Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Анық 5090 5 пікір 21 Желтоқсан, 2020 сағат 11:14

Жер тауар емес, сондықтан ол сатылмайды!

Соңғы жылдары «жерді басып алу», шетелдік азаматтар мен шетелдік үкіметтердің жерді кең көлемде иемденуі әлемдік проблемалардың біріне айналып барады.

Ауылшаруашылығына пайдаланылатын жерлерді шетелдіктерге сатуға қатысты алаңдаушылық посткеңестік елдерде, Латын Америкасы елдерінде, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка сынды әлемнің әртүрлі аймақтарында көрініс табуда. Бұл мәселе Орталық және Шығыс Еуропада да белсенді талқылануда.

Қытай Халық Республикасы жер учаскесіне меншік құқығын беруді қатаң шектеудің айқын мысалы болып табылады. Қытай үкіметі ауылшаруашылық жерлерін сатып алуға және сатуға тыйым салған. Ауданы 9,4 миллион шаршы шақырым болатын ел ауылшаруашылық жерлерінің ең үлкен ауданына ие. Қытайдың жалпы ауданының 56% ауылшаруашылық жерлерін құрайтынына қарамастан, іс жүзінде 1,5 миллиард халқы бар елдің бір адамға шаққанда жер үлесі әлдеқайда аз (0,38 га). Сондықтан бұл елдегі ауыл жері дәстүрлі түрде фермерлерге (отбасыларға) немесе келісімшарт негізінде жерді пайдаланатын ауылдық ұжымдарға тиесілі.

Қазақстан үшін жерге меншік мәселесі де әрдайым өткір және ауыр болды. Жерге жеке меншік құқығы, оның ішінде шетелдіктер үшін жерге жеке меншік құқығы алғаш рет 1995 жылы, содан кейін 2001 жылғы алғашқы Жер туралы заңмен бекітілді. Шетелдік азаматтарға қатысты әңгіме ауылшаруашылығына жатпайтын жерлер туралы болатын. Барлық заңнамалық актілерде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге меншік құқығы тек ҚР азаматтарында ғана туындауы мүмкін екендігі нақты бекітілген болатын. Алайда, 2015 жылғы 2 қарашадағы заңға сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға жиырма бес жылға дейiнгі мерзімге берілетін болды. Осылайша, жалдау мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды, бұл ауылшаруашылық бизнесінің жоғары капитал сыйымдылығымен және өтелу ұзақтығымен, 13-15 жылға негізделген.  ҚР 30.06.2016 ж. Заңына сәйкес осы тармақтың қолданылуы 31.12.2021 ж.дейін тоқтатыла тұрады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жер 100,8 миллион гектар жерді алып жатыр.

Жерге тікелей қатысты шетелдік инвестициялар феномені әлемде кеңінен танымал. Бүгінгі таңда жерді пайдалану құқығы арқылы бақылауды алудың жеткілікті мысалдары бар, олар әдетте одан әрі ұзартумен шектеулі мерзімге жарамды. Осы тікелей шетелдік инвестициялардың негізгі нысаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді негізінен ұзақ мерзімді жалға алу болып табылады. Көбінесе, нәтижесінде жалға беруші тартылған жерлердің саны бойынша мәмілелердің тым көп мөлшерін алады; келісімшарттардың ашықтығы мен толық болмауы орын алады; өздерінің ішкі нарықтарына экспорттауға арналған азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған ресурстық инвесторлар пайда болады. Қазіргі уақытта мұндай негізгі инвесторлар Парсы шығанағы мемлекеттері, сондай-ақ Қытай мен Оңтүстік Корея, ал негізгі мақсаттары Африка, Азия және Оңтүстік Америка елдері болып табылады.

Шетелдік инвесторлардың ауылшаруашылық жерлерін сатып алу салдары болып мыналар табылады:

- алқаптарды мақсатсыз пайдалану (ауылшаруашылық алқаптарын ауыл шаруашылығынан тыс пайдалану);

- ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлер бағасының өсуі, алыпсатарлық, соның нәтижесінде отандық ауыл шаруашылығы өндірісі қысқаруы мүмкін;

- аграрлық өндіріс өнімін таңдау кезінде қазақстандық мүдделерді ескермей, өзінің коммерциялық мақсаттарын қуғындау;

- отандық фермерлер санының қысқаруы, қазақстандық халықтың ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігіне қызығушылығының төмендеуі;

- топырақтың дұрыс емес, сапасыз өңделуі, бұл оның құнарлылығының төмендеуіне, кейіннен өсімдіктердің өсуі үшін жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін.

Жоғарыда аталғандардың барлығы, сайып келгенде, қайтымсыз әлеуметтік-экономикалық салдарларға ие болуы мүмкін: ел халқын қажетті ассортимент пен сапамен азық-түлікпен қамтамасыз етпеу қаупінің туындауы; тамақ өнімдері бағасының өсуі; отандық ауыл шаруашылығы кірістілігінің төмендеуі; АӨК-дегі индустрияландырудың баяулауы; халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі; қазақстандықтар арасындағы жұмыссыздықтың өсуі; топырақтың антропогендік эрозиясы; және т.б.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, 2000 жылдардың басында әлемде 12,1 миллионнан астам адам шетелдіктердің жер сатып алу салдарынан зардап шеккен. Табыс көзінен айырылу әсіресе, Африка елдеріндегі үй шаруашылықтарында көп байқалды.

Аграрлық саясат нарықтық механизмдерге мемлекеттің араласу әдістерінің бірі болып табылады, ол іс жүзінде бүкіл әлемде әртүрлі нысандарда байқалады. Қазіргі уақытта бұл шамадан тыс шоғырлануға және жерді ауылшаруашылық емес мақсаттарға пайдалануға байланысты қажетсіз процестерге қарсы тұру қажеттілігімен байланысты.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалануға байланысты ережелер мен шектеулер, ең алдымен, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі, аграрлық сектордың өміршеңдігі және мемлекеттің ұзақ мерзімді перспективада халықты толыққанды тамақпен қамтамасыз ету қабілеті тұрғысынан қаралуы тиіс.

Әрине, азық-түлік өндірісіне жұмылдырылатын халықаралық инвестицияларға деген қызығушылықтың маңызды қозғаушы күші –  бұл азық-түлік қауіпсіздігі және халық санының, сонымен қатар әлемдік нарықтарға тәуелді азық-түлік бағасының өсуіне байланысты алаңдаушылық. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздік мәселесінде әр елдің өз мүддесі бар!

Жер мәселесі еліміз үшін өте маңызды тақырып болып табылады, өйткені біз әлі күнге дейін Қазақстанның ең үлкен қасіреті – ашаршылық салдарын, яғни республикадағы мал басының саны тек елді ғана емес, сонымен қатар Ресей өңірлерін қамтамасыз ете алатындай болған жағдайда халықтың 3 млн адамынан айрылу салдарын бастан кешудеміз. Тек 1929-1934 жылдар аралығында елімізде мал басы он есе азайды. Сондықтан қабылданатын шешімдер қазақстандық қоғамның мүдделерін ескере отырып, сындарлы және көреген болуы тиіс. Қазақстан үшін дәстүрлі салалардықой шаруашылығын, жылқы шаруашылығын, түйе шаруашылығын жандандыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ ауылдардың айналасында жеке мал жаю үшін жайылым проблемаларын шешу өте маңызды.

Халықаралық тәжірибеден байқағанымыздай, шетелдіктердің жерді басып алуы негізінен сатып алушылар мүдделері ауылдық қауымдастықтардың мүдделеріне сәйкес келмейтін жемқор немесе қарызы бар үкіметтерді пайдалана алатын жерлерде орын алған.

Көптеген ғалымдар «жерді басып алу», «интервенция» терминдерін шетелдіктерге жерді бақылаусыз сату, ауылдық жерлердің функционалды өзгеруі мен  ауылшаруашылық жерлерінің ауылшаруашылық емес мақсаттарға ауысуының синонимі ретінде бекер жиі қолданбайды.

Сонымен қатар, шет ел азаматтарының жерді бақылаусыз басып алу көрінісі мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндіреді, бұл әсіресе көрші мемлекеттердің ел аумағына деген жасырын және ашық дәмесі жағдайында маңыздыққа ие.

«Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды тұғырнамасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға сатуға және жалға беруге тыйым салуды енгізуді талап етеді. Өйткені, жер тауар емес, сондықтан ол сатылмайды! Адам жерді қолмен жасай алмайды, ол Құдайдың дүниесі. Оның үстіне, біз байтақ даламызды бабаларымыздан болашақ ұрпақтарымыз үшін жалға алып отырмыз. Осыны ұмытпайық!

Ескерту: "Ауыл" партиясы сайлау қоры қаражатынан төленді.

Әзімхан Сатыбалдин,

«Ауыл» ХДПП атынан ҚР Парламентінің Мәжілісі депутаттығына кандидат, ҚР ҰҒА академигі

Abai.kz  

5 пікір