Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Анық 8852 33 пікір 19 Қазан, 2020 сағат 12:45

Қарабақтағы соғыс. Түркия мықты ма, жоқ әлде Ресей ме?..

Империя ыдырағаннан кейін, Тәуелсіздік алған мемлекеттер Кеңес одағының мұрагері Ресейдің жетекшілігінде «Тәуелсіз мемлекеттер достастығын» құрды. Сол ТМД-ның құрамына Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Эстония, Литва – үш елден басқа жаңа мемлекеттердің бәрі кірді. 

ТМД өз құрамына енген мемлекеттер арасындағы дау-жаңжалдарды келісім арқылы бейбіт жолмен шешіп, сыртқы жаудан ортақ қорғануды басты мақсат еткені белгілі.

Бірақ, айтып ауыз жиғанша Таулы Қарабақта Әзербайжан мен Арменияның соғысы бұрқ ете түсті. Сол кезде бұл жанжалды ТМД-ға жетекші болып отырған Ресей әділ шеше алған жоқ.  Өзінің қан жаласқан туысқан бауыры Арменияға бүйрегі бұрып, соның пайдасына шешті. 

Содан бастап Таулы Қарабақ мәселесі бітеу жараға айналды. «Жетекшіге» деген сеніміге де селкеу түсе бастады. 

Көп өтпей, Ресеймен жаға жыртысып Грузия, Украин ТМД-дан кетті. Түрікмендер мәңгілік бейтарап ел боламыз деп, ол да шегінді.  

Қазір бұл ұйымда тоғыз мемлекет қана қалды. 

Бүгінгі күндегі Беларустегі үлкен саяси толқулар, Қырғызстандағы төңкеріс, бір «семияның» балалары болған Әзербайжан мен Армения қырқысы – бәрі-бәрі ТМД ұйымы мен өзін оның жетекшісі санайтын Ресейдің алдына үлкен сұрақ болып қойылды. 

Өкінішке орай, ТМД-ның тілі байланып қалды. Жақ кірісін аша алған жоқ. Ең сорақысы, Ресей екі елді уақытша соғыс тоқтатуға келістіргеніне ешкімнің пысқырмағаны болды. Уақытша соғыс тоқтатқан күннің ертесі екі тарап қайта атысып кетті. 

Бұл соғыс бізге нені білдіреді? 

ТМД-ның жарғысында: «ТМД оның барлық мүшелерінің егемендік теңдігі қағидаттарына негізделген, сондықтан барлық мүше мемлекеттер халықаралық құқықтың дербес субъектілері болып табылады. Достастық мемлекет болып табылмайды, сондай-ақ мемлекеттен жоғары күшке ие емес. Достастық мүше мемлекеттер арасындағы достық, тату көршілік, ұлтаралық келісім, сенім, өзара түсіністік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын одан әрі дамытуға және нығайтуға қызмет етеді. Қатысушы мемлекеттер халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану, қару-жарақты қадағалау және армия құру бойынша келісілген саясатты жүзеге асырады және ТМД-да ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақылаушы топтар мен ұжымдық бітімгершілік күштерді қосатын шараларды қабылдайды. Мүше мемлекеттердің егемендігі, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төнген кезде, мүше мемлекеттер тез арада консультациялар өткізіп, өз ұстанымдарын үйлестіріп, тиісті шараларды қабылдайды» - делінген екен.

Қазір көріп отырмыз, бұл конституция тек бір жапырақ қағаз жүзінде ғана қалған. Соғыс басталғаннан кейін, ең кемінде, мәселені шешу үшін, мүше елдер кем дегенде қашықтықтан болса да бір рет жиналыс шақырған жоқ. Оны көз көріп, құлақ естіп отыр. Ал жанжалдасқан екі тарап та бұл конституцияны керек те қылған жоқ.

Демек, ТМД бүгінгі таңда аты бар, заты жоқ құр қаңқаға айналды деген сөз.  

Екінші, бұл соғыс Ресейдің ықпал көлемінің тіпті де тарая бастағанын білдірді.

Әзірбайжан, Армения және Грузия географиялық орнына сәйкес, Кавказ елдері болып саналады. Петр патшадан бастап Ресей бұл аймақты біртіндеп орыстардың бақылауына өткізіп, жүздеген жылдар бойы билеп келе жатқан. Алайда, бұл соғыс Ресейдің аймақтағы ықпал күшінің әлде қашан әлсірегенін  көрсетті. Ресей жүздеген жылдар бойы ие болып келген жеріне енді ықпалының жүрмейтіндігін аңғара бастадық.

Аталған соғыста түріктердің ашық қолдауымен Әзірбайжан Армениядан басым түсті. Бұл факт «Кавказ енді жеке Ресейдің ғана ат ойнатар жері емес!» деген ащы шындықтың бетін ашып берді. Түрік басшыларының Әзірбайжан армиясына күш беріп, Арменияны көзге шұқуы – Ресей императоры Екатерина кезінде қолдан кеткен Кавказына Түріктердің шын мәнінде, қайта оралуы десек, артық айтқандық болмайды. 

Әзербайжан Ресеймен жүргізген келіссөз барысында «Түркия сөзсіз бейбітшілік келісім шарттың қатысушысы болады!» деп талап қойды. Бұл дегеніңіз, патшалық Ресей заманында немесе Кеңестік, одан кейінгі Ельцин дәуірінде болсын Әзербайжанның ұйықтап түсінеде кірмейтін әңгіме болатын. Грузия Ресейдің жауына айналғанын ескерсек, Арменияның халының болашақта не болатыны бесенеден белгілі. Түркияның қолдауы тұрғанда Әзірбайжанға енді Ресейдің өктемдігі жүрмейтіндігі айдан айқын. 

Қысқасы, Ресей Кавказдағы ықпал көлемінен мүлдем айырылудың аз-ақ алдында тұр.

Үшінші, Бұл соғыс Ресейдің ендігі жерде айбатынан ай жасырынған империя болудан қалғандығын көрсетті. 

Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғыста Ресей бұрынғыдай ақырған аюдай айбат шеге алмады. Айбат шеккеннің өзінде де оның айбатынан қорқайын деп тұрған ешкімнің жоқ екендігін байқадық. 

Қараңыз, Армения православ дініне сенеді. Орыстың діндесі. Патша Иван Грозныйден бастап орыстардың адал жақтасы. Армяндар мен орыстар оннан астам соғыста бірге жүріп қан кешті. Осы тұрғыдан алғанда, армяндар мен орыстар тарихтан бері бірімен бірі қан жаласқан бауыр. 

Соған қарамастан, Әзірбайжан Арменияға Түркияның қолдауымен тырнағын батырып-батырып жіберген кезде де, Ресей жиырма жыл бұрын қол қойылған Армениямен әскери одақтық шарты бола тұра, қыңқ етпей тыныш жатты.  

Осыдан барып, «Сын сағатта Ресей өзінің кез-келген одақтастарына қол үшін бере ала ма?» деген ашық сұрақ туындайды. 

Әзірбайжан мен Армения соғысы сыртқы қорғаныста Ресейге сенген біз секілді басқа да ТМД елдерін терең ойландыруға тиісті. 

Айтпақшы, осы соғыс барысында Ресей соғыс қаруларының да дәурені өте бастағандығы белгілі болды.

Соғыс кезінде Түркия шығарған «Байрактар» өзіұшарлар Ресей қаруларына қарағанда әлдеқайда басымдылығын көрсетті. Ресейдің қаруымен қаруланған Армения ырықсыз күйге түсе бастады. Бұл жағдай Ресей қаруына сену мүлдем қауіпті екенін басқа елдердің есіне салды. 

Демек, бұл соғыс әлемдік аренада Ресейдің қару-жарағының беделін түсірді. 

Ресейдің аталған соғысқа әр түрлі сылтаулар айтып, араласпай отыруының басты себептерінің бірі – үзілген жібі зорға жалғанған, өзі секілді батыспен қырғи қабақ Түркиямен араздасып қалудан сақтану.

Бірақ, Түркия өзінің Ресей досының көңіліне қарайын деп отырған жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын Түркияның Украинамен әскери ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қоюы, шын мәнінде, армян - әзербайжан соғысының географиялық әсерінің жүріп жатқандығынан дерек береді. 

2015 жылдан бастап Путинның өзінен шалғай елдерге жасаған бірнеше айбынды жорығын еске алсақ, Ресей шыныда Ливияда, Сирияда және Венесуэлада өзінің күшін көрсетіп қайтты. Сөйтіп, әлемді Ресейдің күшінен сескендірді. Алайда, ешқандай нақты табыс бермейтін бұл жорықтар Ресейдің қаржылық және материалдық ресурстарын сарқып-ақ жіберген екен. 

Болмаса, одақтасы әрі туысқаны армияндарға бір мәрте қайырылып, «Халың қалай?!» дейтін жөні бар еді. Бүк түсіп, жатып алды.

Сенген серкесесінен қайыр болмасын сезген Пашинян Әзірбайжанмен Карабаққа байланысты келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді

Тарихта Соңғы ұлы Рим императоры Мануэль I Рим империясының ұлылығын көрсету үшін, Римнің барлық ресурстарын Италияға, Египетке және Иерусалимге шашты. Осы арқылы Рим империясынның атын әлемге танытты. Бірақ, римдіктердің барлық қаржылық ресурстары мен материялдық ресурстарын сарқып бітірді. Түріктер Анадолыға көшіп келгенде римдер, керек десеңіз, мойын бұруға да шамасы келмеді. Бұл жағдай Рим империясынң құлдырауы мен күйреуіне алып келді.  

Егер, тарихтың қайталанатынына сенсек, азу тісі алты қарыс Ресей империясы да сол Римнің күйін кешпесіне кім кепіл? 

Бұны біз болжаусыз болашақтың еншісіне қалдырдық... 

Ербосын Нұрмұханұлы

Abai.kz

33 пікір