Дүйсенбі, 23 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 126182. Жазылғандар — 112806. Қайтыс болғандар — 1945
Өз сөзі 2086 11 пікір 19 Қараша, 2020 сағат 14:44

«Хабар» нені насихаттап отыр?

Ресми түрде еліміздің жетекші ақпарат құралдарының бірінен саналатын «Хабар» телеарнасына аса қызықпаймын. Бірақ таңертеңгі аста кішкентай радиоқабылдағышымды қоссам дәл осы арнаның толқынына түсемін. Үнемі бір «кейс» деген бір пәленің төңірегінде улап-шулап мәз мейрам болып жатады.

Кеше «бұл не хабар екен» деп компьютерден «Хабарды» ашсам сол шуылдақ «кейс» ойыны жүріп жатыр екен. Орыс тілінде «Удачная сделка» деген ойын. Түсінгенім, ойынға қатысушылар әлдебір «кейсті» (қазақшасы – «қорапты») атайды да, қорап ашылғанда ішінде ұтқан ақшасы жазулы тұрады. Қарап тұрсаң бұл нағыз құмар ойыны. Ойынға қатысушылар көздері жайнап, оңай ақшаға сілекейлері шұбырып естерінен айырылып отыр. Үш баласы бар бір әйел шамалы ғана бір соманы ұтып алып еді, есі шығып секеңдеп билеп кетті. Ойыншылардың көретіні де, айтатыны да ұтыс ақша. Қарт ойынындағыдай жолы болып кетіп ұтқандарды біреулері көлгірсіп мақтаса, енді біреулері қызғанышпен қарайды.

Адам табиғатындағы ашкөздік, ақшақұмарлық, тұрлауы жоқ оңай олжаға құнығып жанталасу сияқты жексұрын мінездердің барлығын осы ойынға қатысушылардың бет әлпетінен, сөзінен анық танисың. Бұл ойынға ешқандай ойдың, ми жүгіртудің қажеті жоқ. Ауызыңа түскен қорапты атасаң болды. Жолың болса оңай ақша ұтып аласың.

Мұны көріп отырған мектеп оқушылары қандай ой түюі мүмкін? Әрине, бір кездері «Что? Где? Когда?» сияқты жоғары деңгейдегі интеллектуалдық ойындарға дайындалып, кітаптар мен энциклопедияларды ақтарып, білімін байытып әлектеніп жатпай-ақ лотереядағыдай оңай ақша табуға болатын болса, білім қуып, ойланып, ізденіп не қажеті бар деп ойлайды.

Бір кездері қазақ телеарналарында да  миллиондаған көрерменнің назарын аударып, жастарды интеллектуалдық ізденіске талаптандыратын, ой өрісін дамытатын «Что? Где? Когда?» хабарына ұқсас тапқырлар мен білімділер сайысы ұйымдастырылушы еді. Қазір ой-сананы толығымен ашкөздік, қомағайлық, құмар ойыны, құлқынды тескен оңай ақша жаулап алған сияқты. Сонда біз қазіргі әлемде басқалар білім үшін бәсекелесіп, жастардың ғылыми-техникалық ой-өрісін дамытып, өз ұлты үшін қызмет ететін ғылыми кадрлар дайындап жатқанда қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз? Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханымның не ойлағаны бар екен? 

Марат Ермұқанов

Abai.kz

11 пікір