Жұма, 26 Сәуір 2024
Әліпби 4175 5 пікір 18 Қараша, 2020 сағат 13:26

Президент кеңсесінің орнына жауап беруге бола ма?

Латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты президент Қ.Тоқаев мырзаның атына арнайы жазылған бір топ ғалымның хаты шықты. Оған ТБИ ғалымдарының жауабы жарияланды. Бұл хаттың мақсаты белгілі болғанымен, ресми сипаты түсініксіз болып қалды...

Егжей-тегжейлі ойластырылған жауап емес, қалай болса солай құрастыра салу, кемінде, Мемлекет басшысын сыйламау болып табылады. Бір Институттың кешегі бір топ бөлім меңгерушілеріне, ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарына, бас, аға және ғылыми қызметкерлеріне сол институттың басқа бір тобы жауап жазғаны қызық болды.

«Хатта «...ортақ түркі әліпбиі» – шартты ұғым» деп бір түйген. Бұдан сауатсыз, саяз, қате пікір болуы – мүмкін емес. Және тағы бір жерінде Ә. Қайдар «ешқашан 28 әріптен тұратын әліпбиді ұсынбаған» деп қояды. Бізді таңғалдыратыны, Институт атынан осы мәтінді жазып отырған адамдар өздеріне көп жылдар басшы болған академик ағамыздың еңбектерінен мүлде бейхабар болғаны. Ортақ әліпби және сол ортақ әліпби негізінде жасалған қазақ латын әліпбиі туралы Әбекеңнің елуден астам мақала, баяндама, аналитикалық жазба және ресми хаттары бар екенін білмеген болып шықты ғой, бұл мамандар...

Академиктің өзін сөйлетейікші. Жеті жыл бұрынғы Ә.Қайдардың сөзі: «1993 жылы «Кемел елге кемел әліпби керек» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың атына ашық хат жазып, ол «Ана тілі» газетінің № 52 санында басылымның үш бетінде жарияланған еді. Бүкіл жұртшылыққа мәлім. Ашық хаттың соңына түркі жұртына ортақ әліпбидің 34 таңбадан тұратын жобасы қоса берілген. Бұдан шығатыны түркі жұртына ортақ әліпбидің үлгісі бұдан 20 жыл бұрын әкелініп, қалың жұртшылыққа белгілі болған. Ол қазір аяқ астынан белгілі болып отырған жайт емес... Қазақ әліпбиіне байланысты біз әзірлеген үлгі сол 34 таңбаның негізінде жасалған 28 әріптен тұрады» («Егемен Қазақстан», 2013 ж., 14 ақпан). 2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің 26 шілде күні шыққан санында «Жаңа қазақ әліпбиі» атты мақаласында Әбдуәлі Тұғанбайұлы 28 әріптен тұратын әліпбиін тағы да тәптіштеп түсіндіріп: «Бұл жоба қабылданған 34 әріптен тұратын ортақ әліпбиге сәйкес алынып отыр. Бұл – барлық түркі тілдеріне бірдей қойылатын талап. Одан ауытқуға болмайды» деп тұжырымдайды.

Жарайды, көптеген (жүздеген!) бұлтартпас деректерді қоя тұрып, ең соңғы осы ортақ түркі әліпбиіне нақты мысал келтірейікші. 2018 жылы Стамбул қаласында «Түркі тілдерінің әліпбилері» атты халықаралық алқалы конференция өтті. Оған, Қазақстаннан оншақты университет, ҒЗИ, орталықтардың ғалымдары барып қатысты. Бір ғана Тіл білімі институтынан бір емес, бес ғалым барғанын білеміз, аттарын атасақ, олар – Ерден Қажыбек, Әлімхан Жүнісбек, Зейнеп Базарбаева, Айман Алдаш және Құралай Күдеринова. Сол жиында түркі тектес елдердің ғалымдары бірауыздан «1991 жылдан бері мамандарға жақсы таныс тілші-ғалымдар мақұлдасып, бірауыздан қабылдаған ортақ түркі әліпбиі барша түркі тілдері үшін өздерінің ұлттық нұсқаларын дайындаған кезде, мүмкіндігінше, осы ортақ түркі әліпбиін негізге алып отырғаны жөн» деген жеті баптан тұратын қаулы-қарар қабылданып, тайға таңба басқандай (жоғарыда аты аталған Институт ғалымдарының да қолдары бар, әлбетте) қолдары қойылғанын ескертсек жеткілікті болар дейміз. Сондықтан, оларға ортақ әліпби шартты ұғым емес, нақты ұғым екенін біліп жүргені дұрыс.

Жауап хат авторлары бізді «грамматологиялық жұмыспен шұғылданған емес» деп қояды... Сынап отырған хатқа қол қойғандардың ішінде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басты бөлімдерінің бірі болып табылатын – грамматика бөлімінің меңгерушісі, ғылым докторы Орынай Жұбаева болғанын ұмытып отырған болу керек, немесе грамматологиядан тек қана фонетика маманы және базалық дипломы бойынша осы тақырыпқа мүлде үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын қазіргі Институттың директоры Анар Фазылжанова ханым ғана хабардар ма сонда?

Хатта бұлар әліпби жұмысына кедергі келтіріп, арандату жұмысын жүргізеді делінген. Бұл енді ұзақ әңгіме. Сондықтан, Әліпби жобасын кім қалай тежеп отырғанын аты-жөнімен жеке мақала етіп береміз. Шындығына келсек, бұл жерде былық көп. Оны айтсаң, сен де жылайсың, біз де жылаймыз... Қазір Институт жобасы деп айтылып та, жазылып та жүрген жоба – Институттың жобасы емес. Сол жобаны «Институт жобасы» деп Президентке жолдағандары да, нағыз, фактілерді бұрмалау болып табылады. Институт жобасы 2016 жылы шыққан кітапта (қ.: «2016») ресми түрде жарияланған (қ.: «395»). Бұл жоба әрі ортақ түркі әліпбиіне кереғар емес, әрі Ә.Қайдар нұсқасына сәйкес жасалған еді. Яғни аттай отыз жыл ішінде Институттың негізгі жобасы болғаны дау туғызбайды.

А.Фазылжанованың алдында болған директорымыз Е.Қажыбек те дәл осы Институт жобасын ғана қолдаған және Институт атынан жоғары жаққа ұсынып жүрген жобасы да осы нұсқа болды.

Бұған нақты дәлел керек болса, оны да келтіре кетейік. Біздер әлі Институттағы әліпби жұмысынан шеттетілмей тұрған кезде, жаңа директорымыз, келе салып, бірден ғалымдар кеңесі жиналысын ұйымдастырғаны есімізде. Сол жиналыста жеке өзі күн тәртібіне үш нұсқа ұсынды. Солардың бірі – «Институт жобасы», басқа екеуі – орфотоп тарапынан ұсынылып жүрген «жетілдірілген» жобалар. Ғалымдар кеңесі чатына жаңа директордың өзі осы жобаларды қойған скриншоттарын көрсеңіз жеткілікті: қ.: «А.Фазылжанова», «Орфотоп», «Орфотоп-2» және «Ин. жобасы».

Сол жиынға Институттың көп ғалымдары, атап айтсақ, А.Салқынбай, Б.Сүйерқұл, Б.Қапалбек, Қ.Айдарбек, О.Жұбаева, Е.Қажыбек, Ә.Жүнісбек, М.Таубалдиев т.б. «қатыса алмады». Және сол жиыннан кейін А.Фазылжанова институт жобасының орнына өзімен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген Орфотоп өз жобасын «Институт жобасы» деп атай бастады. Бұған не дейсіздер?

Институттың ғылыми негізі әбден пысықталған жобасын қолдаушы ғалымдар.

file:///C:/Users/user/Desktop/%D2%9A%D0%B0%D1%80%D0%B0%D1%80.pdf

Abai.kz

5 пікір