Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Саңлақ 11659 1 пікір 25 Қараша, 2020 сағат 12:44

Головкин желтоқсанда жекпе-жек өткізеді

Орта салмақта IBO және IBF тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) биыл желтоқсанда шаршы алаңға қайта оралады.

Жерлесіміз 18 желтоқсанда жеңіліп көрмеген поляк Камил Шереметамен (21-0, 5 KO) жұдырықтасады. Жекпе-жек Голливудта (Флорида, АҚШ) өтеді. Головкин бұл кездесуде өзіне тиесілі IBF титулын қорғайды.

Өткен жылы 6 қазанда украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп, IBF және IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қайтарып алған отандасымыз араға 14 ай салып, кәсіпқой бокстағы 43-ші жекпе-жегін өткізгелі отыр.

Головкин - Шеремета жекпе-жегі биыл көктемде өтуі керек еді. Алайда коронавирусқа байланысты кездесу жыл соңына дейін созылды.

Геннадий Головкин кәсіпқой аренада нашар боксшы емес. Жалпы 42 жекпе-жек өткізіп, 40 мәрте жеңіске жетті. Оның 35-ін нокаутпен ұтты. Бұл елімізден шыққан кәсіпқой боксшылар арасында қазірше ең үздік көрсеткіш.

Бәріміз білетіндей, Головкин орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Алайда 2018 жылы 16 қыркүйекте мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп, WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белдіктерінен айырылып қалды (одан сәл бұрын IBF белдігін қайтарып берген). 2018 жылы бар белдігінен айырылған отандасымыз араға бір жыл салып әлем чемпионы атағын қайтарып алғанын жоғарыда жаздық.

Бокс сарапшылары Головкин Шереметаны жеңсе, Альвареспен үшінші мәрте жекпе-жек өткізеді деп есептейді. Бұл кездесуді көруге ынталы жандар аз емес. Мол қаржы жасауға болатын мұндай жекпе-жектерді ұйымдастыруға промоутердің құлшынысы мол. Қос боксшы да қомақты гонорар алуға қарсы емес. Ал бокс жанкүйерлерінің тартысты жекпе-жек көрсек деген үміті қаржылық келісімдерден кейінгі орында тұрады. Ал қазақстандық түсініктегі «Еліміздің атын шығарып, туымызды желбірету» мәселесі жайлы айтудың өзі артық...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

1 пікір