Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2778 0 пікір 19 Қараша, 2020 сағат 14:48

«Қарттар бетімнен сүйген кезде бекер жүрмегенімді ұқтым»

Спикер - Көмек Ережепұлы Ертаев, «Волонтерлар Лигасы» қоғамдық қорының волонтері, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының қызметкері.

- «Birgemiz Qamqor» жобасының гранты аясында қандай жұмыстар атқарылды?

- Мен «Birgemiz» волонтерларының Шымкент қаласындағы фронт-кеңсесін басқардым. Сол кезде ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның «Birgemiz Qamqor» жобасына қатысып, 300 мың теңге көлеміндегі грант ұтып алдым. Бағытымыз – жалғызбасты қарттарға, қарттар үйіндегі ата-апаларға, мүгедек жандарға көмек көрсету еді. Біз қарттар үйінде концерттік бағдарлама ұйымдастырып, сый—сияпат жасауды жоспарлағанбыз. Бірақ карантин басталып кеткендіктен біраз жұмыстар кейінге шегерілді. Паденмияға қарамастан қолымыздан келген істерді атқаруға тырыстық. Волонтер болғандықтан бізге карантин уақытында қалада емін-еркін жүріп-тұруға мүмкіндік берілді. Әкімшілік арқылы қараусыз қалған қарттардың мекенжайларын анықтадық. Олардың үйлеріне барып, қан қысымын өлшеп (арамызда медицина қызметкерлері де болды), қант-кәмпиттерін, керек-жарақтарын апарып бердік. Бұл іске демеушілер де болысты. Карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін «Шаншар» әзіл-сықақ тетары 50 қарттың басып, «Карантиндегі қызықтар» атты спектакль қойып берді. Бұдан соң ата-апаларымызға шағын дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды. Алдағы аптада қарттар үйіне 10 домбыра, теннис столы, шахмат, шашка сыйлауды жоспарлап отырмыз. Бұл істерді ұйымдастыруға атсалысқан еріктілерге алғыс айтамын.

- Сіз қазір жұмыс істеп жүрген «Волонтерлар Лигасы» қоғамдық қорының бағыты қандай? Немен айналысады?

- Қоғамдық қордың мақсаты - волонтерлік қызметпен айналысатын жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру. Жалпы көпшілік еріктілерді концерттерде шапалақ ұрып тұратын, әкімдердің жиналысында топ құратын тегін жұмыс істейтін адамдар деп қабылдайды. Қоғамда осындай теріс пікір қалыптасқан. Бұл үлкен қозғалыс, қоғамдық институт. Оның өз заңнамасы бар, құқығы бар. «Волонтерлар Лигасы» қоғамдық қоры жастарды еріктілікке баулиды, оларға бағыт-бағдар береді.

- Неліктен волонтерлікті таңдадыңыз? Қайырымдылық іске деген сүйіспеншілік қашан оянды?

- Қайырымдылық қазақтың қанында бар дүние. Қайрымдылықты біреуі көзбояушылық үшін, біреуі жарнама үшін, бірі шын ниетпен жасайды. Бір қолым істесе, екінші қолым көрінбесе екен дейтін ағаларымыз да бар. Мен басында волонтерларға қарап «Осының не керегі бар? Мыналар неге ақысыз жұмыс істеп жүр? Үйінде тірлігі жоқ па?» деп ойлайтынмын. Волонтерлікке деген махаббатым карантин кезінде оянды. Жалғызбасты қарттар «Балам, рахмет!» деп бетімнен сүйген кезде бекер жүрмегенімді ұқтым. «Birgemiz Qamqor» грантының артықшылығы - спонсор іздемейсің, басқаларға жалынбайсың. Мемлекеттен бөлінген ақшаның аясында жұмыс істейсің. Әрине, бұл шағын қаражат бәрінің проблемасын шешпейді, бірақ көпке демеу береді.

Abai.kz

0 пікір