Сейсенбі, 24 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 126860. Жазылғандар — 113646. Қайтыс болғандар — 1945
46 - сөз 1288 9 пікір 19 Қазан, 2020 сағат 14:54

Әлемдік бәсекеде «Нөл» деген бағаға лайықтымыз

"Байрактар" беспилотниктерін шығаратын Түркия қажетті камераларды Канадалық "Wescom" фирмасынан алушы еді. Арменияға қарсы соғысқан Әзербайжан еліне беспилотниктер бергені үшін Канада үкіметі Түркияға санкция салды. Енді Канада фирмасы Түркияға беспилотниктерге қажетті камералар сатпайтын болды.

Бірақ түріктің де есебі мықты. 10-15 жылда өздеріне қажет 150-ге жуық беспилотниктер шығарып үлгерген. Онымен тоқтап қалмай "Aselsan" фирмасы арқылы өздері де беспилотниктерге қажетті камералар жасауды бұрыннан қолға алған. Түркияның "Aselsan" фирмасы қазіргі таңда "СATS" камераларын шығаратын деңгейге дейін көтерілген. Түрік үкіметі қиын сәттердің болатынын біліп, сын сағатта аяқта тұрар өздері өндіретін альтернативалы өндірістің фундаментін қалап үлгерген. Бұдан бөлек осы уақытқа дейін беспилотниктер үшін Украинадан мотор сатып алып келген Түркия бүгінгі күні өздері мотор шығара алатын алғашқы қадамды да жасады. "SOM" зымырандарын өндіру де жолға қойылған.

Тек бір ғана "әттең-ай" дейтін тұсы "Wescom" компаниясы камераларының салмағы 19 кг болса, "САTS" камералары 60 кг шамасында. Бұл беспилотниктердің ауада қалу ұзақтығына әсер етеді. Бірақ шарттар өзгергеннен кейін "Aselsan" қазіргі таңда салмағы жеңіл камералар өндіруді тездетуге кірісті.

Кейде өзім ойланамын. Әлемде өркениетті елдер технологиядан жарысып жатыр. Технология тұтас мемлекеттердің шекарасына, тәуелсіздігіне әсер ететінін көз көріп отыр. Біздің мемлекет "Тәлім тренд" керек пе жоқ па?, "Анау жау", "Мынау сатқын", "Салафит", "Сопы", "Тоқал", "Балақ", "Сақал", "Нұрбот", "Оппозиция", "Ұлтшыл", "Ұлтжанды" деген әңгіменің айналасында жүр. Негізі әңгімесі көп, сыншыл, міншіл, қыртымбай қоғамбыз біз. Әлемдік бәсекеде "Ноль" деген бағаға лайықтымыз. Егер турасын айтсақ әлемдік бәсекеге түсіп те көрмеген елміз.

Тәуелсіздік пен технология егіз ұғым екенін түсінсек жақсы. Айтатын әңгімеміздің сиқына қарап қарның ашады кейде. Мойындайықшы. Қыртымбаймыз ғой біз?!

Бауыржан Серікбаевтің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Abai.kz

9 пікір