Сенбі, 20 Сәуір 2024
Бір сауал 3206 8 пікір 23 Қазан, 2020 сағат 11:33

Фонограмма заңы неге солқылдақ? 

16 қыркүйекте Мәжілістің жалпы отырысында мәдениет саласына арналған заң жобасын Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова таныстырды. 

Сонымен бірге, депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, аталған заң жобасындағы фонограмманы пайдалану мәселесін түсіндірді. 

Ақтоты Рақыметтоллақызы: «Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмамен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді» - деді.

Аталған заң жобасы, әрине, фонограмманы шектеп, жанды дауыспен орындаушылардың өнер сахнасында үстемдік алуына көмектеседі.  

Дау жоқ, керемет жоба! 

Бұны әлемдік тенденцияға ілескен жаңашылық деуге әбден болады. 

Бірақ, мен бұл заң жобасының әліде солқылдақ, түбегейлі еместігін көріп отырмын. 

Егер, заң жобасы осы күйінде қабылданып кетсе, және бір екі жылдан кейін қайтадан аталған заңға «түзетулер мен толықтырулар» енгізетініміз сөзсіз! 

Концерттік қызмет үлкен жақтан екіге бөлінеді. 

Біреуі-бизнестік сипаты бар концерттік қызмет, енді біреуі- бизнестік сипаты жоқ концерттік қызмет. 

Бизнестік сипаты бар концерттік қызмет деген - концертке билет сату арқылы немесе билет сатпаса да үшінші тараптың жарнамасын жасауды мақсат етіп, соңында пайда табуды көздеген концерттік қызмет. 

Ал, бизнестік сипаты жоқ концерттік қызмет деген - көрерменге билет сатпайтын сахналық концерттер және студияларда өтетін телевизиялық шоу бағдарламалар. 

Өкінішке орай, аталған заң жобасында, біріншіден екі түрлі концерттік қызметтің шекарасы айқын ажыратылмаған. Сондықтан, ол экономика заңдарының негізіне құрылмаған. Яғни бұнда «тұтынушы» мен «тауардың» ара жігі толық айқындалмаған. Экономикада айырбасқа түсетін бағалы затты немесе қызметті – «тауар» деп атаймыз. Ал тауарды сатып алушыны «тұтынушы» дейміз. Осы қағидат бойынша қарасақ, концерттік іс-шара барысында қызметті сатып алған көрермен «тұтынушы» болады да, айырбасқа түскен өнерпаздың қызметі «тауар» болады. 

Егер, Өнерпаз концерттік қызмет барысында көрерменге шынайы өз дауысымен ән айтып немесе өз қолымен музыка ойнап, «тұтынушының» төлеген қаражатына лайық қызмет көрсетсе, онда тұтынушының құқығы бұзылмайды. 

Керісінше, өнерпаз өзі жанды түрде өнер көрсетпей, фонограммамен көрерменді алдаса, онда «тұтынушының» құқығы бұзылады. 

Яғни «тұтынушы» төлеген ақшасына түп нұсқа тауарды емес, көшірме жалған «тауар» сатып алғанмен бірдей болады. 

«Тұтынушы» өзінің жалған тауар сатып алғанын білген кезде, оны құзырлы органдарға арызданып төлеген ақшасын қайтарып алуға құқылы болуға тиісті. 

Аталған заңда көрермен алданып қалған жағдайда концертті ұйымдастырушының немесе әншінің көрерменге («Тұтынушыға») билет ақшасын қайтарып беру туралы ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған. Қысқасы, тұтынушының мүддесі мүлдем ескерілмеген.

Екінші, бизнес сипатындағы концерттік қызмет - «тұтынушы» мен «тауардың» қатынасы болғандықтан, аталған заң «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға»  және «Қазақстан Республикасының азаматтық кодексіне» қайшы болуға тиісті. Мен бұл жерде «жалған және сапасыз өнімдерді сатудың» жоғарыдағы екі заңның нақты қайсы бабына қайшы екенін дәлелдеу үшін, заңның тармақтарын бірден ақтарып отыра алмадым. Егер біздің жоғарыда аталған екі заңымыз кемелді, дұрыс заң болса, логикалық тұрғыда «жалған және сапасыз өнімдерді сату» осы заңдарға қайшы болуға тиісті. «Ұсынылған заң жобасында «Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі.» дейді. Бұл дегеніміз, сатушы сатып отырған тауарының «жалған, жарамсыз тауар» екенін хабарласа болды сатуға болады деген сөз. Оның үстіне кім «мен әнімді таспаға жаздырып қойғам, сахнада құры аузымды жыбырлатып өтірік айтам» деп хабарлайды? Бұл енді заңға да, ақылға да симайды!

Фонограмманы қолдануға байланысты аталған заң жобасына менің ұсынысым мынау:

Егер, концерт бизнес сипатындағы концерт болса, онда өнерпаз сахнада міндетті түрде жанды өнер көрсетуі керек. Қай түрдегі бизнес сипатындағы концертте болсын фонограмма қолдануға заң жүзінде мүлдем тиым салу қажет. 

Ал, концерт бизнес сипатында болмаса, көрермен концерт көргені үшін ақша төлемейтін болса, онда көрермен «сыйға берген жылқының тісін санамай»,  өнерпаздан жанды түрде өнер көрсетуді талап етпейді. 

Бұндайда өнерпаздың фонограмма қолдануына заң жүзінде руқсат берілуге тиісті. 

Қысқасы, өнерпаз бизнес сипаты бар концерттерде заң жүзінде жанды өнер көрсетуге міндеттеліп, ал бизнес сипатын алмаған концертте өз еркі болады. 

Атап айтқанда, фонограмманы қолдануға руқсат беру мен бермеу концерттің сипатына қарай белгілену қажет. Фонограмманы қолдану немесе қолданбау туралы заң тек осындай шарт астында ғана шынайы жүзеге асады. Олай болмағанда, керісінше...  

Мәжілістің отырысында Ақтоты Рахметтоллақызының депутаттарға фонограмманы қолданбауға қандай мониторнг жүргізу жөнінде берген жауаптары жалпы жақтан дұрыс болды деп есептеймін. 

Бірақ, нақты қалай жүзеге асыратыны жөнінде дөп басып айта алған жоқ. Дөп баса алмайтын себебі де бар.  Өйткені, бұрын Қазақстанда фонограмманы қолданбауға қалай шектеу қою жөнінде іс жүзіндік тәжрибе болған жоқ. Бізге фонограмманы қолданбауды мониторинг жасауға Қытайдың тәжрибесін пайдалануға әбден болады. Мен өзім ҚХР да 15 жылдан артық концерттік жұмыспен айналыстым. ҚХР фонограмма қолдануды шектеуді 2007 жылдан бастап кетті. Осы шектеу жолға қойылғаннан кейін біз әртістерден әнді жанды дауыспен айтуды талап ететін болдық. Әншілер де бірте-бірте оған үйреніп кетті. Қайрат Нұртастың ең алғаш Қытайға басқан бірінші қадамы кезінде, сахнада фонограмма қолдануына  байланысты, жоспарланған гастрольдық концерттің қалған 10 концерті тоқтатылып, сәтсіз аяқталды.  

Бірақ, сол жолғы ескертуге байланысты, Қайраттың кейінгі концерттерінің барлығы жанды дауыста өтті.  

Қытайда фонограммаға мониторинг жасаудың нақты барысы былай: 

Концерт басталудың алдында, «мәдениет инспексия» бөлімінің екі қызметкері келіп, дыбыстық пульттың микрофон каналынан бір AUX (қосымша шығыс) алып, өзінің дыбыс картасына қосып, Cubase программасы арқылы микрофонның дауысын бастан аяқ нотбукке жазып отырады. Шын-өтірктің барлығы компютерге түсіп тұрады. Дауыстың жанды-жансыз екенін компютер дәлелдеп отырады.  

Қытай фонограммаға, міне, осылай мониторинг жасайды. Ешқандай қиындығы жоқ. Бірақ, бұны жүзеге асыру үшін бізде «мәдениет инспексия» бөлімі құрылып, олардың құзіреті заңмен бекітілуі керек. Сол кезде ғана фонограммаға 100% тосқауыл қоюға болады. Болмаса, бұл заң жобасы, тек ауыздың желі болып қала береді. 

Сондықтан, егер халықты таза өнерден сусындатып, нағыз өнер иесінің сахнадағы үстемдігін орнатамыз десек, біріншіден, заңды солқылдақ жасамай қатайтумыз керек. Екіншіден, оны атқаратын тиісті құзіретті орындар болуы қажет.  

Сонда ғана өнеріміз өркендеп, өркениетті ел боламыз! 

Ербосын Нұрмұханұлы,

экономист, кәсіпкер

Abai.kz

8 пікір