Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3873 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:18

Нұрбек ШӘКIШЕВ. Тiл және ұлттық қауiпсiздiк

Бiздiң уақыт өте келе түрiмiз, киiмiмiз, жеген асымыз ата-бабаларымызға қарағанда бөлек болғанымен,  тiлiмiздiң (дiлiмiз бен дiнiмiздi қоса) бiр болғаны жөн. Өйткенi аталарымыз қазақша, әкелерiмiз орысша, немерелерiмiз ағылшынша, шөберелерiмiз қытайша немесе арабша сөйлесе, ұлтымыз жоғалмай ма? Бұндай жағдайда атасын әкесi, әкесiн баласы, баласын оның баласы түсiнбей, айтқанын ұқпай, терiс бағып кетпей ме? ЮНЕСКО-ның дерегi бойынша ендi жүз жылдың iшiнде қазiргi 7 мыңдай тiлдiң 10 пайызы, яғни 700-i қалатын көрiнедi. Қалған тiлдердiң тауы шағылып, күнi қараң болмақ. Мыңдаған жыл бойы бабаларымыздың жинаған асыл қазынасы қазiр тiлде ғана сақталып тұрған жоқ па? Онсыз да аз қазақ халқы сол асылдан ертеңгi күнi айрылса, онда ұлт болудан қалады. Сондықтан тiлдiң мәселесiне немқұрайлы қарауға болмайды.

Бiздiң уақыт өте келе түрiмiз, киiмiмiз, жеген асымыз ата-бабаларымызға қарағанда бөлек болғанымен,  тiлiмiздiң (дiлiмiз бен дiнiмiздi қоса) бiр болғаны жөн. Өйткенi аталарымыз қазақша, әкелерiмiз орысша, немерелерiмiз ағылшынша, шөберелерiмiз қытайша немесе арабша сөйлесе, ұлтымыз жоғалмай ма? Бұндай жағдайда атасын әкесi, әкесiн баласы, баласын оның баласы түсiнбей, айтқанын ұқпай, терiс бағып кетпей ме? ЮНЕСКО-ның дерегi бойынша ендi жүз жылдың iшiнде қазiргi 7 мыңдай тiлдiң 10 пайызы, яғни 700-i қалатын көрiнедi. Қалған тiлдердiң тауы шағылып, күнi қараң болмақ. Мыңдаған жыл бойы бабаларымыздың жинаған асыл қазынасы қазiр тiлде ғана сақталып тұрған жоқ па? Онсыз да аз қазақ халқы сол асылдан ертеңгi күнi айрылса, онда ұлт болудан қалады. Сондықтан тiлдiң мәселесiне немқұрайлы қарауға болмайды.

Тiлдер шежiресi. Тiлдердiң iшiнде ең мұқият зерттелгенi үндiеуропалық тiлдер тобы. Алдыңғы Азияға, Қара теңiз және Каспий теңiзi маңына тараған, қазiргi кезде жоқ болып кеткен тiлдердiң қатарына хетт, лидия,  анатолий-палай, лувий, ликий, көне грек критомикен, хуррит, урарт, нұристан, санскрит, көне парсы, мидий, авеста, соғды, сармат, сақ, бактрий, хорезм, пехлеви, парфян тiлдерi жатады. Жоғалған тiлдердiң қатарын еуропалық венет, көне латын, кельт, галл, бретон, валлий, мэн, корн, иллирий, мессап, гот, фриз, фламанд, прусс, бур, копт, фригий, лепонт, полаб, лигур, филистим, тохар, көне славян, аккад және т.б. тiлдер толтырады. Еуропаның көп тiлдерi көне латын тiлiнен бастау алады. Қазiр латын тiлiн тек қана католиктер шiркеу­лерiнде өз мiнәжатында қолданады, кейiнгi кезде дәрiгерлер бiлiм алу барысында латынды пайдалануды шектеп отыр. Латыннан испан, португал, каталан, француз, окситан, ретороман, итальян, сард, румын тiлдерi тарайды. Герман тiлдер тобына швед, дат, норвег, исланд, ағылшын, нидерланд, немiс және iдиш жатады. Балтық-славян тiлдер тобына латыш, литва, орыс, украин, белорус, чех, словак, поляк, болгар, македон, серб-хорват, словен, албан кiредi. Афро-азиат тобын семит және бербер-ливий тiлдерi құрайды. Семит тiлiне еврей, арамей, араб, амхар жатады. Картвел тобына гүржi, мегрел және лаз тiлдерi кiредi. Қап тауы тобы халықтарының тiлдерi абхаз-адыгей және нах-дагестан тобынан тұрады. Абхаз-адыгей тобына абхаз, абазин, адыгей, кабардин-черкес, ұбық кiредi, нах-дагестан тобы нах, шешен, ингуш, бацбий, Дағыстанның таулық 30 тiлдерiне (авар, анд, цез, дарғын, лак, лезгин, табасаран және т.б.) бөлiнедi. Фин-угор-самадий тобы ханты, манси, венгр, коми-пермяк, коми-зырян, удмурт, мордва, марий, саам, фин, эстон, ненец, энец, нганасан, селкуп тiлдерiнен құралады. Алтай тобына түркi, монғол және тұңғыс-манжұр тiлдерi және корей, жапон тiлi кiредi. Түркi тiлдiлерге чуваш, түрiк, әзiрбайжан, түрiкмен, татар, қазақ, башқұрт, қарайым, құмық, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, саха жатады. Монғол тобынан бурят, монғол, дағұр, монгор және Ауғанстанның моғол тiлi тарайды. Тұңғыс-манжұрға ман­жұр, эвенкi, эвен және басқа Шығыс Сiбiр мен Қиыр Шығыс тiлдерi және диалектiлерi қосылады. Үндiстан халқының көбi дравид тобына кiретiн: тамил, малаям, каннада, телугу, күй, гонди, браху тiлдерiнде сөй­лейдi. Үндiеуропалық, афроазия, картвел, орал, алтай және дравид топтары бiрiгiп үлкен нострат тобын құрайды. Осыған борей (чукот, коряк, алютор, ителмен және т.б.) нивх, айн, эскимос-әлеуiт кiредi. Тибет-бирман тарауына тибет, бирман, акха, лису, танғұт, цзинпо, мьянма, бодо, куки-чин, зорғай, лепча, қытай тiлi жатады. Бiрақ қытай тiлiнiң өзiндiк орны бар, өйткенi иероглифтi көне қытай тiлi 4 диалектен (дұнған, у, юэ, минь) құралған және тибет-бирман тiлiнен өзгеше. Тибет-қытай тобына мяо, яо, дун-шуй, аустронезий тiлдерiн де жатқызады. Мяо-яо тiлдерiне палаунг, рианг, ва, лава, кха, пхенг, кхаси, сантали, мундари, хо, кхариа, курку, сора, нагали, никобар тiлдерi жақын келедi. Тай тобына сиам, лаос, тай, шан, ахом, бүй, нунг, чжуан, кам-сун  тiлiн кiргiзедi. Кадай тобын ли, лакуа, гэлао және т.б. тiлдер құрайды. Индонезияда чам, цоу, малай, индонезий, яван, батақ, даяк, тағал, малагасий, полинизий тiлдерi тараған. Африкада Сахара шөлiнен төмен қарай тiлдер конго-сахар (нигеро-кордофан, нiл-сахардан тұратын) және койсан тобына бөлiнедi. Нигер-кордофан тобына суахили, руанда, конго, рунди, луба, луганда, лингала, сото, зулу, тив, камбари-реше, пити, биром, боки, тула-кему, чамба-мумбала, дакатарай, вере-дурру, мумуйс-зинна, дамакари, юнгур-роба, каи, йен-мунта, лонгуда, фели, нимбари, буа-хобе, маса, гбал-нгбана, банда, нгбаида-екома, занд-памбиа, нгбака-мабо, бангба, ндого-мангал, мади-донго, мандунга-мба, фула, волоф, киси, мәлiнкi,бамбара, соннiк, менде, моси, груси, лобо, акан, эве, йоруба, ибо, адамава, убанго, кордофан тiлдерi жатады. Нiл-сахар тобына бонго-гбери, сара, вале, бубама, креш, бинча-кара, мору-мади, кангберу-алуа, мангбуру-эфе, ленду, сонғай, сахар, маба, фур, кома және т.б. тiлдер кiредi. Койсан тобы: бушмен, сандаве, хатса тiлдерi Африканың ежелгi тiлдерi болып саналады. Америка құрлығының тiлдерi iрi-iрi бiрнеше топтарға бiрiккен. Сондай топтың бiрi алгонкин-мосан: юр, вийот, кри, оджибва, меномини, фоке, нутка, квакиутл, белла-белла, чемакум, шусвоп, калиспел, кутенаи, натчез, чоктау, туник тiлдерiнен тұрады. Үлкен кеңiстiктi Америкада хока-сиу тобы (яна, юма, лакота, кроу, прери, ирокез, каддай тiлдерi) алып жатыр. Юка-пенути тармағы винтун, юки, мивок, майду, ацтек, таио, кива тiлдерiнен құралған. Орталық Америкадағы майя-соке тобына майя, михе, соке, пополука, хуаве, тотонак, тепехуа тiлдерi жатады. Алгонкин-мосан, юка-пенути және майя-соке топтары бiр-бiрiне туыстас болып келгенiмен қоймай, Оңтүстiк Америкадағы аравак, яномано-пано-такан, чибча, инктер­дiң тiлi кечуа, аймара, тукано, уитото, тупи-гуарани, тупинамба тiлдер топтарынан да алыс емес.

Ендi осыншама тiлдердiң шығу тегiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi, мыңдаған тiлдердiң тамыры тереңде жатыр, тiлдi тек қана «дыбыс шығарып, адамдардың бiр-бiрiмен сөй­лесуiнен ғана туындаған құрал» десек, онда бiз қатты қате­ле­семiз. Дыбыс шығарып, сөйлесуден осыншама тiлдер пайда болмас. Тiлдiң тамыры тереңде, уақыты бiзден «ерте-ерте ертеде, ешкi құйрығы келтеде». Сол ерте заманда табиғаттың тiлiнен адамның тiлi бөлiнiп шыққан. Бұрынғы жан-жануардың, өсiмдiктiң, аспанның, жұлдыздың тiлiн бiлгендер бiзге қазiр ертегi. Дiни жазбадан да белгiлi жайт,  Сүлеймен пайғамбардың аң-құстың, шөптердiң тiлiн бiлгенi және солардың адамға пайдасын мұраға қалдыруы. Алғашқы бiртұтас тiлде әрбiр дыбыстың, әрбiр сөздiң, әрбiр сөйлемнiң бiрнеше терең мағынасы болған, қазiргiше мағына бiр жазықтықта орналаспаған, ол кеңiстiкте тiрi, сөзбен iстiң ажырамай, айтылған сөз сиқырлы бiр күшпен дүниеге келiп, оған өз әрiн берiп, реңiн түрлендiрген. Сол заманда бабаларымыз өз уағында әрбiр әрiптiң, санның өз құдайы болады деп түсiнiп, өздерiнше ғұмыр кешкен...

Тiлдердiң жоғалуы. Бiздiң өркениетiмiз орны толмас шығынға ұшырап отыр. Оған себеп, дүние жү­зiндегi 6800 тiлдiң әр екi аптада бiреуi жоғалып отыр. Тiлдiң осылай келмеске кетуi - сирек кез­десетiн жануарлардың жоғалуынан да тездiгi апат емей немене? Тiл бiлiмiнiң Қызыл Кi­табына қазiргi тiлдердiң 40 пайызын кiргiзуге болады, өсiм­дiктер мен жануарлар дүниесiнiнiң Қызыл Кiтабына өсiмдiктердiң 8 пайызы, сүткоректiлердiң 18 пайызы кiрген. Тiлдердiң жылдам жоғалуы - адамдардың уақытпен, қоршаған ортамен, бүгiнi және ертеңiнен байланысын үзуде. Жер жүзiндегi халықтың 80 пайызы 83 тiлде сөйлесе, 0,2 пайызы аз қолданылатын 3500 тiлде сөйлейдi. Тiптен кейбiр тiлдерде бiр-екi адам ғана қалған. Мәселен, Америкадағы резервациядағы 27 тiлден аман қалған «Силец-дини» тiлiнде қазiр бiр-ақ үндiс сөйлейдi, оның өзi жасы 70-тен асқан. Тағы мысал ретiнде ючи қауымының тiлiн келтiруге болады. Бұл тiлдiң ерекшелiгi - дүниедегi бiрде-бiр тiлге ұқсамауы, тамырлыс болмауы. Ючи тiлiнде 5 ақсақал сөйлейдi, олардың жасы 60-тан асқан. 1996 жылы катавба тiлiнiң Қызыл Бұлт атты үндiсi дүниеден қайтқанда, Лондонның «Таймс» газетi оның тiлi туралы дерек­тердi басып шығарды, өйткенi Қызыл Бұлт сиу тобына жататын катавба тiлiнде кейiнгi ұрпаққа аңшылық өлеңдерi мен әнұранын Смитсон мұражайына қалдырған болатын. Яхи тiлiнiң үндiсi Иши өзiнiң қауы­мы қырылғаннан кейiн Солтүс­тiк Калифорнияда қашып тығылып жүрген, тiл зерттеушi Эдуард Сепир оны тауып алып, сол қауымның аңызын, тiлiн зерделеген. Бiрақ Ишиге америкалықпен кездес­кенi жақпаған, ол туберкулез ауруымен ауырып қаза тапты. Көбiнесе аз тiлдердiң соңғы өкiлдерi бiлiнбей дүниеден кетiп жатыр, ал олармен бiрге Жер бетiнен олардың тiлдерi де жоғалуда.

Тiлдердiң жоғалуы бұрын отаршылдардың жергiлiктi халықты жаппай қырып-жоюынан болса, қазiр үлкен тiл­дердiң кiшi тiлдердi ығыстыруынан туындап жатыр. Бүгiнде Сол­түстiк Австралияда 153 тiлге, Орталық және Оңтүстiк Америкада 113 тiлге, Солтүстiк Америка мен Шығыс Сiбiрде 54 тiлге бiржолата жоғалу қаупi төнiп  тұр. Ал Қытай мен Жапонияда 23 тiл ұмыт болған. Сонымен жақын арада 383 тiл құриды деген сөз. Бұл үдерiске ешкiм тоқтау салар емес. Жаһандану мен көшiп-қону адамдарды көп тараған бiрнеше тiлде ғана сөйлеуге мәж­бүрлейдi, мәселен ағылшын, испан, орыс, қытай тiлдерiнде Жер бетi халқының 80 пайызы сөйлейдi. Бұл тiлдердiң өздерi де күннен-күнге құлдырауда, көршiмiздiң «ұлы да қуатты орыс тiлi» қазiр сөз байлығы кедей рунглишке айналуда. Көптеген ғалымдардың болжауынша 500 жылдан кейiн  Жер бетiнде тек қана бiр тiл (ағылшын  тiлi болуы мүмкiн) ғана қалуы ықтимал екендiгiн жасырмайды. Әрине басқа тiлдер де мүмкiн қалар, бiрақ олардың қолдану аясы үй тұрмысынан шыға қоймас. Соңғы өкiл­дермен бiрге құрып жатқан тiлдердiң жазу-сызуы жоқ, сондықтан олардың мәдени мұрасын жазып алып қалу үшiн кемiнде 400 мың доллар көле­мiнде қаражат керек, ал тiл жанашырларында мұндай қаражат табыла бер­мейдi.

Денi сау тiлге сол тiл­де балалар сөйлейтiн тiлдi ғана жатқызуға болады. Егер кiш­кентай балалар тiлдi түсiнiп, сөйлей алмаса, онда тiл жоғалуының  алғашқы қоңырауы соғылғаны, егер тiлде тек қарттар ғана сөйлесе онда оның құрығаны. Тiлдiң өмiр сүрiп, дамуы үшiн кем дегенде сол тiлде 1 миллиондай адам сөйлеуi қажет. Қазiргi кезде жақсы жағдайда тек қана 10 тiл: қытай (874 млн. адам), хинди (366 млн.), ағылшын (341 млн.), испан (320 млн.), бенгал (207 млн.), португал (176 млн.), орыс (167 млн.), жапон (125 млн.), немiс (100 млн.), кәрiс (78 млн.) тiлдерi, бұның жартысы еуропалық тiлдер, ал Еуропа болса дүниежүзi тiлдерiнiң 4 пайызының ғана отаны болып табылады. Оның үстiне ағылшын тiлiн бизнес пен ақпараттық технологиялар саласында қосымша 350 млн. адам пайдаланады. Әзiрше өзiн 250-дей тiл қауiпсiз санай алады. Дүние жүзi бойынша тиiстi шаралар қолданбаса, 100 жылдың iшiнде тiл­дердiң 90 пайызы жоғалмақ, ал тиiстi iс-шаралар қолданғанның өзiнде 50 пайызы жоғалмақ. Тiлдердiң жоғалуы үшiншi мыңжылдықтың ғана мәселесi емес, өткен 500 жылдың iшiнде неше түрлi соғыстардан, жұқпалы аурулардың кесi­рiнен, қырып-жоюдан, әртүрлi ықпалдан 4000-нан 9000-ға дейiн тiлдер жойылып кеткен. Мәселен, 1777 жылы Англияда кельт тiлдес корниш тiлiнiң соңғы өкiлi қайтыс болған, одан кейiн оны тiрiлтуге әрекет жасалған, қазiр бұл тiлдi 2 мыңдай адам игерген. Қазiрдiң өзiнде Папуа - Жаңа Гвинеяда 832 тiл, Нигерияда - 515 тiл, Үндiстанда - 398 тiл, Мексика, Камерун және Австралияда - 300 тiл, Бразилияда 234 тiл, Тынық мұхитының Вануатуға жақын орналасқан кiшкентай аралдар тобында 110 тiл қолданылады. Тiлдердiң жоғалуынан ол халықтың мәдениетi, ауыз әдебиетi, өнерi ғана жойылып қоймай, сол жерде орналасқан өсiмдiктер және жан-жануарлар жөнiндегi жүздеген жылдар бойы жинақталған бiлiм-iлiмi бiрге жоғалмақ. Мысалы, Коста-Рикадағы көбелек құрты бiр қарағанда барлығы бiрдей көрiнгенiмен, ДНК-сi бойынша 10 түрге бөлiнедi екен, ал жергiлiктi тайпа тiлiнде көбелек құртының 10 түрiнiң әрқайсысының өз атауы бар. Сондықтан да жоғалып жатқан тiлдерде бiз бiлмейтiн өсiм­дiктер мен жануарлар дүниесi жөнiнде 80 пайыз  бiлiм бар десек болады.

Қазақ тiлiнiң тағдыры. «Өзге тiлдiң бәрiн бiл, өз тiлiңдi құрметте» демекшi бiздiң қазақ тiлiмiз ұлтымыздың мәдение­тiнiң бiр бөлiгi және бiздi қоршаған нақты, айқын өмiрiмiздiң ақиқатын көрсетедi, сонымен бiрге қоғамдық сана-сезiмдi, ұлттық мiнезiмiздi, өмiр салтымызды, дәстүрiмiздi, әдет-ғұрпымызды, дүниетанымымызды айқындай түседi. Расул Гамзатовтың «сенiң тiлiң ертең өледi десе, мен бүгiн өлуге дайынмын» дегенiндей ақыл-есi дұрыс, ел-жұртының тағдыры толғандыратын ойлы азаматтарды күнде бiр жаңалығы шығып тұрған, алмағайып заманда қазақ тiлiнiң тағдыры ойландырмай қоймас.

Қазiргi қазақ тiлi дүниедегi басқа тiлдермен бiрге құлдырап, дамымай құрып барады. Басқа тiлдерден енген жанама сөздер, қазiргi нарыққа байланысты тiлiмiзде пайда болған жаңа сөздер тiлдi дамытып, көркейтiп жатыр деуге кел­мейдi, олардың пайдасынан зияны көп, мәселен маркетинг, менеджмент, бизнес, биржа, компьютер сөздерi қазақыланып аударылмай, тiлдiң даму жүйесiн ескермей пайдаланылуда. Бұл бiздiң тiрi тiлi­мiзде, түсiнiксiз өлi сөздердiң көбеюiн қалайша «тiлдiң дамуы» деп айта аламыз?

Қазiргi ана тiлiмiз кешегi ақ патшаның кезiнен сөз қоры бiршама азайған, оған дәлел кеңестiк кезде 20 мыңдай сөзiмiз фразеологизм сөздер ретiнде айналымнан шығып ақсаған, мәселен биология ғылымында адамды «екi көздi» деп оқытса, қазақ «адамда төрт көз бар» дейдi: «айтатыныңды төрт көзiмiз түгел отырғанда айт» демекшi, сонда қалған екi көзiмiздiң бiрi ақыл көзi, екiншiсi көңiл көзi, ақыл көзi ашылмаған адам iстiң қисынын байқаудан көрсоқыр болып, көңiл көзi ашылмаған бiреудiң қайғы-қуанышына ортақтаса алмайды. Сөйтiп, көптеген мал-жан туралы, түрлi аурулар, оларды емдеу жолдары туралы құнды деректерден айрылып отырмыз.

Синонимдiк сөздiктегi сөздер тiлдiң жаппай құлдырап, құлдилап жатқандығын көр­сетедi. Мағынасы бiр болып келетiн, бiрақ жазылуы басқа синонимдердiң тiлде пайда болуы тiлдiң, халықтың өмiр-салтының қарапайымданып, адамдарының азғынданып бара жатқандығын көрсетедi, өйткенi тiл бай кезде, төрт құбыла түгел кезде әртүрлi мағынаны бiлдiретiн сөздер, тiл құрығанда барлығы бiр үйiндiге айналғанын көрсетедi. Абай: «Батысым Шығыс болды, Шығысым Батыс болды» дегендей бұл орын ауысу емес, бұл «Түс­тiгiмде, Оңтүстiгiмде, Батысымда, Шығысымда барлығы Батыс болды» деген сөз, яғни геометрия тiлiмен айтар болсақ, Аспан Жерге қабысқандай тiл кеңiстiгiнiң жазықтыққа, жазықтықтан түзуге, түзуден нүктеге айналып құруын көрсетедi.

Тiлдiң маңызы зор. Қарапайым мысал ретiнде шұңқырды, орды келтiруге болады, тiлiмiзде ор, шұңқыр деген түсiнiк сөзi болғаннан кейiн бiз өмiрде, орды көрсек, iшiне түсiп кетпей, айналып өтемiз. Ал тiлiмiзде ондай сөз болмағанда қайтер едiк, кездескен сайын орға түсiп, одан шыға алмай делсал болар едiк. Сондай-ақ қазiр қазақ тiлiнiң сөз құрамынан екiлiк түр жоқ болған. Бұл екiлiк түрi араб тiлiнде сақталған, оның өзi бұрынғы мағынасында емес. Мәселен адам жеке түр, адамдар көпше түр, ал әйел мен еркек (жiгiт пен қыз)екiлiк түрi, яғни жұп. Бiз «қыз бен жiгiт жұптасып» барады деп айтамыз, екi жiгiт немесе екi қыз жұптасып барады демеймiз. Осы екiлiк түр тiлде жоғалғасын, жанұяларда түсi­нiс­пеушiлiк артып, ұрыс-керiс көбейiп, талайдың тағдыры тәлкекке шалынып жатыр. Екiлiк түр сенiң қарсыласыңның сенiң жалғасың екен­дiгiңдi, сен онымен бiртұтас екендiгiңдi ұмыттырмайды. Үндiстандағы моғол билеушiсi заманында Ахмед сұлтан есепшiсiне жауларын жылда санататын көрiнедi. «Биыл жауларыңыз осыншаға азайды, олар дүниеден озды» деген хабарды естiсе, Ахмед сұлтан қатты ренжитiн көрiнедi. Ол кезең негiзi тiл бұзылмаған кез болса керек. Тiлдегi екiлiк түр ең бiрiншi рет 16 ғасырда ағылшын тiлiнен алынып тасталған, одан кейiн артынша Англияда Парламент пайда болады, өйткенi екiлiк түрдiң есесiн теңелту керек болды. Бұрын адамгершiлiкпен реттелетiн жағдайлар ендi заңсыз реттелмейтiн болды, әр жағдайға әртүрлi заң керек. Содан соң бұл ауру басқа тiлдерге де тарады. Қазiрдiң өзiнде қай елдiң парла­менттерiн алсаң да, заңдары күлше пiскендей күнде шығып жатады. АҚШ-та үйленгенде неке келiсiм-шартына отырады, онда ерлi-зайыптылардың қай күнi не iстейтiндiгi, қалай iстейтiндiгi бәрi-бәрi жазылған неке келiсiм-шарты бiрнеше мың қағаз бетiн құрайтын жауап­кершiлiктен тұрады. Адами қасиеттен, мөлдiр махаббаттан айрылған қоғамда әрине солай болады, шынайы қарым-қатынастың орнын өлi қағаз басады...

Бiз қытайлар, арабтар, кәрiстер неге көп екендiгiне ой жүгiрте бермеймiз, демография саласына да тiлдiң әсерi зор, бұларда әйел заты мен ер заты кездескенде өзiнше бiр эротикалық, поэзиялық жұмсақ тiлде сөйлеседi. «Жылы-жылы сөй­лесең жылан iннен шығады» демекшi өзiңе құрметпен қарап iлтипат көрсетiп тұрған адамды қалайша жек көресiң? Сондықтан да оларда халық санының көптiлiгiне таң қалуға болмас. Кәрiстердiң теледидардан көрсетiп жатқан сериалдарынан-ақ олардың мәдение­тiнiң, iзеттiлiгiнiң, сезiмтал­дығының бiзден гөрi жоғары екендiгiн көруге болады. Ал бiздiң ұлттық санамызды бұзып жатқан тәрбиесi терiс түрiк сериалдарын көрсетуге тыйым салуға дейiн бару керек.

Баяғыда орманға бiреу келiп, ағаш бiткеннiң бәрiн шыңғыртып шауып жатқан көрiнедi, сонда бiр кәрi емен қасындағы ағашты «бiлiп кел» деп жiбередi, сөйтсе орманды шауып жатқан басы темiр, сабы ағаш балта екен. Сонда кәрi емен «сабы ағаш болса, жау жақыннан шықты, қиын болды» деп қынжылыпты. Қазiргi жастарымыздың көбi сабы ағаш (қаны қазақ) болғанымен, басы темiр (ой-санасы орысша, тәрбиесi батысша). Солар бiздiң ұлттық құндылықтарымызды шауып, үлкендi сыйламайтын терiс тәрбиелi, өз ұлтын менсiнбейтiн, ана тiлiн бұрмалап, кемсiтiп, ауыздарынан боқтықтан басқа шықпайтын, қара басын ойлайтын өзiмшiл, менмен болып тұр. Оларды дұрыстау үшiн олардың басын, яғни ой-санасын, тәрбиесiн түзету қажет.

Тiлмен өлтiруге, тiлмен емдеуге болады, сондай-ақ тiлдi де өлтiруге де, тiрiлтуге де болады. Жоғалып жатқан тiлдердiң қамытын кимеу үшiн және ұрпақтан-ұрпаққа ата-мұрамыз жалғасын табу үшiн тiлiмiздi, тiлiмiз арқылы ұлттық құндылықтарымызды, салтымыздағы асылдарымызды қайта жаңғыртуымыз қажет. Ол үшiн тiлiмiздегi әр сөзiмiз өзiнiң нағыз ауқымды мағынасын тауып, құр әншейiн сөз болудан қалып, қазақ тiлi сөзi мен iсi қатар жүретiн қуатты жаңа дүниенi, жаңа кеңiстiктi жарата алатын тiлге айналуы керек. Күнделiктi тұрмыстың өзiнде ғана тiлдiң дамуы үшiн күнiге жаңадан 20-25 сөз пайда болып отыруы керек, ал тiлде тек қана жаңадан екi сөз: спутник, ғарышкер сөздерi пайда болу үшiн орасан зор оқиғалар: Жердiң жасанды серiгi - спутник жасалып, техника дамып, адамның ғарышқа көтерiлуi қажет. Ал күнделiктi күйбiң тiрлiкте осындай жаңа сөз­дердiң жиырма шақтысы күнде пайда болып, қарым-қатынастың қыр-сырын сипаттап отыруы керек, ал ондай болмағасын, адамдар дағдылы сөздермен сөйлескесiн, оны бiреуi былай түсiнiп, екiншiсi басқаша түсiнедi.

Түсiнбеушiлiк, келiспеушi­лiктiң, дау-дамайдың тамыры тiлдiң жетiлмеуiнде, дамымауында жатыр.

Ұлтымыздың жоқ болып кетпеуi үшiн бiздiң аталарымыз да, әкелерiмiз де, балаларымыз да, немере-шөберелерiмiз де, елiмiздегi басқа ұлттың өкiл­дерi де атсалысып, қысқасын айтқанда барлығымыз ел болып, қазақ тiлiнде сөйлеп, жазып-сызып, оқып, қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру үшiн ана тiлiмiздi құдiретi күштi тiлге айналдыру бүгiнгi күннiң уақыт күттiрмейтiн шаруасы.

 

 

Нұрбек ШӘКIШЕВ, Байқоңыр қаласы

«Президент және Халық» газеті

 

 

0 пікір