Сенбі, 20 Сәуір 2024
2599 0 пікір 28 Қазан, 2020 сағат 13:29

Сенат депутаттары республикалық бюджетті қарастырды

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

Комитет төрағасы Ольга Перепечина заң жобасында Ұлттық қордан 2020 жылға арналған республикалық бюджетте 4 770 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферт мөлшері белгіленгенін хабардар етті.

Сенаторлардың айтуынша, заң жобасы мемлекеттік кірістер мен шығыстардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және ел экономикасы дамуының болжамды көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпал етеді.

Комитет отырысында «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Сенат депутаттары коронавирусқа қарсы күрес, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, «Нұрлы Жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында экономиканың нақты секторын қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі шараларды қаржыландыру үшін республикалық бюджетті нақтылау жүзеге асып жатқанын айтты.

Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобаларын Палатаның қарауына жіберді.

Abai.kz

0 пікір