Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 8868 20 пікір 9 Қараша, 2020 сағат 12:01

Тоқаевтың мінезі

Мінез

«Мінез» ұғымына қатысты тоқетер түсініктеме бермесек те, «мінез» адамның ішкі жай-күйінің сипаты ғана емес, ол – туындаған проблемаларды дер уағында сараптап, шешім қабылдай алу және сол шешіммен әрі қарай да өмір сүру, аттап өтуге болмайтын принциптерге сүйену һәм сол принциптерді орындау үшін салқынқандылық пен ерік-жігерге ие болу сипаты деуге болады.

Саясаттың үлкен алаңында әралуан әрекеттер, нетүрлі ойындар, иу-қию күрес-тартыстар жүріп жататыны мәлім. Оның ішінде жұрт көзіне көрінетіні де, көрінбейтіні де баршылық. Әсіресе, президент резиденциясының (Ақорда) төңірегіндегі осындай ойындар жайлы, мүдделер қайшылығы, лоббилік талас-тартыс, командалық жүріс т.б. туралы ел ішінде алып-қашпа әңгімелер аз емес. Оның шыны да, өтірігі де бар.

Мінез әрбір жеке тұлғаның жеке басына тән психологиялық қасиеттері мен ерекшеліктерінің жиынтығы десек, нағыз әккі саясаткердің мінезі қандай болуы керек? Тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қандай адам? Ел-жұрттың алдында ант қабылдап, президенттік қызметіне кіріскелі 1,5 жылдан асып жығылды. Осы уақыт ішінде президент Тоқаев өзінің саясаткерлік амбициясын елішілік және халықаралық алаңда көрсете алды ма? Қазақстан президентінің саяси мінезі қандай? Бұл сұрақтарға үш факторды ескере отырып жауап іздеп көргенді жөн таптық.

Бірінші: Ол туралы ел пікірі қандай?

Екінші: Ол туралы шетелдіктер не дейді?

Үшінші: Оның президенттікке дейін және президенттік қызметінде сөйлеген сөздері мен жасаған мәлімдемелері (Үкімет жұмысына сыни көзқарасы) қандай болды?

Тоқаев туралы ел ішіндегі пікір қандай?

Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кенеттен президенттік өкілеттігін тоқтатып, «Ел тізгінін саясаткерлердің жаңа буынына беретін кез жетті» деп мәлімдеуі һәм солай басталған билік транзиті қоғамда дүмпу туғызды. Сол жолғы сайлаудағы қызу талас, сайлаудан кейінгі азаматтық қоғамның реакциясы – Ақорда билігі жылдар бойы ұстанып келген елішілік саясатты өзгертуге сигнал болды. Қоғамның сергек саналы азаматтардың елдегі тағдыршешті мәселелерге араласуына құқық һәм алаң берілді.  Десе де, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметі туралы ел пікірі екіүшты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметіндегі 1,5 жылында Қазақстан халқы Назарбаевқа тән «нөпірлікті» көре алған жоқ. Сондықтан да болар, оның мінезіне қатысты түрлі ауандағы пікірлер айтылды. «Мінезі жуас» деді. «Лидерлік сипаттарын анық көрсете алған жоқ», деді. т.б.

Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің либералды бағытынан айныған жоқ. Қатаң сөйлеп, қатқыл мінезін демонстративті түрде көрсетпесе де, өзінің халықшыл тұлға екендігін, мемлекетке ынта-шынтасымен қызмет етуге тәуекелі жететінін көрсетіп келеді. Рас, Тоқаев президент болғалы ел-жұрттың тұрмысы тіріліп, жағдайы жақсарып, әлеуметтік ахуалы күрт көтеріліп кетті деуге және келмейді. Алайда оған деген сенім кредитінің азаймағыны анық! Керісінше, тәуелсіз елдің екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы 1,5 жыл ішіндегі атқарған қызметі мен қабылдаған бастамалары қоғамдық пікірді сабасына түсіргендей. Осы 1,5 жыл ішінде базбір сәуегей сарапшылар болжағандай «бас жарылып, көз шыққан жоқ». Қоғам мінезі байсалды, ел іргесі бүтін. Бұл жағдаятты әзірге Қасым-Жомарт Кемелұлы мен оның командасының еңбегі есебіне жаза беруге болатын шығар.

Рас, бізде кез келген жауапты саяси шараның стратегиялық, тактикалық жоба-жоспарына тікелей ықпал ететін әлеуетті күш Президент әкімшілігі екені бесенеден белгілі. Және бұл дәстүр – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан, орныққан, қалыпты дәстүр.  Бұл да түсінікті жайт. Себебі:

Біріншіден, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде бірде-бір саяси органның дәл Президент әкімшілігіндей ықпалы мен өкілеттігі, саяси салмағы болған емес.

Екіншіден, елдегі саяси, экономикалық, рухани реформалардың дүниеге келетін жері – Президент әкімшілігі. Кез келген мемлекетке, қоғамға қатысты, ішкі, сыртқы саясатқа тиесілі бастамалар Президент әкімшілігінің екшеуінсіз жүзеге асырылмайды.

Үшіншіден, Президент әкімшілігінің ең маңызды, ең ықпалды қызмет бағыты – ішкі саясат, соның ішінде идеологиялық сала. Бұл сала мемлекеттік саясат пен идеологемаларын қалыптастыратын, жүзеге асыратын ең маңызды тетік.

Басқа емес, нақ осы саланың тізгінін ұстаған тұлғаларды жұрт жақсы біледі және олардың ел арасындағы ықпалы да күшті. Осы үш мысалдан-ақ билік институтындағы Президент әкімшілігі салмағының қандай екенін бағамдау қиын емес.

Тоқаев туралы шетелдіктер не дейді?

Жоғарыда айттық, Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік қызметіне кіріскелі 1,5 жылдан асып жығылды. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін ұстауы Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде сан алуан болжамдар мен жорамалдарға негіз болды.

Мысалы, Қытай баспасөзі «жаңа басшының келуімен қазақ-қытай қатынасы қалай болады, Қазақстандағы мол мүддеміздің мұрты бұзыла ма» деген сұрақ төңірегінде бас қатырыса келе: «Тоқаев – Қытай халқының көне таныс, жақсы досы», деп жазды.

Қытайлардың президент Тоқаевты «жақсы досымыз» деп жақын тартуының өз себебі бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайда білім алған, әрі Кеңес одағының Қытайдағы консулдығында қызмет істеген. Бұған қоса, БҰҰ-ның бұрынғы орынбасар хатшысы Сергей Орджоникидзе: «Кеңес консулдығында қытай тілін ең жеттік меңгерген қызметкер Тоқаев болған», - деп жазады.

Ал Кремльдің саяси элитасы Тоқаевты «еуропалық деңгейден жоғары дипломат» деп бағалайды. Иә, Тоқаевты Мәскеуліктер «еуропалықтарды шаң қаптырған саясаткер»,  дейді.

Еуропарламент депутаты Ричард Чарнецкий: «Еуропа шенеуніктері Қазақстан президентінің саясаты мен бастамаларын позитивті бағалайды. Тіпті, олардың пікірі Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қамтылған мелекет құрып жатыр дегенге саяды», депті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қандай саясаткер?

Қасым-Жомарт Кемелұлы - профессионал саясаткер. Білетіндер, оның жүні жығылған жуас саясаткер емес, қасқыр саясаткерлердің бірі дейді. Шынымен солай ма? Ол үшін әуелі оның саяси биографиясына аз-кем тоқтала кетейік.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда туған. Биыл 67-ні алқымдады. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Пекин лингвистикалық институтын (КХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.

Саясат ғылымдарының докторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы. Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі.

Саяси карьерасында түрлі қызметтерді атқарды. Өзі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болды. Мемлекеттік хатшы креслосына да отырып көрді.  Сыртқы істер министрі де болып қызмет жасады. Үшінші, төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысының қызметінен 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланды. 2019 жылдың 20 наурызынан бері Қазақстан президенті. Мемлекеттің бірінші адамы! Сондықтан оның аузынан шыққан әрбір сөзде үлкен саяси астар-мән болады.

Тоқаевтың мәлімдемелері

2017 жылдың қарашасы: Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды «блокада» деп атап, Қазақстан билігін айыптаған.

Сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев: «Атамбаевтың кезекті лас шабуылға толы долданған сөзі көршілердің татулығына зиян тигізеді. Үлкен саясатта мұндай эмоцияға орын жоқ. Қырғызстанға блокада жариялап жатқан ешкім жоқ. ЕАЭО-ның талаптарын орындау керек. Келіссөздің мәні – осы», - деп мәлімдеме жасаған.

2018 жылдың шілдесі. ВВС арнасына сұхбат берген сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әрине, Қазақстанды «орыс әлеміне» қосуға келіспейміз, өйткені, біздің өзіміздің «қазақ әлеміміз» бар», деп сөйлеген.

2019 жылдың ақпаны: «Мемлекет атауы Қазақстан Республикасы болып қалуы тиіс. Қыруар халықаралық келісімдерді біздің президентіміз Қазақстан Республикасы атынан бақылады. Бізде мемлекет атауын өзгертуден басқа да мәселе жетерлік», деген.

2019 жылдың желтоқсаны. Немістің Deutsche Welle агенттігіне сұхбат беріп: «Қазақстанда жұп билік жоқ. Назарбаев екеуіміздің арамызда қандай да бір қарама-қайшылық жоқ. Қырғи-қабақ емеспіз. Иә, ақылдасып, кеңесіп тұрамыз. Көрген-түйгені көп адам ретінде ара-тұра жөн сұрап тұрамын», деп сөйлеген.

Сондай-ақ, ол Қазақстандағы демократия туралы: «Кейбір журналистердің әртүрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар. Елімізде біз қолдау көрсетіп отырған 3500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын. Дoing business (бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау сапасын анықтайтын Бүкіләлемдік банк индексі) көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 25-орында. Бұл коэффициент бойынша Ресейден алда тұрмыз», деген.

2020 жылдың мамыры. Еуразиялық экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту стратегиясын талқылаған жиында Одаққа мүше мемлекет басшылары «2025 жылға дейінгі ЕАЭО-ның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжатты ақылдасқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжаттың кейбір бөлімдерін қайта қарап, пысықтау керектігін, құжатты онлайнда емес, жүзбе-жүз кездескенде қабылдау керектігін айтып, кейінге ысырған. «Бұл құжат 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», - деп, қарсылық көрсеткен.

Президент Тоқаев елішілік мәселелерде: «Кемшіліктер жоқ емес. Сөгіс жариялау – мәселенің шешудің тиімді тәсілі емес. Бұл менің принципім. Кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беремін», десе де, іске келгенде талапшыл екенін талай мәрте аңғартқан.

Үкіметтің есебі. Президенттің сыны

Бір ғана мысал: 2020 жылдың шілдесі. Жарты әлемге жайылған Covid-19 індетінен болған пандемия Қазақстан медицинасына да үлкен сын әкелді.

Президент Тоқаев елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігі кінәлі екенін айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады», - деді.

Президент коронавирус пандемиясына байланысты туындаған қиындықтарға кінәлілерді жауапқа тарту керектігін айтып: «Жемқорлық жайлаған МӘМС пен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығару керек!», деді. Тергеу жүргізілуі керектігін, кінәлілер жауапқа тартылуы керектігін айтты.

«Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі», - деді Ол.

Әрі қарай: «Қазақстанда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өзіміз шығаратын уақыт келді. Біз қашанғы шетелден импортталатын дәрілерге тәуелді боламыз? Намыс қайда?», - деді Тоқаев.

Үкімет пен әкімдіктер халыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегенін айтып, сынады. Және ол Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын сынға алды. «Олардың барлық болжамы қате болды», деді.

Сондай-ақ, ол пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдау қажеттігі туғанда Үкіметтің өрескел қателіктер жібергенін сынға алды.

«Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателіктер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

Сонан соң, Үкіметке 2 апта уақыт берді. Екі аптада жағдай оңалмайтын болса, Үкімет құрамын ауыстыруы мүмкін екенін ескертті.

«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды»,- деді Тоқаев.

Түйін. Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымынан айнымайтынын қадап айтып жүр. Демек, бұл оның елді басқару мен билік институттары арасындағы қалыптасқан тепе-теңдікті сақтауда да ұстанатын бағыты болып қала береді.

Алайда, алғашқы күннен бастап президент Тоқаев көлеңкеде қалып қоймай, ел мен элитаның алдында өз мүмкіндіктерін көрсетіп бақты. Қоғаммен де, қоғамдағы түрлі саяси күштермен де конструктивті байланыс орнатуға дайын екендігін көрсетті. Қазіргі уақытта Президент әкімшілігі мен қоғамдық күштер, БАҚ өкілдері мен зиялы қауым арасында интенсивті қарым-қатынас орнағаны ешкімге де жасырын емес. Әрине, Президенттің барлық бастамалары мен істері табысты болды деуден аулақпыз. Десе де, жоғарыдағы біз мысал еткен бірнеше фактор – президент Тоқаевтың саясаткер ретіндегі мінезі жұрт айтқандай жуас деуге және келмейді. Рас, ел-жұртта президент Тоқаевқа, оның президенттік қызметіне қатысты сұрақ көп. Алайда, «Қазір халыққа дайын жауаптан гөрі, айтқанынына құлақ асатын, «қолжетімді» лидер керек», дейді сарапшылар.

Қазір халықтың Тоқаев резиденциясына деген сенім кредиті қалыпты орнында. Ел-жұрт президент Тоқаев пен оның бастамаларына сенгісі келетін секілді. Ендеше, осы мүмкіндікті оң пайдалану керек.

Қайсыбірде Еуразия полиграфтары ассоциациясының басшысы Сергей Алесковский президент Тоқаевтың жазуына (почеркі) қарап оның мінезіне сипаттама жасапты. «Бір қалыпты, сабырлы, тұмаға тұйық,  асықпайды әрі сентименталды адам», - деп сипаттапты.

Abai.kz

20 пікір