Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4256 1 пікір 26 Қазан, 2020 сағат 11:01

«Арманым – көркем сурет өнерінің шыңын бағындыру»

Тараз қаласының тұрғыны Дария Нұрланова небәрі 15 жаста. Бірақ шығармашылық қабілеті, көркемдік және эстетикалық талғамы кәсіби суретшіден кем емес. Ол кез-келген адамның көзіне көріне бермейтін нақыштарды таниды. Айналасындағы айшықты, қанықты түстерден алатын сезімін шығармашылығы арқылы жеткізеді.

Талантты қыз сурет өнерінде бірталай жетістікті бағындырып үлгерді. Дарияның Ұлы Абайдың «Жаз» атты өлеңінің желісімен салған шығармасы Мәскеуде өткен байқауда топ жарды. Қазақстанның Ресейдегі, Ресейдің біздің елдегі елшіліктері ұйымдастырған жоба «Абай-175» деп аталған болатын.

Ал, жас суретшінің Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арнап салған шығармасы Ресей поштасының маркаларына басылды. Көрші мемлекет ұйымдастырған «Менің отбасым – Мәңгілік полк» атты сайысқа Қазақстанның түпкір-түпкірінен 130 оқушы өз жұмыстарын жолдаған еді. Қазылар алқасы 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер ұсынған шығармалардың ішінен Дария Нұрланованың суретін ең үздік деп таныды.

«Мен Дарияға 5-ші сыныптан бастап суреттен сабақ бердім. Ол кішкентай кезінен үй тапсырмаларын өте сапалы орындайтын. Тәуелсіз жұмыс істегенді қалайтын нағыз шығармашылықтың адамы. Сурет салу бойынша қосымша үйірмелерге қатысты. Ұлы Жеңіс, Тәуелсіздік, туған жер тақырыптарына қатысты түрлі байқауларға қатысты. Қандай тақырып берсең де емін еркін жұмыс істей алады. Түстері, колориті өте үйлесімді, шығармашылық қабілеті дамыған. Композиция, үйлестіру, компоновка оның бәрін үйренген дайын суретші, - дейді оның көркемдік жетекшісі Индира Махамбеткерімова.

Дария Нұрланова жуықта «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының грантын ұтып алды. Бұл жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының шеңберінде «Логос-Қарағанды» мүгедектерді оңалту орталығы жүзеге асырды. Жас суретші гранттың қаражатына шығармашылыққа қажетті жабдықтар мен бояулар сатып алды. Дария Нұрланова енді АҚШ-тың Детройт қаласында өтін халықаралық байқауға дайындалып жатыр.

«Менің болашақтағы мақсатым - қылқалам шебері атану. Арманым – көркем сурет өнерінің шыңын бағыну», - дейді жас талант иесі.

Abai.kz

1 пікір