Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Саңлақ 5661 9 пікір 25 Қазан, 2020 сағат 03:10

UFC-де жеңіске жеткен алғашқы қазақ!

24 қазан күні Абу-Дабидегі Яс аралында аралас жекпе-жек спортынан UFC 254 турнирі өтті.

Кештің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы (70 келі) UFC чемпионы, ресейлік Хабиб Нурмагомедов америкалық Джастин Гэтжиді жеңді. Жекпе-жектен кейін бүгінге дейін 29 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен Хабиб ММА-дағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

Аталған кеш аясында қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов көпткен күткен UFC-дегі алғашқы кездесуін өткізді. 26 жастағы Шавкат бразилиялық Алекс Оливейрамен жұдырықтасты.

32 жастағы Оливейра өте тәжірибелі спортшы болатын. Бүгін ол UFC-дегі 19-жекпе-жегін өткізді. Соған қарамастан қазақстандық файтер бірінші раундта жеңіске жетті. Шавкат қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді.

Осылайша, Шавкат Рахмонов өзінің мансабындағы 13-жекпе-жегінде жеңіске жетіп, американдық промоушен туы астындағы дебютін сәтті өткізді. Кездесуден кейін ол америкалық ұйымдастырушылардың сұрақтарына қазақ тілінде жауап бергенін де айта кетейік.

UFC - аралас жекпе-жек әлеміндегі (ММА) ең беделді промоушен. Басқаша айтқанда, ережесіз жекпе-жек спортының ең биік шыңы деуге болады. Шавкат Рахмонов осы ұйыммен келісімшартқа отырған алғашқы қазақстандық спортшы.

Ол 2019 жылы шілде айында UFC файтері атанған болатын. Бірақ түрлі себептермен UFC-дегі дебюті бүгін ғана өтіп отыр. Ол алғашқы жекпе-жегін осы жылдың наурыз айында өткізуі керек еді. Бірақ коронавирусқа байланысты ол турнир өтпей қалды. Ал шілтеде өткен турнирге Шавкат жарақатына байланысты қатыса алмады.

Шавкат Рахмонов UFC-де жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық атанып отыр. Бұған дейін тағы бір жерлесіміз Жалғас Жұмағұлов UFC-де өнер көрсеткенімен (UFC 251), жеңіліп қалған болатын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

9 пікір