Жексенбі, 2 Қазан 2022
Күбіртке 7570 5 пікір 18 Желтоқсан, 2020 сағат 11:46

«Орыс картасының» көрінбейтін тұсы

Мурад Аджи

Сайтымызда дүниеден өткеніне біраз жылдың жүзі болған Мұрат Әжінің түркі өркениетіне сіңірген еңбегі жайында 2018 жылдың 12 Наурызы күні Асқар Дайырбектің «Қыпшақ даласының жусаны» атты танымдық материалын жариялаған еді.

Бір адам зұлым қасқырдың қозыны жәукемдегелі жатқанын көріп, қасқырды өлтіріп, қозыны құтқарып қалды. 

Кейін ол аш қозының әдемі де, зүбәржаттай шөпті аяусыз жеп жатқанын көріп, шөпті құтқарып, қозыны өлтірді. 

Одан кейін осы бір арам шөпті жердің нәрін сорып жатырсың деп күстаналап, тамырымен жұлып алып лақтырып жіберді.

Одан кейін осы бір кір-кір шөпсіз қара жердің табиғаттың сиқын келтіріп тұрғанына жыны келіп, бәрін асфальттап тастады.

Ал, содан кейін қалың ойға батып: «Бүгін тағыда қандай игі істер жасауым керек»,- деп қиялға берілді.

Біз тап осындай кертартпалықпен түркі дүниетанымын бірде еуропалық, бірде әсіреисламдық жосықта асфальттап тастадық. Осы асфальттап тастағаннан кейін, рухани пір таба алмай пұшайман да болдық. Сол кезде Мұрат Әжі тарихи сахнаға шықты. Біреу құптай, енді біреу тоңмойындықпен керітартпалыққа салынды. Сонымен...

Енді Ресей Мемдумасының депутаттары Никонов және Федоровтардың мәлімделерінен кейін біз түркі ақылманы Мұрат Әжінің данышпандығы ойдан шығарылған «Орыс әлеміне» қатысты саналы жанға мүлдем жаңа әлемнің есігін ашады, бабалар тарихына ЕуроАзия құрлығының негізін салушы ретінде құрметпен қарауға үйретеді. Әр оқылым жаңа әлемнің есігін ашып отырады. Амал не кітап қазақша емес, өзге тілді болғанымен, оның рухы түркілік.

Біздің редакция М.Әжінің ерек идеялары мен өзіндік концепцияларын үзікті аудамалар арқылы «Abai.kz» оқырмандарына тұрақты таныстырып отыруды жөн көрді. Әрі ғаламтор дамыған заманда тұтас кітапты оқып шығуға көп уақытта кетеді. Сол себепті Біз данышпанның әр кітабында айтылған ойларының үзігі мен өзегін ғана оқырманға танытуды жөн деп таптық. Мұрат Әжінің кітаптарында айтылған идеялар мен концепциялар туралы үзікті аудармалар тұрақты жарияланып тұратын болады.

Бұл жолғы әңгіме Мұрат Әжі «Орыс картасы» жайындағы жазбалары төңірегінде...

Шіркеу Шығыс Еуропаның саяси өмірінің аренасына жаңа қоғам түркі әлемімен ат құйрығын кесіскен түркілердің шыққанын бірден байқады. Ордадан етек жеңі кесіліп қуылып Рюриковичтердің барақтық әулетіне қызмет еткен олардың мансабы шығыста шырқау көкке көтерілді. 

Бұл жарандар жаңа есімдерді иеленгенімен ана тілін ұмытқан жоқ, ұлттық киімдері мен барша әдет-ғұрыптарды көздерінің қарашағындай сақтап, Мәскеу Русінде XVIII ғасырға дейін, яғни, Романовтардың бассыздығына дейін өзгелерден өзгешеленіп тұрды... Бұл жерде де бізге белгілі дүние тағыда қайталанып, бағзы алтайлық үлгімен жаңа патшалық өмірге келді. Оның буыны беки түсіп, Мәскеу Рустің бас қаласына әлі құрылмаған мемлекеттің Елордасына айналды. Бұл әсіресе Александр Невалықтың немересі Қалталы Иванның билікте болған 1325 жылдан сезіліп, сол кезде мәскеуліктер Алтын Орданың басқағы болып алым жинау үшін жанталасты.

Аң терісі биліктің шоқпарын қолға ұстататын, сол себепті мәскеуліктер мен тверліктер орыс конунгтарын (кінәздарын) бір-бірлеріне айдап салып отырды. Русте бұдан аң терісінен басқа қымбат құндылық болған жоқ, сондықтан алым тек терімен төленді... Ол кейін құйма алтынға айналып, сыңғырлаған теңгені керексінді, бұл билікке бастар жол еді. Бұл әрі Тверь, әрі Мәскеу үшін тәуекелдік пен бас кетер істін, өйткені, XIV ғасырдың ортасына дейін екі шаһардың да не өз ақшасы, не нарық базары, не өз бетімен сауда жүргізу дағдысы болмады, олар ештеңкеде өндірген жоқ, орыс көсемдері Орда арқылы Иран мен Үндістанға тауарға барды. 

Бұл жол тек қана контрабандалық аң терісі үшін ғана емес, басқа жағынан да ұзақ та, аса қауіпті жол еді. 

Олардың назары Батысқа ауып, жасырын сауда мен кездейсоқ келісімдер өзіне тартты. Шығыс емес, Еуропа орыс терісін сатып алуға ықлас танытып, алтын берді, сонымен бірге үміт отын жақты. Бұл Ордадан жасырып, «Барша Рустен» жиған алымның артығын саудалауға мүмкіндік берді. Осы бір адамның бас пайдасын ойлайтын пендешілігін Батыс өз кәдесіне жаратып, Новгородтың бұрынғы дәстүрін Мәскеудің есіне сала отырып, өз дегенін істеуге кірісті. 

Тап осы дәстүр өздерін езіп жаншушы Ордадан алшақтатып, Батыстың бауырына ену үшін бәрін де заңдастыруды қажет етті. Ал, бұл Ұлы Новгородты бас идірсе, онда Солтүстік Еуропаның нарығын өз бақылауында ұстап отырған Ганзейлік сауда кеңселері еш жалтақтамай мәскеулік жасырын сауда үшін өз кемелерін жібере алатын. 

Күмәнді іс қолға алынды, бұны тіпті экономикалық соғыс деп атауға да келмейді, Новгородтың мысы бәрін басып тұрды. 

Интервенция дей де алмаймыз. Мәскеудің бұл есек дәмесі соғыспен емес, саясатпен ғана жүзеге асатын. Ол шұғыл бетбұрыс «орыс картасын» тамаша ойнау арқылы жүзеге асты. 

Бұл не сонда? Бір сөзбен айтқанда, бөтен этникалық топтың ортасына түскен адамды мінез-құлық, сана-сезімдік жақтан мәңгүрттендіретін идеологиялық қарудың түрі. Бұл «Барша Рустік» саясат аясында Орыс мемлекеті мен жаңа орыс мәдениетін өмірге әкелудің тізбекті қадамдары болды. Қысқасын айтқанда, әрі Новгород, әрі Тверь әм басқада бәскелестерін бір шетке ысырып, барша тізгінді бір қолына алып, Мәскеуді Русті біріктіруге мүмкіндік беретін идея еді. 

Ештеңе жаңадан ойлап табылмады, қайта Рим империясы дәуіріндегі дүние бой көрсетті. Оны византиялықтар Болгария мен Сербияда жаңғыртты, Батыс Еуропада католиктер де өз кәдесіне пайдалана білді. 

Бұл адамдарды өз қағынан жерінтіп, ұлтын өзертіп, жаңадан бой көтерген мемлекеттік саясаттың тұзағына түсіріп, құлданатын сөздер мен жарлықтар еді. Венедтер, вепстер, әрі финн, мари, түркі, барақтардың (варяг) бір бөлігі – бір демде орыстар деп аталынды. 

Жаңа халық атанды. Бұрын бұл атау барақтарға (нормандарға) тәнтін. Енді бәріне ортақ болып шыға келді. Орыс деген Рустің тұрғыны, Рюриковичтердің боданы дегенді білдірді.

1453 жылы Византия мен Константинопольден айырылған гректер Руске өзінің құтқарушы ретінде қарады, өйткені, оларға мұсылмандар мен католиктерге қарсы күресте одақтас керек еді. Олардың ең бірінші жылы сөзді «арандатушы» хаты 1393 жылы мәскеу кінәзіне келді. Бірақ ол еш нәтиже әперген жоқ. 

Грек идеологиясы, гректердің өздері секілді боярлар тарапынан назар аударарлық дүние деп саналмады. Бірақ гректер орыс дін иелері арасында дау-дамайдың дәнегін сеуіп үлгерді мәскеу митрополиті Исидорды тағынан түсіру олардың қолымен жасалды... Бұл арадағы түсініксіз әм бұлыңғыр тарихтың бас-жағын айыру еш мүмкін емес. Дегенмен фактінің аты факті, Рус шіркеуі (митрополия) «шығыстық және батыстық партиялар» болып қаққа жарылып кетті. Біреулері бұрынғы ұстанымында қалса, келесілері христиандық (униаттық) ережесіне өтті. Олардың алғашқысы – Мәскеуге, кейінгісі – Киевке орнықты.

Орыстардың христиан болғысы келмеді, украиндықтар оған келісті...

Осы бір шырғалаң оқиға дәуір таңбасы болғанымен Ресейде әлі күнге жалғасып келеді. Мәскеу кінәзінің Римдегі елшісі Иван Фрязйн деген адам патша грамотасына иелік ете бастады. Ол Батыс мәтіндерінде папаның жасырын тыңшысы италилік Жан-Баттист делла Вольпе деген жан еді делінетін сөз ұшырасады. 

Ол еуропалықтардың арасындағы бірінші орыс атанып, мәскеу кінәзінің сенімді адамы бола білді. Қарап отырсыздар ма, удмурт та, коми де, мари де емес, орыс атанды! Оның бұл әдетін түрлі елдердегі папа орденінің мүшелері мыңдаған католиктер іліп әкеттті. Міне, солардан идеологиялық агрессия басталып кетті. Бірақ оны мүйізі қарағайдай ресей тарихшыларының ешқайсы «аңғарған жоқ». Ал, олар Русте Рюрикович әулетін түп тамырымен құртып, Бұлғақ дәуренін туғызып, 1917 жылғы Қазан төңкерісін жасады... 

Бәрінен зоры міне солардан Ресей басталды! 

«Аңғаратын болсаңыздар» ресей тарихшылары өте жиі осы бір диверсиясының қатысушыларына айналатындығын сезіне білу еш қиын емес. Мысалы, XIX ғасырдың атақты тарихшысы В.О. Ключевский діни білімді Пенза епархиясында алып, өзін иезуит және штундистердің мектебінің шекпенінен шықтым деп санады. Оның «Сказания иностранцев о Московском государстве» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясында оқиғаға батыстың ығына жығылған бағалау жасады. 

Бұндай қадам аты дардай автордың өзге еңбектеріне де тән, ал, ариандық Рус гректік жосықтағы христиандық елге айналды; онда Ежелгі Рус туралы ақпарат батыстың елеушінен өткізіліп, ойдан шығарылған дүниелердің күлімсі көлшігіне айналды, осыны қалағандар Ключевскийге қолайларына жағатын тарихты жазуға тапсырыс береді. Автор түркілер туралы, Дешті-и-Қыпшақ жайында бір ауыз сөз айтпайды, қасақана славяндық теориясының соқпағына түсіп алып, Рус тарихының жалған иезуиттік моделінің жалына жабысады... 

Шынымен, ақты қара, қараны ақ дейтін бұл ғылым ба? 

«Орыс картасының» көрінбейтін тұсы «Бар болғаны өзін орыс деп атап жаңа есімді иеленсе болғаны» кез келген шет елдік алаяқ Мәскеуге келген бетте зор билікке қол жеткізе алды. Бұл тіл мен әдет ғұрыпты білуді қажет ететін удмурт немесе мари болғаннан да мүлдем оңай еді. Орыстарда әзірше не тіл де, не әдет-ғұрып та болған жоқ. Рустегілер бәрі де орыс атанып, бірдейлестірілді.

Гректер асқан аярлықпен жұрт санасына өз қағынан жеріп, Батысқа көзсіз құлдық ұра еліктейтін славяндық идеологиясына негізделген орыс ойын сіңіре білді. Олар құлдардың өз қожайынын пір тұтатын дағдысын жақсы білді. Орыстарға олар христиандықтың қамытын кигізді... Осылайшы, орыс ойында Ежелгі Грекия мен Рим әлемдік мәдениеттің кіндігіне айналды. Бұнымен бір мезетте олар өздерінің өткенін тарихтың қойнауына керексіз шәркейдей лақтырып тастады...

Таң қаларлығы, бөтеннің ұрығы төл жатырға қоныс тепкені. Несін жасырып жабайық, мәскеуліктер туған Дешті-и-Қыпшақ пен Алтайдан жерінуі үшін оларды күшке салып, сұлу сөзбен арбаудың да еш қажеті болмады. Оларға ең керегі өздерінің «жаңа» тамыр тегі саналатын грек өтірігі славяндықтан өздерін іздестіру болды. Міне, қанын ішіне тартып, түркі әлемі десе қабағы түксиетін Мәскеу осымен әлі күнге ерекшеленіп келеді. Тап осылай бір-бірін тек қандас бауырлар ғана көре алмайды! 

Ал, кез келген пенде өтірікті шындық деп танитын болса, онда ол мүлдем басқа жанға айналады. Бәріде өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп ұсына білуде. 

Шығыста бұны: «Кім қараңғыны сезінбесе, онда ол жарықты іздемейді» деп атайды. Мәскеу түркілері не түнекті, не жарықты сезінбейтіндер. Әлем келбетін оларға гректер салып берді. Ұлығ халықтар көші-қонының ізін жасырған орта ғасырлық Еуропада не орын алса, сол қайыра қайталанды... 

Славяншылдық аптап ыстықта сая іздегендей болып жүрген Мәскеудің қолайына әбден жақты. Орыстар бас көзге қарамай бұрынғысынан өзгешеленетін болса болғаны, өздері жаңа деп санаған дүниелерді талғамай, таңдамай керектеріне жаратты. Бәріне ауыздарын ашып, бәріне бас шайқай таң қалды. Мысалға, Палеологтардың (қара қос басты бүркітті) гербі Мәскеудің елтаңбасына айналды. Славяндардың ешқайсы да Ұлығ халықтар көші-қонынына дейін Алтайға танымал болған қос басты қыранның Византияға ұшып барғанын естеріне де алмады... Бәрі демде естен шығарылды.

Кремль жағдайдың егесі, христиандықтың «ошағы», яғни, Батыстың жаңа рухани мәдениетін насихаттаушы келімсектерге иіліп төсек, жатып жастық болды... Русте жаңа дін белең алды. Оған бірінші кезекте өздері кейін дворян атанған сараймандар ден қоя бастады. 

Арақ-шараптың дәстүрге қалай енгеніне, амал не, орыстар еш жауап бере алмайды, өйткені, бұл рух-жігердің әлсіздігі ғана емес, славяндардың «халықтық» дәстүріне айналуында болып отыр. Бұны біз венециялықтың мына жазбасынан аңғарамыз: «Олар (яғни, гректер – М.Ә.) барып тұрған ішкіштер, ішпейтіндерді иттің етінен де жек көріп, өздерінің сылқия тойып алғандарын мақтан етеді». Қайғыдан ішу Рустің әдетіне айналды. Бұл басына ерік берілген құлдың ғадеті. Олар өз шынжырымен көңіл марқая ойнайтын тұтқынға ұқсап кетті. Бұрын бұл аймақта тек қуанышта, жеңіс пен мерекеде ғана ішетін еді. 

Тағы да осы автордан: «Кінәз орсан зор өлкеге билік етеді, әскері де мол болу керек қой, бірақ, оның көпшілігі қару түгіл таяқ ұстай алмайтын қауқарсыз дімкәс жандар».

Мәскеуде христиандық символдарын бекемдеген гректер, сонымен бірге өз билігін уәждады. Үшінші Рим Идеясы аспанда қалықтап жүргенімен, ол айшықтала бастады да: Рус Еуропаның ізін ала Қайта Өрлеу дәуіріне өтті. 

Түрік мұрасы өлді, дәлірек айтсақ, оны тұмшалап жасырып тастады. Бәрі де Батыстан келді. Тек жазалау алауынсыз.

Азулы қалай Ресейге өтті. 

Біз білетінен бөлек «дерек пен дәйекке» толы версия бар. Ол Ресейдің жас патшасы туралы жылы лепесті сөз етпейді, қайта, түріктер оны бәтшағар жасап, қаланы ұрсссыз тастап, әрі әдемі әтешті сыйға тартады... Петрге Азулы алуға оның қызтекелігі көмектесті, ол осы бейәдептігімен ғұмыр кешті. Бірақ жеңістің аты жеңіс. Тіпті осындай болса да.

Содан бері Татария шәрлерінің шырайы бұзылып: Биринчи – Брянск, Бурунинеж – Воронеж, Кипензай – Пенза, Курсык – Курск, Тулу – Тула атана бастады... Петр патшаның қолына ескі діндегі бұлғақты Доны бар Татария тиді. Мәскеу мен оның егелері өздері қалаған есімдер мен атауларды адамдар мен қалаларға таңды.

Ресей шекарасы ұлғайып, Кавказ бен Осман Түріктеріне жуықтай түсті...

Тап осы кезде бұрын тірі пенде көрмеген «бөлмедегі жылнамалар» пайда болып, бірінші ресейлік тарихшы В. Н. Татищев XVIII ғасырда «ғылым мен имандылықтың қолдаушысы» Яков Брюстің жетекшілігімен өзінің «ғарасатты» еңбегін жазуды бастады. Татищевтің «Тарихына» Карамзиннің де, Ключевскийдің де, Соловьевтің де, Грековтің де, әм Рыбаковтың да, керек десеңің атақ-даңқы олардан бәсеңдердің де бастары байланды. Ал, олар Уақытқа қатысты бірді айтып бірді кетпес үшін қастарына бақташы-цензорларды қосты.

...1735 жылы «Новый и краткий способ к сложению российских стихов», дәлірек айтсақ, орыс тілінде өлеңді қалай жазуға болады деген кітап жарық көрді. Бұл ақындарға арналған оқу құралы еді. Оның авторы Астраханның тумасы В. Тредиаковский, ол славян грамматикасы мен өлең өріміне құлшыныс танытқан Грек-латын академиясының шәкірті. Иезуит ғылымының орталығы Сорбоннаға барды. Бұл «мадақ жырларының» марқасқасы еді.

Славян диалектісі – инквизицияның бел баласы. 

Латын, грек, түркі және әлдеқандай өзге тілдердің ережесі мен сөздерінен тұратын қойыртпақ. Сол себепті орыстар ағылшындар сияқты өз бабаларының тілін еш түсінбейді. Ғафу ет маған, оқырман, қалай десек те, славяндардың көзін ашып, көкірегіне сәуле түсірген Кирилл мен Мефодийлер емес, бірінші славян сөздігін құрастырған иезуит Лаврентий Зизаний. Тек қана Ол!

Ресейдің тылсымды тарихы мен бастау көзі осындай...

Ал мен ары қарай Астраханның тумасы 1735 жылы «Новый и краткий способ к сложению российских стихов»-ты құрастырып шыққан академик В. Тредиаковский жайында сөз ететін болам. Ол Батыста оқып келген соң, Ресей ҒА жиынында славяндар үшін жаңа тіл турасында баяндама жасады. Бұл баяндама соны өзгерісті керек етіп отырғандар тарапынан зор ықыласты құлшынысты туғызды.

Осылайша түркілерсіз Ресейдің жаңа тарихы басталып кетті.

Славян диалектсін Болгария сөйлеген тілді («Ілкібұлғар тілін») негізе ала отырып, асқан мейірбандықпен әрледі. Ал, ар қарай бәріде талғам бойынша, бір жерде әріп қосты, бір жерде оны түсіріп тастады, енді бірде екпіндерді ауыстырып әлекке түсті, нәтижесінде: түркі сөзі «языгъ» орыстық «язык»-ке айналып шыға келді (Басқа шын славян ұлттары «Мова» дейді - Ә.Ә.Ә.).

Біз ғұламаның қаламынан шыққан кітаптарындағы үзікті ойларды ғана оқырмандарымызға тәржімалап ұсындық. 

(жалғасы бар)

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

5 пікір