Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Аңыз Абай 3289 1 пікір 16 Қараша, 2020 сағат 14:35

Абайдың кемелдік сатылары...

Абайдың кемелдік сатылары - 2

(Абайдың өмірбаянына жаңаша көзқарас. Жалғасы)

Бұл жолғы сөз 1884-1890 жылдар аралығына, яғни Абай өмірінің кезекті жеті жылына қатысты. Әйгілі өлеңдердің көбісі осы аралықта дүниеге келді, Абай қазақ әдебиетінің классигі биігіне шықты. Бірақ аталмыш жеті жыл біркелкі емес. Алдыңғы үш жыл және кейінгі төрт жыл өз алдына бөлек белестер. Сондықтан осы екі кезеңді жеке-жеке сөз етеміз.   

Халық сыншысы болған үш жыл

(1884-1886)

«Ел кісілерінен сонағұрлым білімді, қырағы, озған кісі болып жекеленіп шыға бастайды». Мұхтар Әуезов Абайдың өлеңге кірісуінің ішкі себебі осы деп көрсеткен (өмірбаянның 1933 жылғы әуелгі нұсқасы). Онан соң, сыртқы өмірді, ақынға қатты әсер еткен оқиғаларды сараптай келе, сөзін: «Осымен 1884-85-86 жылдар түгелімен алыспен өтеді» деп қайырады. 40 жаста адам болмысы айта қаларлық өзгеріске ұшырамақ. Бұл ұлы тұлғалар өмірі арқылы анықталған әлем заңдылығы. Мұхаңның: «1884-86 жылдардан бастап Абай өлеңге кірісті» деген тұжырымы осы заңдылықтың бір мысалы есепті. 

 Өкінішке орай, 1909 жылғы тұңғыш жинақта «Халық туралы» деп топталған тоғыз өлең тек 1886 жылдікі делінуде. Яғни Абай ақындығының басталуы екі жылға ысырылған. Бұл қысқарудан не ұттық? Ештеңе де. Бірақ залал мол. Осы қатенің қате екендігін дәлелдеу маңызды міндет сияқты. 

 Абай қатты алданып, күтпеген жерден Күнту болыс сайланып кететін аты-шулы сайлауды есіне ала келе, Тұрағұл былай дейді: «Бұл сайлау 1884 жылы болған, содан кейін достан, елден түңіліп, соққы жегендіктен, осы өлеңдерді айтқан секілді: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»,   «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап»,  «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса» (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. -189 бет).

Сөйтіп, Абай ақындық қызметке кірісуіне 1884 жылғы «соққы жеген» сайлау түрткі болған. Тарихи шындықты Тұрағұл атап айтқан. Мұхаң да бекітеді: «Абай... ел ортасына бүлік салып жүрген тынымсыз атқамінерлерді ең алғаш рет сынға алып, бөліп шығара бастайды. ...Елдің ортасында «жақсымын», «жұрт ағасымын» деп жүргендерге ең алғаш сын сөздер айтады» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. -108 бет).

Бақсақ, Тұраш атаған  тоғыз өлең тек 1886 жылғы емес! Олардың үш жылға (1884-86 ж.ж.) тиесілі екендігі талассыз. 1933 жылғы толық жинақта Мұхаңның: «Сонымен 84-86 жылдардан бері қарай Абайдың ақындығы басталады» дейтіні сол.   

Қайталап айтайық,  барлық Абай жинақтарында «Халық туралы» тоғыз өлең «1886 жылғы» делінген. Қатенің бастауы қайсы? Бұған тоқтала кетейік. Петербор баспасынан 1909 жылғы жинақты құрастырушы Кәкітай атына хабар келеді: «Әр өлеңге дата қойылсын!» деген. Әрхам ақсақал куә, бұл шартты Кәкітай жалғыз орындап шыққан. Уақыт тығыздығы жағдайында, әрі өз білуінше. Әсіресе, 1890 жылға дейінгі өлең датасында дәлсіздік көп болуы содан.  Тұрағұл айтқан датамен сәйкес келмейтін сыры да осы арада. 

Шындығында, Абай екі жыл (1884-1885) уақытты бос өткізбеген (бұл   оқымысты болған, ақындық қуаты тасыған кез ғой). Бұл пайымды дәлелдеу үшін бұдан 135 жылдай бұрын болған оқиғаларды ой елегінен өткізейік. 

1884 жыл ел іші тыныш, мамыражай басталған. Қыс айларында Абай «Әзімнің әңгімесінен» кейінгі поэмасы «Масғұтқа» кірісіп, еңсеріп үлгереді. Жаз шыға Семейден, ояз Лосовский тарапынан «Тергеу істері біржола жабылды, сот ақтап шықты» деген сүйінші хабар жетеді.  Осы қарсаңда жер аударылған халықшыл адвокат Гросс Абай ауылына келеді. Қыр төсін еркін аралап, екі айдай жатып қайтады. Ол – Абай тергеуде жүрген әрі ғылым іздеген шақтарда Семей қаласында табысқан досының бірі еді.  «1884 жылы жаз айында, ел жайлауға шыққанда Абай ағам ауылына Гросс келді, – дейді Кәкітай Ысқақұлы, – ол кісінің мамандық қызметі халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеу екен».  Гросс, әрине, бос жатпаған, Абаймен кеңесе отырып,  қазақтың әдет-ғұрып заңдарын қағазға түсірген. Екі жылдан соң, Маковецкий деген адвокатпен бірлесіп, оны кітапша етіп шығарады. 

Енді 1884 жылдың басты оқиғасы – болыстық сайлауға келейік. 

Гросс қонақта жүргенде айтылмыш Мұқыр болысының сайлауы өткен. Оның қырсықты боларын кім білген. Шар салу нәтижесінен барша жұрт аң-таң қалысқан (ояздың әйелі тіпті «как так!» деп шаңқ еткен, ол қазақтарға «көтек!» боп естілген). Өйткені, Абайдың інісі Оспан емес, Күнту деген азамат жеңіске жетеді. Абайға ауыр соққы болды. Мұхтар Әуезов: «Ақын көңілі елден алғашқы рет қатты торықты» деп көрсетеді.  Қатты торықтырған  –  Оспанның сайланбай қалуы емес, Ербол, Жиренше, Оразбай, Абыралы, Күнту сияқты ескі дос-жарандар тарапынан жасалған көпе-көрнеу қастандық еді. Достан айырылды. Сібірге айдалудан әрең қалған Абайға бұдан асқан күйзеліс бола ма? Өстіп, жалғыздық трагедиясы басталған. 

Тұрағұлда тізім басы –  «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» және «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген егіз өлең. 1884 жылы  Абай небары отыз тоғыз жаста, ендеше «қартайдық» дегені қалай? 

Ғұлама Мұхтар Әуезов бұл дүдәмәлді толық сейілтеді: «Анығында, бұл жылдары Абай қартайған жоқ. Оны жасынан ғана айыру керек емес, халық қамқоры боп, азамат ақын боп, осы жылдан бастап жазған сөздеріне қарасақ, ақын анық үлкен тартысқа барынша белсеніп кіріседі. Ызалы ашумен, қайсар қайрат, өнімді қажырмен араласады. Олай болса, жаңағы «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сөздерді Абай басқаша бір мән-мағынамен қолданады. Өсиетші, сыншы ұстаз болуға бекініп кіріскен ақын халықтың анық ағасы боп, ақылшының тұрғысынан сөйлемек болады. ...Үлкен санадан туған қатты ашу мен қызулы жалын екеуі де кәрілік нышаны емес» (Аталған монография,  –108-109 бб.). Тамаша, терең пайым! Мұхаң бұл арада Абайдың санасы һәм  ойлау жүйесі жаңа деңгейге көтерілгенін астарлап айтқан.  

Алғашқы әлеуметтік туындыларға қайтып оралайық. Абайдың өлеңді неліктен ел мінезін сынаудан бастағаны ұғымсыз қазір. Жеке пысықайдың да, атқамінер ортаның да мінезін басқа ұрып, көзге шұқып аяусыз сынаған. Неге? Өзін аямаған, «итжеккенге» (қазақтар Сібірді осылай атаған) қиған кімдер? Әрине, атқамінер бүлікшіл топ. «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» өлеңінде ақын қайраткер кесек тұлғаны – қыран бүркітке, ал биліктің қолшоқпары пысықай қуларды – көп күйкентай, қарғаларға теңеген. 

Сонымен, Абайдың өлеңге кірісуін екі жылға шегеру – үлкен қателік. Сыншыл өлеңдер өмір оқиғаларынан ажырамауы керек. Мұхаңа тағы бір жүгінейік: «Абайдың осы күнге шейінгі баспаларында «Халық туралы» деп жүрген көп өлең бар. Сол өлеңдерінің ішінде:

                               Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

                               Алдамаған кім қалды тірі жанда?! – деген сияқты талай-талай сөздерден Күнту болыс болатын сайлаудың алыстағы сарыны сезілгендей. Сонымен қатар, бұл өлеңдерінің барлығы өзінің шын налыған күйін аңғартады» (аталған монография, – 56 бет).  

1884 жылдың қалай өткені жайлы айтпақ сөзіміз осы.

Енді келесі 1885 жылдың елеулі оқиғаларына өтейік.

Бұл жұртшылық жадында Қарамола сиезімен қалған жыл. 

Күнту болыс болатын қырсықты сайлау өткеніне тұп-тура бір жыл толғанда, қыр төсінде ең алғаш шербешнай (орыстың чрезвычайный, яғни төтенше деген сөзі) сияз болмақшы деген хабар елге жетеді. Абай арнайы шақыру алған аталмыш сияз Семей қаласынан 70 шақырым Шар өзенінің бойында Қарамола деген ежелгі жәрмеңке орны болған жерде өтті.  

Жаулар жағы: «Әп, Абай жазасын енді алар!» деп алақанын ысқылаған. Қайдағы?! Барлығы керісінше, сол күндері генерал-губернатор  Цеклинский Абайды төбе би сайлатып, 73 баптан тұратын билер ережесін даярлатқан (осындай ғажайып оқиға – Абай Алланың бақылауында болғанын сездірмек). 

Шыны сол, Абайдың атақ-абыройы алғаш рет қазақ көгінде шарықтады.  Қазақта «жақсымын», «жұрт ағасымын» дегендер түгел бас қосқан төтенше жиыннан сезімі өткір Абай өзгеше әсер алып, еліне арқаланып қайтқан.  Сондықтан «Дүйім ел бас қосқан, дүбірге толы сияз әсерінен туылған дейтін бірде бір өлеңнің жоғы қалай?» деген сұрақ өз өзінен туады.

Бірден айтайық, ақынның атақты «Қалың елім, қазағым, қайран елім» атты өлеңі осы 1885 жылғы туынды, жаңағы шербашнай сиезден алған әсерінің жемісі. Бірақ көп өлеңнің ішінде «1886 жылғы» делініп келеді.  

Енді Қарамола сиязына іле-шала болған мына бір оқиғаға тоқталайық.  Көкбай сөйлесін: «1885 жылы Абай ауылында доктор Долгополов та қонақ болды. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп: «Осы суретті өлең қыл», деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», деді. Мен: «Асса, басында мен қолқалап алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз», деп қалжыңдадым. ...Менің қалжыңыма орай қылып: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын», деді». 

Біріншіден, «Жаз» өлеңі 1885 жылдікі екені соқырға таяқ ұстатқандай анық (бірақ «1886 жылғы» деген қате түзетілді ме, жоқ, түзетілмеді). Екіншіден, Абайдың   «Соғымыңа бір ту бие ал» дегені «Жаз» өлеңіне айтқан сияқтанады, шындығында «Қалың елім, қазағым...» бастатқан әйгілі жырлар меңзелген. Өлеңдер тұра тұрсын, тіпті Құнанбайдың қайтыс болуы да «1886 жыл» деп қате таңбаланып келе жатса, оған не дерсіз.   

Осы айтылғандарға бұлтартпас айғақ қолымызда. Абайтанушы ғалым Әбіш Жиреншин архивтен тауып алып, айналымға енгізген, шекесінде «Құпия» деген жазуы бар ресми құжатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Полиция бастығына жолданған бұл ресми рапортта айдауда жүрген Нифонт Долгополов  Абай ауылында 1885 жылдың 10 тамызына дейін ем-дом алды делінген. Рұқсат 15 тамызға дейін берілген екен. Бірақ Долгополов ертерек қайтқан. Неге? Өйткені, Құнекең тап осы күндері қайтыс болған. Сол себепті Абай қалаға өзі бара алмай, облыстық Өлкетану музейіне жаз бойы жиналған бағалы заттар, мол дүниені Долгополов қолына тапсырған. Бұл жайында ғалым Қ. Мұхаметханов та жазады: «Дәл сол 1885 жылы, тамызда Құнанбай қайтыс болыпты. Әкесінің қазасы үстінде Абайдың жолаушылап кетуі, әрине, мүмкін емес еді» (Абай журналы. 1992. №1). 

Сонымен, Абайдың ақындығы 1884 жылдан деген құр долбарлау емес, оған тірек мықты дәләл-дәйектер де, ресми құжаттар та жеткілікті.  

Енді 1885 жылдың қара күзінде басталып, келер жылдың бірінші жарымында бітімін тапқан «Тәкежан-Базаралы дауына» ауысайық. «Абай жолы» эпопеясының «Кек жолында» тарауына өзек етілген бұл оқиға   былайша өрбіген. Қарамола сиязына жарты жыл сырғып өткенде Тобықты елі тағы дүрлікті:  осы жылдың күзінде Сібірде тұтқында жүрген жігітек Базаралы (қасында Әділхан деген серігі бар) елге қашып келеді. Ол көп ұзамай-ақ Тәкежанның бір қос жылқысын барымталап, талан-таражға салсын (800 бастың 400-ін айдап әкеткен). Барымта ырғызбай және жігітек, бөкенші рулары арасындағы ескі жаулық шоғын қайта тұтатты.  Тобықтының төбе биі Абай, әрине, аталмыш дауға араласқан. Еріксіз.

Абай мен Тәкежан арақатынасы алғаш суысуы – осы барымта әлегі. Абайда 1886 жылғы «Кеселді болып бітеді, Жақсыға біткен жақындар» деп басталатын өлең бар. Онда ағасы Тәкежанды ащы тілмен түйреп өтеді. 1909 жылғы жинақта Кәкітай, Тұрағұл бұл өлеңді бөгде екі өлең («Бөтен елде бар болса» және «Жалығуды пәледен Жұрт ұмытты біржола») арасына кіріктіріп, бүркемелеп баққан. Ағайын арасы ашылмасын деп.    

Сондай-ақ, «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Сабырсыз, арсыз, еріншек»  сияқты әйгілі туындылар да жаңағы барымта жаңғырығы. Аталған соңғы өлеңінде Абай:

                            Еңбегі жоқ еркесіп,

                            Бір шолақпен серкесіп,  

                            Пысық деген ат шықты.

                            Бір сөз үшін жау болып,

                            Бір күн үшін дос болып,

                            Жүз құбылған салт шықты, - дейді. Қапалану сыры: атақ-абыройы асқақтап, әсіресе, Қарамола сиязынан кейін өлең сөздері ауадай таралса да, өшпенділік шоғы сөнбеді. Ескіден араз ағайын (жігітек, бөкенші) «Өздері қалап, сайлап алған старшындарына мөр бастырып, 1886 жылы менің әкемді жер аудартпақшы болған» (Тұрағұл).   

Осы 1886 жылғы «Патша Құдай сыйындым...» өлеңіндегі:

                                            Арғын, Найман жиылса,

                                            Таңырқаған сөзіме.

                                            Қайран сөзім қор болды,

                                            Тобықтының езіне,

деген шумаққа інісі Кәкітай: «Өзге алыс ел құмар боп, Абайдың насихатын ұқса да, ұқпаса да құлақ қойып тыңдап отырғандарына қарағанда, қайта ең жақын, туысқан елі Тобықтының көбі айтқан сөзі, жазған өлеңімен ісі жоқ боп, өзіне жаулық ойлайтынына ыза боп жазып еді», – комментарий жазады. 

Сонымен, қай тұрғыдан қарастырсақ та, алғашқы тоғыз әлеуметтік өлең үш жылдың еншісі деген байламға келеміз. Оларды тек 1886 жылдікі деу қателік.  Тұраштың дерегі де, сөз болған оқиғалар да оған ғылыми негіз.  

Енді бірер жәйттер айтылмай қалып барады. Абайда жеті жыл анталаған жаулықпенен, үнемі итжеккенге айдалу қаупіменен  өтті. Тергеуден тергеу қажытып,  «қартайдық» дегізді. Оған бір жанама дәлел – досы Лобановский 1887 жылы салған (қарындашпен) портрет.  Тұрағұл: «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді» дейді. Жаңағы он жыл кейінгі суретте ше? Мүлдем басқа бейне. Ол қайраты қайтқан, жүзі жабық, сырын ішіне бүккен, бойында «улы зар, үлкен мұң, көп арман бар» (Әуезов) Абайды көзге елестетеді.

Абай – тәуелсіздік күрескері. Мұны да ашық айтар кез келді. Мысалға Абайда «Жаңа закон» атты ұзақ өлең бар. Ол – алғашқы жанайқайы, ащы үні. Сөз болған барша сыншылдық өлеңдері желісін сол толғаудан тартады (кімде кімнің күмәні болса, ұзақ жырды зейін қоя оқысын). «Абай отаршыл билікке қызмет еткен, орысшыл болған» десетін бүгінгі жас буын өкілдері көп қазір. Өйткені, халық туралы өлеңдерінде Абай атқамінер ортаны сынаған, ел мінезін шенеген дегеннен аса алмадық.  Негізі, ел мінезі бұзылуына кінәлі – билік, оның заң-закондері деген идея Абай поэзиясын 1880 жылдан-ақ көктей өтеді.  Әрбір әлеуметтік өлеңі – отаршыл жүйеге қарсы бораған оқтай. Абай оларды көпке жария етуге  асықпаған, тек қарт ақын Байкөкше, дос-ағасы Әуез сияқты сенімді ортаға ғана айтқан. Неге? Себебі, сауысқандай сақтыққа ұзақ тергеулер үйретті, цензура жайлы орыс достары да ескертіп отырды. 

«Жан қуаттары ...әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады» (43-сөз) деп өзі айтқандай, Абай жан қуатын дәйім ұлғайтқан. Соның бір белгісі –  сын айтудан ақыл, насихатқа ойысады. Жылма жыл кектенген, ашу-ызаға толы өлеңдер азайып, ақылшы ағаның жас буынға айтқан тәлім-тәрбиелік өлеңдері айқын басымдықпен алдыға шығады. Осыған көз жеткізу үшін ұлы өмірдің келесі төрт жылына қадам басайық.

Мәдени-ағартушылық арнасында 

(1887-1890)

Төменде төрт жыл бойы Абайдың мәдени-ағартушылық бағытта қызмет қылғаны сөз болмақ. Ағартушылық поэзиясы барлық өмір қырларын қамтыды. Өз тұстастарынан көңілі қалған ақын «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер» деп өзі айтқандай, енді тыңдаушыны жастар арасынан іздеді. Сан алуан тақырыптар бір мақсатқа – адамгершілік тәрбиеге қызмет етеді.          Сыншылдық қабілетке жаңашылдық қасиетті қосқаны да осы кезең ерекшелігі. Қазақ өлеңіне сан алуан жаңа түрлер мен өрнектер әкелді. 

Осы айтылғандар ойшыл, оқымысты ақынның жиған-тергенін, білгенін халқына беретін, яғни ағартушылық кезеңге жеткенінің айғағы. Ағартушы, ойшыл Абай өткір тілді найза етіп, жастарды дұрыс өмір сүруге үндеді. Осы кезеңін кейінгі Абай:

                                      Тәуекел мен батыр ой,

                                      Өткір тілді найза етіп.

                                      Сайысып-ақ бақты ғой,

                                      Неше түрлі айла етіп (1898), – деп жеткізеді.  

1887-1890 жылдары  Абайдың «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Сәулең болса кеудеңде», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол», «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Білімдіден шыққан сөз», «Сегіз аяқ», «Мен жазбаймын өлеңді...», «Сен мені не етесің», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жазғытұры» сияқты нағыз өлең жауһарлары, классикалық поэзиясы туылды. 

Аталған өлеңдер ақынды ағартушылық қырынан әйгілеп тұр. Әсіресе, «Сегіз аяқ» осының жарқын мысалы. Ол –  қазақ тұрмысының ғана емес, елдің сиқы, қауым мінезінің толық панорамасы болып табылады. 

Жан қуаты ұлғайған Абай өз ортасынан «озған кісі болып жекеленіп шыға бастайды» (Әуезов). «40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді» – дейді Мұхаң. Абайдың өзі де «Сегіз аяқтың» соңын: «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным!» деп қорытады. 

Көпке аян, ағартушы Абай қоғам мінін, кем-кетігін жіпке тізгендей түгесіп айтты. Нәпсі жеңген елдің сиқын көріп: «Құлағын салмас, тіліңді алмас, Көп наданнан түңілдім» деп жабықты. Бірақ «Тығырықтан былайша құтылайық!» деп жол көрсете алмағаны тағы анық. Әзірге. Неге?

                                    Менсінбеуші ем наданды,

                                    Ақылсыз деп қор тұтып.

                                    Түзетпек едім заманды, 

                                    Өзімді тым-ақ зор тұтып (1891).  

Бұл сыртқы өмірі күреске, ішкі дүниесі  шығармашылыққа толы болған он жылдық күрделі ғұмырына кескен үкімі. Бұл жерде Абай кінәні адам болмысынан емес, заман мен қоғамнан іздегенін айтқан. Заманды түзетуге ұмтылысы – өзі оқыған орыс ағартушыларының көзқарасына сәйкес келеді.  

«Неше түрлі айла еттім» деп өзі айтқандай, Абай ағартушылық қызметінде сөздің ғана емес, ән мен күй қуатынан да пайда алуға тырысты. 1888-1890 жылдары сазгерлік өнерге ден қояды. Қазаққа әйгілі әндерінің басым көпшілігі осы үш жылдікі. Жары Әйгерім, сондай-ақ, Мұқаметжан, Әлмағамбет, Мұқа деген әншілер алғашқы орындаушылар һәм таратушылар болды. Сондай-ақ, осы жылдарда талапты жастарға Абайдың тәлімдік мектебі есігін ашты. Ақындар (Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Бейсембай, Әсет, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Тұрағұл және т.б.), сондай-ақ, көп өнерпаздар осы мектептің түлектері. 

Көңіл көзі ашық адам бірқалыпта тұра алмайды. Әмсе алға басқыштап, ілгері өрлемек.  «Мәдени-ағартушылық» дейтін парасат биігінен Абайдың келесі сатыға көз тіккені сол. Заттық әлем өткінші, дүние тіршілігі алдамшы. Осыны ұққан ақын көңілі шартарапқа шарықтады. Тығырақтан шығарар жолды іздеп. Жатса-тұрса жалғаны жоқ, мәңгі хақиқат – рух әлемі сырларын танып-білуге аңсары ауа бастағаны өлеңдерінен мәлім. 

Қорытынды: шолу жасалған жемісті жылдар – Абай ілгері басқанының куәсі. Кемелдіктің қай сатысы да, ақыл-ойын байытып, жан дүниесін жаңа деңгейге көтерді. Бұл құбылысқа, «Пендеге иман өзі ашады жол» деп Абайдың өзі айтқандай, Құдай салған сәттілік деп қарасақ дұрыстық. 

(Басы, жалғасы бар)

Асан Омаров

Abai.kz

1 пікір