Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 10933 22 пікір 21 Желтоқсан, 2020 сағат 11:48

Арандатушылық үдеп барады!

Өздерін жердің кіндігі санайтын, бүкіл арман-мақсаты - қайткен күнде Кеңес одағын қалпына келтіру болған, жан-жағынан жау іздеген көршіміз - Ресейдің Тәуелсіз қазақ елінің терістік облыстарын өздерінікі деп санайтындығы «жазылмас сырқатқа» айналып бара жатқан сыңайлы.

Оған Путиннің сайқымазағы Жириновскийден бастап, күні кеше тағы да сол «гөй-гөйді» жалғастырған Ресейдің Мемлекеттік думасының қатардағы депутаты ғана емес, білдей бір комитетін басқаратын Никонов дегеннің «ескі ауруды» қайта қоздырғаны дәлел.

Обалы не, бұл жолы қазақ елінің ресми органдарынан бастап, Мұхтар Құл-Мүхаммед пен Айдос Сарым секілді белгілі тұлғалар санасында азғантай саңылауы бар адам болса, түсінетіндей етіп, толымды да қонымды жауап қатты.

Бәрі дұрыс, бәрі де әділ. Алайда бұлардың сөздері Қазақстан азаматтарының барлығына жетті ме? Еліміздің тұтастығына қауіп төндіретін мұндай арандатушылықтың түбі неге әкеліп соқтырарын түсіндірді ме деген сауалдар туындайтындығы анық. Әсіресе, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, Ресейдің шовинистері көз тіккен өңірдің тұрғындары өздері тұрып жатқан елдің тағдырына алаңдай ма, әлде Ресейді өздерінің екінші отаны санап, «бұған біздің қатысымыз шамалы» деп, бейтараптық саясат ұстанып отыр ма?..

Біз бұл сауалды босқа қойып отырған жоқпыз. Өйткені еліміздің бұл өңірлерінде орыс ұлтының өкілдері әлі де басым, сөздері әлі де өктем, жергілікті билік бұлардың қас-қабағына қарап, аяқтарын байқап басады. Оның үстіне, бұл жерлерде сепаратистік пиғыл анда-санда болса да бой көрсетіп қоятындығын тағы да қосыңыз... Олардың кейбіреулері Қостанайдағы Кирилл Божко секілді түрмеге тоғытылып, жазаларын алды да. Демек, бұл пиғылдың осындағы басым көпшіліктің санасында бұғып жатпасына ешкім де кепілдік бере алмайды.

Енді бізді мазалаған сауалдың неден туындаған себептеріне тоқталайық. Бұл жерлерде барлығы дерлік орыстілді баспасөзді оқиды, орыстілді сайттарды қарайды. Олдардың өздерінің пір тұтатын, солардың пікіріне ғана құлақ асатын саясаткерлер мен ғалымсымақтары да бар. Олардың арасында эконономиканың «жілігін шағып беретін» Петр Свойк пен саясаттың «аса білгірі» саналатын Данияр Әшімбаев дегендер де бар. Бұлардың екеуі де газет беттері мен сайттардан түспейді.

Міне, жақында ғана осы «екі ғұламаның» бірі - Данияр Әшімбаев, ұйқысынан енді ғана оянғандай, дәл осы Тәуелсіздік мерекесі алдында, яғни желтоқсанның 15-і күні еліміздегі белгілі дейтіндей сайттардың біріне сала-құлаш «Ресейдің Мемлекеттік думасында дұрыс ойлай алатын депутаттар саусақпен санарлықтай» (Адекватных депутатаов в Госдуме Россий по пальцам считать) деп, сұхбат беріпті.

Әңгіме - сол баяғы біз айтып отырған Ресей депутаттарының осы аймақтарға көз алартуы. Бұл жерде әлгі саясаттанушымыз осы жақтағы жұрттың құлағына майдай жағатын «Е, не қылар дейсің? Олар айтады да қояды. Бұған көңіл аударудың қажеті жоқ» деген, пікірді ортаға салады. Ал біз автордың бұл пікіріне қосыла алмадық.

Себебі, біріншіден, бұлар бірен-саран емес, жетіп артылады. Бұған әлгі Жириновский мен Никонов секілді шовинистер елімізге ашықтан-ашық көз алартқанда сол депуттардың ішінен суырылып шығып, «Қойыңыз. Қазақстан - бізге ең жақын дос әрі одақтас ел. Оның үстіне экономикалық әрі қорғаныс одақтарға да мүшеміз. Мұныңыз жөнсіз» деген, ешкім болмады. Демек, әлгіндей арандатушылық олардың да көкейінен шығып отыр деген сөз. Сайып келгенде, сол орыс халқының өзінде «Үндемегендік - келіскендіктің белгісі» деген, мақал да бар екендігін ұмытпалық. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, еліміздің Сыртқы істер министрлігі өзінің көзқарасын білдіріп, нота жолдағанда да олардан ресми жауап берген ешкім жоқ. Жауапты айтасыз, біздің бұл қадамымыздан кейін олар мүлдем өршеленіп, бой бермей кетті емес пе? Мәселен, әлгі Никоновтан кейін іле-шала сол думаның депутаты әрі анау-мынау емес Ресейдің билік басындағы алпауыт партияның білдей бір мүшесі Евгений Федоров деген сабазың «Қазақстанның қазіргі барлық аумағын кезінде қазақтар жалға алған. Енді оларды дереу қайтарсын. Қазақтар қайда барса, онда барсын» деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұның атын «ашық жаулық» демеске тіпті, шараң жоқ. Әр нәрсе атымен аталуы керек қой. Бұған да үндемеуіміз керек пе?

Жалпы, кінәнің барлығын әлгіндей ашық шовтинистік көзқарастағы депутаттарға үйіп-төге беру де - әділетсіздік. Мәселеге байыптай қарасақ, оның бір ұшы Кремльге барып тіреледі. «Пәленің бәрі патшаның өзінде екен» деп, Ақан сері айтпақшы, бұл бықсық дүние Ресейдің басшылығынан шығып жатыр. Сол елдің президенті Путин бір кезде «Қазақтарда мемлекет деген болған жоқ» десе, екінші бір сұхбатында «Кеңес одағынан бөлінген біраз ел Ресейдің, орыстардың біраз ауқымды жерлерін сыйлық есебінде алып кетті» деп, ашық мәлімдегені кім-кімнің де есінде болар. Дәл осы түпкі себептен автордың айналып өтуі не білместік не білсе де әдейі бүркелелеп отырған іштей бір қулығы. Біз автордың бұдан мүлдем хабарсыз деуге аузымыз бармайды. Ендеше, себеп - екіншіде.

Бұл саясаттанушының тағы бір ашқан жаңалығы - жекеленген депуттардың сөзіне құлақ асып керегі жоқ. Бар мәселе - сол мемлекеттің ұстанымында яғни президенттің, премьер-министрдің немесе президент әкімшілігі басшысының қабылдаған шешімінде екен. Мұнда да қисын жоқ. Ау, кезінде сол көршіміздің Украинаның, Грузияның, Молдованың біраз аумақтарын басып алғанда, алдын-ала қандай шешім қабылдап еді? Күшті қашанда алып та жығады, шалып та жығады. Олар ешқандай шешім немесе қаулы-қарарға мүлдем мұқтаж емес... Орыстар айтпақшы «Күшің болса, ақылдың қажеті шамалы».

Әрине, біз Ресей секілді алып мемлекетке қарсы келер қауқарымыз шамалы. Алайда, олармен дауласпай-ақ, біраз шаруаларды тындыруға болады.

Мәселен, ең алдымен Ресеймен арадағы шекараны шұғыл арада мықтап шегендеп, бекітуді қолға алған жөн. Және ол басты міндет болып қала беруі ләзім.

Екіншіден, оңтүстіктегі, батыстағы қазақтарды осылай қарай жаппай көшіруді де тездеткен мақұл. Бұл үшін ешбір қаржы-қаражатты аямау керек.

Ал, үшіншіден, біз анау Израиль мен Түркия секілді қазіргі заманғы озық соғыс техникасын шығаратын елдермен, тығыз байланыс орнатып, солардан әскери техниканы көптеп сатып алсақ, ұтылмаймыз.

Сосын, әрине, күндердің күнінде не болары белгісіз, қазірдің өзінде өзімізге сүйеу де тіреу болатын мықты елдермен жақындаса берсек, ұпайымыз түгел болмақ.

Мінекей, қазір күннен-күнге өршіп келе жатқан арандатушылыққа қояр тосқауылымыз осындай болар деп шамаладық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

22 пікір