Жұма, 29 Наурыз 2024
Не көріп жүрсіз? 3210 4 пікір 22 Қазан, 2020 сағат 17:09

Қырғыздағы жағдай. Біздегі БАҚ қандай көзқараста?

Қырғызстанда 4 қазан күні Парламент сайлауынан кейін халық жаппай наразылыққа шықты. Аяғы төңкеріске ұласып, едел-жеделде билік ауысты. Президент, премьер-министр мен бірнеше мемлекеттік орган басшылары отставкаға кетті. Сайлаудың қорытынды есебі жойылып, Жогорку Кенеш депутаттары қарашада қайта сайланатын болды.

Көрші елдегі осы саяси оқиғаларға қатысты қазақстандық БАҚ әртүрлі көзқараста ақпарат таратты. Олардың көбі бұл оқиғаларды «төңкеріс», «жалпы халықтық наразылық», «көтеріліс» деп жазса, енді біреулері «тобырлар төңкерісі», «тәртіпсіздік», «бейберекетсіздік» деп жазып жатты.

Осыған дейін «Азаттық» сайты қазақстандық БАҚ-та Қырғызстандағы көтерілісті қалай көрсетті деген тақырыпта баспасөзге шолу жасаған еді. Біз бүгін соңғы күндері жарияланған бірді-екілі мақала мен мемлекеттік арна ақпаратына аздаған шолу жасағанды жөн көрдік. Сонымен, қазақстандық БАҚ Қырғызстандағы саяси оқиғалар туралы не жазып жатыр?

«Жас Алаш» гәзеті

20 қазанда «Жас Алаш» гәзеті «Қылмыстық топ Қырғызстанды басқара ала ма?» атты мақала жариялапты.

Аталған мақалада Қырғызстан премьер-министрі және президент міндетін қоса атқарушы Садыр Жапаровты «түрме көрген қылмыскер» деп жазады. Сөйтіп, Жээнбековты орнынан кетірген Жапаров екенін айтқан.

Сонымен қатар, басылым Қырғызстанның мемлекеттің қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Ташиевтың сөзін мысалға келтіре отырып, «Қырғызстанда бандиттердің өзі құрметті және ықпалды болып саналады», дейді.

Сондай-ақ мақалада «Түрме көргендер елді түлете ме?» немесе «Бұл – қылмыс жайлаған Қырғызстан», деген сөздер қолданылады.

«Nege.kz» сайты

Ал, «Nege.kz» сайты Қырғызстандағы саяси жағдайды «тобырлар төңкерісі», деп жазды. Нақтырақ айтсақ, 21 қазан күні аталған сайтта «Тобырлар төңкерісі. Соңғы революция Қырғызстанды НЕГЕ банкроттыққа жетелейді?» деген тақырыппен мақала жарияланды.

Онда Қырғызстанда болған революция коронавирус және бюджет тапшылығымен бірге елді экономикалық тығырыққа тірейді деп жазылған.

Сайт мәліметінше, батыс елдері Жапаровтың билікке келуін заңсыз деп таныса, Қырғызстан батыстағы халықаралық қаржы институттарының гранты мен кредиттерінен айырылады. Мұндай жағдайда Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкі бірден сырт айналады.

Сонымен қатар, аталған мақалада Қырғызстан тез арада экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізе алмайтыны айтылады. Және «күн санап экономиканы саясат ықтыра беретін болады», деп түйіндейді.

«Qazaqstan» ұлттық арнасы

Ал, Qazaqstan ұлттық телеарнасы 7 қазан күні кешкі жаңалықтарда көрші елдегі саяси жағдайды «тәртіпсіздік», «бейберекетсіздік», деп ақпарат таратқан.

«Бішкектегі тәртіпсіздіктер тыйылар емес», деп аталатын сюжетте «қырғыз парламентіне баса-көктеп кірген жастар ерсі қылықтарынан қымсынар емес», деген сөздер айтылады. Сондай-ақ, аталған сюжетте көшедегі наразы жұртты «әдепсіз сөздер айтып, жағымсыз іс-әрекеттерін видеоға түсірді», дейді.

Сонымен қатар, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың: «Наразалықты білдіру үшін бас салып жиналу, қирату, тас атқылау, дүкендерді тонау секілді тәртіпсіздіктерді құрал ретінде қолдану дұрыс емес», деген пікірі берілген.

«Tengrinews.kz» сайты

6 қазан күні «Tengrinews.kz» сайты Қырғызстандағы ахуалды «жаппай тәртіпсіздік», жазды.

«Ақ үйдің тас-талқаны шықты.Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік қалай өрбіді?», деген мақалада Парламент сайлауының қалай өткені және сайлаудан кейінгі митинг кезінде жарақат алғандар мен бір адамның қаза тапқаны туралы ақпарат жарияланған.

Сондай-ақ, Ақ үйдің кабинеттері мен мәжіліс залының тас талқаны шыққаны туралы және кабинеттердегі компьютерлер жоғалып, есік-терезелердің сындырылғаны айтылған.

Шолушы Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3607