Сәрсенбі, 27 Қаңтар 2021
Аласапыран 2333 7 пікір 25 Қараша, 2020 сағат 11:20

Қарабақ үшін соғыс бітті, ал Кавказ үшін енді басталды!

1. Әзербайжан. Әзербайжан Қарабақта Арменияны талқандады. Қарабақтағы тікелей қақтығыс бітті. Енді саяси күрес жалғасын табады. «Диктатор» атанған Әлиев - қаһарманға, демократ атанған Пашинян – «изгойға» айналды. Қоғамның көз алдында. Дәп қазір сайлау өткізсе Әлиев еш қиналмастан 90% дауыс алып тұр. Шынайы түрде. Бұл Әлиевтің жеңісі.

2. Иран. Иран соғыстың осылай аяқталғанына қуанатын сыңайлы. Әзербайжан Арменияны толық талқандаған жоқ, бұл Тегеран үшін жақсы. Енді Иран екі елмен де сауда және экономикалық қатынасты бастап кетті. Қарабақта азат етілген аймаққа жол салу бойынша ұсыныстар жасауда, ал Армениямен түрлі бизнесін ары жалғастырып жатыр. Алайда Иранды екі мәселе алаңдатады.

Біріншіден, Қарабақты қайтарып алған соң, Әзербайжандағы әзербайжандар мен Ирандағы әзербайжандар болашақта үлкен дүмпу болса қосылып кетуі мүмкін екенін байқады. Шекараның арғы шетіндегі әзербайжан сарбаздарына Иранда тұрып қол бұлғаған ирандық әзербайжандардың әрекеті Аятолланы ойландырмады дейсіз бе?.. Әрине ойландырды. Шошып кетті. Иранда бақандай 25 млннан артық әзербайжан бар. Қалай тыныш ұйықтасын. Оның үстіне Түркияның Кавказдағы ықпалы артуда, ал Түркия тек түркі әлемі емес, ол НАТО.

Екінші мәселе Иран Армениядағы жағдайға алаңдайды. Қоғам Пашинянды және Ресейді кінәлап жатыр. «Мәскеу сатып кетті» дейді. Егер алда-жалда Грузиядағыдай болып, билікке батысшыл топтар келсе, Армения жақтан Абрамстар атып шыға ма деп күдіктенеді. Сондықтан ол Арменияның ресейлік болып қалғанын қалайды. Ал жағдай өзгеріп кетсе, онда Армениямен ортақ шекарасы болмағанын тілейді. Яғни Қарабақ-Нахичевань жолын тықпалаған идеясы да содан деп ойлаймын. Осы соғыста Иран әскерін шекараға әкеліп, барынша салмақты айтып тұрғанын сездірді. Екі тарапқа да.

3. Ресей. Ресей Арменияны лақтырып кетті дегенмен, ол сөзсіз ұтты. Бұған дейін Кавказда ол тек Арменияда әскері бар еді. Енді Әзербайжанда да бар. Иа, бітімгерлік күштері деп аталады. Бірақ аты басқа болғанмен, заты сол. Ал біз Ресейдің бітімгерлік күштері Абхазия мен Осетияда не істегенін білеміз. Қауіп жоқ емес. Бар.

Ресей Әзербайжанмен де, Армениямен де әріптестікті сақтап қалды. Бұны да оның жеңісіне балаған жөн болар.

Бір ұтылған тұсы ресейлік қаруға деген күмән артты. С-300, РЭБ жүйелері мен өзге де ПВО, ПРО құрылғылары шабуылдаушы дрондардан шашылып қалды. Әрине, «ол ескі қару түрлері еді» деп ақталуға болады. Дегенмен 3 млн долларлық дрон 200 млн доллар тұратын ПВО-ны жойғанда, кез келген мемлекет ойланып қалары анық.

4. Түркия. Анкара барлық жағынан ұтты. Біріншіден, ол «түркілік одақтастық, түркілік бірлік» деген сөздердің құр ұраннан шынайы іске асатынын көрсете білді. Бұны идеологиялық жеңіс деңіз.

Екіншіден, Түркия дрондары соғыстың 60-70%-ын нақты шешіп тастады. Ливия, Сирияда өзін жақсы көрсеткен дрондар, Қарабақта кеңінен көсілді. Қарабақ - Түркия қаруының ең жақсы пиарын жасады. Түркиялық қаруға деген сұраныс пен қызығушылық артты. Құдай біледі, Анкараға «Байрақтар сат» деп қолқа салып жатқандар көп болар. Бұны да жеңіс деңіз.

Үшіншіден, Түркия заңды түрде Кавказға кірді, енді, орнықты. Ол Ресеймен бірге бітімгерлік операциясына қатысады. Баку оған қуана келісуде. Түркияның Әзербайжанда нық орнауы, Каспийдің бергі бетіндегі түркі халықтарына да ой салады. Кавказда ірі, мықты ойыншы пайда болды. Ал Түркияның жай ғана ел емес, НАТО-ның бір жұдырығы екенін ескерсек, бұл батыстың да қалауы. Іштей әрине. Әрине ол Ресейге ұнамайды)

5. Қытай. Қытай үшін соғыстың бітіп, Қарабақ-Нахичевань жолы ашылатыны жақсы болды. Ол «Бір жол - бір белдеу» аясында сауда қатынасының бірін осы жол арқылы өткізуге тырысатын болар. Еуропаға құрлық арқылы баратын тиімді жолдың бірі ғой. Қазақстанның Ақтау портынан Баку портына, одан ары Қарабаққа, Қарабақтан Нахичеваньға, Нахичевань арқылы Түркияға, одан ары Болгария, Еуропаға тарап кетеді. Осы ой іске асса, Бейжің мәз болады.

Бұл жоспар Грузияға ұнамайды. Өйткені Қарабақ-Нахичевань жолы болмаған сәтте, тауар-сауда қатынасы Грузия арқылы өтіп еді.

Қытайдың Кавказда белсенді болғанын Иран қалайды. Себебі ол Бейжің Кавказды батысшыл болудан сақтайтын бір күш деп есептейді.

6. Әзербайжан әскери тұрғыдан жеңді. Билік саяси тұрғыдан ұтты. Жер қайтты. Ең бастысы Қарабақпен қатар, Қарабақ-Нахичевань жолы салынады.

Армения Қарабақтан кетуде. Олар әскери негізде жеңіліп, он жылда әрең қалпына келтіретін техника көлемінен айырылса да, ұзақ перспективада ойласақ, Қарабақты тастап кетуі, олардың өздеріне тиімді. Ресурсы жоқ Армения үшін Қарабақты дотациялап отыру өте қиын еді. Енді ол мәселе ақырындап жойылады. Сәл болсын терең тыныстап, есі дұрыс, жаңа Армения жасауға ұмтылуы мүмкін. Көреміз. Мүмкін Пашинянның ойлағаны да осы болар.

Түсінгенім біреу. Қарабақ үшін шайқас бітті, Кавказ үшін соғыс енді басталды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

7 пікір