Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2600 0 пікір 14 Ақпан, 2012 сағат 19:25

Абылайдың биік бейнесі қазақтың көкжиегінен төмендемейді

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.ҚОЗЫБАЕВ атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, абылайтанушы ғалым:

 

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

 

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.ҚОЗЫБАЕВ атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, абылайтанушы ғалым:

 

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

 

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

 

– ХХІ ғасырдың Тәуелсіз 21-жылына басқан әр қадамымызға аса мән беру керектігін өмір көрсетіп отыр. 20 жыл­дық белестен кейін бағытымызды қай­та бағамдап, баянды баспалдақ­тар­ға байыппен баруға тура келгендей. Өткенімізден өкініш іздеу жарамас, алайда алға жылжу үшін ақиқат­тан аттап кетуге тағы болмайды. Әңгі­меге осы тұрғыдан келсек...

– Әр жыл өзінің сәнімен, сәтсіздігімен, қиындығымен өсіп-жетіліп, табиғаттың заңы сияқты дамиды, жаңарады, өзгереді, іл­герілеу, кейіндеу болады. Кейде бұл құбылыстарға ара тұратын күш жоқ қой деп ойлаймын. Қоғам дамуындағы іркіліс­тердің себебін байқамай қалып: «Неге біз ілгерілей бермедік? Неге бір жерде тұрып қалдық?» деген сұрақтар туады. Осы тұр­ғы­дан келіп, материалдық жағынан алған­да, көзге көрінетін, қолға ұстайтын, қалтаға салатын жетістіктеріміз, Құдайға тәубе. Азғантай ғана халықпыз. Жеріміздің асты-үсті қазына, кенге бай. Мұндай байлығы жоқ елдер де мемлекет болып, ұрпақ жалғастырып жатыр. Менің айтайын дегенім – рухани байлық. Дүниенің қожасы адам болса, мемлекеттің қожасы қазақ­стан­дықтар және сіз бен біз болсақ, руханиятымызды толтыру, ізденіп, тереңірек ойланып, алды-артын болжап, бар-жоғын түгендеу басты міндетке айналып отыр. Астанамыз бастаған үлкен-үлкен жетістіктеріміз, көшемізге сыймай кеткен авто­көлік­теріміз, ұл-қыздарымыздың жай­нап, жарқырап киініп жүргені, дастар­қаны­мыз­дың молдығы, мұның барлығы – адам қолы­мен жасалған нәрсе, яғни адами капитал. Ал рухани байлық ең бірінші тұрады.

– Бүгінгі жетілуімізге қандай баға бересіз?

– Талай жыл университетте қызмет істегендіктен, білім саласын айтқаным жөн-ау. Білім беру ісінде көптеген өзгеріс бол­ды. Ол өзгерістер оқыс жағдайда, шұғыл бол­ғандықтан, кейбір жерлері шытынап, опырылып, кейбір жерлері орнына келіп жатқан жағдайлар бар. Дүниежүзілік өркениеттің деңгейінен қарап, ойлана келе түйгені­міз – бұрынғыша жүре беруге болмайды, жаңалық жасауымыз керек екен. Сол жаңа­лықтар жасалып жатыр. Мәселен, мектептерді 12 жылдыққа көшіру. Оқулық­тардың жылда өзгеріп жатқанына оқушы­лар, ата-аналар, мұғалімдер кейде ренжитіні бар. Оған ренжуге болмайтын шығар. Өйткені біз іздену үстіндеміз, жолды бір-ақ күнде таба алмаймыз. Егер оқулық­тар, оның ішіндегі қағидалар жылда өзгеріп отырса, ол – заманның талабы-дағы. Біреу­дің қажет­сінгенінен немесе қажетсін­бегенінен емес деп ойлаймын. Орта арнайы оқу орындарын құртып алып едік, оны колледж деп атап қайта жандандырып жатырмыз. Одан төменгі жұмысшы мамандық­тарын дайындайтын мектептер селкеу тартып қалған шаруа еді, оны жөндеудеміз. Негізінен, барлық күш ЖОО-ға түсіп тұрған сияқты. Мемлекеттің қуаты, қаржы жағдайы нығайып, сырттай қара­ған­да, саны жағынан бүкіл Еуропамен теңгеріліп болдық. Ден­саулық, адам ағзасының ұңғыл-шұңғылын зерттеп, емдейтін аспабымыз тағы басқасы сақадай сай. Енді соның маманы және істейтін қол керек болып тұр. Теория мен тәжірибені қатар алып жүрген жөн. Жаңа заманның Тәуелсіз елге қызмет етпейтін тео­риясын мен мойындамаймын.

– Білім саласындағы көңіліңіз толатын және толмайтын тұстарын айту­ға бола ма?

– Айтуға хақым бар сияқты. Тәуелсіздік алғаннан бері ЖОО-да болып жатқан барлық өзгерістердің куәсімін. Ұйықтап жатқанда өзгертіп кетпесе, есіміздің бүтін, көңіліміздің ояу кезінде бәрін көрдік, тіпті, бізге ұнасын-ұнамасын өзіміз жасадық. Ең аяғы құжаттардың, бағдарламалардың жасалуы т.с.с. шаруаларды өзгерттік. Біріншіден, бұрынғы кеңестік тәртіп, қазақы бағы­ныштылық менталитет – жоғары жақтан айтылғанның барлығын қалтқысыз өзгерте бердік, әлі де өзгертіп жатырмыз. Өткелден өткенде қанжығаңыз су болып, тоқымға су шашырайтыны рас. Құрғақ жерде келе жатқан жоқпыз, ол өткел ғой. Сол сияқты ізденбей, талпынбай, бірден даңғыл жолға түсе кетпедік деп өкпелеуге тағы болмайды. Қанағатшыл, тәуекелшіл, тәубешіл халық­пыз. Міне, қазір даңғыл жолға шығып келе жатқан сияқтымыз. Бағытымыз түзу. Жас ұрпақты білімді, заманның талабына қарай жан сақтай алатын, ең әуелі өзін-өзі асырай алатын, содан кейін басқаға пайда келтіретіндей етіп тәрбиелеу – қажеттілік. Ірі мақсаттарымыз көп. Біздің мамандарымыз Қазақстанды көркейтіп жіберсе, ғылымы­мызды, техникамызды іліп әкетсе екен деген де дұрыс. Бірақ ұстаз ретінде айтарым, менің шәкірттерім ертең ержетіп, оң-солын танығаннан кейін, өз-өзін асырай біліп, шалыс баспай, алған білімін іс жүзінде қол­данып, тамағын тойдырып, киімін бү­тіндеп, отбасын асы­рауға үйренсе, әрбір қазақтың баласы осын­дайға жетсе, Қазақ­стан қамсыз, мұң­сыз болар еді. Бізде университеттер көп, халық саны аз деген жағ­дайлар бар. Солай екені рас, бірақ Қазақ­станның жағ­дайында бұған байқап қарау керек. Себебі Алма­тыдағы техника­лық, аграр­лық т.т. ұлттық университеттерді біті­ріп шыққан мықты маман Ақтөбеге, Орал­ға, Солтүстік немесе Шығыс Қазақ­станға, Өскеменге бармайды. Қазіргі заманның үрдісі солай. Мәселен, Қазақстан бойынша мыңда­ған дәрігер жетіспейді. Бәлкім, Үкімет тағы да меди­циналық оқу орындарын ашу керек шығар. Мен тұратын Сол­түстік Қазақстан облысында 300 дәрігер жетіспейді. Жекелеген маман­дықтар жағы­нан дәрігер мүл­де жоқ. Ал ауруханалардың жарақ­талуы, олар­дың ғимараттары керемет, бірақ соларды ұстай­тын маман жоқ. Сондықтан Қазақ­станның жағдайында аймақтық ЖОО -лар ұстау керек. Өйткені бізде әлеу­меттік даму әртектес, жолы қашық, климат жағ­дайы әртүрлі. Үкі­мет, министрлік аймақтық ЖОО-ларды жергілікті ерекшелік­ке қарай бейімдеп, сол өңірге керек маман­дықтар дайындауы тиіс. Басқа ғажап ма­ман­дық­тарды сұратып ал­дыруға болатын шығар деп ойлаймын.

 

 

– Жаңа бір сөзіңізде айттыңыз: «Оқыт­қан шәкірттерім өз басын алып жүр­се, сол – олжа және біздің байтақ жері­міз бен халық саны сәйкес келмейді» деп. Ақтамберді жырау «Он кісіге татыса бір кісілік табағым» деп айтқан­дай, бұл байтақ жерді ұстап тұру үшін шәкірттердің білімі, шетелмен салыс­тыр­ғанда, 10 кісіге татитындай болуы біз қаламасақ та қажет секілді. Бұл – бір. Екіншіден, жаңа айтты­ңыз: «Жо­ғарыдан келген тапсырмаларды мейлі дұрыс, мейлі бұрыс болсын, бас изеп жасай бердік» деп. Осы жаппай бас шұлғу қаншалықты жақсылыққа апарады? Ертең шәкірт­теріңіз де бір жаққа құлап, бас изей берсе, даму бола ма? Әртүрлі ой, жан-жақты пікір-көзқа­рассыз қайтіп өркендейміз?

– Жеріміз кең, халқымыз аз. Хош! Жері­міздің жартысын біреуге бере салайық па? Жоқ, жер бізге керек! Халықты бізге басқа жақтан қосып бере ме? Жоқ, қосып бермейді! Міне, өзіңіз назар аударып отырған үлкен мәселе – ұлан-байтақ жері­мізді кө­гер­тіп, көктетіп, көркейтіп, келесі ұр­паққа жеткізу. Ұрпағымыз 20, 30, 100 жылдан кейін осы жерде тарай береді деген ние­тіміз бар. Бұл – табиғи заңдылық. Бәрі­міз «әр қазақтың намысы болса екен» деп жүрміз. Ешкіммен бәсекелеспей-ақ, «Мен қазақтың азаматымын, байтақ жерім бар, тән қуа­тымды жеткіздім, бойым, ойым, денсау­лығым бар, енді рухани жағынан баюым керек, шетелден келіп жатқан кез келген дүниені біз де жасай аламыз» дегендей саналы ұғымы бар, сапалы, білімді ұрпақ дайындау – ЖОО-ның міндеті. Осы мүм­кіндікті пайдаланып, Қазақстанның еркін ойлы азаматы ретінде көкейде жүрген ойымды жеткізсем... Осы ұлан-байтақ жері­міз­ден көп астық алдық дейміз. Келесі жы­лы құрғақшылық болып, мұндай астық ала алмауымыз мүмкін. Сол себепті: «Біздің мемлекетімізге қанша астық керек? Мемлекетімізде қанша жер бар? Сол жерлерді кім көрінген жырта беру керек пе? Олар жерге бір түйір тыңайтқыш салып отыр ма? Ол жердің күтімі қандай? Ол жердің нәрін, сөлін сығып алып жатқан жоқ па? Басқалар өнім өндіріп жатқан жерден Қазақстанға пайдасы не, зияны не?» деген мәселелер бар. Біз жерімізді жүдетіп, Жер-Анамыздың емшегін кергілеп, созғы­лап жатырмыз. 100 жылдан кейінгі ұрпағы­мызға, одан кейінгілерге не қалды­рамыз? Абай айт­пақшы, маған билік құзыретін берсе, «Бос жерлер» министрлігін ашар едім. Ол министрліктің қызметі – бос жатқан жерлерге ешкімді тигізбей, сол жерлерді тыңай­татын, құнарланды­ратын өсімдіктер отыр­ғы­зып, қоршап, қорып, қоректен­діріп, маңа­йындағы аға­шын, суын, тіпті жәндігіне дейін қорғап отырады. Үлкен статус беріп, биік мини­стрліктердің бірі қылар едім. Қазіргі біздегі ең нашары – Табиғатты қорғау министрлігі. Министрдің кім екенін екінің бірі білмейді. Жер – қоймамыздағы бай­лы­ғымыз, қалтамыздағы алтынымыз. Ал табиғат – кеңірек түсінік. Табиғатты қор­ғауды біздің егіншілікке, жайылымға жарамды, алтыннан қымбат, қойнауы қазы­на-кенге толы, бағасы шексіз жеріміз­дің құнымен шатастыруға болмайды. Екіншіден, есептейтін адам болса, Қазақстанға жылына қанша алтын керек? Ішетініміз, жейтініміз, сататынымыз, қарызымыздан құтылатыны­мыз бар. Одан артық алтынды қазбаймын, себебі ертеңгі ұрпаққа қалды­руым керек. Соларға көрсетіп кетемін. Көрсетіп кетпесем де, өздері тауып алады. Мен геолог болмасам да, есептеуімше, Қазақстанда мыңжылдық­қа жететін энергетика қоры бар. Үлкен Қарағанды көмірлі аймағының ұзындығы – 500, ені – 500 шақырым. Басқасын былай қойғанда, осы көмірдің өзі – үлкен байлық. Ал көмір болған жерде бәрі бар. Сондықтан энергетика көздерін үнемдеу керек. Үшіншіден, қазақ ықылым заманда-ақ айтқан: «Судың да сұрауы бар» деп. Меніңше, бізде судың сұрауы жоқ сияқты. Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та болдым, сабақ бердім, лекция оқыдым, халықпен сөйлесеміз. «Үйде екі шүмек тұрады. Бірі – тұщы, кәдімгі біздің ішіп жүрген артезиан суы. Екіншісі – тех­ни­ка­лық су» дейді. Біріншісіне «ішуге болады» деп жазып қойған. Екіншісі қай­тадан тазартылып келген, сіздің кір, еден, ыдыс-аяқ жууыңызға, шомылуы­ңызға т.т. ішкеннен басқасының барлығына пай­далануға бо­лады. Еліміздегі тұщы судың қоры – мем­ле­кет­тік бағдарлама болу керек. Арпа-бидай, алтын-күмісіңіз жоқ де­сеңіз де, суы­ңыз болсын. Су – бар бай­лықтың бастауы. Иә, тұщы суды пайда­лануға байланысты бағ­дар­лама бар, «Мөлдір су» ма еді? Ол бағ­дар­лама міндеті – суды үйіңізге жеткізіп беру.

– «Неге болсын үнем керек» дейсіз ғой. Зарқын аға, енді әңгіменің ауанын бұрсақ. Руханиятымызға «Қазақтың ханы – Абылай» атты екі томдық кітап қосып жатырсыз. Әрине, Абылай хан­ның ауқымды әңгімеге арқау болатыны рас және екі кітапты бір хабардың шеңберіне сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен ғасырлар бұрынғы Абылайдың арманы, көксегені бүгіннен табыла ма?

– Абылай мен Тәуелсіздік сөзінің ортасына теңдік белгісін қойуға болады. Абылай – Тәуелсіздіктің туын көтерген, Тәуел­сіздіктің құнын білген хан. Абылай хан – Тәуелсіздіктің символы. Мұны біз халық ауыз әдебиетінен бері қарай айтып келеміз. Бар-жоғын, бүкіл дерегін аңыз-әңгімесінен аршып, Абылайдың бейнесін беру керек болды. Келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілігіміз шығар, осы шаруаны қолға алдық. Мұнда 500 құжат қамтылған. Әрбір құжатта аты аталатын кісілерге түсінік берілген. Мысалы, Бөген­бай – қай Бөгенбай немесе қай Қабанбай? Олардың қандай еңбегі бар еді? Тағы басқа хандар, билер, бұрын іздеушісі жоқ болып келген кісілер, қысқасы, кітапта қамтылған оқиғаларға түгел түсінік берілді. Ең аяғы жер аттары: Ақсу, Сарыкөл, Қарасу деген сияқтылар кездессе, бұлар қазір қалай аталады, қай жерде? Тұсаукесерінде пікір білдірген тарихшы ғалымдар: «Энциклопе­диялық сипатта...» деп айтып жатты. Менің ойымша, Абылайдың төңірегіндегі әңгі­мелер мен жұмбақтардың бірталайы ше­шіл­ген сияқты. ХVІІІ ғасыр түгел қамтыл­ғаннан кейін, әңгіме Әбілқайыр ханнан бастау алады. Әбілқайырды айналып өтпейсіз. Мамандардың айтуынша және өзіміздің жобалағанымыздай, бұл кітап  тұтас қазақтың үш жүзі мен батырларын, билерін қамтиды, идеялық тұрғыдан барлығы Абылайдың төңірегіне шоғырлан­дырылған, іс жүзінде де солай болғанды­ғынан дерек береді. Ең бірінші бағалай­тыным – Абылайдың тұсындағы Қазақ хан­дығының шекарасы, алдыңғы жылы Президентіміз бекіткен бүгінгі Қазақ мемлекетінің шекарасымен шамаластығы. Екіншіден, сол кездегі Қазақ хандығының саяси жағдайы тура біздің қазіргіміздей. Оның алдында Абылай ханға дейінгі, бері қойғанда 100 жылдық соғыстан азып-тозып, қажып, мінез-құлқы өзгерген, бейбіт кәсіпке үйренбеген, аттан түспеген, саудамен айналыспаған қазақ еді. Абылайдың алдында бір-біріне бағынбаған, әркім өз руын зор тұтқан заман болатын. Соның бәрін Абылай хан бір ошақтың басына жинады. Иә, қатаңдық жасаған жерлері бар, бірақ ол қатаңдық емес, тәртіп деп аталады. Ішкі жағдайды соған келтірді, ұр­лыққ­а, барымтаға тыйым салды. Абылай қазаққа сауданы алып келді және онымен айналысуды үйретті. Ал сауда – әлемдік өркениет­тің үлкен жетістігі. Қазақ қоғамы Абылай­дың тұсында экономикалық жағда­йының негізі ретінде өлкемізге, Сарыарқаға сыймай жүрген малды киімге, құрал-сай­манға, басқа да қажетті дүниелерге айналдырып, Қытай және Ресеймен екіжақты сауда ұйымдастырды. Әрине, Тәуелсіздік  тең­дессіз, бірақ ХVІІІ ғасырды қарасаңыз, дүниежүзілік жер бөлісі болды. Кімді-кім басып алмай жатты. Америка ашылып, Португалия, ағылшындар дүниені ту-тала­қай етіп бөліп алып жатқанда, «Қазаққа неге тиісесің?» деп өкпелеуге болмайды. Бұл – табиғаттың заңы секілді құбылыс. Мына жақтан Ресей, мына жақ­тан Қытай төнген кезде, барлығымен тіл табысып, елшілік алмасып, «сен жақсы да мен жақсы» деп, қазақты аман алып қалды. Абылай ханның түсінігінде: «Исі қазақтың мәңгілік жауы, мәңгілік досы жоқ, тек қазақтың мүддесі бар». Абылай ханның ұстанған саясаты – осы. Қазіргі Қазақ мемлекетінің саясаты да сол деп ойлаймын. Шарт жасасып, бір нәрсеге қол қойып жатсақ, ол қазаққа пайдалы болуы тиіс. Келісім кездерінде Абылай қазақ­қа пайдасы болмаса, басқаны керек қыл­маған. Жерді қорғау және қорғаныс мәсе­лесінде Абылай шекараны қатты бекіткен. Шекара бойына мықты-мықты сұлтандар­ды қой­ған. Қытай мен Ресей шекара қыз­метімен тікелей байланыс жасаған. Мә­селен, Қы­зыл­жардың қазығынан бері қарай, бір шақырымға бірде-бір орыстың аяғы тиген емес. Тарбағатай, Аягөз, шығыс жағы­мыз­дағы қытайлар да солай.

1756 жылы Баянауылды басып, Қар­қаралыны асып, Қытайдың қалың әскері кіріп келді ғой. Абылай соларды талқандап жіберді. Қытайлар қайта кетті: «Келесі жы­лы келеміз» деп. Нақты деректер кітаптың ішінде бар. Қытайдың императоры хат жазып: «Әй, Абылай, сен бай­қа! Мен сенің еліңді, жеріңді тып-типыл етіп жойып жіберемін. Сен менің әскерімді сөйтіпсің» десе, Абылай: «Біз сіздің әске­рі­ңіз екенін білмей қалыппыз... Жаңыл­дық!» деп жеті арғымақты сыйлыққа жіберіп, осылай Қытаймен мәміле жасас­қан.

– Қазаққа қатысты аңыз-әфсана­лар­дың негізгі арқауы ақиқат екенін кеңес кезіндегі саясат танытпай, кері­сінше, жағымды әңгімелерді жалғанға айналдырды ғой. Абылай төңірегіндегі аңыздардың тарихи деректермен сәй­кестігі жөнінен не айтуға болады?

– Мына кітапта аңыз – деректерді, дерек аңыздарды байытады. Екеуі екі шаруа деп бөліп тастаған жоқпыз. Екеуінің де анықтамасы бар. «Кітап – ғылыми зерттеу, аңыз – халықтың жадында, зердесінде қал­ған жақсы әңгі­мелер» деп түсіну керек. Содан кейін: «Абылайдың әке-шешесі кім? Оның әке-шешесі кім?» деген кездерде бір­талай дүдәмалдар бар. Сол дүдәмал­дар­ды, аңыз-әңгімелерді есептегеннің өзін­де тарих алдында Абылай бізден ұял­май­ды. Абылайдың істегенінің бәрі дұрыс. Дұ­рысы да – дұрыс, бұрысы да – дұрыс! Абы­лайдың биік бейнесі қазақтың көк­жиегінен төмендемейді.

– Дұрыс екен, Зарқын аға, түйін сөз, тілегіңіз...

– Тәуелсіздіктің 21-жылына қадам басып отырғанда келешектің талабы бөлек. Игілікті басталған жыл өзінің берекесін молайта берсін! Елімізге береке келсін! Ты­ныш­тық болсын! Үлкен-кіші аман болсын!

– Әумин! Рақмет сізге!

http://alashainasy.kz/person/30508/

0 пікір