Жұма, 19 Сәуір 2024
3187 4 пікір 18 Қараша, 2020 сағат 13:59

Дәулеткерей Кәпұлы қандастарымыздың проблемаларын атады

Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы шетелден тарихи Отанына көшіп келген қандастарымыз тап болып отырған кейбір мәселеге тоқталды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды тұғырнамасында «Қандасым - қамалым» дейтін тамаша, қылдан нәзік, жіптен жіңішке тұс бар. Бұл тұс осы шетелден көшіп келіп жатқан қандас бауырларымызға қатысты. Әйтеуір, Президенттің Жарлығымен «қандас» деп бекітіп алдық. Сол қандастардың шаруасымен «Ауыл» партиясы айналысып жатса құба-құп», - деді ол «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII съезінде.

Осы ретте Дәулеткерей Кәпұлы шетелден тарихи Отанына көшіп келген қандастарымыз тап болып отырған кейбір мәселеге тоқталды.

«Бұл - құжат мәселесі. Қазақстанға көшіп келгеннен кейін өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін құжат алдыру дейтін сорақы дүние бар. Бұл мысалы Ауғанстан қазақтарының, Түркия қазақтарының үлкен проблемасына айналған. Ал Қытайдан көшіп келіп жатқан қазақтардың сотталмаған дейтін құжатын азаматтар «ойбайлап, айғайлап» жүріп алдырып тастады. Яғни, көшіп келген қазақтардың басындағы басты проблема - ең бірінші азаматтыққа не болмаса ықтияр хат алуға том-том қағаз жинау», - деді Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы.

Сонымен қатар ол қандастарымызға салынған үйлердің сапасы сын көтермейтіндігін де баса айтты.

«Өскеменнің қасында «Нұрлы бесік» дейтін ауыл салынды. Қаншама бауырым, құда-жекжаттарым, тамыр-таныстарым тұрады. Соған барып көрдім. Қыстыгүні адам тұрғысыз. Дәл сол жағдай Солтүстік Қазақстанның іргесіндегі «Бәйтерек» ауылында да қайталанады. Не болмаса Көкшетаудың қасындағы «Красный ярдағы» үйлердің барлығы пенопластан салынған. Бұл биліктің кінәсі емес. Оны ортадағы жемқорлардың жасап отырған дүниесі екендігін айтпасқа болмайды. Сондықтан «Ауыл» партиясы осындай түйткілді мәселелерді биік мінберден айта алатындай күндер болып жатса, мен сіздердің орталарыңызда бармын», - деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Түпнұсқа: ҚазАқпарат

Abai.kz

4 пікір