Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2516 0 пікір 16 Ақпан, 2012 сағат 09:55

Мұнайдар Балмолда. Молдеке, мұныңыз не?

Дана халқымыз: «Сабырлы шыдар, сабырсыз жанар» дейді. Еліміздің ел болғалы өзге мейрамдарын айтпағанда маңдайына жазған ұлы тәуелсіздік мерекесінің тойланып өтуін, әрі нақ сол тұста көңілімізді әрі-сәрі қылған Жаңаөзен оқиғасының саябырсуын, ақыры сайлаудың өтуін күтіп, төмендегі айтарымызды іркіп келдік.

Ескі жылдың қараша айының 16 күні осы «Егемен Қазақстан» газетінде «Бұл Оралда болған еді» деген мақала жарық көрді. 1991 жылы Орал мұсылмандар мешітінде имам болған Зейнолла Ахмедовтен тілші Базаргүл Ақынқызы сұқбат алыпты. Жер-жерде тәуелсіздіктің жиырма жылдығы деп жатқан соң тілші қызымыз тарихтан тосын бір әңгіме қозғағысы келсе керек, алайда бүгінде Шымкент қаласындағы Әкбар қажы Шәкірбай мешітінің имамы болып отырған Зейнекең шет жағасына өзі шала-шарпы куә болған 1991 жылдың қыркүйек айында Оралды дүр сілкіген қазақ пен орыс-казак текетіресі туралы өтірікті бөсіңкіреп жіберіпті. Тілшіге берген жауабын оқып отырып жағамызды ұстадық. Зейнолла Ахмедов: «...Алғашқы күні казактар 250-300-дейге жетті. Бастарында папаха, үстерінде жасыл мундир, кеуделерінде түрлі орден-медаль тағынған, белдерінде қылыш асынған. Бәрі сап болып тізіліп жүр. Гармошкамен әйелдері ән салуда. Кешкісін тарады. Бізде жиналыс өтуде» депті.

Дана халқымыз: «Сабырлы шыдар, сабырсыз жанар» дейді. Еліміздің ел болғалы өзге мейрамдарын айтпағанда маңдайына жазған ұлы тәуелсіздік мерекесінің тойланып өтуін, әрі нақ сол тұста көңілімізді әрі-сәрі қылған Жаңаөзен оқиғасының саябырсуын, ақыры сайлаудың өтуін күтіп, төмендегі айтарымызды іркіп келдік.

Ескі жылдың қараша айының 16 күні осы «Егемен Қазақстан» газетінде «Бұл Оралда болған еді» деген мақала жарық көрді. 1991 жылы Орал мұсылмандар мешітінде имам болған Зейнолла Ахмедовтен тілші Базаргүл Ақынқызы сұқбат алыпты. Жер-жерде тәуелсіздіктің жиырма жылдығы деп жатқан соң тілші қызымыз тарихтан тосын бір әңгіме қозғағысы келсе керек, алайда бүгінде Шымкент қаласындағы Әкбар қажы Шәкірбай мешітінің имамы болып отырған Зейнекең шет жағасына өзі шала-шарпы куә болған 1991 жылдың қыркүйек айында Оралды дүр сілкіген қазақ пен орыс-казак текетіресі туралы өтірікті бөсіңкіреп жіберіпті. Тілшіге берген жауабын оқып отырып жағамызды ұстадық. Зейнолла Ахмедов: «...Алғашқы күні казактар 250-300-дейге жетті. Бастарында папаха, үстерінде жасыл мундир, кеуделерінде түрлі орден-медаль тағынған, белдерінде қылыш асынған. Бәрі сап болып тізіліп жүр. Гармошкамен әйелдері ән салуда. Кешкісін тарады. Бізде жиналыс өтуде» депті.

Құрметті Зейнеке, алғашқы күн дегеніңіз қыркүйектің 13-і. Сіз айтқандай сол күні әскери киімде, қылыш сүйретіп, әйелдері ән салып, емін-еркін көше шарлап жүрген бірде-бір казакты көрмедік. Сіздіңше, олардың әйелдеріне ән салғызып, ал еркектерін қылыш асынтып, көше кезгізіп қойып, біз, қазақтар жайбарақат жиналыс өткізеді екенбіз ғой. Мұндайға кім сенеді? Молдеке, өзіңіз 1981 жылы әскерге алынып, ауған соғысына қатысыпсыз, Пәкістан жағында тұтқында болыпсыз, Құран білгендіктен Құдай сақтап елге аман-сау оралып, 1986 жылы Бұқарадағы «Мир-Араб» діни медресесін тәмамдапсыз, содан кейін Оралға имам болып тағайындалдыңыз. Бұл деректі өз сұқбатыңыздан алдық. Тағдырдың талқысы мен сыйын көрген адам көрінесіз, бірақ жер бетінде жиырма жылғы болған оқиғаның өзіңізден басқа бірде-бір куәгері қалмағандай «Бұл Оралда болған еді...» деп жел сөзге ерік бересіз. Сіз сол оқиға болған жерге қалай барғаныңызды ұмытыпсыз, қажет болса оны да есіңізге салатын адамдар Оралда бар.

Сұхбаттың тағы бір тұсында: « ...Орал көшелерінде 5-6 қатардан сап түзеп, қылыштарын аяқтарына тигізе сарт-сұрт жүреді. Әйелдерінің гармонмен қазақ халқын қорлап айтқан өлеңдерін естігенде, қаның басыңа шығады» деп ілкі өтірігіңіздің бояуын тіпті қоюлата түсіпсіз. Солай деп келіп, нақ қыркүйектің 15 күнгі, шешуші сәтті суреттегенде ортаға немересін көтеріп шығып, жаулығын жерге жайған Хадиша Кәрібаева апамыздың алдына түсіп, одан бұрын басыңыздағы шалмаңызды теміржолдың үстіне тастай саласыз. Міне, өз сөзіңіз: «Басымдағы сәлдемді алып, теміржолдың үстіне тастадым. Балалы әйел де орамалын қойды. Міне, жастар тағы да осы жерде ағарғанды сыйлайтынын, ата-дәстүрді бойларына сіңіргенін көрсетті. Теміржолдың арғы бетіне лап қоймай, ернеуінен асайын деп тұрған судай тұрып қалды.» Сіздің даңғарадай сәлдеңіздің басыңыздан шешілмегеніне ел куә, керек десеңіз сол кездің бейнетаспасы қолымызда. Ал қысылтаяң шақта 4-5 жасар сәбиімен ортаға шығап, әлгіндей әрекетке барған анамыздың ерлігін қызғанып, одан бұрын мен бас киімімді тастап едім, әйел менің әрекетімді қайталады деуіңіз масқара, ұят. Қарайған халық куә болған оқиғаны өз абырой-беделіңізіге бұрғыңыз келетін сияқты ма, қалай? Ойдан шығарғаныңызды әрмен қарай талдайық: «Бірақ, олардың айтқан әндерін естіген жастар қаны қайнап, ақыры тұра алмады, лап қойды. Екі жақта сарт-сұрт ұрыс басталып кетті. Оларда қылыш, біздің жігіттерде қолдарына не түссе сонымен ұруда. Машиналар өртелуде. Жарақаттанғандар екі жақтан да көп болды. Менің сол жақ иығыма тас тиіп, шапанымды жыртып жіберді...» деп, сюжеті экшн кинофильмге ұқсайтын  хикаяңызды соза беріпсіз. Қайдағы қылыш, қару болған болса, ең алда тұрған жалаң қол біздер баудай түскен болар едік қой. Зейнеке, сіздің шапаныңызды жыртып, иығыңызды жаралап жүрген не тас? Өртенген қайдағы машиналар? «Қорқыт дегенде, осылай қорқыт дедім бе?» дегенді айтқыздыңыз-ау.

«Зенит» сарайының ішінде казактар, сыртында біз, алаңдағы елден бұрын барған 113 еркіті тұрдық. Алаңнан жеткен нөпір халықтың алдынан шығып, ең алдымен тоқтатқан сол 113 адам болатынбыз. Ал бер жақта, біздің алдымызда мұздай қаруланған милиция, ОМОН жасақтары тізілді. Жұрттың жұдырығы түйіліп, қатты-қатты дауыстағанмен жеңіне тығып біреуі де таскесек алып шықпады. Сонда сіздің көріп жүргеніңіз не көрініс, молдеке? Сіз шамасы, тілшіге көрген түсіңізді айтып бергенсіз-ау.
Екі жақтың арасында саяси текетірестің болғаны рас, орыс-казактары ақ патшаға қызметінің 400 жылдығын тойламақшы болды, оған дер кезінде шара алудың орына әртүрлі қитұрқы қаулыларымен Орал қаласының басшысы мен  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Есқалиев ашықтан-ашық жол беріп қойды. Ақыры қыркүйектің 13-15 күндері аралығында Оралда өрт тұтанып кете жаздады. Бірақ казактардың тойын болғызбаймыз деген халықтың қанға біткен ішкі тәртібі мен оны басқарған, сол кезгі бірден-бір демократиялық ұйым «Азат» қозғалысы азаматтарының белсенді әрекетінің арқасында және қарсы жақтың да үлкендерінің өз адамдарын сабырға шақырғаны себеп болып, бір сойқанның беті қайтты. Екі ортаға от салмақшы болған астыртын арандатушылардың іс-әрекетінен түк шықпады. Ешкімнің тұмсығы қанап, көзі шықпады. Бұған оқиғадан кейін Оралда жұмыс жүргізген Президенттік комиссияның әбден көзі жетіп, дәлелдеп, құжатқа түсірді. Біз бұл Орал оқиғасының еш қантөгіссіз өткендігін феномен деп көрсетіп, қазақ пен казак сол бір өліара шақта бір-бірін өкпеге қиса да өлімге қимағанын көбірек айта түскен кезімізде сіз, молдеке, Оралдан жырақта жып-жылы жерде отырып алып, болмағанды болды деп соғасыз. Бұныңыз қалай? Онсыз да еліміздің батыс беті оқтын-оқтын оғаш мінез байқатуда. Сіздің суреттеуіңіз кешегі Жаңаөзендегі көрініске келіңкірейді. Қазір ұлт пен ұлыс арасына дүрдараздық туғызатын әңгіме қажет емес, қайта бірін біріне жақындататын, тәуелсіз елімізді нығайта түсуге қызмет қылатын байыпты пікір керек. Сіздің дуалы аузыңыздан сондай сөздің шыққаны абзалырақ. Міне, жиырма жыл өтті, Оралдағы қазақ пен казак қоян-қолтық араласып, дәм-тұзы жарасып, Елбасының саясатын қолдап, тыныш еңбек етуде. Бұдан артық не керек? Түбі Раббымыздың алдына барасыз, сонда не деп жауап бересіз? Қазақ: «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деп дүмшелерге налып, мақалдаған. Ал сіздің бұлай жауапкершіліксіз сөйлеуіңізден соң айтқаныңыздың өзінен шошып қалдық. Мұны қанша адамға жайдыңыз екен?

Кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі марқұм Боранғали Ырзабай ағамыз, одан кейін сол абзал кісінің орнын басқан қазіргі тілшісі Темір Құсайын Орал оқиғасы жайлы жазды, «Кеше қазақ пен казак болып тартысқандарды тәуелсіздік табыстырды» деп тақырыпқа да оралып  өтті. Сондағы айтылғандар былай қалып, «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» атты мерекелік белгімен айшықталып, З.Ахмедовтың әңгімесіне құрылған мақаланың жарияланғаны біртүрлі оғаш болды. Бұл жұрт көңілін күпті етіп, газет редакциясының жауапсыздығына  ренішін туғызбайды ма? Аталған мақала түскенде ондағылар неге Оралдағы меншікті тілшісімен хабарласып, мәселенің анық-қанығына бармаған? Имам айтты екен деп жалаулатып баса беруге болады ма? «Егемен Қазақстанды» елге таратып отырған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахманов қол астында болып жатқан жайтты қайтіп елемеген? Қап, әттеген-ай! Осыған жаным ашиды.

Қадірлі имам, есіңізге салайын сізді алаңдағы халық толқып, «Зенит» сарайына бет қойғанда «азаттық» жігіттер алдырды. Иә, сіз көліктің үстіне шығып, Құран оқыдыңыз. Бірақ жалғыз сіз емес, Әулиеата мешітінің өкілі 74 жастағы Шоқай Әлімқұлұлы атамыз да Құран оқып, ереуілдеген елге едәуір ықпал еткен еді. Жұрт Алла сөзіне ұйыды, сабыр сақтады. Сіз тек осы әрекетіңізді ғана тілшіге айтып беруіңіз керек еді. Жоқ, сөз арасына куә ретінде Айсұлу Қадырбаева, Жасарал Қуанышәлі, Қабиболла Жақыповты қосып қойып, өзіңіз көрмеген, әлдекімнен естіген, не ойдан шығарғаныңызды шатасыз. Сізді осыған дейін оқиғаға қатысқан жігіттер кітаптары мен мақалаларында құрметпен атайтын, енді білмеймін. Елдің басты басылымы арқылы жалған сөзді жұртқа жайдыңыз. Сіз бұл ісіңізбен бүгіннің ғана емес, болашақтың адамын алдап отырсыз. Баспасөз - тарихтың бір парағы, ол мұрағат. Ертең күндердің бір күнінде «Егемен Қазақстанды» ақтарып отырған әлдебір келешек тарихшы сіздің мақалаңызға тап болып, сол кезде облыстық мәслихаттың депутаты болғаныңызға, ең бастысы имам екеніңізге көңілі бұлжымастай бірден құлап, сөзіңізге имандай иланып қалса және тарихты солай деп жазса, оның кінәсі мен күнәсі кімнің мойнында болғаны? Осы арасын ойладыңыз ба? Сондықтан газет арқылы елден кешірім сұрап, «жаздым-жаңылдым» деңіз, әйтпесе,   алда тағы біреулер тарихты аударып-төңкеріп, «қаһарманға» айналуды әдет қылып алар.

Алла-Тағаланың бір есімі Халық болса, қалың жұртшылықтың көзін бақырайтып қойып, жалған сөйледіңіз. Мен сізді Құдай үшін ұяттың, кешірімнің, тәубаның ауылына шақырамын, әлі де кеш емес, мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз, молдеке!..

Осыдан шығатын және бір түйін - 1991 жылы Оралда болған оқиғаға кезінде Президенттік комиссия берген әділ баға жартыкеш жолда қалды, оны халық білмейді, соны тарихи құжатқа, кітапқа айналдыру мәселесі пісіп жетті. Бұған үкімет бей-жай қарамауы тиіс. Бей-жайлықтың салдарынан өзінің жетпіске толғанына орай жергілікті газеттерге шындықты бүркеп сұқбат берген Нәжімеден Есқалиев, енді келіп имам Зейнолла Ахмедов сияқтылар бұқараға жиырма жыл бұрынғы тарихты басқаша, өңін өзгертіп, өз қара бастарына пайдасы тиетіндей сипатта жеткізуде. Алдыңғысы өз ортасында қоғам және мемлекет қайраткері ретінде көрініп, «тарихта судан ақ, сүттен таза» адам кейпінде қалғысы келіп тырысса, кейінгісі кім болып көрінгісі келіп жүргенін оңтүстіктегі қаймағы бұзылмаған қазақы жұртшылық білмесе, біз ауыл арасы қашық болған соң байыптай алмай отырмыз. Көзден кетсе де, көңілімізде жақсы имам еді деген қырымен танылған бауырымыздың жиырма жылдың ішінде бұлайша құбыларын кім білген? «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген осы-ау. Пайғамбарымыз өз хадистерінде: «Сөздің жаманы - өтірікшілік, жалған әзіл мен шикі пікір. Шыншыл адамға - жақсы баға, өтірікшіге - жаман баға беріледі» деп және өзіңе зияны болса да шын сөйлеу дін жолындағы күрестің бір түрі екендігін ескерткен. Осы мақаланы жазуға маған осы қасиетті сөз күш берді. Әйтпесе, З.Ахмедовтың жеке басында шаруам шамалы, баспасөз арқылы елге таратқан сөзіне алдымен бұ дүниеде жауап беріп алсын дедім.  
Ұзын сөздің қысқа түйіні сол, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен білікті тарихшыларымыз болып елдің тәуелсіздікке дейінгі жиырма жылғы жүріп өткен жолын кім көрінгеннің қолжаулығына айналдырмаудың қамына кіріспесек, шындықсыз санаға сіңген сөз «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» керін келтірмесіне кім кепіл?
Жаңа Қазақстанмен бірге жаңарып жатқан жас ұрпақтың көзін ақиқатпен аша алсақ ұтылмаймыз, ал егер керсінше болса, онда Сырым Датұлы бабамыз айтқандай «Өзінікін соққан өтірікшіден күнде жеңілеміз»...
Мұнайдар БАЛМОЛДА
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
1991 жылғы Орал оқиғасына қатысушы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір