Қатыныңды бізге бақтырып қойып па едің!.. Жоғалтқаның өтірік, ауыл торып жүрген ұрысындар!.. Әкеңнің, бүгін суық тошалаға қамап қояйын да, ертең милиса шақыртамын! - деп қамшы ойнатып келеді. Біз үдірейіп тұра бердік. Ақтай екі қылмыстыны үйінің алдына айдап
әкелді. Ол екеуі дабырлап-кәукілектеп жалына бастады енді:
- Мұнан соң ауылдарыңның маңына баспайық, ағатай, қоя бер  бізді! Жанжүкенді іздеп тауып алайық!.. Балалары шырылдап жылап қалды!..
- Жоқ, мен мұныңа алданатын әңгүдік емеспін!.. Қатыныңды бізден көрдің ғой, ал тінт! Сонан соң тошалаға қамап байлатып тастаймын, ертең айдаласындар!

Жоқ іздеушілер жалына түсті. "Балалары шырылдап жылап қалды!" дегеніне менің де жылағым келді. Үйге жүгіріп кірдік. Әкем мен Бигелді аңға кеткен екен. Шешеме Биғаділ көргенін саудырлатуымен болды да, көргенімді сөйлеуге маған кезек тимеді. Далаға шешем де шығып тыңдады, енді қарасақ екі қылмысты тез-тез басып келген жағына қарай зытып барады екен. "Балаларына тез жетсе екен!" деген тілеумен қарадым арттарынан. "Жанжүкен тәтем неге кетем деп айқайламайды енді?!"
Әкем келетін бел жаққа бір қарадым да:
- Апа әкем қашан келеді? - деп алдына тұра қалдым шешемнің.
- Кеш болды ғой, келіп қалар, - деп ол бетіме енді үңіле қарады, - әкенді неге іздедің?
- Менің көзімнен жас ыршып кетті.
- Балалары жылап қалыпты!.. Жанжүкен тәтемді Ақтайлар қамап қойған ғой деймін!
- Қайда?!  -  Көрдің  бе?!
- Көрдім ғой деймін... Тошаласында... Жанжүкен тәтем әдемі еді ғой... Сол!
- Қайтып көрдің?
- Жазып едім... Өзі көрінді!
- Анық көрдің бе?!
- Есіктің тесігінен бір көрдім, барып сығалап едім, көрінбеді!
- Мынау не дейді! - деп шешем Биғаділге қарады.
- Мен көргем жоқ! - деп Биғаділ сақ ете түсті.
- Ол көрген жоқ, есікте болатын. Мен қамыс есіктің тесігінен көрдім.
- Тошаланың есігінен бе?
- Ие, ие соның тесігінен!
Шешем аң-таң болған бейнеде біраз ойланды да:
- Болады, әкең келсін, айтайық!.. Сұмдық екен мынасы!..
Енді ол жаққа бармаңдар! Әкең не дер екен, ақылдасайық!

Әкем ымырт жабылғанда келді, екі қасқыр, бір түлкі әкеліп ауыз үйге қойды. Үйге кіріп ауыр киімін тастаған соң, шешеме баяндаған порымда сөйледім. Айналдырып сұраған сайын "тесігінен", "тесігінен" дей беріппін. Әкем ақырында солқылдай күлді де бетімнен сүйді.
- Бұл ішіне сыймайтын бір істі көрмесе, мұншалық қиналып сөйлемейді. Рас-ақ болар! - деді.
Әке-шешемнің шай ішіп отырғандағы сөзіне қарағанда, Жанжүкеннің Санатпайға қашып келетін жөні жоқ екен, ол өзінің күйеуіне ырзалақпен барған. Оның үстіне қазір екі балалы болыпты.. "Бірақ, өзі аңқау да, қорқақ". Сол жағдайынан болмаса, "өте салмақты, көрсеқызарлықты да, тіпті сөзді де білмейтін бала" екен. "Зорламаса, дәл Санатпай-ақтайға қор болуға қызықпайды. Бұлардың адамгершілігін ол толық білетін" деп әкем кесіп айтты.
- Мен барып келейін бе? - деп сұранды Бигелді. Әкем басын шайқады:
- Содырлар бір сылтау тауып, сені ұрып тастар!
- Құдай біледі, сол екеуінен таяқ жемеймін!.. - деп Бигелді өкірештей түсті. Өзі де қазір ұп-ұзын, әкемнен де иықты еді. Оған шешек өте қалың шығып, божбиған шұбар болған.
- Жоқ, сен төбелескенді қой, біреумен боқтасып та көрген жоқсың, олар сойқанның бәріне де жетіп, сені байқатпай қаға салады да, біреуі Жанжүкенді ала жөнеледі!..

Сен онан да Байжұрқа атаңа барып айт. Жанжүкен өз ырзалығымен келсе, кіші әкесі ғой, Байжұрқаның үй-іші біледі. Олар білмеген болса, мен Жанжүкенді қазір алып шығамын да, анықтап сұрап, құтқара саламын.

Бигелді ұзын сирағымен екі-ақ аттап шықты да, Байжұрқа атама еңкендеп жетіп келді. Естісімен ашуға мініп гүрілдеп ала жөнелді, әкем оған басу айтты!
- Қазір әйелдер еркіндігі бар ғой, итке кетсе де өз еркімен шешіледі. Жанжүкен Санатпайға ықтияр болса, біздің қолымыздан не келмек, өзіміз тентек болып қалармыз. Келгені рас болса, мен қазір оны шығарып әкеп сұрайын, сіз көрінбей тұрыңыз, сізден де қорқып, ол өзінің шын жауабын айта алмай қалады!
Осы сөзге келісті де, әкем жеңіл киіне салып шығып кетті. Менің жүрегім дүрсілдеп ала жөнелді. - "Өтірік болып қалса пәлені мен турдырған боламын ғой!" Байжұрқа мен Бигелді сыртынан қарап тұруға кетті, мен де ұмтылып едім, шешем жібермей баса отырғызды. Биғазы да шыққанда мен тіпті тықыршыдым. Болмаған соң шешем қолымнан жетектеп есік алдына алып шықты.

Ұят пен қорқынышым қатар алқындап, бар ниеттіммен "рас болса екен!" деп тілеп тұр едім, бадырақтардың терезесі алдында сөйлеген әкемнің үнін естігенде Жанжүкенді көргенімнің растығына біраз сенім пайда болды.
- Санатпай, есігінді аш! - деді. - Кигізге қанша орап таңса да көрініп тұр!.. Ей, Ақтай, далдалама терезені!.. Ей, шошқалар, қорқытпа оны! "Ырзалығыммен қашып келдім демесе қайтпек едің, түбінде ажалың менен болады!" дедің ғой, ә! Құтырған, әкеңді көзіңе көрсетіп, есігіңді жұлып аламын, өзің аш"!
-  Ал, Жәке, айып Жанжүкен екеумізден, - деп Санатпай да саңғырлап шыға келгендей болды. Әкем қатты ақырып қалды оған:
- Бар, анау жерде тұр!.. Ей, Ақтай қорқытып болдың ба, шық бері! - деп бір тына қалды да, үні жұмсара шықты. - Жанжүкен, шырағым, өте қорқақ едің, есіңді жиып ал, мен сенің тілегіңнің бәрін орындаймын! Қазірше нәрселеріңді қалдырмай алып шық!

Аузым мен тамағым кеберсіл жұтына алмай тітіреп тұрған менің үрейім енді ғана орнына түскендей болды. Біздің үй жаққа жылап келе жатқан Жанжүкенді жолдан тосқан екі әйел демеп, қолтықтай аяңдады.
- Тесіктен көргенім рас болды ғой, апа! - деп қалдым мен қуанғанымнан. Шешем аузымды баса қойды:
- Сен ешкімге көрдім деуші болма!..
Қыстаудың барлық адамы сыртқа шығып қарап тұр екен. Жапырлап біздің үй жаққа жүгіріп еді, Жанжүкеннің арт жағында келе жатқан әкем:
- Кейін көресіңдер! - деп қайтарды.
- Жаңжүкен - Құйқаның қызы. Жіңішкелеу сұңғақ бойлы, ақсұр жүзді, сүйріктей сұлу, қыр мұрынды, қаракөз Жаңжүкен келіскен бар бітімімен, жібектей мінезімен біздің
ауылдағылардың бәрінен сүйкімді еді, бір адамның бетіне карамай басын төмен салып, үзілердей әрең сөйлейтін ұяң келіншек. Шешемнің айтуына қарағанда, бұл сұлулық оған "осы күйеуіне келіншек болып түскеннен кейін біткен" екен. Қыз күнінде борша-борша көйлекпен күйсіз тұрмыс бар мүсінін жасырып, оны қор етіп келген көрінеді. Әке-шешесі өлген соң тым жүдеп, барлық кейпінен жасқаншақтық көрініп тұратын болыпты.

Есік алдында менің қолымнан ұстап тұрған шешем, оның осы "қашып келуіне" қатты кейіп "кимегенін кигізіп, кедей болса да бар күшімен мәпелеп, адам кейпіне келтірген күйеуі не жазды екен бұл қызға" деп күбірледі.

Біздің үйге кірген соң Жанжүкеннен көз алмай қарап қалдым. Ет сүйектері шығып, өте арықтап кетіпті. Былтырғы сиқы мүлде жоқ.
- Мұнда қашан келгенсің? - деп алдымен әкем сөз қатты. Еңіреп отырған Жанжүкеннің аузы сөзге әрең келді:
- Өткен түні!
- Өзің ауырғанбысың?
- Жоқ.
- Енді не болған? Құр сүлдерің ғана қалыпты ғой?! - Жаңжүкен үнсіз егілді.
-  Күйеуіңмен жанжалдасып па едің? - деп қалды шешем.
-  Жоқ, не қылығына жанжалдасамын!..
- Енді не болған?! - деп әкем және жауап күтіп кідіріп еді. Жанжүкен бөгеліп тырнағын шұқи берді: әкем жұмсарып бәсең үнмен ұзақ сөйлеп кетті сонан соң: Бұл істе ешкімнен үлкен деп ұялмауының, мықты деп қорықпауының керектігі,
келерлік қауіп-қатер болса ағалық міндетпен өзі көтеретіндігі жөнінде кепілдік беріп, серт айтып келді де.
- Алдымен осынша жүдеген жайынды сөйле! - деді.

Жанжүкен тұқырған бойы тоқтаусыз жылап отыр. Ернін әрең-әрең жиып, үзіп-үзіп сөйлей бастады:
- Мен... Жарым айдай болды... Ұйықтай алмадым... Тамақ та іше алмадым... Қатты қиналдым!..
- Кім қинады?
- Бұлармен бірге... қашайын десем... екі балам мен күйеуімді қимаймын!.. Қашпайын десем... өлемін!..
- Кім өлтірмек?! Қайтып өлтірмек? - деп әкем айқайлап жіберді.
- Біздің үй екі-ақ үйміз: анау... жалғыз ғой, көбінесе үйде болмайды... аңға... отынға кетеді... өлтірем деген соң... өлтіреді ғой. Білем ғой бұлардың мінезін!.. Мылтығы да бар екен!
- Өзің қашып келдің ба, иә олар зорлап әкелді ме?
- Өзім келетін... Несіне қызығамын!.. Бірнеше күн
бұрын... Күйеуіңе айтпайсың деп... пышағын көрсетті... айтпадым да... тамақ та ішпедім, одан соң... көзіме сол пышақ көрініп тұратын болды. Жылай бердім... әлгі көп сұрады... "Ауырып жүрмін"... дей салам... Бірақ... "қасымнан кетпе!" деп жалынамын... Ол үйден шықпаса күн көре аламыз ба!.. Алдыңғы күні... "Қақпан көріп... отын әкелемін" деп... күн шыққан соң кеткен... "ерте қайтып келемін" деп еді... Түнде де келмеді... Санатпай мен Ақтай келді.... Есіктің топсасын жұлып тастап... "Үніңді шығарма!" деді де... жетектеп, сүйреп жүре берді... Омыраудағы кішкенем шырылдап қалып еді! -
деп Жанжүкен өзі де шырылдағандай үн сала еңіреп ала
жөнелді.

Мен шешеме қарап едім, ол бұрыннан жылап отыр екен, мен де жыладым. Биғаділ көрсе "сен әйелмісің" ей, мылқау!" дейді екен деп, оған көрсетпей, екі тіземе басымды қойып алып жыладым. Үй іші бір шақ жым-жырт бола қалып еді.
- Е, бәсе солай! - деп қалды әкем. - Осы екі қаны сұйықтың өздерінің қаны тасып, төгілейін деп жүр! Екеуін осы қазір-ақ лақша бақыртып бауыздай салар едім. «Коммунист» дейтін жақсы аты бар. Өлтірсең коммунист партиясына қарсы көрініп, жексұрын қанішер болып қаласың, амал қанша!.. Сонда да өш алу шарасы бар.

Анығында бұл үкімет - бұлардың үкіметі емес, біздің үкімет, несіне қорқамыз. Жанжүкеннің осы сөзін үкіметке жеткізсек те бір жайы болар! - деп Жанжүкенге қарады.
- Ал, шырағым, жайыңды ұқтым, бұлар сенің соңыңа түсісімен-ақ Байжұрқа екеумізге келіп айтсаңдар, бұл істі болғызбайтын едік. Керегі жоқ, өтер іс өтіп болды. Өкінудің жолы жоқ. Енді бұларды сенің маңайыңды басқаны сол, тіпті мына қырдан аса алмайтын етемін! Оныма мықтап сен! Енді сені үйіңе өзіміз апарып саламыз, иә күйеуіңді шақыртып алып, жайыңды ұқтырып, қосып береміз. Бұған не айтасың? Жанжүкен тағы үн сала жылап кетті.
- Енді оны қай бетіммен... не абыройыммен көрермін!.. Тым болмаса бағана олар келгенде... пошаладан шықсам... немесе айқай салсам еді!.. Қасыма Санатпай отырып алды да, аузымды басып қорқытумен болды... Әлгінің балалар жылап қалды деп  жалынғанын естігенімде аяйтын жаным қалмай... айқайлап жіберейін деп едім... тұншықтырып үнім шықпай қалды!..
- Ар-абыройың да, бетің де, тілеу-ниетің де әлі өзіңде екен, қалқам, күйеуің бұл жайды түсінетін жігіт!..
Байжұрқа бар сөзді есіктен тындап тұрыпты, екі бүктеліп кіріп келді.
- Ал Жаппар, - деді қолын артына қайырып тұра қалды. Төмен қарап отырған Жанжүкенге қарап бір сәт тұрды. -

Енді менің кешірерлік те, коммунистігіңнен қорқарлық та еш жайым қалмады!.. Жасым жетті ғой, қан ішкен атақ менімен ғана кетсін, сен қозғалма, сол екеуін қазір өлтіремін.

Байжұрқа шыға жөнелді. Жасы алпыстан әлдеқашан асып кеткен адам болса да, қайраты әлі мығым екен, алдын тосқандардың ешқайсысына бөгелер емес, кезіккенін итере салып жөнеле берді, әкем жүгірді артынан. Үрейлене жүгіріп мен де шықтым. "Кісі өлтірткен мен боламын-ау" енді деген өте суық сезім қалшылдатып әкетіп барады.
- Әне қашты! - деп айқайлады біреуі. Әкем суып тұрған атын міне салып, қуып берді.
"Олар екеу ғой, әкемді өлтіріп кетеді-ау!" деген қауіппен қалтырадым енді. Бірақ, оның артынан атты-жаяулы азаматтың бәрі ілесе қуды. Бір белеңнен Санатпайдың жан дауысы шықты:
- Ойбай-ай... Жәкетай, жанымды қи, жанымды қи,
Жәкетайым!.. Құлдығым бар, Жәкетай, құлдығым.
кұлдығым! - деп қылғына қалғандай болып үні шықты.
- Өлтірді-ау, - деді шешем!
- Енді бір мезетте әріректен Ақтайдың дауысы шырқырады: ол жалынышты сөзбен ағасынша шырқыраса да, оның дауысы оншалық өшпей жақындай берді, иә сойыл, иә қамшының үні естілмейді, ат үстінен қалай шырқыратып келе жатқанын түсінбедім. Санатпайды басқалап-итермелеп айдап әкеледі. Өз аяғымен келе жатқанына қарағанда өлмеген де, бірақ, үн жоқ. "Екі батыр" Байжұрқаның есік алдына апарылды, мен де қорықпай бардым. Биғаділ тіпті басынып, қос аюдың дәл алдына барып қақшиып тұр. Байжұрқаға әкем бірдеме деп сыбырлап еді, ол кісі жай-жапсарды жиылған жұртқа қысқаша болса да айқын айтып шықты.
- Ал, көпшілік, - деді сонан соң, - әділдігін сендер
айтындаршы, қайтейін бұл екеуін! Мұнша басынар ма, адамды
мұнша қорлар ма?!

Жаңа туып келе жатқан жарты айдың алакеуім сәулесі астында көпшілік қатты ыза білдірді. Әрбір жүректен қайнап тұрған кек, булыққан ашу буырқанып-тасып ала жөнелді. Көпшіліктен өлтіруден төменірек үкім шыға қоймады. Екі қанқұйлының шешесі де бажылдап, қарғап-сілеумен болып, екі ұлын бірнеше рет шапалақтап жіберді де, Байжұрқаның алдына барып бүк түсті. Мұнысы кешірім сұрағаны болса керек. Өлмелі кемпірдің өз ішінен шыққан шұбар жыландары үшін бас ұра жығылуына

Байжұрқаның жүрегі шыдамағандай, бұрылып жүріп кетті де кемпірдің қасынан алысырақ барып тұрды.
Жекеленіп сөйлесе қалған бес-алты жігіттің біреуі өктем үнмен саңқылдап кеткенде ғана көпшіліктің абыр-сабыры саябырлай қалды.
- Әке, қартайдыңыз, - деді жігіт. - Енді қартайғанда бұл иттердің арам қанын сіз арқаламыңыз! Жаспыз ғой, біз көтерейік... Арам болса да біз ішейік! - деп «бадырақтарға» төне кеп түсті. Бұл - баяғыда "қапқа түсіп" келетін Тәби кемпірдің жалғыз ұлы Баянбай дейтін жігіт еді. Алып тұлғалы, зор жүректі бұл жігіттің істеймін дегенін істемей тынбайтынын білетін Ақтай-Санатпай Байжұрқа мен әкемнің аяғын құшақтай келіп жығылды: бар дауысымен өкіріп жалбарына ант-қасамын іше жығылды, бебеулеп-зарлап кемпір жатыр. Байжұрқаның босаңқырап қалғанын байқаған әкем, олардан аяғын серпіп босатып шыға берді де:
- Бұлардан негізгі кек алушы біз емеспіз, - деді. Өлтіруге хақылы талапкер әлі келген жоқ, күйеуді шақырып келіңдер біреуің! Солардың қолына байлап берелік, үкіметке апара ма, өз қолдарымен жазалай ма, өздері білсін!.. Ал, Байжүкең екеуміздің міндетіміз: бірінші, хақы иесіне тентегімізді қашырмай тапсыру. Екінші, өз ықтиярларымен қосылып, күн кешіп жүрген момын жандарға енді қайтып қас қылдырмау үшін екі бұзықтың да тілерсегін қиып тастау, бұл шараны ақы иесінің жазасы орындалғанда, тірі қалса мен орындаймын!

Көпшілік бұған толық қосылғандай қатал раймен құптасты да, жымиысып қойды, мұндай жаза - малға шапқан қасқырға қолданатын әкемнің жазасы екенін көпшілік біледі: нақ қылмыспен қуғынға түскен қасқырды өлтірмей, қара тұмсықтан ғана ұрып талдыратын да, тұмылдырықтап алып, ауылға тірі әкелетін. Сонан соң артқы екі аяғының тілерсек тарамысын қиып тастап, мал арасына қоя беретін. Бұл - жеңіл қылмысты қасқырдың жазасы еді. Егер ірі мал жеген ауыр қылмысты қасқырды қолға түсірген болса, терісін тірідей сыпырып алып қоя беретін. Тұмылдырық қасқырдың сойғанда ыржақтап "күліп" жататынын мен бұл қыста үш рет көрдім. Күн жылы болса қызыл жалаңаш күйінде де жуырда өлмей, бірсыпыра уақыт "бүрсеңдеп-ойнап" жүгіріп жүреді екен.

Ақтай-Санатпайдың қайталап қас қылмауы үшін әкем қолданбақ болған шараға бірнешеуі жасырын күліп алды.
- Мына жазаңыз - ең жеңіл жаза еді ғой, Жәке?! - деді біреуі. Енді біреуі оны тойтарды:
- Жоқ, бұл жазалар орындалып болғаннан кейінгі, қойға қайталап шаптырмау үшін қолданылатын шара, бұған қосыламыз. Тірі қалса тілерсегін ғана қиюымыз керек!
- Дұрыс, - деді тағы бірі, - бұлар бөктеріп алып келсе де, өлтіріп жей алмай қалған қасқырлар ғой.
- Өлтірмегенімен мал емес адамды өлім халіне жеткізді. Бір емес, бір үйлі жанды ойрандады. Кішкене балаларын шырылдатып тастап, шешесін бөктере қашу қандай ғашықтық! Бұл адамшылығынды с... дер, осы ауылдың да намысын таптады. Бұлар істемеген жауыздық қалды ма!.. Рақым жоқ бұларға! - деп айқалады біреуі.
- Ал, енді қалғанын таңертең көрейік, екеуін екі тошалаға апарып байландар!
- Қолдарын артына қайырып мықтап байлаңдар да,
діңгекті екі бұтының арасына келтіріп кісендеп тастаңдар, қашпасын, -  деді әкем!

Арқанаты тауындағы Жанжүкеннің үйіне дереу адам жіберілді.

Әділетті "тергеушім", бұл оқиға түгелімен менің қылмысым. Мен болмасам "ғашық" Санатпайдың құшағында момын сұлу тып-тыныш жата бермей, бұл ауылдан мұншалық ұлар-шу, ұрып-соғу, зарлау мен қақсау туылар ма! Тілім шықпай тұрып-ақ әкеме тыңшы болып, өзіңіздей екі төңкерісшіні осылай жазалатқанмын. Бұл қылмысым үшін мені Жанжүкеннің сол екі баласына тепкілетіп өлтірсеңіз тіпті әділдік болар еді. Қылмыстыны қимасына сабату, әкесін баласына сабату - қастарды төңкерісшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы, адамзатта болатын қайырымдылық пен жанашырлық сипатты кері төңкерісшілдіктен адаланудың данышпандық назариясы емес пе еді.

VII

Ақтай қорқытып қуып жіберген екі жігіт ертеңіне түс ауа өгіз жеккен шанамен біздің үйге келіп түсті. Ауыл кәрілерінің бәрі біздікінде. Осы мәселені қалай шешу жайлы кеңесте еді. Екі жігіт күлім қағып бар ықыласымен сәлем беріп кірді. Күйеу - кешегі бізге құрт беріп, жөн сұраған жігіттің өзі екен. Кешегі суық-сүркей жүдеу шырай жоқ, қуанышпен құлпырып өңейе қалыпты. Барлық ибасы мен разылығы көзінде жайнап тұр. Адамгершілігі нұр атқандай, Жанжүкенге жаутақтай қарай берді. Сол жайнап тұрған көзінен Жанжүкеннің жүдегендігіне жаны ашығандай, іркілген тұп-тұнық жас та көрінді. Ол кіргенде Жанжүкен өзін тоқтата алмай солқылдап кетіп еді, жылауын әрең бөгеді.
- Балалар аман ба? - деді ақырын ғана.
-  Аман, нағашы апам келіп бағып отыр. Еш нәрсе болған жоқ!
- Не болып қайта алмай қалдың?! - деп Жанжүкен тағы солқ-солқ ете түсті. Үй толы адам соларға қарасты.
- Арқандап қойған өгізім жоғалып, таңға жақын әрең таптым. Оны бір сарайға апарып байлап тастапты, біреудің ізі жатыр.
- Алдымен сені шырмаған екен ғой! - деп Байжұрқа саңқ ете түсті де әкеме қарады. - Ал, не отырыс бар!

Сөзді әкем бастады, кешеден бергі болған оқиғаны, өздерінің көрген шараларын күйеуге толық сөйлеп берді.
- Қылмыстыларың екі тошалада байлаулы жатыр, - деді ақырында, - оларды сол байлаулы күйінде-ақ қолдарыңа береміз. Зәбірленуші сендер ғой, сотқа бересіндер ме, осы жерде соттайсындар ма, билік сендерден!
- Құрметті ағекелер, - деді күйеудің қасындағы жігіт. - Сіздер тұрғанда біз билікті қайтеміз? "Соқырдың тілейтіні - екі көзі", біз саяқ қоныстанған әлсіз екі-ақ үйміз, бізге өз амандығымыз ғана керек. Ең қорқарымыз сіздердің қолда екен. Бұлар бізге енді тиіспесе болғаны. "Бадырақ көз, сен тимесең мен тимеймін" деп қайта береміз. Оларды өшіктіріп алмайық!

- Оларды айдап сонау Жүзағашқа апарарлық бізде көлік те жоқ, - деп күйеу қостады оны. - Қайтеміз, құдайдан күттік! Бұл закончиктермен үкімет алдында айтыса алатын да жайымыз жоқ, бұлар үкімет адамдары ғой, үкімет бізге "ие" дей салар да, қоя бере салар, сонан бұлар қайтып келерде бізге "ме" деп сыбағамызды қайта тартар. Біз кештік, тек олар енді бізге тиіспейтін болсын.

Әкем қолданбақ болған кеше түндегі шарасын тағы айтты!..
- Бұлар өшігіп, қорамызға қайта шабар дейтін күдіктен енді аулақ болыңдар! Сендер жаққа енді беттей алмайтын етемін. Менің қасқыр "асырап" жүрген аңшы екенімді білесіңдер, сендер жазалап болғаннан кейін тілерсектерін қиып тастаймын, мына белден асып көрсін сонан соң!
- Ағатай, мұны айта көрмеңіз! - деп жалынды өш алар күйеудің өзі, - балаларыңыз бар ғой, біздің кесіріміз сізге де тиіп жүрмесін!
- Үкімет тыя алмай қалған тентек болса, біз тыйсақ қайтер дейсің! Барлық қылмыс дәлелдері қолымызда ғой... Ал жүріңдер, Жанжүкен шығарым, сен де жүр!.. Сотқа апара алмасаңдар қорқыныштан құтылып қайт!.. Кейін үкімет сұрай қалатындай болса, олардың бар қылмысын тартынбай-жасырмай айтуды ұмытпа!..

Екі қылмысты Байжұрқаның есік алдына шығарылғанда ауыл адамдары түгел жиналды. Қос содыр сол бір түннің ішінде-ақ жазасын тартып болған көрінеді: ауыл жігіттері кәрілерден ұрлап-жұлмалап тамтығын қалдырмапты, сасыған өлекседей ісіп-кеуіп кеткен екен. Екеуі екі тошаладан сүйретіліп шырқырай шықты.
- Ағатайлар, шыбын жанды қиыңдар! - деп Санатпай тар маңдайын қатқан мұзға тақ-тұқ ұрды. - Бауырым, Жанжүкен, Мамырқан, сендер кешіре гөріңдер!..
Ақтайдың көнек болып кеткен ерні мен мұрны жалбарыну сөзін толық ұқтыра алмады, бүкіл бет-аузын қаптап алған қан-қан шаш жағы мен иегіне жабысып қалыпты.
- Қасықтай қанымды! - деп бірдемесін үздіксіз міңгірлеп, жерге жабыса сүйретіліп шықты.

Екеуінің де бірнеше қайталап айтқаны: «ешқайсыңызға қас қылмауға қасам ішейік, құран ұстайық!» деген жалынышы көпшілікке ой салғандай, қатал жүздерді біраз жұмсартқандай ашулы айқайлар саябырлай қалды. Мұншалық соққыға түскенін қариялар да, әкем де білмей қалыпты.
- Құран ұстатып, ант алсақ, осылар тыйылар ма еді? - деп күбірледі әкем Байжұрқаға, тың бір шара тапқандай ойлана қалды. Жібіп-босап қалған сияқты. Бір шетте тұрған Баянбай зекіре сөйлеп кетті осы кезде:
- Кеше ғана "құдайыңды", "құраныңды" деп жүр едіңдер ғой, әкеңнің! Енді көр аузында ғана естеріңе түсіпті!.. Маған беріңдер! - деді әкеме қарап. - Бұлар құранын о дүниеге барғанда бір-ақ ұстасын! Өйтпегенде алдайды да, желкемізге қайта мінеді!
- Міне жаным, міне иманым, - деп екеуі екі жерде жандарын жарыса беріп жатты. - Алдарыңыздан қия кесіп өтпейік!.. Не бұйырсаңыздар соны істейік!.. Жанжүкен, Мамырқан! Маңайыңды енді бассақ, қылша мойнымыз талша жұлынсын. Бір рет кешірдік деңіздерші! Жанжүкен, Мамырқан!.. Бір рет қана ұлтарақ-шұлғауларың болайық!..
- Үкімет кешір дегенде ғана кешіреді бұлар, - деді әкем. Қазір сотқа айдап апарамыз!.
Бұл сөзге келгенде Ақтай қызған қазанға түскен бидайша ыршыды:
- Жәкетай, енді... енді... Өлсек те өз қолдарыңызда... Өз қолдарыңызда өлейік!.. Өздеріңіз... Өздеріңіз не қылсаңыздар да!.. Өз ауылымызда өлейік!..
Кәрілерден бірнешеуі алдымен әкемді, сонан соң Байжұрқаны, екі жігіт пен Жанжүкенді жеке шығарып әкетіп бірдеме айтып жатты. Екі содырды екі қолымен желкеден сүйрей жөнелген Баянбайды әрең тоқтатқан Тәби шеше де сол жерге барды, кеңес соңында бір шал бүкшеңдеп барып кұран алып шықты үйінен.
- Ей, құдайсыздар, - деді ол Ақтай-Санатпайдың алдына келе зекіп, - сендер құдайды, кәлама молданы ұмытқалы қашан!.. Өлер шақтарыңда иманға келесіңдер ме, жоқ па!

Екі содыр бірін-бірі тоспай қоңқылдап ала жөнелді: "Құлдық! Құлдық!.. Осынша қылмысты құдайды ұмытқанымыздан істедік!.. Қойдық!.. Тәуба қылдық!.. Ант ішейік!.. Намаз оқиық!" дегендей әлденеше қайталаған кұлшылық сөздерімен қанды қолдарын тарбита жайды құранға... Ескірген сары тісті жалба-жұлба жуан кітапты қос қолдап алып соған қан соқталанған жалбыр-жұлбыр басын қойған Ақтай көнектей ерні мен мұрнын бір-ақ салды. Сүйіп жатыр ма, иіскеп жатыр ма айыру қиын еді. Көпшілік төне қарап тұр. Ақтайдан соң Санатпай да солай сүйді. Әлгі молда шал жайнамаз алдырып, құранды соның үстіне қойды да екеуін соған қаратып "беттері құбылада" жүгіндіріп отырғызды. Молданың бұйрығымен екеуінің оң қолдары құранның үстіне қойылды.
- "Алланың ісімен бастаймын" деңдер, екеуің бірдей айтыңдар! - деді молда. Екеуі қатарласа соны айтты. - "Магарики, мұнан кейін Аллаға қарсы күпірлік етсем, осы кәлам шәріптің қасиеті атсын!.." "Магарики, Мамырқан-Жанжүкен сияқты некелі әзиз жандарға үшбу қасамнан кейін қастандық-харам ниетте болсам... Магарики, осы тұрған күллі кедей-пақыр жандарға харам-қастандық ойласам... Алла алдында қара юз болайын! Өзіміз кәпір, қатындарымыз талақ болсын!"
- Үй молда, - деді Баянбай. - Бұл иттерде талақ боларлық қатын тұрмақ қаншық бар ма еді!

- Мұнан кейін, үшбуден кейін!.. - деді молда, ол нені айтса соны айтып жатқан екі содыр бұл сөзді де қатарласа айтты. - "Үшбуден кейін ұрлық қылсам, ғайбат айтсам, боржай деп қорқытсам, інсанға жәбір салсам, Алланың қаһары, кәламның киесі атсын!"
Осы сөздерін молда үш рет айтқызып шықты, асықпай, бірден анықтап айтқызды. Қалтыраған екі содырдың құран үстіндегі қолдары аяздан сіресіп, қыбырсыз жатыр. Өздері жуан етіктерінің үстінде жүгініп отыруға шыдамай мықшиып жатса да бар күшімен айтып жатты. Ант сөздері айтылып болысымен әкем қатты дауыстап тілдеп жіберді:
- Әкеңнің аузын... Мына жаққа қарап енді ұлитын
болсаңдар тірсектеріңді қиямын да тастаймын!

Ант аяқталса да, Санатпайдың қолдары құран үстінде тұра берді. Жанжүкен мен екі жігіт шанаға түсіп жүріп кетті. Қарсы алдарында кетіп бара жатқан шанаға да қарай алмай, құранға телмірген бойы екі содыр отырды. Өгіз шана әудем жерге барып тоқтай қалды. Жездеміз бірдемесін ұмытып қалғандай қайта жүгіріп келді де, Биғаділ екеуміздің бетімізден екі сүйіп ләм демей қайта жүгірді.
- Мұқаметқали болыстың қалай өлтірілгенін білесіңдер ме, ей, шошқалар! - деп сұрады әкем қасқырларына төне қарап.
- Білеміз, естігенбіз, - десті олар. Құран мен жайнамаз жиып алынды.
- Қаны тасыған, әкеңнің аузын... естіп жүріп-ақ сол кірген көрге кірмек болыпсыңдар ғой!.. Барыңдар үйлеріңе!.. Сендердің қылықтарың одан да асып түсті, ұмытпаңдар!..

Мұқаметқали дейтін болысты қыз-келіншектерге істеген ашық зорекерлігі үшін былтыр қыста халық өлтіріпті. Соны ескертіп әкем содырларды қоя берді. Бірақ, Байжұрқа мен Баянбайлармен сөйлескенде үкімет орындарына-ақ мәлімдеп қоюды ақылдасып, тоқтасыпты. Гүлжан шешеміз бен Нұрғайшаның ауруы күшейіп кетіп, соларға әр жерден дәрі іздеп жию қарбаласында болды да, әкем мезетінде жолға шыға алмай қалды. Дәрі материалын тауып жасап болғанша екі науқас іркес-тіркес қаза болған соң, үкіметке "мәлімдеп қою" ұмытылып та кетті.

Бұл қысты Ақтай-Санатпай тым-тырыс, тымырсық күйінде өткізді. Еркімен жүрсе де ұрды-соқты деп ешкімге шағым айтпаған, арыз көтермеген сияқты. Бірақ, қыс өтісімен бөліне көшті де, іргесі мүлде аулаққа кетті. Бұл аулақтық біздің ауылға аз уақыт тыныштық бергендей көрінгенімен артынан аяз болып біліне бастады. Үржар маңындағы Егінсу деген жерге көшіп келген соң, әкем бір-екі күнге жолаушылап кетіп еді.
- Ақтай, Санатпайлар көрінбегенімен көрімізді қазып жүрген екен! - деп тым көңілсіз қайтты. Үй ішіндегі үлкендер арасындағы күбір көбейді. Биғаділ екеуміз ол күбірдің жайын ұға алмадық. Әйтеуір, бізге қуаныш болып келген "көп баламен ойнау", "колхозға кіру" дейтін жаңалық естілмей қалды. Оның үстіне ауылымыздың адамы азайып кетті. Қайда кетіп жатқанын білмедік. Әкем біреуден екі өгіз бен тіс ағаш сұрап әкелді де екі тақта жер жыртып тары шашты. Күн сайын азайып жатқан ауылымыз ақырында үш үй болып қана қалып еді. Ол үш үйдің өзі де бір-біріне алыс-алыс әрқайсысы өздерінің салған егіндерінің жанына қонып, қара-қоңыр үйлеріміз жеке-жеке шошайды.

Қуандықтың қолындағы кәрі әжеміз "жалғыз қаңғырып қалыпты" деген хабар келді бір күні. Әкем дереу іздеп барып, жалғыз атымен соны алып келді. Өте бүкшиіп, қатты жүдеп қалыпты. Төрт қанат киіз үйде тағы да он адам болып тұрдық. Сауыннан жалғыз сиыр бар. Кәрі әжемізден сұрасақ, Қуандық та "құлаққа" жатып, мал-мүлкі кәмпескіленген екен, Сібірге айдалып бара жатқанда қашып кепті де, әйелін ертіп "жоғалыпты". Басқа кіші аталардың үй іштері де солай, олар бұрынырақ "жоғалған" екен.

Алыс-алыс үш үй ғана шошайып, Биғаділ екеуміз құлазып қалғанымызбен үй іші көңілді сияқты көрініп жүрді. "Биыл астығымыз көп болады" деп әкеміз бен Бигелді ағамыз алдыларына алып қуантатын болды бізді. "Жоғалып" кеткен үйлердің бірнешеуінің салған егіндері де "бізге" қалыпты. Үйде астық азайып, бір-бір уыс бидай ғана жейтін болғанымызда бұл қуаныш тіпті көп айтылатын болды. Күндіз-түні егін суаратын ол екеуінің қол-аяқтары қап-қара болып, көздері шүңірейіп кеткенде, жақтары суалып арса-арса болғанда, осы қуанышты онан сайын көп айтып бізді уатып жүрді. Қарнымыз ашқан сайын бұл қуаныш бізге де өте зор қуаныш болып сезіліп, тез уанатын болдық. Биғайшаны көтеріп алып, Бисара тәтеміз де енді көктеген егінді көп аралайтын болды. Тегі кішкене Биғайшаны да ол осы сөзбен қуантып, осы қуанышпен уататын көрінеді. Қуанышты майса кезінде көрсетіп, жүріп уату-дәлелді де, пәтуалы да болады ғой!.. Әзер болса көзіне нан елестеп ішек-қарны ғана шұрылдар, уатушылардың өздері де тамсана сөйлеп уатып жүрді.

Бигелді ағамыз бізді солай уатып, астық сары ала тартысымен көк тары жейтінімізді, онан соң тіпті үлкен-үлкен қарма нан да жейтінімізді айтып қарық қылып отырғанда, бір топ атты адам тасыр-тұсыр шауып келіп есік алдына тұра қалысты.
- Жаппар қайда? - деді біреуі үстем үнмен. Бигелді жүгіріп шығып, егін басын көрсетті. Аттылар солай шауып ала жөнеліп, әкемді қоршай қалды. Араларында Ақтай да бар екен, бәрі мылтықты, біз шошып кеттік. Әкемді алдыға салып айдап келді.
- Жуанның тұқымы, енді жуандығыңды көрсетші кәне! - деді біреуі. Үйдегі бәріміз үрпиіп, есік алдында тұрмыз. Әкем келе "ауылаткомға" шақырылғанын, біздің қорықпауымызды тапсырып үйге кірді.
- Мылтығы бар мұның! - деген Ақтайға, біреуі: "жазға салым Жүзағашқа қайтарып" берілгенін айтты, әкем бешбеті мен етігін киіп шығып, алдыға түсіп жүре бергенде, әжеміз боздап жіберді:
- Құдайым-ау, енді қайттік!.. Қалай күн көрдік. Жаратқан-ау!..
Айдаушының бірнешеуі қайырылып тұра қалды, Ақтай мылтығының шақпағын шақ-шұқ қайырып жіберіп:
- Қайда құдайың!.. Аспанда ма еді! - деп зірк-зірк ете түсті де, аспанға қаратып мылтықты атып-атып жіберді. Қорқып кеткен мен шалқамнан түсе жаздадым. Жалт қарасам әжем де, шешем де жағасын ұстап тұр екен.
- Құдай сенің қыстағы құран сүйген жеріңде қалмасаң да табар әлі! - деді шешем бар дауысымен. Айдаушылар үн-түнсіз жүріп кетті. Әкемді ұрар ма екен деп қауіптеніп едік, тиіспей айдап, әудем жердегі Баянбайдың үйіне барды, оны да айдап шықты. Тәби шеше Ақтайды тым қатал үнмен жер жебіріне жете қарғап-сілеп қалды. Үйдегі ең кішкенеміз Биғайша да дағдарып, үн-түнсіз үрпиген күймен әкеміз кеткен жаққа ұзақ қарап тұрды. Қарасы үзіліп. кеткен соң да біз кеш батқанша сол жаққа қараумен жүрдік.

Әкем де, Баянбай да ымырт жабыла қайтып келді. Әкемнің қатты түтігіп, біржолата бітіп қайтқаны байқалды бізге. Үн жоқ. Не дер екен деп бәріміз соның бетіне қараулымыз. Шешем дастарқанға бір уыс бидай салып шай құйды. Әрең тілге келді әкем:
- Жуанның тұқымы аталдық, бес жүз кило ет налог салды, - деп күрсінді. - Көздегендері атымыз бен сиырымыз, ертең алып кетеді. - Ақтай, Санатпайдың төндіруі ғой, е! - деді шешем.
- Дәл сол!.. Оның жайын мен ауылаткомға айттым!.. Амал қанша, кеш қалыппыз, аудан аткомға кезінде барып айтсақ болғандай екен. Бүгін ешқайсысы бұл сөзді тыңдамай қойды. Ол қанқұйлылар бар жерді шиырлап, Баянбай екеумізге көр қазып болыпты!.. "Жуанның, боржайдың тұқымысың, ауданда тізімің бар екен, лаж жоқ!" деді де қойды ең жанашыр дегендеріміз.
- Біздің өз әкемізден бастап жетімдікпен, кедейлікпен көз ашпай келгенімізді айттың ба?
- Айттым ғой!.. "Балпаңның немересі екендігің рас қой, тіпті соның кіші әйелі де сенің үйіңде тұр ғой, рас па!" - деп куә болды Ақтай. Мен: "Рас" дедім, "сен екеуіңнің қақаған аязда есігін бұзып, емшектегі балаларын шырылдатып тастап, Жанжүкенді зорлап алып келгендерің де, екі күн өткен соң көріп, менің сендерді ұрғаным да рас, сендердің үкіметке айтпа деп ант-су ішіп, құран сүйгендерің де рас! Сен бұзықтарға жаным ашып, енді жаралы болғаным да рас!.. Осы қырсықтарыңнан тірі қалсам, өлетіндіктерің де рас" деп айтып шықтым.

Әкем мұнан соң үн-түнсіз жатып қалды. Бәріміз де үн-түнсіз ауыр қайғымен жаттық.
- Жалғыз ат пен жалғыз сиырдан айырылған соң балалар не күйге түсер екен! - деп күбірледі шешем. Сол кеште үйдің іші түгел күрсініп, ұйықтамай шықты.
Таңертең ат пен сиыр байлаулы күйінде келешек иелерін күтті. Шешем қызыл қасқа сиырын жылай отырып ақырғы рет бір сауып алды. Биғаділ екеуміз тарғыл бұзаудың тұмсығын сүйіп, аймалай бердік.
Күн көтеріле бергенде үш адам келіп, атты жетекке алды да, сиырды бұзауымен айдай жөнелді.
- Жүр, Жаппар, - деді біреуі, - өлшегенде қасында болып, бес жүз килодан артық-кемін көріп қайт!.. Боқ-жыны ет болып кесектелмейді ғой, жетпей қалуы мүмкін, артыла қоймас.
- Қайран кәрі жирен! - деп өксіп қалды әкем ат жетектеліп бара жатқанда. Бәріміз артынан қарап, телміріп тұрмыз. Әкеміз бен шешемізге қарап қойып, олармен бірге жылап та тұрмыз. Биғаділ мен Биғайшаға қарасам, кеберсіген ауыздары ашылып, кішкентай қабақтары бүрісіп түйіліп қалыпты, бұл кейіптерін байқаған мен мылқау солқылдап үн сала жыладым.
- Қайран қасқа сиыр!.. Сүтті еді! - деп шешем қатты егілді.
- Тарғыл бұзау әрең еріп барады! - деп жылады Биғаділ. Қанатым едің қайран жирен, қош, - деп тағы бір өксіп қалды әкем.

Түбірлі жанның тұрмыс-түйіні болып келген қайран қызыл қасқа! "Мейірімді анадай иитін қайран төрт мама ешмек!" Жирен ат пен қызыл қасқа сиырдың артынан қарап тұрып, бәріміз ашықтық, бәріміз шөлдедік, бәріміздің де аузымыз ашылып, ерніміз кеберси түсті. Көзіміз бұлдырап, сол қимастарымыз көз ұшынан үзіліп кетті.
Құрметті "тергеушім", біз тұқым-тұқиянымызбен осындай буржуймыз. Сондықтан, конфискация шартына толық үйлестік те, мыңғырған малымызды шұрқыратып бір-ақ айдаттық. Әкемнің Ақтай, Санатпайға істегені осы жазаға лайық-ақ қылмыс қой!
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»

0 пікір