Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3330 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:08

Жазира Сұлтанқызы. Көкжал Барақ тұғырына қашан қонады?

«Өскемен өңірі облыс тұрмақ, есімі бүкіл елге мәшһүр батырлар мен ақындардың ескерткішіне кенде». Осылай деп есептеген бір топ азамат енді мұндай енжарлықты қою керек дейді. Қазақты қазаққа таныту керек деп жар сала бергеннен гөрі, нақты іске ауысқан жөн деп санаған олар ең алдымен Көкжарлы Көкжал Барақтың ескерткішін орнатуға бекініп отыр. Бірақ қалта таяз, мүмкіндік төмен. Мұны былай қойғанда, кертартпа сылтаулар мен кереғар пікірлер қолбайлау болып тұр. Әйтпегенде бұл келелі істің басы қайырылып та қойыпты. Ескерткішті орнатуды ономастикалық комиссия құптап, қаладағы жаңа ауданда бір жотаның үсті берілді. Алайда сол ескерткіш тұратын Комсомольская көшесін затына сай Барақ батыр көшесі деп атау да, мүсінді аяқтау жұмыстары да әлі ешқандай қолдау көрмей жатыр. Бастамашыл азаматтарға бастапқыда санаққа орай жарияланған мораторий кедергі болып еді, енді дағдарыс келіп килікті.
«Ескерткіш елдің аузынан жырып алынған ақшаға емес, халықтың өз ниетімен тұрғызылмақ. Неге екенін қайдам, Барақтың ескерткіші туралы айтылғалы сылтау да көбейді. Өскеменде онсыз да қазақ зиялыларының, тарихи тұлғалардың мүсіндері аз. Батырдың мүсіні қойылатын Комсомольская көшесін затына сай өзгерткенде тұрған не бар?», - дейді осы бастаманың басы-қасында жүрген білім саласының қызметкері Нұрлан Әстеков.

Батырлардың ел үшін төккен тері туралы жас ұрпаққа жеткізу - тарихшылардың мұраты. Өскемендегі тарих зерттеушілері Барақ батырдың ұрпағы осы өлкеге тараған деседі. Мұны бір емес, бірнеше тарих зерттеушілері мен өлкетанушылар айғақтап бере алады.

Советхан Игібаев, тарих ғылымының докторы:

Барақ батыр ескерткіші Қазақстанның бір қаласында жоқ. Тарих беттеріне үңілсек, Көкжал Барақ батыр туралы аңыз-шежірелер көп. Көптігі сонша оны басқа қырынан көрсетіп шатастырған шығармалар да жетерлік екен. Шатасатындай да жөні бар. Қазақ тарихында әсіресе жаугершiлік заманда Барақ есімді жауынгерлер де, сарбаздар да, батырлар да көп болған. Бірақ біз тас мүсінін қоюды армандап отырған батырымыз осы өлкеде дүниеге келген Көкжал Барақ, көз ілеспес жылдамдығымен кез келгеннің мысын басатын қайсарлығы үшін Абылай ханның мақтан тұтар батырларының бірі болған.

Ел аузынан жиналған деректер батырдың жотасында екі елі жалы болған деседі. Ашуланғанда сол арқасындағы жалы күдірейіп кететін Барақ батырдың есімі қазаққа ғана емес қалмақпен қытайға да аңыз болып тарапты. Ақ тудың астында бет қаратпас батыр атанған оны Абылай «Көкжалым» деп мадақтапты-мыс. Ендеше оның тұлғасы елі мен жерін сүйетін, бойында намысы қайнап тұрған жігерлі ұрпақты тәрбиелеуге үлгі болып тұрса, Өскемендегі қазақы тәрбиенің бір саты болсын алға жылжығандығы еді. Ескерткіш Өскемендегі Суретшілер үйінде жасалатын болды. Осыған дейін мүсіннің нобайын дайындап ұсақ-түйек жұмыстарын бітіргенге 900 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Қазір өңірдегі тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлері бастаған істерін аяқтай алмай жомарт ағайындардан қол ұшын беруді сұрауда. Көкжал Барақтың ескерткішін толықтай аяқтау үшін арнайы қор да ашылды. Әзірге бұған селт еткен ешкім жоқ. Барлығы қаржылық дағдарысты сылтауратады. Алайда патриоттық жұмыстарға ешқандай да дағдарыс кедергі болмауы керек деп есептейді мұндағы зиялы қауым. Егер жас ұрпақ батыр бабаларын танымай мәңгүрт болып өссе нағыз «рухани дағдарыс» сонда болмақ.

Жазира Сұлтанқызы, Шығыс Қазақстан облысы

«Алаш айнасы» газеті 30 маусым 2009 жыл

0 пікір