Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Өзгелер 4273 49 пікір 15 Қазан, 2020 сағат 15:12

Жээнбеков отставкаға кетті

15 қазанда Қырғызстан президенттің сайты Сооронбай Жээнбековтің қырғызстандықтарға жолдауын жариялады. Онда Жээнбеков отставкаға кетуге шешім қабылдағаны айтылды. 

«Бішкектегі қоғамдық-саяси ахуал шиеленісті болып қалатынын көріп отырсыздар. Оны тоқтату үшін кеше Жогорку Кеңеш үкіметтің құрамын бекітті, мен тиісті тағайындаулар туралы жарлық шығардым және қол қойдым. Өкінішке орай, агрессия тоқтаған жоқ және олар менің тез кетуімді талап етеді. Қазіргі жағдай екіжақты жанжалға жақын. Бір жағында наразылық білдірушілер, екінші жағында құқық қорғау органдары бар. Екі жағы қақтығысатын болса қан төгіледі. Мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қару қолдануы керек», - делінген хабарламада.

Жээнбеков Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ атқан президент ретінде қалғысы келмегендіктен, отставкаға кеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол елдің тыныштығы ең маңызды екенін айтып, екі тарапты да арандатпауға шақырды. Әрі премьер-министр Садыр Жапаров пен басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын бейбіт түрде таратуға шақырды.

«Мен билікті ұстамаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарын атқан, қан төккен президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан отставкаға кету туралы шешім қабылдадым.

Жапаров пен басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан шығарып, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтаруға шақырамын», - деді Жээнбеков.

Айта кетейік, бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков қызметінен елде саяси жағдай тұрақталғанда, парламент сайлауын өткізіп барып кететінін мәлімдеген еді.

«Бүгін президент Сооронбай Жээнбеков Садыр Жапаровпен кездесіп, сөйлесті. Кездесуде премьер-министр "президент бүгін кешке қызметін тапсыруы керек" деген талабын қойды. Президент Сооронбай Жээнбеков қазіргі жағдайда мемлекет басшылығын тастап кете алмайтынын, мұның салдары ауыр болуы мүмкін екенін баса айтты», - деді Стамалиева.

Оның айтуынша, Жээнбеков Жапаровқа 9 қазандағы сөзінде тұратынын, президенттік қызметтен Қырғызстанда жағдай тұрақтылып, жаңа парламент сайлауын өткізіп барып кететінін жеткізген.

Жээнбеков 9 қазан күні мәлімдеме жасап, "елі заң жолына түскенде" қызметінен кетуге дайын екенін жеткізген.

"Мен үшін мемлекет тұтастығынан, халық бірлігінен және қоғам тыныштығынан артық лауазым жоқ. Бізге барынша тездетіп заң жолына түсуіміз керек. Атқарушы биліктің заңды жетекшілері бекітілгеннен кейін, мен Қырғызстан президенті қызметімнен кетуге дайынмын", - деген еді Сооронбай Жээнбеков.

Алайда, бір күннен кейін Сооронбай Жээнбеков президент қызметінен кетуге мәжбүр болып отыр.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін елде саяси дағдарыс қалыптасқан еді. Сайлау нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акциясының соңы тәртіпсіздікке ұласып, 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент кеңсесі орналасқан "Ақ үйді" басып алған. Елде саяси күштер арасында билікке талас қызған.

Парламенттің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты 6 қазанға қараған түні жақтастары күшейтілген тәртіптегі түрмеден шығарып алған. Қырғызстан билігі Жапаровты 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облыс әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11,5 жылға түрмеге қамаған еді.

14 қазанда парламент премьер-министр етіп сайлаған Садыр Жапаровтың үкімет құрамын, құрылымын бекітіп, оған президент Сооронбай Жээнбеков қол қойған. Бірақ Жапаровтың жақтастары Жээнбеков қызметінен кетпей, алаңнан тарамайтынын білдірді.

Abai.kz

49 пікір