Жұма, 29 Наурыз 2024
Қайнайды қаның... 5192 35 пікір 26 Қазан, 2020 сағат 11:24

Кімге ренжиміз?..

Қазақ қоғамында қызу талқыланған бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі Борат болды. Боратқа ренжімес бұрын әуелі өзімізге келесідей сұрақтарды қояйықшы. Бұл жағдайға қалай жеттік? Не себеп? Кім кінәлі? Біз осындай қорлауға лайықпыз ба?

Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы уақытқа дейін не тындырдық? Еш «аттансыз», эмоциясыз, пафоссыз, болған жағдайларға сергек қарайықшы. Осы сұрақтарға мұқият ойланайықшы...

- 30 жылдың ішінде елімізде бірде-бір рет әділ әрі таза сайлау өтпесе;

- Қоймаларымыз жарылып, бейбіт күнде өз зымырандарымыз өз үйлерімізге түсіп жатса;

- Білім алуға тиіс студенттер мен білім беруге тиіс оқытушыларды түкке тұрғысыз имидждік шарашаларда «массовка» ретінде пайдаланатын болсақ;

- Мұғалімдеріміз көше сыпырып, үй аралап жүрсе;

- Дипломды жастарымыз жұмыс таба алмай көше кезіп жүрсе;

- Ел астанасының бренд болып қалыптасып қалған әдемі атауын халықпен санаспай бір-ақ күнде өзгертіп күлкіге, ал әліпбиімізді латынға көшіреміз деп «қойыртпаққа» айналдырсақ;

- Көз тірі адамға көше беріп, ескерткіш қойсақ;

- Жаңадан салынған құрылыстарымыз сапасыз боп құлап жатса;

- Жай ғана өз пікірін білдіру үшін көшеге шыққан жастарымызды шашынан, ата-әжелерімізді қол-аяғынан сүйреп «автозакқа» қамасақ;

- Мұхтар Шаханов, Зейнеп Ахметова сияқты ұлт зиялылары тұрғанда, діні бар да, ұлты жоқ, дүниетанымы күмәнді адамдар ұлтқа ақыл айтатын болса;

- Ұлтқа шын жаны ашитын Қуандық Шамахайұлы сияқты интеллектуалдарымыз жұмбақ жағдайда қаза тауып жатса;

- Ат төбеліндей ғана ұлт жанашырларының ұлттың ұпайы кететін мәселелерге қатысты жанайқайларына құлақ аспай, «қазақтың тойы бітпесін», деп «паразит-шегірткелерді» әулиедей көріп, қалтасын қампайтып, аспанға көтеріп жүрсек;

- Бар тапқан-таянғанымызды тойға шашып, онымен қоймай той үшін несиеге белшеден батып, оны төлей алмай, мемлекеттен кредиттік рақымшылық талап етсек;

- Адамдар жаппай індеп жұқтырып өліп жатса да, тығылып той тойлап, Қабатов сияқты түкке тұрғысыз әртіссымақтардың «плинтустан» төмен әзілдеріне мәз болып жүрсек;

- 30 жылдың ішінде жұмыс істеп тұрған зауыт-фабрикаларды жауып, кітапханаларды – сыраханаларға айналдырып, мешіт пен тойханадан өзге ештеңе де сала алмасақ;

- Өз елімізде өз ұлтымыздың өкілдерімен өзге тілде сөйлесетін болсақ;

- «Ет пен сүйектен жаралған қарапайым жұмыр басты пенде өз-өзіне үш рет оқ атып, суицид жасайды» деп әлемдік криминалистикаға жаңалық енгізіп, соған өзіміз сенетін болсақ;

- Әлемдік пандемия шарықтап тұрғанда той-томалақтан қалмай, індет жұқтырып, баудай түсіп жатсақ;

- Өнер-білім бар жұрттар Марсқа аппарат ұшырып жатқанда, «Құрбандыққа қандай мал шалған дұрыс», «Тоқалды қай жаста алу керек», «Қалай көбірек сауап жинауға болады», «Қалай дұрыс дәрет алу керек», «Билік басындағылар неге намаз оқымайды» деген сияқты «срогы өтіп кеткен» сұрақтармен бас қатырып, етек пен балақтың әңгімесінен әрі аса алмай жүрсек;

- Кез-келген оғаш пікір айтқан адамды лезде тауып алып, «а ля Кадыров стайл» пікірінен бас тартқызып, кешірім сұратып, оны видеоға түсіріп жариялаудан ләззат алсақ;

- Білімді, бас көтерер азаматтарымыз саяси конъюнктураға тәуелді болып жүрсе;

- Өзгеше ойлайтын адамдарды қудалап, жұмыстан шығарып, қысым көрсетіп, қоғамнан аластайтын болсақ;

- Ұлттық қордың қаржылары шетел банктерінде бұғатталып жатса;

- Кез-келген жұмысқа парасыз, тамыр-таныссыз кіре алмайтын болсақ;

- Қоғам шындығын жазатын нағыз жазушылар мен жырлайтын ақындарымыз теперіш көріп, шенділерге ода, мадақ арнайтын ақынсымақ, жазушысымақтарымыз ардақталып, дәріптеліп жүрсе;

- Кез-келген жағдайды ақылмен емес, эмоциямен шешетін болсақ;

- Ең бастысы осы жоғарыда айтылған жайттардың бәріне көз жұма қарап, үнсіз бас шұлғып, «сен тимесең мен тиме» деп жүре беретін болсақ кімге ренжіп, не үшін өкпе-наз артамыз?

Мұның бәрін әлемдік қауымдастық көрмейді дейсіздер ме? Көріп отыр. Біліп отыр. Іштерінен мысқылдап күліп отыр. Осыдан кейін көлденең көк аттының мазағына қазақ қалмағанда, кім қалады?

Мемлекеттік туымыз ілінген сайлау учаскесінде, мемлекеттік елтаңбамыз бейнеленген бюллетеньмен «жеңуі тиіс кандидаттың немесе партияның» пайдасына карусель жасап, фальсификацияға жол беріп, осыдан кейін әлеуметтік желіде туымызбен мақтағаннан келіп-кетер пайда қандай? Құр аттанмен, бай-балам салумен, эмоциямен ештеңе де шешілмейді!

Қысқасы, жоғарыдағы жіпке тізілген кемшіліктердің бірде-бірі болмағанда Борат та болмас еді. Осыдан кейін ойланып, аталған кемшіліктерді түземесек әлі талай сұмдықпен бетпе-бет келеріміз анық. Жұмыртқадан жүн қырыққан капиталистер әлемі қазақтың маңдайына жабысқан осы бір кемшіліктерінің өзінен ақша жасап, қалталарын қампайтып отыр. Мойындасақ та, мойындамасақ та бүгінгі күннің шындығы осы. Борат қазаққа ой салуы тиіс... Айтпақшы, «Халқым деген Қапезді жау деп ұстап берген» кім еді...?

Оралбек Ж. Өтеғұлов,

Ақтөбе қаласынан

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606