Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 8898 0 пікір 9 Қараша, 2020 сағат 19:04

Оқу тиімділігін арттыруға арналған цифрлық ресурстар

Әлемді жайлаған пандемияға байланысты наурыз айында еліміздегі білім беру жүйесі қашықтан оқу үлгісіне шұғыл көшірілді. Дәстүрлі сабақ үлгісінен бір сәтте қашықтан оқыту үлгісіне көшу мұғалім мен оқушыға, тіпті ата-аналарға оңай болған жоқ. Алайда, қазіргі таңда адам өмірінің қауіпсіздігі үшін қашықтан оқыту, онлайн сабақ беру процесі жалпыға ортақ қажеттілікке айналды.

Дәстүрлі сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген ұстаздарымызға енді қашықтан оқытудың әдістері мен құралдарын  жедел түрде игеріп, жұмыс жасауға машықтану қажеттігі туындады. Осындай күрделі кезеңде мұғалімге, оқушы мен ата-анаға қолдау көрсету мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының оқытушылары мен әдіскерлері мектептердің үздік ұстаздарымен бірлесе отырып озық педагогикалық тәжірибелерді республикамыздың барша ұстаздарына жеткізу мақсатында жаңа бейнесабақтар әзірледі. Дәлірек айтсақ, «Өрлеу» Ұлттық орталығының оқытушылары жазғы демалыс кезінде үздік пән мұғалімдерінен арнайы топ жасақтап, оқу жылының 1-ші тоқсан бағдарламасы бойынша 5000-ға жуық цифрлық сабақтардың контентін дайындады. Сабақтар  қолжетімді болу үшін Өрлеудің Youtube білім арнасына орналастырылды.

Бұл цифрлық ресурстар кез келген уақытта ұстаздар үшін цифрлық сабақтарды жоспарлай білуге, сабаққа қажет цифрлық материалдарды жасай және қолдана білуге, оқушылармен кері байланыс жасаудың әдіс-тәсілдеріне үйрететін әдістемелік нұсқаулық болып табылады. Кез келген қолданушыға ақпаратты тез табу үшін арнадағы цифрлық ресурстар пәндер, сыныптар, тоқсандар, тақырыптар және оқыту тілдері бойынша жүйелендірілген.

Бүгінгі күні 285 мың тіркелген пайдаланушылары мен 51,8 млн. астам көрсетілімінің  болуы, сондай-ақ ұстаздардың оң пікірлері – бұл видеоресурстардың кеңінен қолданылып жатқанының айғағы. Бұл цифрлық сабақтарды еліміздің ұстаздарымен қоса, Ресей, АҚШ, Корея, Украина, Қырғызстан, Эстония Германия, Түркия, Франция, Ұлыбритания, Жапония сынды 50-ден астам мемлекеттерден қолданушылары бар.

Арнаның қолданушылар статистикасына тоқталатын болсақ, тұрақты қолданушылардың 73% – әйелдерді, 27%  –  ерлерді құрайды. Жас аралығы бойынша ең көп қаралым: 19%  –  18-24 жас;  24,5%  –  25-34 жас және 23,7%  –  35-44  жас аралығындағы қолданушыларды құрайды.

Баршамыз үшін өзекті мәселелердің бірі – барлығына ортақ және әрбір білім алушыны жеке-жеке нәтижелі түрде оқыту болып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда цифрлық ресурстар білім беру жүйесінің нақты міндеттерін шешуге, бірінші кезекте оқу тиімділігін арттыруға бағытталған құрал екендігін атап өткен жөн.

Оқу процесін ұйымдастыру және сабақ жоспарына қажетті әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2017 жылдан бастап «Өрлеу» Ұлттық орталығының Youtube білім арнасы ұстаздарға қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта білім арнасына әртүрлі тақырыптар бойынша топтастырылған, барлығы 8000-ға жуық видео-сабақтар жүктелген.

Сондай-ақ, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының негізінде жинақталған барлық білім деңгейлері үшін видео сабақтардың топтамасы білім беру арнасына жүктеліп, ұстаздар тарапынан оларды практикада кеңінен пайдалануға мүмкіншілік туғызып отыр.

Арна барлық деңгейдегі ұстаздарды курстан кейінгі үздіксіз әдістемелік қолдау үдерісіне арналған түрлі плейлистерден тұрады. Олар «Орта білім», «Техникалық және кәсіптік білім», «Жоғары білім», «Қосымша білім беру», «Инклюзивті білім беру», «Қашықтан оқыту» т.б.

Дәл қазіргі кезде ақпаратқа деген сұраныс артқан сайын оның тез ескіретіні заңды құбылыс іспетті. Сол себепті, Youtube білім арнасындағы цифрлық ресурстар әрдайым жаңартылып, толықтырылып білім алушылар мен білім берушілер сұранысын  қай кезде болсын қанағаттандыра алатыны сөзсіз.

Кез келген білім беру ордасының басты міндеттерінің бірі – білім мазмұнының жаңаруына сай сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бүгінде осы миссияны «Өрлеу» Ұлттық орталығы абыроймен атқарып келеді. Қазіргі заман талабына сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті еркін пайдалана алатын, сабақтарын әрбір оқушыға қонымды, әрі қызықты формада ұйымдастыра алатын ұстаздарға ұстаздық ету жолында қызмет етеді.

«Бір қадам алда бол» ұранымен жұмыс істейтін Ұлттық орталық!

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір