Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Деп жатыр 10831 21 пікір 26 Қазан, 2020 сағат 11:59

Жириновский бізге не айтпақ болды?

Белгілі журналист Нартай Аралбайұлы қазақ десе шоқпарын ала жүгіретін Ресей Либералды-демократиялық партиясының серкесі атышулы Владимир Жириновскийден сұхбат алыпты.

Осы сұхбатында Жириновский: « Мен үшін Алматы қашанда туған қалам болып саналады. Ең ыстық сәттерімді осы қалада өткіздім. Мен 1946 жылдың 25 сәуірінде өмірге келіп, Қазақстаннан 1964 жылдың 3 шілдесінде кеттім. Менің үйім Масанчи 79-да әлі тұр. Бұрын бұл көше Дұңған деп аталатын. Ол кездегі үй нөмірі 67 еді. Біз үшінші пәтерде тұрдық. Мен осы көшенің атын өзгертіп, менің есімімді беруді қалаймын. Тіпті өзім оқыған мектепте менің атымды иеленуге тиіс. Өйткені, Қазақстаннан шыққан әлемге әйгілі Ресейелік саясатшымын ғой» деп желпініп алған Владимир Вольфович Қазақ билігі «Маған туған қалама депутаттар фракциясымен бірге келіп, Медеуді, Шымбұлақты өзім оқыған мектепті көрсету үшін қыдырыстап келуіме рұқсат бермеді» деп мұңын шағады.

Одан ары өзінің империялық амбициясын танытатын пікірлерін тізбектейді.

Сондағы айтпағы Ресей мүддесінен бас тартуға қадам ұстанған Қырғыз, Беларус және Қарабақ оқиғаларын құбыжық қылып көрсетіп, 15 республикаға құлдық қамытын қайта кигізіп, «Үлкен Ресейді» құру. Осы «Үлкен Ресей» арқылы Еуро Одақты, АҚШ әм тіпті Қытайды да бірнеше жылдың ішінде басып озатын экономиканы өмірге әкелеміз деген қиялын да сөз арасында қыстыра кетуді ұмытпайды. 

Қазіргі Президентімізбен бір мектепте оқығандығын да алға тартады да: «Қазақ тілі де, қазақ мәдениті де жақсы, бірақ орыс тілін ығыстырудың еш керегі жоқ» деген асанқайғылыққа басады. Одан ары ресейшіл партиялардың саны көп болуы керек, әрі қазақ елі парламенттік республикаға айналуы тиіс деген өз тезисін ұсынады.

Нартай Аралбайұлы бауырымыздың «Сіздің осы айтып отырғандарыңыздың бәрі тәуелсіз елдердің ішкі ісіне қол сұғу емес пе?» деген сауалына Жириновский Ресейдің бауырына кірмесеңдер қырғыз, қазақ және тәжіктің күндері қараң болады деп сәуегейлік жасайды. «Жерлестерің ретінде жерлестерімді Қытай басып алуынан сақтандырамын!» деп мәлімдемесін жасайды.

Қарабақтан тұтанған от бүкіл Орталық Азияны да шарпып ондағы республикалардың тұрғындары Ислам елдері мен Қытайдың, Түріктің құлақ кесті құлына айналады екені. Біз осыны түсінбейтін ақымақтар екенбіз. 

Одан ары «Сіздің саяси-экономикалық болжамымыз сондай қорқынышты екен. Осының бәрі нақты дәлелді сараптауға негізделген бе?» деген Нартай Аралбайұлының сауалына: «Жаңа соғыс Ресей-АҚШ немесе АҚШ-Қытай  арасындағы ірі соғыс түрінде емес, Қарабақтағыдай жергілікті аймақтардағы шағын соғыстар түрінде өтіп, Молдовада, Гүржістанда т.б. жерлерде түрлі-түсті төңкерістер орын алып отырады. Ресейдің жасырын жоспары бар. Оның қандай екенін өздеріңде соғыс өрті алаулағанда ұғасыңдар» деп жұрт арасында психологиялық үрей туғызып, ресейшіл көңіл-күйді ОА қалыптастыруға орыс барлауы осы бастан кіріскенін ашық танытады. 

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

21 пікір