Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 5137 2 пікір 28 Қазан, 2020 сағат 12:39

Отыз жылдық даудың отыз күндік бейнесі...

Қарабақты азат ету бойынша соғыстың басталғанына міне тура бір ай. 27 қыркүйектен бастап әлемнің назары осы аймақта. Отыз жыл отарлаушының мазағына төзген Әзербайжан халқы, отыз күнде басқыншының ордасын бұзып жатыр. Операция сәтті өтуде.

Көптеген азаматтар тарапынан «неге жерін тез қайтарып алмайды, бар болғаны 7 аудан ғана» деген сынды уәждер айтылуда. Әрине сөзбен айту оңай, ал бұл соғыс, майдан, ұрыс даласы. Қарабақ таулы аймақ, ал таулы аймақта соғыспақ түгелі, Медеуге бір рет шығып, екі күн жүре алмай жататын жандар бар. Тауда ұрыс жүргізу қашанда қиын. Одан бөлек Әзірбайжан әскері осы тұстағы өз жерін 30 жыл бойы көрген жоқ. Ал басқыншылар сол аралықта бұл жердің бүге-шүгесіне дейін жаттап алды. Сондықтан барынша сақтықпен қозғалатыны анық. Қоршауға түсіп қалып, артық шығын жасағысы келмейді.

Тағы бір маңызды мәселе ол елді мекендерді бүтін, қиратпай қайтарғысы келеді. Себебі де түсінікті. Ертең қайтарып алғаннан кейін оның бәрін қалпына келтіру керек, ал ол қосымша ақша деген сөз. Ел бюджетіне салмақ. Сондықтан қалалар мен ауылдарды барынша қиратпауға тырысып жатыр. Таулы жер мен далада жау әскерін аяусыз дронмен соққылап жатса, қаланы атқылау сирек. Артиллерия да дәл солай. Тек қалаға жасырынған жаудың зымыран кешендері мен әскери нысандарына ғана соққы жасауда. Жалпы әзірбайжан әскері бейбіт тұрғындарға тимеуге тырысуда. Өйткені олардың мақсаты армянның қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шағасын қыру емес, жерін қайтару. Әзірге сәтті келе жатыр.

Әзірбайжан екі бүйірден жауды қысып келеді. Солтүстік бағытта біраз аймақты азат етті, бірақ жылдамдығы баяу. Дей-тұра артиллерия сол тұста жақсы жұмыс істеуде, соның арқасында басқыншылар оңтүстікке көмек қолын жібере алмады. Үнемі иненің үстінде отырғандай болды.

Екінші бағыт ол оңтүстік қаптал. Бұл жаққа Баку барын салды. Өйткені Иран-Әзірбайжан шекарасын тұтас қайтарып алу маңызды болатын. Ресми соғысқа қатысымыз жоқ десе де, Тегеран бейресми басқыншыларға қару беруі мүмкін деген күдік болды. Сондықтан осы тұсқа барын салып, толық оңтүстік шекараны азат етті. Одан бөлек бұл аймақты алу арқылы, Губадлы қаласын қайтарып, енді Лачин дәлізіне келіп жетті. «Лачинді алғаны, Ханкентіге қол салғаны» дейміз жырауларша. Лачин дәлізін алса, Шуша мен Ханкентінің тынысы тарылып, Пашинянның қан қысымы 220|125 болып бірақ көтеріледі. Сол үшін әзірбайжан әскері барын салып жатыр.

Армения тас-талқан болып жатыр. Бірақ ол саусағын ішіне бүккен елдің бірі ғой. Бірнеше мәрте арандатуға барды. Әлі де барып жатыр. Екі мәрте гуманитарлық мақсатта тыныштық орнады. Бірін Мәскеу, бірін АҚШ жасап берді. Бірақ екі мәрте келісімді Ереван бұзды. Біріншісінде Гәнжі қаласын атқылап, ондаған бейбіт тұрғынды мерт қылса, екіншісінде бүгін Барда қаласын атқылап, тағы бейбіт тұрғындарды өлтірді. Оның мақсаты айқын, ашуға булыққан Әзірбайжан Армения аумағын атқыласа, ОДКБ-ға жетіп барып, көмек сұрамақ. Әзірге Әзірбайжан арандатуға ырық бермеуде. Өйткені қазір қарсы жауап қатса, онда осы бір айда алған жердің, төккен тердің бәрі құрдымға кетуі мүмкін екенін жақсы түсінеді.

Армения арандатудың басқа да түрлерін жасап бағуда. «Сириялық содырлар» деген ертегіні ұсынып көрді әлемге. Енді Әзірбайжан әскери формасын киіп, бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамақ болғаны әшкере болып отыр. Бакуды содыр, қанішер, адамзатқа қас жау етіп көрсету үшін барын салуда. Батыстық армян лоббилік топтары да түрлі медианың құлағын ұстап, жалған ақпаратты қарша боратуда. Бірақ Баку шыдап бағуда. Жүйкесі темірдей екен.

Пашинян соғыста жеңіліс тауып жатқанын жақсы түсінеді. Қарабақтан айырылу ол үшін саяси мансаптың бітуі, тіпті бостандығымен қош айтысуы да шығар. Сондықтан күн сайын халқына үндеу жасап, армян халқын қанаттандырғысы келеді. Әзірге одан түк өнер емес. Тіпті Сталиндік әдіспен ұлын соғысқа аттандырам деді. Артынша Пашинянның әйелі де фронтқа аттанам деп айды аспанға бірақ шығарды. Сондағы айтпағы мынау: «Қарабақ үшін отбасымды да құрбандыққа шаламын, керек болса өзім де аттанамын» дегені. Яғни соғыстан ертең толық жеңіліс тапса, халыққа «тіпті отбасым да барды» деп ақталуға жақсы себеп. Алайда Пашинянның саяси ойыны үшін ұрыс даласында өмір көрмеген 2000-2001 жылғы ұлдарын табытпен үйіне әкелген әкелер оны кешіре ала ма?! Қайдам!

Соғыс жайлы көп айтуға болады. Қанша техника жойылып, қанша қару олжа болғаны, соғыс тактикасы жайлы. Бірақ оларды жеке жазба ретінде шығаруға да тырысып жүрмін. Қолдан келгенше әрине.

Қазір Армения барын салып, соғысқа ОДКБ-ны тартуға тырысады. Тіпті өз-өзін атқылап тастаса да таңданбаймын. ОДКБ-ға біз мүшеміз. Дегенмен менің субъективті ойымша, Қазақстан ОДКБ-ның бұл қақтығысқа араласуына кедергі жасайды. Ол үшін барын салады. Біріншіден біз осы уақытқа дейін Әзірбайжанды қолдап келдік. БҰҰ-ның төрт резолюциясын да айттық, оның аумақтық тұтастығын жақтайтынымызды да көрсеттік. Екіншіден біз Әзірбайжанға оқ ату арқылы барлық түркі әлеміне қарабет болатынымызды жақсы білеміз. Қазақстан үшін Әзірбайжан Армениядан маңызды. Одақтас Ереван болса да, бауыр Бакумен экономикалық байланыс мықтырақ. Каспий арқылы теңіз толқынымен екі ел қолұстасып жатыр. Оның үстіне біз кез келген сепаратистік әрекеттерге қарсы екенімізді айту арқылы, өз ішімізде үй ішінен үй тігуге жол бермейтінімізге сигнал берудеміз. Бұл дұрыс позиция. Соңғы жылдары Қазақстанның түркі әлемімен байланысы артып келеді. Ол біз үшін маңызды. Біз әрине Әзірбайжанды ашық қолдайтынымызды айтпадық, оны саяси ойынның бір жолы десек болады. Бірақ Олжас Сүлейменов сынды ақындарды сөйлетіп, Түркі Кеңесінде басшылық ететін Бағдат Әміреев сынды жандардың үндеуі арқылы ымдап жатырмыз. Қарапайым халыққа нақты болмаса да, саясаткерлер оны жақсы түсініп отыр.

Түйін. Бір айда Әзірбайжан жақсы нәтиже көрсетті. Үш ауданды толық азат етіп, екі ауданды жартылай қайтарып алды. Жеңілген Арменияның тыныс алуы үшін державалар қайта-қайта түрлі келісімдер ұсынуда. Уақыт Бакуге кері жұмыс жасайды. Өйткені ұзаққа созылған сайын өзге ойыншылардың бұл қақтығысқа қатысу мүмкіндігі артады. Соғысты аймақтық деңгейге өсіргісі келетіндер де бар. Оның үстіне Ереванның қыс болса, әскери қимылдар саябырсиды деген үміті де бар-ау. Барынша тез арада Лачин дәлізін алып, соғысты толық өз пайдасына шешсе екен деген тілек.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534