Жұма, 29 Наурыз 2024
3445 11 пікір 26 Желтоқсан, 2020 сағат 14:02

Қаламгерлер ауылды көркейту жайын талқылады

Бүгін Алматыда «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер, жазушы Дәурен Қуат зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесу Қазақстан Жазушылары одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында өтті.

Оған жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, жазушы Тұрысбек Сәукетаев, ақын Қуат Қайранбаев, ақын Ержан Алаштуған секілді бірқатар қаламгерлер келіп қатысты.

Кездесу барысында «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауыл тіршілігін жандандыруға қатысты түрлі ұсыныстар айтылды.

Кездесу барысында Дәурен Қуат «Ауыл» партиясының 5 негізгі бағыттан тұратын партия бағдарламасы туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, АӨК қолдау, ауыл инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік саясатты жақсарту, ұлттық идеологияны құру және қандастарды қолдау бағытында жасалатын жұмыстармен таныстырды.

- «Ауыл» партиясының баса назар аударатын мәселелерінің бірі - тіл мен ұлттық құндылықтар. Біздің елде конституция бойынша қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Бірақ ресми тілдің қосымшасы секілді қызмет етіп келеді. Жиналыстарда басын қазақша бастаймыз, сосын "бәріне түсінікті болсын" деген желеумен орысшаға аударып кетеміз. Біз осы мәселені түпкілікті шешу үшін жұмыс істейміз, - деді.

Оның айтуынша, партия елдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуды басты назарға алып отыр. Сондай-ақ, ауыл-аймақтың негізгі табиғи-экологиялық әлеуетін – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау басты назарда.

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдарын айтып, азаматтарға берілетін әлеуметтік көмекті жергілікті бюджеттен емес, республикалық қордан бөлуді ұсынды. Әлеуметтік көмек екі балалы, үш балалы немесе бес балалы отбасы деп бөліп-жармай тұрақты төленіп отыру керек. Елдегі демографиялық өсімнің аздығы, бала санының шектеліп тұрғаны кейде әлеуметтік мәселелерге де тіреледі. Бұған қоса, үйленгеніне көп болмаған жастар ажырасып жатады. Осының бәрі ұлттық отбасы кодексінің бұзылғанын көрсетеді. Осы мәселелерді шешу үшін «Ауыл» партиясы ауқымды жұмыстар атқарады деді.

Жазушы Кәдірбек Сегізбаев ауылды жерлердегі жеке шаруа қожалықтарын кооперативке біріктіруді ұсынды.

Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай ауылдан қалаға ағылған жастар мәселесін айтты. Оның айтуынша, ауыл жастарының жаппай қалаға көшуіне ауылда жұмыстың жоқтығы себеп болып отыр. Қазіргі таңда ауылға тұрмыстық техникалар толық жетті, өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Бірақ екі қолға бір күрек табылмайды. Сондықтан, ауылда бос жүрген азаматтар амалсыз қалаға ағылады.

Ауылдан келген жастардың бәрін қалада жақсы жұмыс күтіп тұрған жоқ. Түрлі жұмыстың басын шалып жүр. Қалада баспана мәселесі де өте қиын. Осыдан барып ауылдан жұмыс таппай, қалаға келген жастарымыздың әлеуметтік жағдайы бұрынғыдан да нашарлайды. Солардың арасынан амалсыздан қылымыс жасаушылар да шығуы мүмкін. Осы мәселелерді айта келе жазушы, кейін өз балаларымызбен өзіміз жағаласып жүрмейміз бе деген қаупін жеткізді.

Жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің жекелердің қолына өтіп кеткенін айтты. Қолы жеткендер ауыл маңындағы жерлерді жекешелендіріп алған. Сол себепті ауылдағы ағайынның мал жаятын жері жоқ. Мал жайғанды қойып, малын айдап өтетін жол жоқ. Бәрі жеке адамның қолында, халықтың малын жолатпайды.

Ауыл маңындағы жерлер ғана емес, жайлаулық жерлерде жекешеленіп кетті, дейді жазушы. Оның айтуынша, жер жоқ болғандықтан ауыл халқы амалсыз қолындағы аз малын сатып жібереді. Сондай-ақ, егін егетін де жер жоқ. Сөйтіп, ауыл жұртшылығы жұмыссыз, табыссыз отыруға мәжбүр.

Атақты жазушы сөз соңында «ауыл халқының жанайқайын жоғары мінберде көтеріп, ауылшаруашылығын аяққа тұрғызуға бел байлап отырған «Ауыл» партиясын қолдайық», деген ойын ашық айтты.

Ал жазушы Тұрысбек Сәукетаев ауылшаруашылығын дамытудың маңыздылы туралы өз ойын айтты.

Ақын Қуат Қайранбаев ауылдарды өз қолымызбен бүгінгі жағдайға жеткізгенімізге күйініш білдірді. Оның айтуынша, кезінде неше мыңдап мал өргізіп, тонналап астық жинаған колхоз, совхоздарды күшпен таратып жібердік. Сөйтіп қазір малы жоқ, егіні жоқ, жастары жоқ ауылдар қалды. Мұндай ауылдардың әлеуметтік жағдайы төмен болары сөзсіз.

Ақын Ержан Алаштуған даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің «Елімізде көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Қазақтың бес мың жігіті сол ауылды көтеріп жіберсек, содан асқан қандай бақыт керек?», деген әйгілі сөзін еске алды. Әрі соның айқын көрінісі ретінде, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданын мысалға келтірді.

Аталған ауданның ауқатты азаматы Төлеген Жаманов өз қолындағы мыңдаған жылқысын ауылдарстарына бөліп берген екен. Басты шарт, жылқы алған ауылдастар бес жыл бойы әлгі жылқыларды бағып, өсімін өздері алады. Осының арқасында аудандағы халықтың көп бөлігі малды болып, жағдайларын оңаған. Биыл карантин кезінде тұтас ел әлеуметтік көмекке мұқтаж болғанда, мемлекеттен көмек сұрамаған жалғыз аудан Жаңаарқа болған көрінеді.

Оның айтуынша, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартудың жолы жоғардағы мысалдағыдай, халықтың мал өсіруіне, егіншілікпен айналысуына жағдай жасау, қолдау көрсету. Қолында малы болса, егіні болса ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы болар еді деген ойын жеткізді.

Ескерту. Материал «Ауыл» партиясының партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3622