Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4153 0 пікір 14 Ақпан, 2012 сағат 19:23

Ғалым Есмағамбет. КӨРГЕН ҚИЯМЕТ-ҚАЙЫМ

БК(б)П Орталық Комитетінің «Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы қаулысынан кейін А.А.Фадеевтің 1947 жылы маусым айында Кеңес Жазушылары Одағының ІХ пленумында жасаған баяндамасының «Сынның ұлт мәселесі төңірегіндегі қателіктері» деген бөлімінде Есма­ғамбет Ысмайыловтың «Қазақ совет әдебиеті» атты оқулығы мысалға алынып, ауыр үкім айтылған.

Содан кейін-ақ бұрын-соңды болып көр­меген қара құйын басталып кетті. Газет-журналдар Есмағамбеттің «қателіктерін» теріп айтуды азсынып, енді аумағын кеңейте бастады, біраздан соң бүкіл әдебиеттану төңірегінде жүрген­дердің еңбектері сүзгіден өтті де, 1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құрылғанына бір жыл ғана болған «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қа­теліктері туралы» қаулыға ұласты. Онда жалғыз Есмағамбет Ысмайылов қана емес, Әми­на Мәметова, Бейсембай Кенжебаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Темірғали Нұртазин, тағы басқа­лар аталып, қазақ әдебиеттану ғылымының ең өнімді де ойлы еңбеккерлері әуре-сарсаңға түсті де кетті.

БК(б)П Орталық Комитетінің «Ленинград» және «Звезда» журналдары туралы қаулысынан кейін А.А.Фадеевтің 1947 жылы маусым айында Кеңес Жазушылары Одағының ІХ пленумында жасаған баяндамасының «Сынның ұлт мәселесі төңірегіндегі қателіктері» деген бөлімінде Есма­ғамбет Ысмайыловтың «Қазақ совет әдебиеті» атты оқулығы мысалға алынып, ауыр үкім айтылған.

Содан кейін-ақ бұрын-соңды болып көр­меген қара құйын басталып кетті. Газет-журналдар Есмағамбеттің «қателіктерін» теріп айтуды азсынып, енді аумағын кеңейте бастады, біраздан соң бүкіл әдебиеттану төңірегінде жүрген­дердің еңбектері сүзгіден өтті де, 1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құрылғанына бір жыл ғана болған «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қа­теліктері туралы» қаулыға ұласты. Онда жалғыз Есмағамбет Ысмайылов қана емес, Әми­на Мәметова, Бейсембай Кенжебаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Темірғали Нұртазин, тағы басқа­лар аталып, қазақ әдебиеттану ғылымының ең өнімді де ойлы еңбеккерлері әуре-сарсаңға түсті де кетті.

Ең алдымен «оққа ұшқаны» Е. Ысмайылов болды. 1947 жылы 7 қазанда: «Институттың ең­бек­терінде және өзінің шығармаларында үнемі буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны сіңді­ріп келгені, институтты әлеуметтік-саяси жағы­нан жат адамдармен ластағаны үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет инс­титутының бұрынғы директоры Ысмайылов Е. жолдас БҚ(б)П мүшелігінен шығарылсын», деген шешім қабылданды (708-фонды, 11-байлам 145-іс, 16-бет).

Партия қатарынан қуылғандар үшін енді күн жоқ екендігі ол кезде айқын болатын, бірақ тап мынадай боларына қазір таң қалмасқа шарамыз жоқ. 1953 жылы Семей түрмесінде отырғанда септігі тиер ме екен деп А.Фадеевке өтініш хат жазыпты. Онда: «Менің қатерлерім және өзім­нің творчеством туралы Сізге жазған түсіндір­мемде, сондай-ақ 1948 жылы Сіздің қабылдауы­ңызда болғанымда ағымнан жарылып айтқан едім. Сіз менің сөзіме сеніп, маған айрықша қамқорлық көрсеткеннен кейін мен Мәскеуден бақыт құшағында зор шабытпен елге қанат­танып қайтқан едім. Алайда, Қазақстанда маған тыныштық бұйырмады: мен жасаған қателік­тердің ұсақ-түйегіне шейін көрінген жерде тілге тиек етіп, жерден алып, жерге салмаған кезі, ұрыспаған сәті, араша таламаған тұсы аз болды. Ақыры 1951 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі мені тұтқындады. Бес ай бойына тергеді. Тергеу орындарының көрсеткен қорлығы мен зорлығын айтуға дәтім бармайды. Өздерінің күні бұрын дайындаған протоколына қол қоймағаным үшін көрмеген теперішім жоқ, еске түсірудің өзінен қазір есім шығады», деп жазғаны бүгін айтылып-жазылып жатқандардың шындық екенін дәлелдей түседі.

Ғалымды не үшін, қандай күнәсі үшін сотта­ды екен деген ой маза бермеген соң, Есақаңның жесірі Шайзада жеңгейге телефон шалдым. Есақаң дүниеден өткеннен бері талай жинақта­рын шығарып жүргенде де, қолжазбаларын Қа­зақ ССР Орталық мемлекеттік архивына тап­сыр­ған тұста да сұрауға дәтім бармаған құжат­тарды шет жағалатып көріп ем, жеңгей қызы Шәрипамен ақылдасып көруге уәде берді. Ақы­ры біраз уақыттан кейін Есмағамбет Ысмайы­ловтың 1932-34 және 1951-54 жылдарына қатысы бар құжаттар қолыма да тиді-ау. Оның ішінде «Түрмеден шыққанда. 1933» деген жазуы бар бір кішкене фотосурет араласа жетті. Бұл Есақаңның өз аузынан естіген, бірақ қазір жадымда көмескіленген бір әңгімені ойыма оралтты. Оны қызы Шәрипаға телефон шалып айтып едім, бұдан хабары жоқ екен. Ал ол мынау еді.

ҚазПИ-дің студенті Е.Ысмайылов БК(б)П Өлкелік Комитеті мәдениет және насихат бөлі­мінің меңгерушісі Жанайдар Садуақасов­тың қолы қойылған сенім қағазбен Шығыс Қазақ­стан облысына мәдени-ағарту жұмысын жолға қоятын бригаданың құрамында 1932 жылы 3 маусымда жолға шығып, Алматыға 28 тамызда қайтып оралыпты.

Тегінде елден жайсыз хабар келген болу керек, оқудың басталып кеткеніне қарамай «Ысмайылов Е. жолдас «Социалды Қазақстан» газеті редакциясының тапсырмасымен Қараған­ды облысына (ол кезде бүкіл Сарыарқа Қараған­ды облысына кіретін, - Т.К.) командировкеге аттанып отыр. Е. Ысмайылов жолдасқа жұмыс­шы - ауыл тілшілерін, екпінділерді және «Социал­ды Қазақстан» достарын ұйымдастыру һәм өрістету міндеті жүктеледі. Барлық партия - совет және қоғамдық ұйымдар Ысмайылов жолдастың мойнына жүктелген міндетті орын­дап шығуына жан-жақты көмек көрсетулерін өтінеміз», деп редактор А. Бейсенов қол қойған сенімхатпен 1932 жылы 14 қыркүйекте жолға шығыпты.

Бұл тынымсыз жүріс із-түзсіз кетпепті. Мешін жылғы апат, яғни қазақ халқының 49 процентін, яғни 2 миллион 20 мың адамын қырып салатын ашаршылықтың әбден «дәуірлеп» тұр­ған кезі болатын. Тегінде, Бурабай курортына жылқышы болып ауысқан әкесінің жай-күйі мүлдем нашар болған сияқты. Ол кісі 1933 жылы мамыр айында қайтыс болғанын еске алсақ, әйтеуір бір қауырт құбылыс араласқаны айдан-анық. Осы жолсапарда елдің күйзелгенін, қырылып жатқанын көрген саналы азаматтың аузынан ашынған сөздің шығуы әбден ықтимал ғой. Есақаң аузынан шыққан ащы сөзді Семей жақта ма, әлде Қызылжар жағында ма, естіген біреу, әлде бірнеше адам Е.Ысмайыловтың үсті­нен арыз береді. Солардың біреуі Рамазанов деген 1952 жылы Есақаңның «атақты сотының» үстінде қайтадан шыға келіпті. Сонда жамандық ойлағанға аштық та күш көрсете алмағанын, со­ғыс­та да оқ тимегенін, ұяттан да өлмегенін кө­ріп, лағнет айтуға сөз таба алмай қалады екенсің.

Е.Ысмайыловтың 1952 жылы қазан айында СССР Жоғарғы Советі Президиумының төр­ағасы К.Е.Ворошиловқа жазған шағым ары­зының үшінші бабы түгелдей осы оқиғаға арналыпты.

«3. Рамазановтың «кеңеске қарсы әңгіме айтып, ұлтшыл топпен байланыста болды» деген жаласын мойындамаймын, өзімді кінәлімін деп есептемеймін. 1932 жылы Қазақстанда, әсі­ресе көшпелі аудандарында аштық болды, көп­теген қазақ аштан қырылды, қайғы-қасірет шекті. БК(б)П Орталық Комитеті аштықты ұйым­дастырып, елдің босып кетуіне себепші болған Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекинді және оның жандайшаптарын қыз­метінен босатты. Кейін олардың көпшілігі халық жауы болып шықты. Мен өзім студент әрі белсенді комсомолец болғандықтан ауылдағы жан түршігер аштықты көріп қатты ашынғанмын, Қазақстанда партияның ауыл шаруашылығы саясатын бұрмалап отыр дегенім бар. Менің Рамазановпен әңгімем осы рухта болса болған шығар.

Тексеруші Е.Соловьев осы факт төңірегінде мені 45 тәулік қинады да, тексеру протоколын өзінің қалауынша жазды. Мен осы кездегі жастығыма байланысты қатемнің саяси сипаты бар екендігін мойындағаныммен, Рамазановпен әңгімемді Кеңес өкіметіне бағытталған қастан­дық деп есептегенім жоқ және есептемеймін де», дегенінен Е.Ысмайыловтың 1932 жылғы аштық жайында ашына пікір айтқанын аңғарамыз.

Ал голощекиншілдер дәуірлеп тұрғанда ондай пікір айтқандардың жаза тартуы заңды да еді. Аштықтың алапат хабарын алғаш жеткізбек болған 28-дің 1931 жылғы хаты Мәскеуге кетіп бара жатқан жолда ұсталып, оған қол қойғандар үн-түнсіз қуғынға түскен-ді. Мәселен, Жақан Сыз­дықов Түркістанға аудандық газетке жіберілген болатын. Басқалары да осындай әртүрлі шара көр­ді. Ал студент Есмағамбеттің қызметінен тайды­рары болмағандықтан қара тізімге іліккені Рамазанов сияқтылардың көрсетуінен болса керек.

Е.Ысмайыловтың үстінен арыз берген Рама­зановтың өзі ме, әлде сол сияқты бір сұмырай ма, әйтеуір бірнеше ай түрмеде отырып шық­қаны рас. Оны бір әңгіме үстінде естіп, онша мән бере қоймағаныма өкініп те отырмын. Өйткені ондайларды қазбалап айтатын, ел үшін көрген қорлықтың тарих сахнасына қай­тып орала­тынын мен құрал­пылар ойына алып, сәуе­гейлік көрсетіп еді деп айта алмаймын.

Менің шамалауымша, Е.Ыс­майылов 1933 жылдың жазында түрмеге алынған сияқты. Алматыда ма, әлде елде ме, ол екі арасын анық айта алмаймын. Тіпті қажеттігі болса анықтау онша қиындыққа да түспейді. Голощекиннің ызғары тарқамай тұрғанда абақтыға алынып, Мирзоян келгеннен кейінгі жайма-шуақта жақ­сы­лықтың шеті көріне бастаған тәрізді. Өйткені, «Лениншіл жас» газеті редакциясының берген сипаттамасы 1933 жылы 13 қыркүйекте жазы­лыпты. Е.Ысмайыловтың қаламгерлігіне қатысы болғандықтан оны түгел келтірейін.

«Осы сипаттама берілді Ысмайылұлы Есма­ғамбет жолдасқа. Ол өлкелік комсомол газеті «Лениншіл жастың» екпінді қалам қайраткерінің бірі.

Бұл жолдас «Лениншіл жас» газетіне 28­-жыл­­дан бері тілші болып, түрлі саяси-шаруашылық мәселелері жөнінде мақала жаза бастады. Онымен бірге «Лениншіл жас» газеті арқылы жас қаламы ұшталып, әдебиет майда­нына араласып, комсомолдың жас жазушысы, ақыны болып тәрбиеленіп, өсіп келеді. Ж.Ысмайылұлының біздің газетке жазып, бастыр­ған­дарының ішінде таптық қырағылықты табанды, берік ұстайтындығын көрсетті. Ком­сомолдық салт-сана, пікір жүзінде жазғанда­рында ешбір солқылдақтық, табансыздық пікір сезілген жоқ», деп растайды «Лениншіл жас» басқармасы атынан Бөкішұлы. Тегінде мұндай сипаттама белгілі бір қиын жағдайға, яғни сот пен тексеру мекемелеріне керек болғанын аңғару қиын емес. Өйткені, таптық табандылығын қайталай беруі соны аңғартқандай.

Сондай-ақ, түп нұсқасы өзінде сақталған Қазақстан кеңес жазушылары ұйымының 1933 жылы 13 қыркүйекте берген мінездемесін де оқып көрейік. «Ысмайылұлы Есмағамбет жолдас ұлт пролетариат көркем әдебиеті майданында ерекше табандылық көрсетіп, социализм идея­сын қалың еңбекшілер арасына таратып, көпті партия ұранының төңірегіне ұйымдастыруда айрықша күш көрсетіп жүрген жас ақынымыз. Өлеңдер жинағы «Тұлпар жыры» деген атпен кітап болып басылды. Одан қалды партия баспа­сөздерінде үзбей жазып келеді. Қазақстан кеңес жазушылар одағының белсенді мүшесі. Жазған еңбектерінің салт-саналық беті дұрыс» деп ұйым­дастыру комитетінің жауапты хатшысы Әлібек Қоңыратбаевтың «Қазақстан кеңес жазу­шылары кеңсесінің» мөрін құшырлана басқаны, сөз жоқ, Е.Ысмайыловты бір пәледен құтқару үшін берілген құжат екендігін аңғартады. Көп қағаздың ара­сынан «Түрмеден шыққанда, 1933» деп шыққан бармақ басындай фотосуреттің әлі де болса айтары бар екеніне еш шүбә келтірмеймін.

1933 жылғы тұтқындалу Есмағамбет өмірінің алғашқы тауқыметі болса, онан кейінгі кезде де шекесі қыза қойған жоқ. 1934-1939 жылдары негізгі қызметі «Коммунист» журналында болғанымен, қазақ әдебиет сыны мен ғылымына іштарта берді. «Тұлпар жыры», «Еңбек жемісі», «Жаз еркесі» атты үш өлеңдер жинағын шығарған Е.Ысма­йылов: «Менің бұл творчестволық тәжірибем жал­пы поэзияға ешқандай үлес болып қосылма­ғаны­мен, екі түрлі міндет атқарған сияқты. Бірі - іздену, творчестволық барлау жасау, екінші көркем әдебиетті эстетикалық тұрғыдан түсінуге база жасау. Демек, поэзиядағы азды-көпті шәкірттік тәжі­ри­бенің өзі сынға, әдебиеттануға келер жолда­рымды кеңейтіп жібергендей болды», дегені осыған дәлел. Ара-тұра Қазақстан ұлт мәдениеті институтында ғылыми қызметкер қызметін қатар атқарып, 1939 жылы Ғылым академиясының филиалына бірыңғай ауысты.

Сын мен ғылым жолына Е.Ысмайылов он рет ойланып келген дарын. «Әдебиет салаларының ішінде сын ең қиын жанр екені жұртшылыққа белгілі. Бірақ қиын болса да қиып тастағың келмейді. Егер адам әдебиетті жан-тәнімен сүйетін болса, ол бұл қиын жанрдың ыстық-суығына да бірдей кө­нуге тиіс» деп білді.

Бұл пікірді Е. Ысмайылов 1947-1954 жылдарғы қуғын-сүргінді, абақтының азабын, тергеушінің қорлық-зомбылығын көргеннен кейін жазып отыр.

Сонымен, А.Фадеев 1947 жылы Е. Ысмайы­ловқа неге шүйлікті, тас-талқан етіп сынаудың аяғы қандай қуғын-сүргінге ұласты деген мәсе­леге барардан бұрын қалыптасып келе жатқан жайға көз сала кету қажет.

30-жылдардағы «зиялылар қырғыны» қаншама аумақты болса да, олар қалыптастырып кеткен көз­қарастар тарих пен әдебиет оқулықтарынан мүл­дем жойылып кете қоймаған болатын. С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұ­лан, Б.Кенжебаев, тағы басқа авторлар жазған еңбектер мен оқулықтарда қазақ халқының тарихы мен әдебиеті жайында айтылар ойлар, аттанар өріс негізінен дұрыс бағдарланып, бұрмалауға әлі ұшырай қойған жоқ еді. Соның дәлелі ретінде Е.Ысмайыловтың 9 және 10-класс оқушыларына арналған оқулығын мысалға келтіруге әбден бола­ды. Біздің қазір айғайлап айтып, жамырай жазып жатқан ой-пікірлеріміздің алғашқы сілемдері Ұлы Отан соғысына дейінгі еңбектерде, оқулық­тарда белгілі дәрежеде жүйелі баяндалғанын, тіпті сол көзқарас үшін сотталып отырғанына қарамастан принципті де өзекті мәселеде бір табан шегініс жасамағанын көреміз.

Ал ата-баба аруағын қадірлеу, елдің елдігін ардақтау, ұлы оқиғалар мен қайраткерлерді, әсіресе батырларды мақтан тұту И. В. Сталиннің Ұлы Отан соғысы басталғанда сөйлеген сөзінен кейін күшейе түскені әмбеге аян. Бірақ мәдени-әдеби және тарихи мұраны шынайы игерудің мүмкіндігі әсіресе қазақтар үшін ұзаққа бармады. 1943 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жазылған, одақ­тық ең мықты тарихшылардың күшімен, әсіресе академиктер Греков, Дружинин, Панкратова, Кучкин, Бернштам, Вяткиндермен бірге өзіміздің Әуезов, Мұқанов, Кенжебаев, әсіресе Е.Ысмайы­лов пен Ермұхан Бекмахановтардың ынтымақ-бірлігінен туған «Қазақ ССР тарихы» сталиндік сыйлыққа ұсынылып, ең ақырғы сатыға жеткенде өзінің шовинистік көзқарасынан айыға қоймаған қарт профессор А.И.Яковлев «орысқа қарсы жа­зыл­ған кітап» деп, сыйлық комитетінде мәлімдеме жасайды. Мұндай ойдың ойрандатқыш күші кейінгі талай жиын-мәжілістерде теріске шығарыл­ға­нымен, идеология саласына талақтай жабыса кетті. «Қазақ ССР тарихының» сыйлықтан қағылға­нын былай қойғанда, 1943 жылы 28 маусымда Е.Бекмаханов «Кенесары Қасымов бастаған қазақ­тар­дың ұлт-азаттық күресі (1837-1847 ж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауы мәселені онан әрі ушықтыра түсті. БК(б)П Орта­лық Комитетінде 1944 жылы мамыр-маусым айын­да өткен тарихшылар кеңесінде «Қазақ ССР тари­хы» - «орысқа қарсы жазылған кітап, өйткені онда Россияға қарсы ұлттық көтерілістер дәріптеледі» ал шындығына келгенде «отарлау-объективті тұрғыдан прогрессивті құбылыс» деген пікірлер айтылып, яғни, аяғы атақты Едігені даттайтын (09. 08.1944) қаулыға ұласып, ұлт республикала­рын­дағы ұлтшылдықпен күреу науқаны соғыс жылдарының өзінде-ақ басталып кеткен-ді.

Мұның аяғы тексіз космополитизмге қарсы күрес науқанына ұласып, ең бір сойқанды, қиратқыш күші бар «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы қаулыға жалғасты. Сол тұста «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателерді» түзету (19.01.47) науқаны басталды. Мәскеуде жел тұрса, Қазақстанда дауылға айналатыны белгілі. Жандайшаптық дағдымен есімізден адаса шаптық-ай кеп, дуылдадық-ау кеп, талайларды қисынсыз жерде соққыға жықтық-ай кеп. Оның аяғы «кінәліні» тәни жәбірлеп құртуға ұласты. Осы науқанның алғашқы құрбаны Есмағамбет Ысмайылов болды. Ол 1951 жылы 6 қарашада ұсталып, түрмеге жабылды, 1952 жылы 10 мамыр күні атақты 58-статьяның 10-тармағы бойынша 25 жылға сотталды, оны өтегеннен кейін бес жыл сайлау құқынан айырылатын болды, дүние-мүлкі конфискеленді.

Сонымен, ұсталғанның да, сотталғандардың да алды Е.Ысмайылов болды. 1952 жылдың қоңыр күзінен бастап Семейдегі № 7 колония­­ның қапасында зарықты.

Кезінде де, бүгінде де ел-жұртқа әйгілі болған «Бекмаханов ісі» ерте басталғанымен, шара қолданылуы кейінірек. Ерекеңді 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындап, 3 қарашада соттады.

Менің қолыма Е. Ысмайыловтың тергеу ісі толық тимегендіктен де болар, Есақаң ұзақ үнсіздіктен кейін тек 1953 жылдың қазанында ғана қолы­на қалам алыпты. Ол машинкаға басылған отыз бес беттік өтініш қана емес, ғылыми-зерттеу еңбегі ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының сол кездегі төрағасы К.Е.Воро­шиловқа жолданыпты. Осыншама кеш қимыл­дауына не себеп болды деген сауалға жауап іздеудің өзі оңай болмаса да жорамал жасаған­ның айыбы жоқ. Мен мұны Есмағанбеттің жасықтығынан «мен бір шіріген жұмыртқамын ғой» деген пиғылға түскендігінен дей алмай­мын. Оның ең негізгі себебі: өзі дімкәс адамның күш-жігерін қайтадан жинауға мұршасының болмағандығынан, әбден титықтап қалғанды­ғынан деп білемін.

Оған дәлел қайсы? Оған дәлел бар және ол өтініш-зерттеудің алғашқы бетінен-ақ көрінеді. Ең алдымен К.Е.Ворошиловке: «Мені Қазақ ССР Мемлекеттік кауіпсіздік министрлігі 1951 жылы қарашада тұтқындап, түрмеге жапты. МҚМ-нің тергеу органдары мен Қазақ ССР-нің Жоғарғы соты мені ұлтшылдық идеяны қазақ әдебиетінде насихаттадың, кеңеске қарсы бағыт­­талған әдебиетті сақтадың, жора-жолдаста­рыңның арасында кеңеске қарсы өсек тараттың деп айыптап отыр», деп алады да алғашқы үш бапты түгелдей түрмеде көрген қорлық-зомбылығын баяндауға арнапты. Егер ол қорлық-зорлық тек әшейінгі абақтының азабы ғана болса бір жарым жыл ішінде ұмытылып, негізгі әңгімеге көшер еді ғой. Өздеріңіз байқап көріңіздерші.

«1. Мені жеке камераға жапты. Тұтқындал­ған сәттен бастап мені күні-түні тергеуге алды, 16-18 сағат дем алдырмай, ұйықтатпай, маза бермей тергеді. Тергеудің осы тәсілі 140 тәулікке созылды.

2. Өзім дімкәс және мүгедек болғандықтан осы тергеу кезінде әбден арыдым, жүдедім, кейбір кезде ақыл-есімнен адасып қалып, еденге құлап түскен сәттерім көп болды. Міне осындай кездерде тергеуші Е.Соловьев күні бұрын дайын­дап қойған протоколға қол қоюымды талап етіп, есімді онан әрі шығарды.

3. Тергеуші Е.Соловьев тергеу кезінде ұрсып-сөгудің үстіне аузына келгенді іркілмей айтты, орыс тілінің лексиконындағы бар боқтық сөздермен балағаттады, намысыма тиді. Ол ол ма, тергеуші Е.Соловьев күні бұрын даярлап қойған тергеу протоколына тезірек қол қойдыру үшін мені қабырғаға теріс қаратып қойып, құлап түскенімше аяғымнан тұрғызып қойып жүрді. Әрине мұндай азаптау нәтижесіз болмады. Соның салдарынан мен «кінәлімін» деп тергеу протоколдарына қол қойдым. Мен жасаған қар­сы­лықтың бәрі ескерусіз қалған соң 206­­-статьяға қол қою кезінде өзімнің ой-пікі­рімді жазуға ұлықсат берулерін талап еттім. Протоколды ұсынған кезде қасымызда прокурор Курапов болды, пәлендей шағымыңыз болса сот мәжілісінде айтарсыз, әзірге мына 206-статьяға қол қойыңыз деп үгіттеді, сөйтіп ол да тергеу органдарының сөзін сөйлеп кетті. Менің қарсы­лықтарым мен талаптарым тергеу кезінде де, сот мәжілісінде де ескерілмей аяқ асты болды.

Қазақ ССР Жоғарғы соты мен жөнінде әділетсіз, имансыз үкім жасады және «тергеуші Соловьев жасаған айыптау қорытындысын сөзбе сөз қайталап шықты», дегендерден зәбір-жапа­ны ғана емес, жан шошырлық қиянатты көресің. Қазақтың үлкен мәдениет қайраткерлерінің жаны мен тәнін, адамгершілік ар-ұжданын шала сауатты қаныпезер Е.Соловьевтың қолына беруден өткен қандай қорлық болуы мүмкін.

Сонымен негізгі мәселеге, тағылған айып­тар­ға ойысайық.

Қандай кінә тағыпты? Оған қалай жауап беріпті? 35-беттің көлемінде тоғыз түрлі айыпты әшкерелеп, «өзімді кінәлімін деп есептемеймін» деген түйінмен бастайды да аяқтайды.

1.      «Кеңеске қарсы жазылған әдебиетті сақ­та­дың», деген айыпты мойындамаймын, өзімді кінәлімін деп есептемеймін, өйткені ондай әдебиет менде болған емес. Қазақ әде­биетінің зерттеушісі әрі тарихшы ретінде және өзімнің қызмет бабыма қарай мен буржуа­зияшыл-әдебиетшілердің шығармаларын оқып білуге міндеттімін. Мамандардың қайсысында болмасын Қ. Бальмонт, В.Соловьев, А.Белый, А.Аверченко, Мережковский сияқты буржуазия­шыл-керітартпа жазушылардың бірқыдыру шығармалары жеке кітапханаларында болуға тиіс. Менің де жеке пайдалануымда Қазақстанның советтік мемлекеттік баспаларынан шыққан буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылардың бірқатар шығармалары мен оқулықтары болды. Оны мен қылмыс деп есептемеймін.

2. Мен өзімді жора-жолдастар арасында кеңес­ке қарсы әңгіме айтып, өсек таратқан адаммын деп есептемеймін; Ұлы Отан соғысы жолдарында кеңес жеңілсе екен деп еш уақытта тілеген жоқ­пын, Коммунистік партия Қазақ­станда ұлт сая­сатын бұрмалап отыр деген емеспін; 1937 жылдан кейін буржуазияшыл-ұлтшыл С.Сейфуллинді және керітартпа ақындардың өне­­рін мадақтаған емеспін. Бұлар жөнінде қуә­лік берген Ш.Әбенов, X.Нариманов, Қ.Боран­баевтардың айт­қандары жала, өтірік және олар тергеу орын­дарының айтақтап азғыруымен ай­тып отыр» деп бет бақтырмайды. Және көпте­ген дә­лелдер келтіріп, әрбір айыпты жоққа шығарады.

Міне осындай дәлелдеу барысында Есақаң өзінің бұрынғы ғылыми тұжырымдарын қайта­лай пысықтаумен қатар жаңаша ой толғап, сот орындары мен біздің идеологиялық аппара­тымыз кінәлі деп тапқан өткен заманның ақын-жырауларын қызғыштай қорғап, ақтап шығады, толымды тұжырымдар түйеді, қомақты ойлар айтады. Өкінішке қарай, тергеу орнының өті­нуімен Е.Ысмайыловтың шыққан еңбекте­ріне, әлі жариялана қоймаған қолжазбаларына төрелік айтуға тиісті Қ.Жармағанбетов пен М.Ғабдуллин бірқыдыру жағдайда әділін айтпай күмілжіген­дерін де жасыра алмаймыз. Сарапшы комиссия­сы­ның қисайтқанын түзеймін деп отырып, Есақаң ғылым үшін талай құнды пікірлер ай­тып­ты. «Ғылым академиясының қызметкері болған­дықтан мен қазақ әдебиетінің тарихына қатысты қолжазбалардың кімнен түскеніне қарамай жинай беруге және институтқа қабыл­дата беруге тиісті болдым». Сондықтан Дулат, Шортанбай, Шөже, Жанақ, Түбектердің өлеңде­рін жинатқанын, сөз жинаушыларға хат жазып, мақала арқылы нұсқау беріп отырғанын жасырмайды.

Ал үшінші баптағы Рамазановқа байланысты әңгіме 1932 жылғы тұтқындалуы тұсында баяндалса, төртінші баптағы ең негізгі айыпты бәшайлай талдап, төрт бетке жазыпты: «Мен қазақ әдебиеті тарихын әдейі бұрмалап жазды, керітартпа ақындар мен кейбір феодалдарды әдейі мадақтап жазды деген айыпты мойын­дамаймын, ондай кінә менде болған емес», деп алады да сүбелі дәлелдер келтіреді.

Әдебиет тарихында қателіктер болса, оған алдымен ғылыми негізде, маркстік-лениндік жүйеде жазылған тарихтың болмағандығынан деп біледі. Тіпті ҚК(б)П Орталық Комитетінің хатшылары М.Әбдіхалықов (19.43) пен I. Омаров (1949) басшылығымен шыққан «Қазақ ССР тарихында» Кенесары Қасымов бастаған көте­ріліс оң бағаланып келеді.

Оның керітартпа қозғалыс екендігін айтып түсіндірген зерттеу, партия-совет органдары болған емес. Ал Бұқар, Шортанбай, Мұрат, тағы басқа ақын-жыраулар шындықты жырлағандар деп бағаланып келеді. «Көпшіліктің қателе­суі­нің, оның ішінде автор ретінде менің қателе­суім­нің ең негізгі себебі алдымен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты архивтың, нақты құжаттардың, нашар зерттелуінде, Қазақ­станда гуманитарлық ғылымның сонау Ломоносов, Белинскийден бастап, марксизм классиктері, қалыптастырған орыс гуманитарлық ғылы­мын­дай ғылым дәстүрінің болмағандығында деп білемін» деп орынды дәлел келтіреді. Соның өзінде де орыс ғалымдарының еңбектерінде қателіктер кездесіп жатады, бірақ оларды әдейі жасадың деп айыптауға бола ма?» деп қарсы сауал қояды. Мысалы, өзінің 1938 жылға дейін Кенесары көтерілісін керітартпа деп келгенін («Лениншіл жас», 18.09.38), ал 1938 жылы «Аги­тация и пропаганда РККА» журналының 9-санында профессор Шестаков орыс совет тарихшыларының ішінде бірінші болып Кене­сары қозғалысының ұлт-азаттық сипаты барын айтып, дәлелдегеннен кейін, жұрттың бәрі осы көзқарасқа ойысып, насихаттап кеткенін, тіпті Рязанов сынды орыс тарихшысы осы ойға 1930 жылдары келіп, үш том еңбек жазғанын дәлел­дей айтады. Не керек, беделді деген ғалымдар мен басшылардың 11 еңбегін атап көрсетеді. Осылардың өзі бүгінгі біздер үшін таптыр­майтын бұлақ көздері дер ем.

Және бір қайран қалатын жай, түрмеде отырып осы еңбектердің шыққан күні, жылына дейін, қандай көлемде екенін айтып беруі, оның үстіне өзінің 1931 жылдан бері жариялаған 95 еңбегі мен мақалаларын ойша тізіп шыққаны бәрімізге үлгі болғандай. Тарихты саналы түрде бұрмаламағандығын осылай баяндап келіп: «Тергеу орындары мен сарапшы комиссия ең алдымен менің жарияланбаған, ешбір газет-журналға ұсынылмаған мақалаларымның қол­жаз­басына шұкшия жабысты. Жарияланған мақалаларымда айтқан ойларыма назар аудар­мады», деген наразылығы түсіне білгендер үшін жанға бататын мәселе.

Сондай-ақ ол:  «Өткен    заманның    ақын-жы­рауларының өлеңдерінде және батырлық жырларында әрқилы көтерілістің   басшыларын    тарихи   қайраткер   және   батыр ретінде    ма­дақ­тап   жырлағандар   үшін   мен   тіптен   де айып­­ты  бола  алмаймын.  Оған  менің  қандай қатысым болуы мүмкін? Бұл жөнінен өзімді кінәлімін деп есептемеймін,  мойындамаймын»  деп  буырқанады  да,  ақын жыраулар жөнінде өзінің орныққан    көзқарасы барын дәлелдеп    шы­ғады.    Олардың    творчествосын    зерттеу кешеуілдеп жатқанын айта келіп:    «Қазір тергеу орындары мен сарапшы   комиссия   қаламда­ры­ның   ұшымен өткен заманның ақын-жырау­ларының бәрін керітартпа, сондай-ақ   эпикалық   поэмалардың   кейіпкерлерін   (Қобыланды, Ер­тар­ғын, Алпамыс, Қарасай-Қазы, Қыз Жібек, Қозы-Көрпеш) және әр түрлі   көтерілістердің   қол­басшылары мен   тарихи   қайраткерлерді (Абылай,  Қабанбай,  Бөгенбай, Жәнібек,  Сырым,  Исатай, Жанғожа, Есет, Бекет, Көтібар, Досан, т.б.) керітартпа,  елге қас халық жаулары қылып шығарып отыр. Осындай дөрекі позицияның негізінде тексеру орындары менің кейбір эпикалық поэмалар және әрқилы көте­рілістің басшылары (Кенесарыны былай қой­ғанда) жөніндегі айтқан ойларымды ұлтшылдық бұрмалау деп тануда. Бұл айыпты мойын­дамаймын, өйткені Қазақстанның және қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі мәселелер әлі күнге дейін жан-жақты айтыс пен талқылаудың обьектісі болып келеді», деп талай құнарлы ойлар толғайды.

Тергеу орындары мен сарапшы комиссия­сының кейбір ақын-жазушы творчествосы жөнінде әдейі қыңырайта айтқан орынсыз пікіріне қарсы дау айтады, өз түсінігін, өз болжа­мын ұсынады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1857-1931), Нармамбет Ормамбетов (1860-1918) тура­лы оқулықта жазған пікірінен безбейтіндігін тұжыра айтады да, Омар Қа­ра­­­шевқа кеңірек тоқталады. Мұны сот орнына беріп отырған түсіндірме деу қиын, қайта түрмеде жүргізген ғылыми-зерттеу десе орынды. Және сол кездегі көзқарастың тап бүгінгі біздің таным-білігі­мізбен қабысып жатқанын көреміз.

«Тергеу орындары, сондай-ак X. Бекхожин мені буржуазияшыл ұлтшыл ақын Омар Қара­­шевті әдейі мадақтап насихаттайды деп айып­­­тады. Мен айыптаудың мұндай түрін мойын­­­даған емеспін және мойындамаймын да», деп шамырқанып алады, өз түсінігін тарамдата баяндайды. «Омар Қарашев (1876-1921) шығар­­ма­­­шылығында қайшылығы көп аса көрнекті ақын. Жас күнінде діни мектепте оқып, 1905 жылға дейін ишан (діни лауазым) болып жүреді де, бірінші орыс революциясының (1905) ықпа­лымен ағартушылық жолға түседі, тіпті мешіт жанындағы медреседе (мектепте). Қазақ балала­рына білім беру үшін орыс мұғаліміне сабақ бергізгені үшін өзінің діни атағынан (ишан­­дықтан) айырылады. Міне, осы кезден 1917 жылға дейін өзінің шығармаларын өндіре жазып жариялайды, халықтың қараңғылықта, надан­дық­та келе жатқанына налиды, орыс мәдениетін игеруге үндейді, сонымен қатар патша әкім­­шілігінің, болыс-билердің, қанаушы тап өкіл­дерінің әділетсіздіктерін қатты сынға алады.

1917 жылы буржуазияшыл ұлтшылдық соқ­­па­ғына түсіп, алашордашыл болады; 1918 жылы социалистік революция жағына шығады. 1919 жылы Коммунистік партияның қатарына өтіп, кеңестің белсенді қызметкері болады. 1921 жы­лы астық дайындау науқанында жауапты қызметкер ретінде уәкіл болып жүргенінде ақ бандылардың қолынан қаза табады. Осы айтыл­­ғандарды дәлелдейтін мысалдар оның творчес­твосынан ап-айқын көрінеді.

В.И.Лениннің Л.Толстой қайшылықтары жө­­нін­де айтқандарын негізге ала отырып, сондай-ақ орыс әдебиетшілерінің    А.Блок,    В.Брюсов, та­ғы басқа үлкен идеялық қайшылықтарға ұрынған ақын-жазушылардың өнерпаздығын зерттеулеріндегі ғылыми тәжірибелеріне сүйене отырып, мен өзімнің оқулығымда О.Қарашев шығармашы­лығының мықты жағын да, осал жағын да ашып көрсетуге талаптанғанмын. Алай­да, қайталап айтамын, Қарашевқа арналып жазылған бөлім онша сәтті емес, қателігі бар деп білемін және қазақ әдебиеті жөніндегі оқулықтың авторы болғандықтан, оның шығар­маларын талдаған сәтте  Қазақ ССР оқу-ағарту министрлігі бекітіп берген программаның (1939) және ақын шығар­ма­ларының тізімі аясы­нан шыға алмағанды­ғымды, оның үстіне  Қа­зақ­­­стан  жазушыларының ІІ съезінде және «Қазақ ССР тарихында» (1943) Қарашевты қазақ әдебиетінің классигі, ағартушы («Әдебиет және искусство» журналының 1939 жылғы 7-санын қараңыз) деп бағалаған пікірден басқаша пайымдауға бара қоймағандығымды мойындаймын.

Қарашев жөніндегі шындықты және менің қателігімді анықтау үшін казақ әдебиет оқулы­ғы­ның (1943-1946) тарауын, қысқаша өмірбаян­дық анықтаманы және «Омар Қарашев» деген атпен орыс тіліне аударылған өлеңдерінің қолжазбасымен (33-бет) танысуға болады, ол қолжазбалар Қазақ ССР мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігіндегі менің ісімнің арасында жатыр» дегенін қазір мықтап тұрып ескеру керек. Өйткені, мұнда ғылыми тұрғыдан да, Омардың мұрасын жинау ретінен де бірқыдыру қызықты ой айтылып қана қоймайды, талай құнды құжаттардың шеті көрініп тұр және оларды іздестіру қажеттігі айқын сезіледі.

Өтініш-зерттеудің жетінші бабында тергеу орындары мен сарапшы комиссия Е. Ысмайы­лов­тың қолжазбаларынан тек қаралайтын дерек іздегенін ашына жазыпты. Қазіргі біздің оңға бұрылған қадамымыздың алғашқы сүрлеуі Е. Ысмайыловтың сол кездегі ізденісінен көрінеді, өнімді де өрісті ойлармен толыса түседі.

Әрине, деп бастайды келесі әңгімесін, - менің алғашқы жазбаларымда, өзім әлдеқашан ұмытып кеткен шимайларымда қайшылықты пікірлер, қате ойлар, айтылу, жазылу жағынан түрлі  кем-кетіктер кездесуі ғажап емес. Міне сондықтан саналы түрде Аймауытов және сол сияқты буржуазияшыл ұлтшылдарды әдейі мадақтады деген айыпты қабылдамаймын, теріске шығарамын. Сонымен қатар, менің қолжаз­бамның алғашқы нұсқасында буржуазиялық обьективистік сипаттағы ой-пікірлер кездесетінін жоққа шығармаймын. Бұл, әсіресе, Ай­мауытов, Әуезов, тағы басқалардың кейбір шығармалары жайында болса керек.

Ал Смағұл Садуақасовқа келетін болсақ, оның жөні бір басқа. С. Садуақасов кезінде республиканың жауапты қызметкерінің бірі (ВЛКСМ өлкелік комитетінің хатшысы, Оқу-ағарту халық комиссары), жазушы, әдебиет сыншысы болған адам, 1934 жылы коммунист күйінде өз ажалынан қайтыс болды. С.Са­дуақасов өзінің творчествосында ұлтшылдық сыңайдағы идеялық қателер жібергенімен, жас қазақ совет прозасының негізін қалаушылардың бірі болды, оған 1920 жылдардың бас кезінде жазған «Салмақпай», «Күлпәш», тағы басқа повестері дәлел. Мен қазақ совет әдебиеті тари­хының очеркіне арнап жазған қолжаз­бамның алғашқы сұлбасында ол жайында қысқа және сыни тұрғыдан пікір айтқан болатынмын. Тергеу орындары Садуақасовты халық жауына айнал­дырып алды да, содан кейін мені оны дәріптеді деп айыптап отыр.

Әрине, мен оны мадақтайын деген жоқпын, шығармашылығының тәуір және осал жағын көрсете отырып, ол жөнінде бар шындықты айтып беруге талаптандым. Алайда, менің осы адал көңілім қағазға түскенде, әдеби тұрғыдан дәл және айқын баяндалмаған сияқты», - деп «мойындауы» өзінің негізгі ой-пікірін жан-тәнімен қорғай білген ғалым келбетін танытса керек. Жазғанымның бәріне жауап­тымын деген ойдан Есақаң бас тартқан емес.

Тергеу барысында, сот мәжілісінде тағылған айыптардың бір де бірін  мойындамай,  әй­­­те­уір    ұлтшылдық деген бір пәлені жалпыла­ма ай­тып жатыр ғой, өзім ұлт мәдениеті мен әдебиетіне қызмет етіп жүргендіктен, соның өзі ұлтшыл­дықтың    белгісі шығар деген оймен ұсақ-түйек бірдемелерді өзіне кінә деп мойындағаны болмаса, басқаның бәрін  жоққа шығарып отыр­ған. «Қайтсем жаным аман қалады» деп жалы­нып-жалпайып жазған өтініш емес,    түрмеде отырып    ешбір архивсіз, құжатсыз ой жүзінде жүргізген    зерттеу жұмысы бұл. Әрине, техника ғылым­дарының өкілдері түрмеде отырып жаңалық ашып­ты, ақын-жазушылар көркем шығарма жазыпты дегенді естігенімізбен, әдебиетші ғалымдардың ішінен Е. Ысмайылов секілді зерттеу жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиетінің    өткен өкілдерін жан-тәнімен қорғауы қазақ қауымы алғаш көріп отырған құбылыс екеніне дау бол­масқа керек. Өзі сотталып отырған адам әр сөзі үшін қосымша жауап беретіндігін білгендіктен шүбә тудырмайтын, екі ұшты мән бермейтін ой-тұжырымға    барған.  Сондықтан,    еңбек сүбелі    болып шыққан.

Өтініш-зерттеуде атап керсетілген тоғыз мә­се­ленің екеуі айыптан ақталу емес, ой жарыс­тыру, пікір таластыру, айыптаушылардың әділет­сіздігін әшкерелеу, қате басқан тұстарын көр­сетіп, өз өресінің биіктігін, шын ғалым екендігін дәлелдеуге арнапты.

Комиссияның әділетсіз қорытынды шығарға­нын ел алдында, әсіресе ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының алдында дәлелдеу үшін  ғалым:  «Патша үкіметі 1830 жылы қазақ даласындағы құлдықты жойды деген сауатсыз есуас қорытындысына қалай сенгендеріне таңым бар, дейді. - Өзіңізге белгілі, біріншіден, ол кезде қазақ қауымында ешқандай құлдық институт болған емес; екіншіден, самодержавиелік Россия­да крепостнойлық құлдық әбден дәуірлеп тұрды ғой. Өзіңіз ойланып көріңізші, халқының 90 процентін крепостнойлық құлдықта ұстап отырған жендет I Николай қазақ халқына қандай жақсы­лық жасай қоймақ еді», деген ойын зор ұлтжанды екпінімен жеткізген.

Өтініш-зерттеудің тоғызыншы және ең соңғы бабында «саяси екіжүзділік жасады» деген айып­тың тас-талқанын шығарып, өмір бойы жазып келгенінің бәрі советтік түсінік деңгейінде бол­ғанын айтады да, газет-журналда әр кезде жарияланған 95 мақаласын, еңбегін ойша жазып шығыпты. Айыптау үкімінің әрбір тарауына үңіле карап, ғылыми талдау жасауы, сөз жоқ,   Е.Ыс­майыловтың адам айтқысыз теперіштен, қорлық-зорлықтан кейін тарихи жадын мықтап сақтағанын, тіпті бұл дүниеде ғылымнан басқа іңкәрі жоқ жан екендігін көзге елестеткендей.

Е.Ысмайыловтың бұл ғылыми-зерттеу еңбегіне біз әлі талай рет назар аударатын боламыз. Енді ұзақ-сонар әңгімені К.Е. Ворошиловқа үміт арта жазған мына жолдармен аяқтайық.

«ССРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Төр­ағасы азамат! Сізге өз ісімнің бар мән-жайын айт­қанда, сүттен ақ, судан тазамын, ешқандай кінәм жоқ демеймін, өзімнің әдеби қызметімде жіберген дөрекі ұлтшылдық қателіктерімді жоғарыда баян­дадым және сол үшін бірнеше рет жазамды алдым да тарттым (қызметтен қуылдым, партиядан шығарылдым). Оның үстіне тұтқындалғаннан бері мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігінің ішкі түрмесінде бір жылдан аса жаттым. Енді Семейдегі № 7 еңбекпен түзеу колониясында бір жылға жа­қын отырмын. Сол уақыт ішінде өзімнің жасаған қателіктерімді ой жүзінен өткізіп, өзімді өзім іштей мүжіп азап шегудемін, арып-ашудамын.

Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігінің тергеу орындары мен Қазақ ССР Жоғарғы соты атап көрсеткеніндей мен совет қоғамы үшін жоғалған адам емеспін. Советтік Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінің ілгері дамуы үшін көптеген таңдаулы еңбектерім өзінің пайдасын осы уақытқа дейін тигізіп келді және келешекте де тигізе береді. Қазақ әдебиеті тарихы жөніндегі оқулық авторының идеялары одан әрі пайдаланылатынына көзім жетеді және солай болатыны ешкімге де құпия емес, өйткені менің оқу­лығымда және басқа еңбек­терім­де көп материалдарды бірінші игеріп, ғылыми тұжырымдар жасағанмын. Сондықтан қазақ совет әдебиетіне және совет дәуіріндегі қазақ фолькло­рына арналған кейбір зерттеу­лер мен диссертациялар менің еңбектерімсіз жазылмайды, ондағы идеяларды пайдаланбай отыра алмайды. Ең со­ңында, менің «Жамбыл және ақындар шығарма­шылығындағы эпикалық дәстүр» деген моногра­фиялық зерттеуім республиканың мәдени құры­лысына айрықша қажетті және актуальды еңбек екенін айтпай тұра алмаймын. Оның қолжазбасы Қазақ ССР мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігінің архивінде өзінің аяқталуын және баспадан кітап болып шығуын күтіп жатыр. Өзімнің тәуір және адал еңбектеріммен біздің елде социалистік мәдениеттің онан әрі өркендей беруіне үлкен пайда келтіре алатыныма көзім жетеді, ол үшін маған сенім көрсетіліп, әдеби жұмыспен шұғылдануыма мүмкін­дік берсе жетіп жатыр», - деп жазуы ар-намысы биік деңгейдегі жанның кісілік қалпын көрсететіні хақ.

Е.Ысмайыловтың мұнан кейінгі екінші хаты 1953 жылы 5 желтоқсанда Александр Александрович Фадеевке жолданды. Оның мазмұнына қара­ғанда ССРО Жазушылар одағының басшысынан гөрі оның адамгершілігіне көбірек жүгінгенін көреміз. «Орыстың классикалық әдебиетін жаса­ған жазушылардың басым көпшілігі адамға жақсылық ойлап, қол ұшын беруден тартынбаған, гуманизм оларға әлдеқалай жолдан кезіккен құбылыс емес, қандарына сіңген қадірлі қасиет болатын. «Сіз Александр Александрович, әлемге аты тараған жазушы және орыстың классикалық әдебиетіндегі гуманистік дәстүрді жалғастыру­шының бірі ретінде менің осы өтінішімді жана­шырлық пиғылмен қабылдайды ғой деп отыр­мын», деп бастағанында көп ой бар. Іс басында қалқиып отырған төре мен жапалақтардан еш қайыр күтпейтінін осы бір ауыз сөзбен сездірген. Өйткені, бұлай деуге Е.Ысмайыловтың мықты дәлелі де бар.

1947 жылы А.Фадеевтің сынына іліккенін, одан кейін қабылдауында болғанын, дуалы ауыздан шыққан жайсыз сөздің жайратқыш күші мейлінше күшті екенін көріп-біліп отырған ғалым өзінің өмір жолы мен шығармашылығын К.Е­.Вороши­ловқа    жазғанындай тарата баяндамай «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» сығымдай жазған. Өр кеудесін бастыратындай пиғыл байқатпайды, өзінің теңімен сөйлесіп, табандылығы мен дәйектілігін дәлелдей түсуге ұмтылған, кімге жазып отырғанын бір сәт есінен шығармаған.

«ҚК(б)П Орталық Комитетінің насихат бөлі­мін­дегі кейбір қызметкерлер әдебиет мәселесінен хабары жоқ, әкімшілік іске әр түрлі қылықпен жанасып жүрген Исабеков, Қайыргелдин сияқ­тыларды, сондай-ақ Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Оңдасынов он жыл бойына Абайдың скульптуралық ескерткішін орнату жөнінде (мұндай мәселе көрші Өзбекстанда тез және оп-оңай жасалады) ештеңе істемегенін сынап жазғанымды тергеу органдары партия­ның ұлт саясатына жабылған антисоветтік жала деп есептейді», дегеннен немесе: «Александр Александрович, совет әдебиетінде сын жанры нашар дамып отырғанын жақсы білесіз. Сын Қазақстанда онан да күйсіз. Профессионалды әдебиет сыншысы болу өте қиын. Жазушы­лардың көпшілігі сынды сүймейді. Қазақ совет әдебиетінің өзекті мәселелері бойынша принципті сын жазғанымда талай жазушының ертоқымын бауырына алып тулағанын көрдім. Өкпелеп қалған жазушылар мені талай рет қуғын-сүргінге салды, енді олардың қайсыбірі тергеу орындарына оп-оңай жем беріп отыр. Оның үстіне маған Қазақстан жазушылары арасындағы принципсіз жікшілдік те оңай соғып отырған жоқ», дегенінен біраз сырды аңғарып алуға болады. Мұның үстіне мынадай сенімін қайда қоямыз (әдейі орысша келтіріп отырмын): «Я никогда не верю в то, что мне, больному человеку, инвалиду, имеющему на своем иждевении 4-х несовершеннолетних детей, суждено навсегда погибнуть. Отбывая 25-летний срок наказания я не теряю надежды на справедливость и великодушие родной советской власти, которая была моим отцом и матерью», дегені, сөз жоқ, рухы күшті, келешекке сенімі мол адал адамның аузынан шығатын сөз.

А.Фадеевке жазған хатында өз рухының мықтылығын таныта білгені жан жүйеңді босатқандай. А.Фадеевке дейін Қазақстанның ешбір ақын-жазушыларына хат жазбағанын, олар өзінің кінәсіз таза, адал адам екендігіне шүбә келтірмесе де, қиын-қыстау күнде қол ұшын бере алмағандығын, қуғын-сүргіннен үркіп қалған­дарын, тек өзіне ғана хат жазып отырғанын ашық айтады.

«Дорогой Александр Александрович, мне трудно вам изложить обо всем пережитом мною. Особенно трудно мне передовать Вам, что значит остановить кипучую творческую деятельность писателя. Как известно, свобода личности взаимообусловлено свободой творческой деятельности человека, мне как, человеку находящемуся в заключении самым дорогим во всем является свобода.

Клянусь честью советского писателя, клянусь именем своих родных детей в том, что воспользуясь этой свободой, если она представится мне, я могу показать и доказать своим творчеством и своим честным трудом, преданностью делу коммунизма в нашей Родине», деген жан сөзі талай тас жүректі жібітіп, ойландыратыны сөзсіз. Осы хаттар, өтініш-зерттеулер аяқсыз қалмады. Е.Бекмаханов ісі бұзылғаннан кейін басқаларға да жылы шуақ жете бастады.

Есақаңның осындай өтініш хаттары «ірілерді» іздеп жүргенде, үйдегі адал жары Шайзада сот, прокуратура орындарына шағым үстіне арыз, өтініш жазып, мазаларын ала беріпті. Алғашқы қуаныш лебізі ССРО прокурату­ра­сынан № 13 (2-1072-54) санмен 1954 жылдың 19 маусымында Алматыдағы Калинин көшесінің 75-үйі, 38-пәтеріндегі Шайзада Ысмайыловаға жетті. Арнайы істер жөніндегі бөлім басты­ғы­ның орынбасары Тюфаев 1954 жылы 12 мау­сым­да Есмағамбет Ысмайыловтың қылмысы дәлелден­бе­гендіктен толық ақталғанын хабарлапты.

Түрмеге түсу оңай болғанымен, одан шығу онша жеңіл болмаса керек. 1954 жылдың 23 тамызында, яғни ресми ақталудан бір ай он бір күннен кейін Есақаң қолдан жасалған тамұқтың есігінен шықты-ау әйтеуір. Алматыға жеткенше де бір жұма уақыт шығындады.

Азаттықтың ауасын қаншама құштарлана жұтқанымен өмірдің толып жатқан қиястығы Есақаңды мықтап-ақ тосып тұрған екен. Тіршілік өзінің өктемдігін жасады. 1949 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясынан жік-жапар болып әрең сұрап алған Қазақ университеті Е.Ысма­йылов сөзге ілігіп, жағдайы қиындай бастағанда «университет атына кір келтіріп жатқан» доценттен тез құтылудың шарасын ертерек ойластырыпты. Жүріп жатқан саяси науқанды «әдейі ұмытып», 1951-1952 жылға педагоги­калық міндеттеме жетіспегендіктен қызметінен қысқартылады деп 1951 жылы 23 маусымда КЗОТ-тың 47-статьясының «А» тармағы бойынша бұйрық шығарды да, босаған орынға 3.Қабдолов, X. Сүйіншәлиевті толық, 3. Ахметовті 0,5 ставкаға алады. Шыдамсыз жалған бұйрық тез бұзылып, енді 28 қыркүйекте әлгінің «Ж» тармағымен тағы да жұмысынан босатылады.

Абақтыдан әбден ақталып шыққан азаматты аялап қарсы алудың орнына, пысыққайлар оны ҚазМУ маңына жақындатпауға жан салыпты. Осындай кедергіге кездескен соң Е. Ысмайылов ССРО Жоғары білім министрі Столетовке, Елютинге, Алматының облыстық, Фрунзе аудандық соттарына шағынуына тура келді. Және де саяси айыппен сотталғанымды ескеріп, өз еркімнен тыс бос өткізген күндерімнің ақысын төлеңдер деп талап қояды.

Ал 50-жылдың орта тұсында еліміздің ішіп-жемі жетісе бермегені және сот үкімі бойынша бары-жоғы конфискеленіп кеткен пендеге әрбір тиын-тебеннің тұтамы ту биеден қымбат бол­ғаны белгілі. Осыны сезбеген, түсінбеген жандар Е.Ысмайы­лов­ты біраз тентіретті. Зордың күшімен жыл аяғында Тіл және әдебиет институтына әзер орналасты.

Мен ол кезде ҚК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында қызмет істеп, совет әдебиетінің алғашқы кезеңі жайында, ұмытылып бара жатқан Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов, одан кейін Саттар Ерубаев туралы мақалалар жазып жүретінмін. Солардың қайсыбіріне Есақаңның көзі түсіп, 1958 жылы басылып шығатын «Қазақ совет әдебиеті тарихы очеркінің «қолжаз­басын талқы­лауға шақырды да, аяғын аспирантураға түсу ұсынысымен аяқтады. Сөйтіп мен Е.Ысмайы­ловтың жетекшілігімен «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәсе­лелер (1917-1929 жж.)» деген тақырыпта канди­даттық диссертация қорғадым. Онан кейін қарамағында ғылыми қызметкер болып, дүниеден өткен 1966 жылға дейін бірге болдым.

Мұның бәрін айтып жатқаным, А.Фадеевке жазған хатындағы жалғыз тілегі - азаттыққа шықсам аянбай еңбек етер едім дегеніне куә болдым. Совет әдебиеті бөлімінің меңгерушісі болғандықтан Есақаң «Очеркті» әуелі Алматыда қазақша, орысша шығару, одан кейін М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтымен бірігіп Москвада шығару ісіне жан аямай басшылық етті. Түрменің архивінде жатқан қолжазбасын әуре-сарсаңмен әзер алғаннан кейін оны 1956 жылы «Ақындар» деген атпен жариялады. Қай­тадан өңдеп, толықтырып орыс тілінде шығар­ғанда, Бүкілодақтық әдебиеттану    ғылы­мының    өкілдері советтік фольклористикаға қосыл­ған зор үлес деп бағалап, Е.Ысмайыловқа филология ғылымдарының докторы деген атақ берді.

Қазақ әдебиетінің даулы мәселелеріне арнал­ған 1959 жылғы мәнді конференцияны дайын­дап, өткізушілердің бірі де Есақаң болды. Сол кезде сырттай байқаған адам Есақаңның айрық­ша құмарлықпен жаныға қызмет етіп жүргенін байқар еді. Ол кісі үшін күн мен түн­нің, жұмыс күні мен мейрам, демалыс күн­дерінің ара-жігі болмайтын. Оған толып жатқан дәлелдер бар. 1958 жылы 6 қараша күні кешке таман немере інісі Мүтәлләп Нұртазинді жіберіп, тез келсін деп хабар айтты. Біздің үйде ертеңгі ұлы мерекенің құрметіне дос-жарандар бас қосып, дуылдатып жатқанбыз. Ертең сағат тоғызда бармаққа уәде бердім. Парад болатын күні опера театрының маңындағы Есақаң пәтеріне өтер жол таба алмай қатты қиналдым. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде сағат он бір шамасында жеттім-ау. Тұңғыш келуім, имене есік қақтым. Есақаң ашты да: «Уақыты көп адаммен сөйлес­пей­мін», деп ішке кіріп кетті. Менің бір аяғым табал­дырықты аттап үлгерген күйде әрі қарай кірер-кірмесімді білмей аңы­рып қалып ем, ас үйден шығып келе жатқан Шайзада жеңгей кіргізіп алған-ды.

Үш отбасыға ортақ төртбақ коридордан өтіп, аядай бөлмеге кірдім. Дөңгелек үстелдің бір жақ шетіне жүрексіне отырдым. Жеңгей дастарқан жайып, азанғы тамақтарын жайғастырып жүр. Есақаң ішкі бөлмеге кіріп кетіпті. Бәрі реттелген соң жеңгей мені жоғарырақ отырғызып:

- Есет-ай, Есет, оразаңды аш, тамақ дайын,- дегені жауапсыз қалды.

Едәуір уақыт өтті, құйылған шай сууға айналғанда жеңгей қатқылдау сөйлеп:

- Неменеге қадалып қалдың, Есет,- деген кезде екінші бөлмеден шығып, өкпелеген адамдай үстел жанына сұлық отыра кетті. - Сен де қызықсың өзің, мына бала пысық екен, бүгін біздің үйге келу қиямет екенін талай көрдің ғой, өз үйіңе өзің өте алмағаныңды ұмыттың ба, сен, Есет?- деп бәрін жуып-шайып жатты. Сол кезде Есақаң:

- Әуелі адам болып алмай, той-томалақ дегеннің не керегі бар, - деп танауының астынан бұрқ ете түсті. Сонда «күйіп» бара жатқан шаруа­сы - менің диссертациямды оқып, соған өзінің ақыл-кеңесі мен ескертпесін айту екен.

- Мына мереке күндері қолың бос, өндіре еңбек етіп   тезірек   қорғаудың   қамын   ойлас­тыр­майсың   ба? - деп, жіби сөйлегені әлі күнге дейін құлағымда тұр.

Мен бұл тарихты Есақаңның жұмыс істеу машығын көрсету үшін ғана емес, «азаттыққа жетсем, аянбай еңбек етер едім» деген сөзін жұтпа­ғандығының мысалы ретінде айтып отырмын.

Зейін Шашкин екеуміз «Социалистік Қа­зақ­стан» газетіне Есақаңның елу жылды­ғына арнап 1961 жылы мақала жазбақшы болдық. Оның алғашқы вариантын мен түсіруге міндеттендім. Жаза бастағанда Есақаң маған алпысқа келіп қалған адамдай болып көрінді де, өзімнен-өзім күдіктеніп, Зейін ағайға телефон шалдым.

- Бала, сенің түсінігің шатастырып отыр. Мен дәрігермін ғой, оның психологиялық сырын жақсы білемін. Есет 60-та емес, небары 50 жаста. Орасан көп еңбек етіп, шығармалары үсті-үстіне шығып жатқан, әсіресе, мектеп оқулығын жазған адамдар әрқашан ересек болып көрінетін әдеті. Сол түсінік қой сені шатастырып отырған. Есет 50-де, түйдей құрдаспыз,- деп мені оң жолға салып жібергенін де еске ала кетейін.

Бұл эссе талайдан бері мазаны алып жүрген дүние еді. Өйткені, қияс заманнан зәбір-жапа көргендердің өзі, өзі жоқтардың бала-шағасы, жақын туысы бәрін ашып жазып жатқанда менің мойнымда бір зіл қара тас байлаулы сияқты болып жүретін. Оның не екенін анық білмейтінмін. Соны «Литературная газетадағы» мақала еске түсіріп, Есақаңның ескі ісін жедел жаз­дырып отыр. Бүгін сол бір міндеттің үдесінен шығып, жеңілдеп қалғандаймын.

Әрине, мен қуана қоярлық хикая жазып отыр­ған жоқпын, алайда елінің мәдени мәр­тебесі, халқының ар-намысы үшін бойындағы бар ақыл-парасаты мен дарынын аямаған, сол үшін азап-бейнет шеккен қайраткерді қалай қастерлеп, мадақ етсек те артық емес. Есмағамбет Ысмайылов сынды ер азаматты, табанды жауынгер сыншыны, білікті ғалымды құрмет тұту, әсіресе, кейінгі ұрпақтың зор адамгершілік парызы.

Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, профессор.

АЛМАТЫ.

http://www.egemen.kz/?p=322983

0 пікір