Дүйсенбі, 23 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 126182. Жазылғандар — 112806. Қайтыс болғандар — 1945
Жаңалықтар 506 2 пікір 20 Қараша, 2020 сағат 12:20

Қазақ еліне Алаштан артық идея жоқ!

«Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында партияның сайлауалды бағдарлама жобасы ұсынылды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы екенін баса айтты.

«Соңғы кездегі бірқатар оқиға тізбегі былтыр ҚР Тұңғыш Президентінің мемлекет билігін өркениетті түрде жаңа басшыға тапсыруы дер кезінде болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік жүйесі ел тәуелсіздігінің бастауында, мемлекеттік институттардың қалыптасуында, түбегейлі нарықтық және қоғамдық реформаларды жүргізуде және басқа елдермен қарым-қатынас орнатуда тарихи миссиясын орындады. Келесі кезеңде Қазақстан қалыптасқан мемлекет ретінде аяқ басты. Ал ендігі мәселелерді шешу үшін жаңа тәсілдер керек. Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласып, оны бақылауы керек. Елімізге әлеуметтік-экононмикалық салада, саяси жүйеге де түбегейлі өзгерістер қажет.

«Аталған өзгерістерді тым соза берудің қауіптілігі сонда, бұл Украина, Беларусь пен Қырғыз еліндей мемлекеттік дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін. Ал Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сыйлайтын, бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан, қазіргі билік моделіне бір ғана балама бар. Ол – терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынады. Сол бағдарламадағы басты басымдығымыз – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы.

Еліміздің Тәуелсіздігі мен ұлттық мүдделер – мемлекеттің негізгі басымдықтары. ХХ ғасырдағы «Алаш» ұлттық автономиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім» деді. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік үшін құрбандыққа аянатын ештеңе жоқ» деді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау – өзін республика азаматы санайтын кез келген адамның парызы. Тәуелсіздік – біздің еліміз, жеріміз, тіліміз бен діліміз. Тәуелсіздік – біздің өз жолымызды таңдау мүмкіндігіміз, келешек ұрпақтың болашағы үшін біздің жауапкершілігіміз», - дейді А. Перуашев.

Тәуелсіздік пен еліміздің тұтастығы – әрбір адамның өмірі, құқығы және бостандығымен қатар тұратын басты құндылық.

«Тәуелсіздік бастауында қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің тарихи мұраты ретіндегі Алаш ұлттық идеясы жатыр. Қазақ еліне Алаштан артық идея жоқ. «Ақжол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді қолдайды. Қазақ тілі экономика мен қаржы саласында, мемлекеттік басқару мен шетелдік инвесторлар жұмысына мемлекеттік деңгейге сай енгізуіміз керек», - деді Азат Перуашев.

Abai.kz

2 пікір