Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 5053 3 пікір 9 Желтоқсан, 2020 сағат 13:14

Кадр саясатына әділдікпен қарау қажет

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев,

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мырзалардың назарына!

Заманымыздың ғұлама жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Тəуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу - біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз» деген болатын.

Әзірге, сыртқы елдермен саясатымыз жаман емес, Қазақстанға алакөзденіп, өшігіп, отырған ел жоқ.

Бірақ, ішкі алауыздығымыздың барын жасыра алмаймыз. Әділетсіздік болған жерде, наразылық туады, наразылық шешілмесе, алауыздыққа апарады, алауыздық текетіреске, текетіресті тоқтатпасақ түбі толқуға, толқу Тәуелсіздікке қатер төндіреді.

Сондықтан да, билік басындағы басшылардың әрбір шешімі әділетті, заңды болуы керек. Ал кадр саясатында өте жауапты, жан-жақты болған абзал. Халық бәрін біліп, көріп отыр. Ендігі жерде жергілікті білімді де білікті мамандар бола тұрып, сырттан кадр әкеліп, оған мемлекеттен қаржы бөліп көшіріп, үй жалдап, жағдай жасап жүрудің қандай қажеті бар? Басқаны білмеймін, Маңғыстау облысында соңғы жарты ғасырда полиция басшысы болып бірде-бір жергілікті азамат басқарып көрген емес. Сонда бұл әділдік пе?! Әлде, жергілікті білімді де, білікті азаматтарға деген сенбестік пе?! Себебін біле алмадым, сөзім нақты факті болу үшін дәлел келтірейін.

Бұл 47 жыл бойы Маңғыстау облысының ішкі істер басқармасын басқарған азаматтардың тізімі.

1. 1973-1986 генерал-майор Брагин Иван Никитович;

2. 1986-1988 генерал-майор Рубянский Владимир Георгиевич;

3. 1990-1994 генрерал-майор Аманжолов Майдан Молдабашұлы (Семей 1942 ж);

4. 1994-1995, 1997-1999 генерал-майор Досқалиев Хибратулла Ермекович (Астраханьский область 1955);

5. 1995-1997 полковник Маматов Хамит Абдулұлы (Шығыс Қазақстан облысы);

6. 1999-2001 полковник Приходька Николай Иванович (Алматы қаласы);

7. 2001-2002 генерал-майор Байжасаров Болат Зейнетуллаұлы (Қарағанды облысы 1955 жыл);

8. 2002-2003 генерал-майор Мурзабаев Қайырғали Жумабайұлы (Атырау облысы, Маханбет ауданы 1950);

9. 2003-2006 полковник Шахманов Серік Габдуллаұлы (Павлодар облысы);

10. 2006-2007 полковник Сабуров Дәлелхон Камалбекұлы (Қырғыз Республикасы, Ош облысы);

11. 2007-2009 полковник Аблазимов Махсотхан Нугманұлы (Оңтүстік Қазақстан облысы);

12. 2009-2012 Кабылов Аманжол Жайгалиевич (Атырау облысы);

13. 2012-2013 генерал-майор Жаманбиев Мейрхан Сағынбекұлы (Жамбыл облысы);

14. 2013-2017 генерал-майор Далбеков Кайрат Сұлтанбайұлы (Оңтүстік Қазақстан облысы);

15. 2017 Таймерденов Қанат Даниярұлы (Алматы облысы, 1974 ж).

Бұл азаматтардың жұмыстарына ешқандай күмән, келтіре алмаймын, бірақ жарты ғасырдың ішінде неге Маңғыстаудың жергілікті бір азаматы полицияға басшысы болған жоқ? Неге Маңғыстау полициясынан бірде-бір генерал шыққан жоқ? Білімі тайыз ба, басқарушылық қабілеті жоқ па, әлде Маңғыстаулық болғаны үшін бе?!

Жауап жоқ, мүмкін жауабын сіз айтатын боларсыз генерал мырза?!

Ал жақында әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының полиция басшысы Таймерденов Қанат Даниярұлы жұмысы ауысып кетеді екен деген хабар шықты. Бұл рас па? Маңғыстауға тағы да басқа облыстан басшы тағайындайсыз ба?

Әлде, жергілікті кадр қоясыздар ма?!.

Жәнібек Қожықтың жазбасы

Abai.kz

3 пікір