Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әлеумет 4344 2 пікір 19 Қазан, 2020 сағат 13:17

Бос жатқан жерлерді кім игереді?

«Айқын» газеті оқырмандарына биылғы 9 қазанда шыққан санында «Túrkіstan қандастарға төрін ұсынып отыр» деген тақырыппен «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбаймен жүргізілген сұхбатты ұсыныпты.

Баспасөздің шапшаң жаңарып, заманауи өзгерістер көшімен ілгерілей дамып келе жатқан кезеңіндегі газет шығарудың ерекшеліктерін айта келе, Қуат Әуесбай осы орайда өздері редакцияда жүзеге асырып келе жатқан жақсы тәжірибелер жайымен бөліскен екен. Сонымен қатар осы халықаралық газеттің жыл басынан бері қандастарға арналған Atajurt («Атажұрт») атты ауқымды жобаны қолға алғанын, сол «жоба аясында газет тілшілері мен түсірілім тобы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, шетелден қоныс аударған қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып, олар жайлы газет бетінде, сайтымызда, әлеуметтік желіде үзбей жазып, видеорепортаж жариялап» келе жатқанын айтыпты.  Қуаттың айтуынша, қандастардың алдынан көптеген кедергілер шығып жүрген көрінеді. Ең біріншісі, олар алғаш келген кезде Қазақстанның қоғамдық өміріне бірден сіңісе алмайды. Сондықтан да бейімдеу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет екені түсінікті. Екіншіден, кеңселік кедергілер салдарынан құжаттандыру мәселесі тым ұзаққа созылады. Үшіншіден, жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге  тағы да әкімшілік кедергі жасайды. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысқысы келген қандастарға мал ұстауға ыңғайлы жер берілмейді. Оны реттейтін жергілікті әкімшіліктердің жұмыс деңгейі әртүрлі. 

«Біз осындай және тағы басқа күрделі мәселелермен қатар қандастардың елге келіп сіңірген еңбегін, атқарған қызметін көрсетсек деген ойдамыз», – дейді «Түркістанның» басшысы. Баспасөздің қандай да бір мекемеге тапсырма беруге немесе міндет жүктеуге құзыретті еместігін ескерте келе, Қуат дегенмен өзі басқарып келе жатқан газеттің біраз кейіпкерінің мәселесі оң шешім табуына әсер еткенін әңгімелепті. 

Газеттің бұл жобасы арайында атқарып келе жатқан жұмыстары құптарлық әрі мадаққа лайық екені дау туғызбайды. Әйтсе де, ұлт көсемдерінің бірі айтқандай, газеттің «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екенін мойындай отырып, басылымда әдетте жасампаздық күш-қуат барын ұмытпауымыз керектігі ойға оралып отыр. Бұл ретте бүгінде аты теріске айналған көсемдердің бірінің газетті «тек қана ұжымдық насихатшы және ұжымдық үгітші ғана емес, сонымен бірге ұжымдық ұйымдастырушы да» деп бағалағанын және бұл бағаның шынында да қазіргі күн үшін де маңызды екенін ұмытпаған жөн болар еді.

Егер «Түркістан» осы орайда қандастармен жүргізіліп жүрген жұмыстың тарихи тамырына үңіліп, оны әрдайым оқырмандарының да, биліктің де назарына салып отырар болса, қолға алып жемісті жүргізіп келе жатқан жобасының мән-маңызы да арта түсер еді. Және олармен жұмыстың түпқазығының дұрыстап қағылуына түптің түбінде нақты әсерін тигізер еді. 

Мәселен, сұхбатта жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге  әкімшіліктің  кедергі жасайтыны сөз болған. Айталық, Қуаттың атап көрсеткеніне қарағанда, мал шаруашылығымен айналысқысы келген қандастарға мал ұстауға ыңғайлы жер берілмейтін көрінеді. 

Осы ретте қазақты жерге орналастыру мәселесі патша заманында да, совет кезеңінде де, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де оң шешімін таппағанын еске алу жөн. Бүгінгі өз тағдырымыз өз қолымызға тиген шақта ұлан-ғайыр бос жерлерді айқындап, оларды игеру үшін ақшалыларға беруге (инвестиция тарту желеуімен) оң иығымызды беріп тұрмыз. Шындап келгенде оларды сырттан келген қандастарға және жергілікті азаматтардың белгілі бір үлес мөлшерін айқындап, бірігіп құратын серіктестіктеріне қажет қаржы бөле отырып үлестіріп беру керек. Сонда бос жатқан жерлер де игеріледі, белгілі бір мерзімнен кейін бұл жобаға салынған үкіметтің қаржы-қаражаты да мемлекетке пайда түсіре бастайды. Ең бастысы, бос жерлерді бүгіндері қалаларда босып, жұмыссыз жүрген жігіттер өздері игеріп, қазақ жер-суының шынайы қожайынына айналады. Сұхбатты оқып шыққаннан кейін осындай ойды ортаға салуды қош көрдім. 

«Түркістан» халықаралық газеті осы мәселені маңызды жобасына қосып, халықты, елдің билеушілерін тарихпен тәрбиелеуге қызмет ететін материалдар тобын жүйелеп бере бастаса жақсы болар еді деген тілек айтқым келеді.  

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

2 пікір