Жұма, 19 Сәуір 2024
Тарих 78480 4 пікір 17 Қазан, 2020 сағат 12:34

Қазақ әдебиетіндегі Сырым Датұлының бейнесі...

Халық басына түскен ауыртпалықтың қордалана түсуі, әділдік іздеуші ерлер алдында өлшеусіз кедергі-қамалдар тууы-осылардың бәрі қашан да қай елде болмасын тарихи тұлғалар туралы шығармалар әдебиетте қанат жаюына ықпал еткені мәлім. Қазақ қоғамында әдеби процестер ауызекі шығармашылық пен жазбша  бағытта өрбіді.

Әдеби шығармаларға арқау болған сондай тарихи тұлғалардың бірі де бірегейі Сырым Датұлы – Отандық тарихтағы ұлт-азаттық көтеріліс қолбасшыларының ішіндегі ерекше тұлғалардың бірі. Сырым батырдың өміріне, ол бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған бірнеше еңбектер мен іргелі зерттеулер бар.

Сырым Датұлы хақында қазақ әдебиеті тарихында оның жағымды бейнесі ақын-жыраулардың жырлары мен дастандарында, жазушылардың  көркем туындыларында ерекше атап өтіледі. Оның басты себебі Сырым Датұлының есімі мен даңқы халықтың есінде уақыт өткен сайын жаңғырып отыруынан деп түсінген абзал. Кешегі патша заманында, одан бергісі кеңес заманы мен бүгінгі тәуелсіздік заманында да Сырымның есімі әдебиет тарихында ерекше орын алады.

Қазақ әдебиеті тарихындағы Сырым Датұлы бейнесінің сабақтастығы ерекше құбылыс. Оның айқын дәлелі халқымыздың Сырым батыр туралы даланың ауызша тарихы мен ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де мол мұралармен қамтылғанымен де құнды.

ХХ ғасырдың басында ағартушы ақын, ойшыл, публицист Ғұмар Қараштың (1875-1921) 1911 жылы Уфа қаласында басылып шыққан «Бала тұлпар» жинағында «Сырым батыр» тарихи жыры жарияланды. Ақын батырдың болмысын былайша жырлайды:

Сырым деген ер болған
Халқының қамын жер болған.

Ал Мұрат Мөңкеұлы:

Хандардың ең ақыры Нұралы еді,
Төренің Арқар деген ұраны еді.
Хан ұлын Сырым батыр шабарында,
Ақылды Алдар биден сұрап еді, - деп жырлайды.

Х.Досмұхамедов (1883-1939) «Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет» және  «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты мақалаларында: «1785-1800 жылдардағы байұлы Сырым батырдың көтерілісі барысында Сырым Нұралы ханды тақтан түсіріп қуды, Есім ханды өлтірді, патша өкіметімен жауласты. Сырым ақырында жеңілді деп қысқаша мағлұмат береді. Сырым он бес жылдай (1782-1797) күресті. Сырымның уақытында орыс үкіметі қазақ ішінде күшті емес еді. Саясатын ойдағыдай қылып ел ішінде жүргізе алмайтын еді. Бір қолымен хандарды сүйесе, екінші қолымен елді алдау үшін сипайтын еді. Патша үкіметі Сырымды әуелгі уақытта сипады. Сырымның арғы сырына түсінген соң-ақ, үкімет жалт беріп, Сырымға теріс айналды. Сырым патша үкіметінің сипағанына иланып қалды. Осы илануы елден айырылуға себеп болды. Әуелгі уақытта Кіші жүз Сырымға тегіс-ақ еріп еді. Ақырында Сырым Үргенішке жаңғыз барды десе болғандай болып барып, дұшпандарының қолынан құрметсіз өлім тапты», -деп жазды. Х.Досмұхамедов Сырым бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себебі отарлауға қарсылық деп өзінің көзқарасын айқындайды. Оның әдебиет ісіндегі Ы.Шөрековтің мұраларын жинақтауы да зор игі іс еді.

1924 жылы жазылған Ығылман Шөрековтің (1876-1931/32) «Исатай-Махамбет» дастанында Сырым туралы:

Хан-ие сонда сөйлейді:
-Исатай, мені аяма!
Күнім туса көрермін,
Алла салса көнермін.
Келсе де ажал ерте-кеш,
Тағдырменен өлермін.
Қашаннан қазақ қайырсыз,
Қай ісіне сенермін?
Қарға қазақ шулаған,
Қастассам сені жеңермін.
Шаптым деп ханды мақтанба,
Үргеніште қалған Сырымдай
Сүйегіңді шетке көмермін, - деген жыр жолдары бар. Ақын Сырымның Хиуа хандығында жүріп қаза болғанын туралы Жәңгір ханның аузына сөз  салады.

Сырым Датов туралы қалам тартқан қазақ жазушыларының бірі –Сәбит Мұқанов. Ол – қазақ әдебиетінің тарихында әдебиет зерттеуші тұлғалардың бірі.

С.Мұқанов (1900-1973) «Сырым Датұлы туралы» атты мақаласында Сырым батырды, кезінде халық ақындары, тамаша халық батыры образында түрлі себептермен жырлаған жоқ,- деген пікірін білдіреді.

Жазушы Сырым туралы әдебиеттік материалдар жөнді болмағанымен, «Қазақтың ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы әдебиет тарихынан очерктеріне» (1942) оның атын мына төмендегі себептермен кіргізгенін атап өтеді:

«...Біріншіден, Сырымнан ілгерірек өткен Бұқар жырау, патша үкіметінің отаршылдық саясатынан соққан ызғардың алыстағы деміне қалтыраса. Сырым батыр, сол ызғардың түтеген боранынан тұншықты, аязынан үсіді. ...Сырым батыр ол өртке шарпылып, оны сөндіруге жанталасты. Екіншіден, Сырымның көтерілісі, одан кейін, екі жүз жылға созылған қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы күресінің басы», - деп әділ бағасын береді.

Жазушы аталған кітапта осы дәуірлер әдебиеті бойынша жиналған мол материалдарды жүйелеп, әдеби құбылыстарды халық тарихымен салыстыра қарайды. Жасыратыны жоқ С.Мұқанов Сырымның тұлғасын таптық көзқарас тұрғысынан талдады.

Сырым бейнесі Ұлы Отан соғысы жылдарында да жазушылар мен ақындардың шығармаларына арқау болды.

Ұлы Отан соғыс жылдарында Түркістан легионы қатарында болған атыраулық Ғайпен Бейісовтің келтірген дерегіне де назар аудару жөн сияқты.

Ғайпен Бейісов (1921-2007) 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылданып,  Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыс жасайды, әскерге алынып, училищеге оқуға жіберіледі. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 15-қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше ай бойы лагерь азабын бастан кешіп Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа алынады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген күдікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Бұл кезеңде Кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймыққан неміс-фашистері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған Ғ. Бейісов 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас Әскери Прократурасының № 12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен толықтай ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. Сол қортындысымен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мұрағатында сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуретін қоса алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні   бақиға озды.

Ғ. Бейісовтың «Тамұқтан өткен тағдыр» атты деректі әңгіме кітабында Мұстафа Шоқай, Хамза Абдуллин  (әдеби бүркеншек есімі Сайран), Мәулікеш Қайболдин (Асан Қайғы), Мәжит Аяпбеков (М.Дара), Баймұрза Хайт, Қарес Қанатбаев, Қази Қазыбеков (Қази), Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт) т.б. сияқты соғыс кезіндегі Берлиндегі Түркістан Комитетінің көрнекті өкілдерінің қилы тағдырлары жан-жақты әңгімеленеді. Естеліктерін 1955 жылы Қоянды басқармасының лагерінің 3-бөлімінде жүріп жаза бастаған.

Автор өзінің деректі әңгіме кітабында 1944 жылдың 10 мамыр күні Австрия астанасы Вена қаласында Түркістан түріктерінің І Құрылтайы болып өткендігін, құрылтайға Түркиядан, Ауғанстаннан, Ұлтаралық неміске тәуелді комитеттердің он үші қатынасқанын, келесі күні атақты Вена опера және балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты қысқа екі актілі пьесаның қойылғанын жазады. Пьесаның оқиғасы Сырым Датұлының ұлт-азаттық күресі туралы, Сырым ролінде артист Мұхамбетқали Батыргереев, сахнаға қойған журналист Мәжит Жақсылықов, музыкасын жазған Вена консерваториясында оқып жүрген Ғалым Абсаламов және Түркістан легионының көркемөнер үйірмесінің жетекшісі, скрипач, әрі дирижеры Айтекеш Толғанбаев. Бұл кәрі Европа төріндегі театрда қазақ халқының  ұлт-азаттық күресі тарихы жөнінде қойылған  алғашқы туындылардың бірі болды деп есептеуге болады. Бұл қойылым Ғайпекеңе ерекше әсер еткен. Ол: «Әлі есімде, шымылдық жартылай ашық тұр. Қазақтың кең даласы. Алыста ойлы-қырлы белестер көрінеді. Ұзын жолдың бойы. Екі көзі жоқ қарияны бір жас қыз жетектеп келеді. Қарт тұрып:

Мұнарда мұнар мұнар күн,
Сәулесіз меңіру қара түн.
Қара түнді қақ жарып,
Қазақтан енді шығар кім...»

Басқаны қайдам, пьеса маған қатты әсер етті, ұнады,-деп еске алады.

Қази Қазыбековтың бұл пьесасы Түркістан Ұлттық Комитетінің баспасөз органында жариялануы мүмкін-ау деген ой да келеді. Пьесаның негізгі идеясы-азаттықты, бостандықты аңсау, легионерлердің бойындағы азаттық рухты көтергені сөзсіз. Айырықша атап өтетін мәселе Түркістан түріктерінің І-ші Құрылтайында Вена опера балет театрында басқа түркі тектес ұлттардың ұлт-азаттық көтерілісі туралы қойылымдарының болмауы. Бұдан шығатын қорытынды Сырым бейнесінің қазақ әдебиеті тарихындағы орнының ерекше екендігін көрсетсе керек-ті.

Сонымен бірге Жәрдем Тілешовтің 1945 жылы майданда жүріп жазып бітірген «Сырым батыр» дастанын айтуға болады:

Сол адам ханға тіл қатты:
Менің атым ер Сырым
Менің сырым ел сыры
Еңіреген еріңмін
Асқақтап аққан Жайықпын,
Атыраудай асау теңізбін
Топанымын халық кегінің
Сеңіме сені сүздіртіп
Селкілдетіп Ордаңды,
Он төрт жыл соққан желіңмін, - деп батырдың бейнесі арқылы халықтың кегін қайтаруды жырына қосады. Ақын дастанында:

Тұлғасына қарасам,
Адамға біткен бір алып...
Ажарына қарасам,
Ашулы көкжал арыстандай,
Қабағы тым қатыңқы
Қара бұлт басқан аспандай,
Сәукеле қара сақалды
Азын-шоғын ақ бардай, - дей отырып батырдың бейнесін сомдайды.

1967, 1989 жылдары «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Шешендік сөздер», «Ел аузынан» жинақтарында Сырымның шешендік сөздері берілген.

Жинақтардағы Сырымның шешендік сөздері халықтың жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан ауызша аңыз, әңгімелерге сүйеніп жазылған.

Сырым Датұлының қоғамдық-саяси қызметі тақырыбына қалам тартқан Ғабит Мүсірепов (1902-1985) 1980 жылы «Болашаққа аманат» атты Сырым туралы  төрт перделі тарихи драмасын жазды. Тарихи драма 1981 жылы «Жұлдыз» журналының №1 санында жарияланды.

Бұл тарихи драма халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысы мен ұлттардың өзін-өзі билеу идеясын қазақ әдебиетінің ғасырлық жаңа дәуірінде ашық та батыл көтерген шығарма. Ғ.Мүсіреповтің бұл тарихи драмасының негізгі идеясы ұлт азаттығы, халықтың өзін-өзі билеуі жөніндегі идеямен ұштасып жатады. Жазушы кейіпкеріне, яғни Сырымға: «Қай ел болса да өзінің қандай ел екенін өз тізгіні өз қолында тұрғанда ғана көрсете алады»,- деген өте батыл сөз айтқызып, батырдың асқақ арманы мен аманаты халқының тәуелсіздігін жазушы асқан шеберлікпен қалың оқырманға жеткізе білді.

Ғ.Мүсіреповтың қаламынан туған бұл шығармаға филология ғылымының докторлары Х.Әдібаев пен Ж.Ысмағұлов: «Сырым Датұлының өмірі мен билік қызметі жайындағы бұл еңбек кезінде цензура бақылауынан қағаберісте өтіп кетсе де, әдеби-драматургиялық сын тарапынан да тиісті бағасын ала қоймаған туынды. Ал шындығында, ұлт-азаттық қозғалысы мен ұлттардың өзін-өзі билеу идеясын қазақ әдебиетінің ғасырлық жаңа дәуірінде дәл осындай ашық та батыл көтерген басқа шығарманы біз онша көп біле бермейміз», - деп баға береді.

Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы  басты кейіпкер Қайрошта (Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Сұмағұлов) Сырым шыққан топырақтан. Жазушы өмірде болған, әр қилы заманда өмір сүрген елін, туған жерін сыртқы жаулардан қанын төгіп қорғаған қазақ батырларының ерліктерін  көркем әдебиетте шебер сабақтастыра білді.

1983 жылы жазушының бұл тарихи драмасы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылды.

Сонымен бірге жазушының Сырым бастаған көтерілістің 200 жылдығына арналған «Асыл арман, ардақты ер» атты мақаласында «Алдақашан... Бұдан екі жүз жыл бұрын! Екі жүз жыл!.. Бұған дейін Шығыс елдері түгел Батыс елдерінің қоғамдық тіршілігінде кездеспеген, кездесу түгел елес бермеген, заты да жаңа, аты да жаңа, қалада емес далада, қазақ даласының батысында, қадірлі аты сом алтыннан құйылып, қазақ тарихының қоймасында сақталар «Халық кеңесі» деген өкімет құрылды, өкімет!.. Орысша аты – Народное собрание! Құрылған жері – Батыс Қазақстан,  құрған ері – Сырым, Сырым батыр Датұлы. Қолдаған – қалың қазақ бұқарасы. Сонымен дүние жүзінде үлгісі жоқ, қазақ халқының өз тәжірибесінде де болып көрмеген, атақты көсемі, данышпаны-данасы, ғалымы да жоқ мал баққан көшпелі елде халық кеңесі аталған өкімет құрылып, қолма-қол іске кірісті», - деген соны пікір білдірген.

Сырым жеңемін деп аттанды ма, әлде алда болар ұзақ алыстардың басталар кезін, халқымыздың оянар кезін аңсады ма, әйтеуір қыран қанат қақты. Сырым ұлы майданға халық көсемінің міндеттерін арқалай шыққанын жазушы дөп басып жазды.

Тарихи шығармаларға деген халықтың ықыласы ерекше екендігі де белгілі. Тәуелсіздік жылдарында жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы жиырма жыл бойы ізденіп «Тар кезең» тарихи романын  2012 жылы жарыққа шығарды. Тарихи роман ресми архив құжаттарындағы бұйрықтарға, хаттарға сүйеніп, зерттеп, зерделеу арқылы жазылған. Бұл жаңа туынды туралы уақытында Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры, ақын Несіпбек Айтұлы: ««Тар кезең» романы Қ. Мұханбетқалиұлының жиырма жыл көз майын тауысып зерттеп жазған шығармасы және үлкен, күрделі шығармаға келу үшін адам оны көп уақыт зерттеу керек», - деп атап өтті. Сонымен қазақ әдебиеті Сырым Датұлы туралы тағы бір тарихи романмен толықты.

Сырымнан кейін Батыс Қазақстанда болған отаршылдық күрестің ерлері – Қаратай, Арынғазы, Қайыпқали, Жоламан, Исатай-Махамбет, Бекет, Есет, Иса мен Досан бастаған халық-азаттық қозғалыстары түптеп келгенде Сырым соққан ұядан ұшқан сұңқарлар. Әр қайсысы өз шамасынша, бірде түзу, бірде бұралаң жолдармен барып Сырым салған соқпаққа қосылды. Қосылар майдандары ұлттық езгі мен отаршылдыққа  қарсы күрес.

Халық мүддесін бар өміріне мұрат еткен ұлы күрескердің ерлік хикаясы да, қиын-қыстау заманның қыспағынан қымсынбай, ащы шындығымен, асқақ романтикасымен бейнелеп кеткен ақындар мен жазушылардың қажырлы  еңбектерінің нәтижесі қазақ әдебиеті тарихындағы Сырым Датұлы бейнесінің сабақтастығының айқын үлгісі.

Аққали Ахмет,

тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор

Abai.kz

4 пікір