Сейсенбі, 19 Қаңтар 2021
Алаш арысы 4395 17 пікір 1 Желтоқсан, 2020 сағат 13:33

Көкбай мен Шәкәрімнің өкініші...

1920-21 жылдары Шыңғыс атырабындағы рулар арасы үлкен қақтығысқа түсіп, ақыры үш бірдей арыстың қазасына әкеліп соққандығы туралы Бекен Исабаев ақсақалдың аузынан естіп жүретінбіз. 

Сол жылдары партиялас алауыздықтың арасында қазақтың үш бірдей азаматын атып өлтіргенімен екі жақтың да бітімгерлері жиналып ештеңе шығара алмаған. Ақ пен қараның ара жігін ашпақ болып, екі жақтың есті адамдары жиналып, бітім таппақ ниетте, Бөкенші Әкімқожаұлы Мұсажанның үйінде кіналасу, келісуге жиналады.

Сол жиналыстың оқиғасы Ыбырайша Мұсатайұлының айтуы бойынша былай болады: 

- Мен Көкбай молдаға атшы болып бардым, Көк қасқа құрбандық шалынып, құрбандық етін жеп болған соң, соңғы түйінге бәтуаға келу мәжілісі басталды. 

Суырылып сөйлеуге кіріскен Абайдың ұлы Тұрағұл, Әкімқожаұлы Мұсажан ақсақал кезектесіп сөйлеп, «кеден-кеден болды, кеден неден болды» дегенді ашыспақ ниетте береке-бірлік дегеннің бітеу жара екенін баса айтысты. 

-Қанша қанымыз бір дегенмен, ішінара партияға жіктелгеніміз де рас. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырғанымыз болмас. Көзімізше екі жақтан екі кісі шығып, ашығын сөйлейтін болсын, - десті. 

Бұған айрықша тіленген Мұсажан еді. Көкбай кіналасуды қостамай бейтарап отырды. Едәуір уақыттан соң, бөгеліңкіреп барып, кінәласуға партияның бірінен алдына қамшысын ортаға тастап, Шәкәрім қажы шықты. Жұрт мұны күтпегендей кейіп байқатты. Мен болсам, Шәкәрімнің білімі, ақындығы, тарихшылдығына құлдай құлап табынатын дағдым бойынша "қажымен айтысатын кім шығар екен" деп ойладым. Қажыға қарсы шығып, сөздерін талдап, тыңдауға құмартқандаймын. 

Кенет, Шәкәрім қажыға қарсы Көтібақ руынан Жиреншеұлы Құлкенің шыққанын көріп аңырып қалыппын. Құлкенің шын есімі - Құлсүлеймен, тілі кемістеу адам еді. Шәкәрімдей ғұламаға мына сақау қалайша төтеп бермекші деймін іштей. Қажы алдындағы жатқан қамшысын бір қозғап қойып сөйлей жөнелді. Қажы сөзі бір сүт пісірімге созылды. Айтылған сөздердің ішінде не түрлі сөздің барлығы айтылды. Айтып тауыса алмаспын. Сөздің түйіні «сеніп жүрген байталға, айғыр шапты» дегендей сөз болды. Алпыс басты, сегіз қанат үй толған кісі жым-жырт. Құлкенің:

-Болдыңыз ба Қажы? - деген сөзінен жұрт оянғандай болды.

Қажы:

-Болдым, деді.

Құлке де ортаға қарай ұмсына түсіп, қамшысын қозғап қойды. Мен әлі де алғашқы оймен «мына сақау қажыға қарсы не сөйлемек?» - деп отырмын. Құлке сөзін бастап:

-Қажы, партияға кірген соң, партияның не аяғы, не басы шығармын. Осы айтқаныңыздан-ақ тырнақтай ақтығым жоқ. Бірақ, бір сөз бар ғой,.. бір сөз бар... - деп сөзінің аяғын созып тұрып алды. 

Жұрт назары түгелдей өзіне ғана ауып, ақыры шегінерге жол таппаған Құлке:

-Қажы, осы Абай сабалғанда Сіз неше жастасыз, мен неше жаста едім?! - деп салды. 

Бұл сөз күллі отырғандардың баршасының бастарынан бір-бір салып қалғандай ауыр сөз болды. Ортаға шыға отырған Шәкәрім қажының басы төмен салбырап, екі аяғының арасына еніп кетіпті. Маралдың басындай ұзын біткен, сақалымен алғанда кезге жуық қажының басы кірерге тесік таппады. Тыңдап отырған көпшілік кісісі өлгендей күйге ұшырады. Құлке қояр емес:

-Қажы, мен тосып отырмын ғой, - деп үш рет қайталады. 

Қажыда үн жоқ. Аздан соң, Құлке:

-Мен болдым!, деп алғашқы орнына құйрығымен сырғып барып отырды. 

Өзім сол сәтті ойласам әлі күнге дейін әлсіреп кетемін. 

Несін айтайын, өлі тыныштық бір қауымға созылып барып, басы күбір-күбір сөз, жыбыр-жыбыр қимылмен басталып, сөзі құрғыр сөйлене бастады. Алдыға тегене-тегене қымыз әкелініп, сапырылып жатыр. 

Сөзді Мотыш руынан Әділұлы Ике бастап, Олжай руынан «қу бастан қуырдақ ет алатын» Жігітек Әбділда қостап, Қулық руынан Нұрақтың Смағұлы күле сөйлеуге ауысты. Қымыз ішіп, ақтары-ақ, қызылдары-қызыл болып жайнап отырғанымен ендігісі мәнсіз отырыс болды. 

Кенет Көкбай молда:

-«Ел бұзылса, табады шайтан өрнек» деп пе еді Абай. Қуға-қу намазшамда, сайтанға-сайтан тар жерде жолығады. Бұл отырыстың не мәні қалды! Аттанайық! - деп орнынан тұрып кетті. Бәрі орындарынан тұрысып, тарап жатты. 

Ауылдан ұзағанша қалыпты жәй жүріспен келе жатқан Көкбай көз көрім ұзаған соң, қоңыр жорға атты ағынды жорғасына салды. Қасымызда Мырза, Бөдей, Жамантобықтының ел басшылары келе жатқан. Бәрі де елең етісіп, Көкеңнен қалмай дүрк жөнелді. Көкбай тоқтар емес. Аттың басын ірікпей, топ таяған сайын жүрісін үдете түседі. 

Көкбайдың атқа отырысы бөлек еді. Тіп-тік болып, еңсесі биік қалпын сақтайтын. Ал, кәзір денесі кішірейіп, құнысып кеткен. Соңындағылар біраз жер қатты жүріспен жүрген соң, аттарының басын тежей бастады. 

Мырза Боздың Әлісі:

-Апырай, мына Көкбай қонақасыдан қашып келе ме, бізбен бірге жүргісі келмейді ғой, - деді. 

Сақал қажының Серғазысы:

-Жоқ, осы молда жылап келеді. Біз ермей-ақ қояйық. Бүгін Көкбай бізге қонақасы беретін күйде емес, - деді.

Мырза, Жөкеңдер беттерін басқа ауылдарға бұрған соң, атымды тебініп Көкбайға жеттім. Көкең шын-ақ жылаған екен. Көз алдында сорасы қалып, әлсін-әлсін сіңбіре береді...

Кейбір жеңіл ойлаушылар "Шәкәрім қажы Абайға қастандық жасаушыларға жасырын қосылып, соңынан өкініп отырған жоқ па? Кұлке соны қажының бетіне салық қылып басты" деп жүрмесін деген оймен көп бөгелдім. Ақыры көргенім мен естігенімді бұлжытпай жеткізуді жөн көрдім. Ондай ойға бару бұл жандарға қиянат қой,- деп әңгімесін аяқтапты.

Ыбырайша қарттың топшылауын шежіреші Бекен Исабаев та түйіндейді.

Шәкәрім қажы күллі тобықты руының ер азаматтарын оққа байлаған оқиға біздің тұсымызда болып, ел берекесі бұзылған тұста Абай айтқан "бір адам жаман болса, замандастарының бәрі виноват" деп білді. Өскенбай би айтқандай, «Толғағы бір тобықтының баласы» бірін-бірі қашан орыс оғына байлап беріп еді? десе, Құлкенің де тосқан сөзі осы екен. Ал, қажының төбесінен жәй ұрғандай, басы тізесіне жетуі мен Көкбайдың көзінен алты тарам жас ағуында үлкен өкініш, ерекше сыр бар еді... 

Кеше ғана Абай сабалғанда екеуі де елге танымал қайраткер, елдің бірегей азаматтары болатын. Абайдай хакімнің даналығын ұғынған, ұстаздан соңғы ел иесі бізбіз деп жүрен жандар емес пе?!.

Көкбай мен Шәкәрім: «Абайға жасалмақ болған қастандықты біз неге білмедік, неге алдын алмадық» деп ғұмыр бойына күйінді болған екен ғой. Іштегі күйіктің оты басылмай жатып, ел алдында өздеріне кінә қойып, бетіне соққанда не десін!?. Қайтіп ақталсын?!. 

Асты ағынды, үсті толқынды дүние тірлікте болып жатқан жалғыз оқиға бұл ғана емес. Әр заманның дүние диірменінде ұлт жолында құрбан болған есілдердің де өкінішпен өткен күйінді куәлары бар-ау...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

17 пікір