Жексенбі, 25 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110402. Жазылғандар — 105618. Қайтыс болғандар — 1796
Алашорда 1528 33 пікір 17 Қазан, 2020 сағат 12:41

Ашаршылық пен репрессияға нақты баға берілуі керек!

Пандемия әлегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 30 мамырдағы Үндеуінде  тапсырылған Мемлекеттік комиссия құру, ол атқаруға тиіс міндеттерді айқындау ісін созып жіберді.

1920-шы–50-ші жылдардағы советтік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру жөнінен құрылған жұмысшы топ та қызметін сиырқұйымшақтатып жібергендей. Өткізген мәжілістерінің нәтижелері көпке беймәлім. Осындай жағдайда Биік Үндеу арналған, күн тәртібінен түсіруге жатпайтын мәселеге тағы бір шағын шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

Советтік Социалистік Республикалар Одағы деп аталып келген алып империя 1991 жылы ыдырады.  Әлемнің саяси картасы егемендік бөркін киген жаңа мемлекеттермен толықтырылды. Солардың бірі біздің еліміз еді. Қазақстан Республикасы. Сонда, тәуелсіздік эйфориясы қанатында, еліміздің жоғарғы халық өкілдігі органы советтік дәуірде айтқызылмай келген тарихтағы қаралы кезеңге бірден назар аударған. Дербес ел болу  тарихи оқиғасы туғызған қуаныш пен шаттықтың аса қуатты серпілісі нәтижесінде 31 мамырды тоталитаризм жылдарындағы қасіретті, алапат ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде тұңғыш рет 1992 жылы белгілеген. Өстіп алғашында осы дата аштан опат болған миллиондар аруағына тағзым етіп тұратын күн ретінде заңдастырылған болатын. Сол жылы құрылған Жоғарғы Кеңестің арнайы комиссиясы қазақ халқын ашаршылыққа душар еткен 30-шы жылдарғы саяси-экономикалық өзгерістерді зерттеп, сол кезгі солақай реформа бұрмалаулары туғызған қайғы-қасіреті айтып-жеткізгісіз ахуалды қазақ халқына жасалған «геноцид саясатының көрінісі» деп бағалады (жекелеген тарихшылар оны негізінен «тек көшпенді қазақты апатқа ұшыратқан этноцид» деп түйген). Комиссия қорытындылары Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысымен 1992 жылғы 22 желтоқсанда еліміздің екі бас газеті «Егеменді Қазақстан» мен «Казахстанская правда» беттерінде жарияланды. Алайда сонау маңызды құжат бойынша атқарылуға тиіс ешқандай іс-шара жоспары  қабылданған жоқ. Тиісінше төрт жыл бойы 31 мамыр бірде-бір рет көзделген мазмұнына сай мемлекеттік дәрежеде атап өтілмеді. Тек 1997 жылы, мәселені республикамызда тұратын барша ұлт өкілдерінің татулығы мен келісіміне сабақтастыра қарастырып барып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деген атау берілгеннен кейін ғана, жыл сайынғы 31 мамырда жаппай саяси репрессия құрбандарын еске алумен бірге  ашаршылық қасіреті де жалпылама айтылып жүрді.

Бұл, әрине, бүкілхалықтық трагедияны өз дәрежесінде түйсінуге мүмкіндік бермейтін. Осы жәйтке алаңдаған  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы 2009 жылы әр жылғы 31 мамыр қарсаңындағы жұмада  аштық құрбандарын арнайы еске алу шараларын өткізіп тұруды ұсынған. Сол кездегі бас муфти шейх Әбсаттар Дербісәлі ұсынысқа сергек қолдау білдіріп, орталық мешіттегі жұма намазында тікелей өзі Ашаршылық тақырыбын арқау еткен өте мазмұнды уағыз айтқан еді. Әттең, жақсы іс жалғасын таппай қалды. Ақыры, 2018 жылдан бері, 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп өзгертіліп атала бастады... Жоғарғы Кеңестің 1992 жылғы Комиссиясы «Отыз екінші жыл» деген қаралы таңбамен халық санасында терең із қалдырған,   халқымызды шыбынша қырып, жойылып кету қаупін төндірген, қайғы-қасіреті көл-көсір алапат ашаршылықтың ең ауыр кезеңін зерттеген еді.  Комиссия «қазақ халқы 1931–1933 жылдары 2 миллион 200 мың адамынан айрылды, яғни сол шақтағы құрамының 49 пайызын жоғалтты» деп көрсеткен болатын. Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құрылмақ Мемлекеттік комиссия бұған қоса Түркістан Республикасында 1917–1919 жылдарғы «большевиктердің аштық саясаты» (М. Шоқай) салдарынан дүниеден көшкен 1 миллион 114 мың, Қазақ Республикасында 1921–1923 жылдары опат болған тағы 1 миллионнан астам  көшпенді тағдырын есепке алуға тиіс деген ой келеді. Сөйтіп үш мәрте айналып соғып, тікелей төрт жарым миллионға тарта, ықтимал табиғи өсімнің жоғалтылғанын есепке алғанда он миллиондай жанды жалмаған зұлмат – Ұлттық Апат (Ұлттық Катастрофа) тауарихын Мемкомиссия толық қарастырып, оған тарихи, заңи, саяси баға беруге сенімді жол салады деп үміттенеміз.

Ашаршылық қасіретінен кейін енді ес жия бастаған елді Үлкен террор есеңгіреткені мәлім. Нақты жаппай саяси қуғын-сүргін Совет Одағы Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД-нің) 1937 жылғы 30 шілдеде шығарған № 00447 бұйрығынан бастау алған. Алапат зобалаң шақ 1937 жылғы 5 тамыздан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін созылды. Оның сан мың адам өмірін жұтқан нәтижесін зерттеушілер совет өкіметінің өз халқына қарсы жасаған террорының салдары  деп  бағалап жүр. Біздің елімізде саяси репрессиялар байлардың дүние-мүліктерін тәркілеу жайындағы әйгілі декреттің орындалып болуының артынша, алашордашылар деп аталған ұлт зиялыларын 1928–1930 жылдары тұтқындап, жазалаудан басталған. Ал Отыз жетінші жылғы жаппай саяси қуғын-сүргін ұлтымыздың барша қаймағын сыпырып алған еді. Сол жылдың көктемінде ұлан-ғайыр советтік кеңістіктің барлық аймағында «халық жаулары мен екіжүзділерді түбірімен қопару және жою» науқаны өріс алған-ды. Күрестің жаңа бағытының мәні: «Троцкистерге қарсы күресте қазір ескі әдістер – дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек», – деп тұжырымдалған. Мұны жер-жердегі бас шұлғығыштар қанағаттана қарсы алған-тын.  Сөйткен де, большевизмнің түкпір-түпкірдегі құлдық ұрғыш һәм шаш ал десе бас алғыш шолақ белсенділері мен қилы жарамсақ-жағымпаз жақтастары түгелімен сонау «жаңа әдістермен»  шұғыл қаруланған болатын. Содан барып Үлкен террор жылдарының  ұмытылмас сүреңсіз суреттері Қазақстанда да орын алған.

«Әділет» ұйымы жинақтаған деректерге қарағанда,  1937  жылы  Алматы  облы­сында атылғандар саны 440 болса, 1938 жылы мыңнан асып кеткен, Жамбыл облысында 1937 жылы  330 адам атылса, 1938 жылы бұл көр­сет­кіш 510-ға жеткен. Құрбандардың осындай өсуі барлық облыстарда болға­н. КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы үкімімен тек Алматыд­а ғана алты жүздей боздақ жендет оғына байланған. Мәселен, 1938 жыл­ғы 15 ақпанда Түркістан (Қоқан) автономиясының, Алашорданың қайраткері, ұстаз, зерттеуші, советтік мемлекет және мәдениет қызметкері Қоңырқожа Қожықов атылды. 25 ақпанда атылған 39 адам қатарында азаттық күрескерлері, совет­ өкіметінің мемлекет, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлері Санжар Асфендияров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды. 26 ақпанда ішінде Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Асфендияр Кенжин, Сәлемхат Күленов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Әзім­бай Лекеров, Бейімбет Майлин, Асхат­ Сейдалин, Жұмат Шанин бар 37 адам атылған. 27 ақпанда 41 адаммен бірге Мағзұм Асанбаев, Борис Берлин, Мерғали Қаділбеков, Сабыр Қапин, Әлкей Өтекин, Владимир Случак, Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұнғашин, Михаил Чудочкин, Телжан Шонанов оққа ұшты. 28 ақ­панда атылған 40 адамның арасында Бірмұхамед Айбасов, Әшір Бүркіт­баев, Оразалы Жандосов (ағасы Ораз Жандосов 2 наурызда атылған), Мұхамедияр Жанкин, Мұхтар Саматов, Мұхаметқали Тәтімов болды.  3 наурызда Ибадолла Құлжанов, Маға­зы Масанчи, Абдолла Розы­бақиев,  Рахым  Сүгіров…  барлығы  38 адам, 7 наурызда Нұртаза Ералин, Жұмахан Күдерин, Нұғман Манаев… барлығы 43 адам, 8 наурызда Әбіл­қайыр Досов, Атлас Кәлменов, Жақсылық Құлтасов, Хакімжан Нұрымов… барлығы 44 адам, 9 наурызда атылған 37 адам ішінде Әбдірахман Айсарин, Ахмет Нұралин, Шахзада Шонанова (Қаратаева), Анас Ілия­сова бар… 1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы атанған Ахмет Байтұрсынов Алматыда, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов пен араб елінде істеген тұң­ғыш советтік елші Нәзір Төреқұлов Мәскеуде атылды. Сондай-ақ Мәс­кеуде 1938 жылғы ерте көктемде ірі мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, күзге салым Алашорда басшыларының бірі Жанша Досмұхамедов, Ташкентте Мұхамеджан Тынышбаев, Омбыда Қошке Кемеңгеров оққа ұшты. Қысқасы, Үлкен террор науқаны Қазақ Республикасының жоғарыда аталған қайраткерлері мен 1939 жылы атылған Левон Мирзоян, Садық Нұрпейісов, Ораз Исаев сынды басшыларын да, жоғарғы тізімде аталмаған қоғамның бетке ұстарларын да түгелге жуық жойып жіберді. 1938 жылдың күзінде жаппай репрессияға тоқтау салынса да, қуғын-сүргін одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша,  «халық жауларын әшкерелеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 1937–1946 жылдары атылып, Алматы түбіндегі «Жаңалық» қорымына көмілген  құрбандар саны 4219-ға жеткен. «Әділет» қоғамы осы қаралы тізімді арнайы кітап етіп шығарды («Азалы кітап – Книга скорби», 9-басылым). Мемкомиссия республика басшылығын  түгелдей жоюдың түпкі сырын, әлі де беймәлім тұстары мен ұмыт қалдырылған есімдерді  ашып, репрессияға ұшырағандардың (осы уақытта – 120 мың, оның 25 мыңы атылған делінетін) жалпы санын дәл анықтап, әділ саяси баға тұжырымдауға тиіс.

2018 жылы  Алматы облысы әкімдігінің демеушілігімен «Жаңалықтағы» мемориал кешенінде  арнайы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды. Оның негізгі залында репрессия тарихын көрсететін тақырыптық экспозициялар, арнайы стендтер, репрессияға ұшырағандар тұтынған түрлі бұйымдарды, қасіретті кезеңнен жеткен  қилы заттай естеліктерді назарға ұсынатын экспонаттар қойылған. Мұражайдың арнаулы бір залы қабырғаларына құрбандар есімі қашалған естелік тақталар ілінген. Келушілер олар жайындағы ақпараттарды заманауи техника жетістіктері арқылы сол залда бірден алады. «Әділет» қоғамының қызметін бейнелейтін стендтер орналастырылған залда түрлі кездесулер, репрессия құрбандарына арналған еске алу кештері өткізіліп, деректі фильмдер көрсетіліп тұрады. Музей мен Қоғам бірлесіп түрлі акциялар өткізуде. Террор жылдары атылғандардың сүйектерін белгісіз, елеусіз қалған қорымдардан әкеліп, кешен аумағына  қаралы-салтанатты түрде қайта жерлеу рәсімін жасап жүр.  30-шы жылдарғы «бандалар қозғалысы» дейтін теріс баға берілген халықтық көтерілістерге қатысушыларға жасалған жаппай репрессияның шындығына жетіп, әділ бағасын беру ісіне атсалысу, қазақ халқы жасанды алапат ашаршылық салдарынан бастан кешкен Ұлттық апат кезеңдерін, 2-ші жаһандық соғыста еріксіз жау қолына түскендердің, «Түркістан легионы» қатарында болғандардың қайғылы тағдырларын зерттеу, т.т. тарихи әділеттілікті талап ететін акциялар қолға алынуда. Мұндай иманды шаралар, сөз жоқ, демократия құндылықтарын бағалай білетін өскелең буын тәрбиесіне қызмет етеді. Аталған мәселелерге Мемлекеттік комиссия жіті көңіл бөліп, түбегейлі зерттеуді, оларға әділ тарихи, заңи, саяси баға беруді қолға алса деген тілегіміз бар. Бұл ретте, ең алдымен, зерттеу ауқымын Үндеуде айтылған мерзіммен шектемей, 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси репрессиялар құрбандарын реабилитациялау туралы» ҚР Заңының бірнеше рет түзетулер мен толықтырулар енгізілген 2018 жылғы 2 шілдедегі нұсқасында ескерілген соңғы кезеңге (1986 жылғы Желтоқсанға байланысты жасалған жазалауларды әділ қарауға) дейін кеңейткен дұрыс болар еді. Мемкомиссияның мынаны ескеруі ләзім. Соттан тыс қудалау органдарының да, соттардың да заңсыз шешімдері мен іс-әрекеттері тек дөрекі түрде озбырлықпен бұрмаланған салдармен күресу шарасы болатын. Сол салдарларға апарған себептердің ақ-қарасын ешбір орган сараптаған емес. Қазіргі тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан, тарихи әділеттілік тұрғысынан қарау мақсатымен, кешегі енді қайтып оралмайтын таптық мемлекеттің ұлттық ерекшелікті елемей, жұртты жаппай жазықсыз репрессияларға ұшыратқан солақай реформалары мен біржақты шешімдерін  талдап көрсеткен дұрыс болар еді.

Түрк халықтарына ортақ әйгілі азаттық қайраткері Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда  жүргізген тәуелсіздік үшін күресі, совет-герман соғысында тұтқынға түскен жауынгерлер тағдырына ара түсуі жаңа көзқараспен сарапталып, ұлтымызға қымбат саяси тұлға әділ бағасын алғаны жөн. Германиядағы соғыс тұтқындары ұйымдастырған «Түркістан ұлттық бірлігі», «Түркістан комитеті» ұйымдарының қызметін, олардың соғыс кезіндегі «Милли (ұлттық) әдебиет» – редакторы Қобызшы Қорқыт (Мәжит Айтбаев), «Милли Түркістан» – редакторы Ғали Алтай (Хакім Тыныбеков), «Янги (Жас) Түркістан» – редакторы Абыл Заухи, қызметкері Сайран (Хамза Абдуллин) басылымдарын зерттеу, «Түркістан легионы» жайын жан-жақты қарастыру, онда болғандарды, сондай-ақ жалпы неміс тұтқынына түскендерді соғыстан кейін соттаған істерді қайта қарау, талдап, сараптау және тәуелсіз мемлекет тұрғысынан жаңаша бағалап, ақтау жөн. Советтік жауынгерлердің әскери даярлықтан өткізбей, қарусыз майдан даласына жіберілген және  сан-мыңдап тұтқынға түскен деректері тиісті бағаларын алған жоқ. «Еңбек армиясы» тарихы да зерттелген жоқ. Мемкомиссия бұларға да жіті назар аударса жақсы болар еді.

Тың көтеру – іс жүзінде қазақ жерін жаңаша отарлау болды. Қазақ халқы өз елінде 29 пайыз ғана, яғни ұлттық азшылық болып қалды. Сол шақтағы жағдайға жаңаша көзқараспен қарау қажет. Соғыстан бергі кезеңдегі советтік режимге қарсылықтарды зерттеу керек. Өзгеше ойлаушылар, диссиденттер (Махмет Құлмағамбетов, Қалшабеков, Хасен Қожахметов, т.б.) және Павлодардағы  «Жас ұлан», Қарағандыдағы «Есеп», т.б. жасырын ұйымдар мен оларға қатысқандардың арнайы органдар жүргізген істерін қараған дұрыс. Желтоқсан саяси көтерілісіне байланысты сотталғандар мен өзге де (әкімшілік, партиялық, комсомолдық) жаза тартқандардың істерін сараптап, ақтау қисынын дәйектеу ләзім. Қудалау күллі совет билігі бойы жүрді, компартия басқаратын мемлекет жүргізген соңғы жазалау – 1986 жылғы Желтоқсанға қатысушыларға жасалды.  Сондықтан да Мемкомиссия жұмысын 20–50-ші жылдармен межеленген мерзімдік ауқыммен шектелмей, күллі советтік дәуірді, яғни Қазан төңкерісінен 1986 жылғы  дүрбелеңге дейінгі кезеңді қамтыса оңды болады деген ойдамыз.

Комиссияның жұмысында мынандай тұстарға мән бергені жөн сияқты көрінеді. Большевиктер компартиясы тумысынан, табиғатынан империялық партия болатын. Ұлттық мәселеге ол  тактикалық тұрғыда ғана, негізгі жоспарлаған мақсатына қол жеткізу тәсілдерінің бірі ретінде ғана көңіл бөлді. Түптің түбінде «совет өкіметі», «ұлттық республикалар»  деген атауларды жарнама ретінде ғана ұстап, іс жүзінде партияның жарғысына сай, бір орталыққа қатаң бағындырылған жаңа империя құрды. Сол жолда ол қазақ ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-мүддесін жоққа шығарды. Халық ішіне таптық сына қағып, ағайындарды өзара жауықтырды. Халық таптық көзқарасты қабыл алғаннан кейін, жалпы мұраты дұрыс депутаттар кеңесінің билігін партия іс жүзінде қуыршаққа айналдырды. Тәуелсіз социалистік мемлекеттер деп есептелетін Республикалар Одағы империялық-партиялық шырмауықпен шырмалып, унитарлық мемлекетке айналдырылды. Тиісінше, қазақтың ұлттық мүддесіне кереғар қилы бұрмалаушылықтар жасады. Мемкомиссияның жұмысында осы мәселелер ескеріліп, оларды түбегейлі зерттеу, ғылыми негізделген әділ баға беру жолға қойылса, әр кезеңде жазықсыз жапа шеккен ұлттық қаһармандар тізімі түзілсе, сөйтіп олар жайында заң жобасы жасалып, тәрбиелік мәні зор болатын арнайы Азаттық қаһарманы күні белгіленсе  дұрыс болар еді. Президент Қ-Ж. Тоқаев Үндеуінің мән-мағынасын терең түсінген жағдайда, құрылмақ Мемкомиссия тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіс осындай игілікті шаруалар кешенін батыл қолға алып, жүзеге асырады ғой деп үміттенеміз.

Бейбіт Қойшыбаев,   

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

33 пікір