Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 3426 0 пікір 29 Қазан, 2020 сағат 17:08

Қаражанбас кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылмақ

Маңғыстау облысында орналасқан Қаражанбас кен орнындағы су тұщыту зауытын 2021 жылдың 1 тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Abai.kz.

Айта кетейік, 2019 жылы басталған зауытты іске қосу мерзімі құрылыс үшін қажетті қондырғыларды жеткізуге кедергі келтірген коронавирус пандемиясы әсерінен шегерілген еді.

Зауыт суды тұщыту кезінде көп сатылы тазалау және кері осмос негізінде минералсыздандыру технологияларын қолданатын болады. Ал тұщытылған судың көлемі тәулігіне 17 мың м3 дейін жетеді деп жоспарлануда.

Ауыз су жетіспеушілігін азайту мақсатында бой көтеріп жатқан зауыт құрылысының 35 пайызы жүзеге асқан. Зауыт іске қосылса, Қаражанбас кен орны мен Маңғыстау облысы тұрғындарының тұщы суға деген қажеттілігін өтеуге айтарлықтай септігін тигізбек. Сондай-ақ, құрылыс аяқталғаннан кейін зауыт 50 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз ете алады.

Зауыт тек қана ауыз су тапшылығын азайту үшін емес, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның бірқатар технологиялық мәселесін шешуге де әсер етеді. 2021-2035 жылдар аралығында «Қаражанбас» компанися мұнай өндірісін 700 мың тоннаға арттыру, ұңғымалардың күрделі және жерасты жөндеулерін азайту, грифондардың пайда болуын шектеу жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, компанияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінде де тың жоспарлар қолға алынып жатыр. Мәселен, мұнаймен тарихи ластанған 350 гектар жерді тазарту бойынша істелген жұмыс оң нәтижесін көрсетіп отыр. Компания бүгінде ластанған аймақтың 143 гектарын тазалап үлгерген. Сондай-ақ, «Қаражанбасмұнай» АҚ Каспий теңізінің жағалауы аймағында 1970 жылдың аяғында бұрғыланған 11 ұңғыманы жауып, уақытша сақтау полигонындағы 180 мың тонна қалдықты кәдеге жаратып отыр.

- Микробиологиялық ремедиация картасы бойынша мұнай қалдықтарын өңдеу процесі жүріп жатыр. Өңделген топырақ таза топырақпен араластырып ішкі жол және алаң құрылыстарына пайдаланылады. Бұл шаралар өңдеу процесін басты назарда ұстау үшін кен орын аумағында жасалады, - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Еркебұлан Оспанов.

«Қаражанбасмұнай» экологиялық қызметін асыру үшін үстіміздегі жылы 479 миллион теңгеден астам қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. Қара алтынды игеру нарығында 2002 жылдан бері табанды қызмет етіп келе жатқан компания экологиялық мәселелерге де бей-жай қарамайды. Компаниядағы бас экологтың айтуынша, пластик қалдықтарды ұтымды пайдалану жөнінде тың жобаларды жүзеге асырмақ.

- Бүгінде пластик қалдықтарды қайта өңдеудің өзектілігі артуда. Біз пластикты қайта өңдеп, кәдеге жарату үшін мардымды жобаларды қолға алып жатырмыз. Қазіргі уақытта мердігер компания пластик бөтелкелерден кәріз құбыры мен тротуар плиталарын жасап шығаратын жоба ұсынып отыр. Біз де бұл идеяны құптадық, келісімшарт жүргізіп жатырмыз, - дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Еркебұлан Оспанов.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы ҚМГ және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес ҚМГ еншілес компаниялары – ҚБМ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ – келісімшарт аумақтары шегінде мұнаймен ластанған жерлерді тазалау, сондай-ақ жабдықталмаған шлам жинағыштарында орналастырылған қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі міндеттерді қабылдады.

Махаббат Нұржанқызы 

Abai.kz

0 пікір