Сенбі, 20 Сәуір 2024
Көкжиек 3875 5 пікір 15 Қазан, 2020 сағат 10:51

Көне жазудан сыр іздеп...

Ескі тәмсіл бар. Ер жігіт бала-шаға өсіріп, ағаш егіп, үй салу керек екен. Жаратушы Хақ тағала бұйрығымен, бұл – әрбір жігіттің фәни жалғанда атқаруға тиісті борышы болса керек. Ол да бала-шаға өсірді, үй салды, ағаш екті. Ол осы борышының барлығын да адал атқарды. Тек бұл емес, ол достарына да, өз кәсібіне де шексіз берілді. Адал болды. Өткен шақта «болды» деп айтып отырған себебім: оның алпыс жылдық ғұмырының қырық жылын жақсы біліп, бірге өткізген соң айтып отырмын. Жаратушы ием оған ұзақ ғұмыр бергей, ол дәл қазір, жарқылдап ортамызда жүр.

Әңгіме филология ғылымының докторы, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» марапатының иегері, халықаралық «Түркі дүниесінің мәдениетіне қызмет» сыйлығының лауреаты, бірнеше ғылыми монографиялар мен жүздеген ғылыми мақалалардың авторы, ондаған ғалым-шәкірт тәрбиелеген ұстаз, университет профессоры, белгілі қыпшақтанушы ғалым Сандыбай Режепұлы Боранбаев туралы.

Мен оны студент кезінен білемін. КазГУ-дің студенттер қалашығының №8-жатақханасының бір бөлмесінде бірге тұрдық. Филология факультетінің «Араб бөлімі» деп аталатын топта бірге оқыдық. Кейіннен осы топтың негізінде қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультеті ашылды.

Өмір көріп, оқуға әскерден келген соң түскеннен болар, студент кезінің өзінде-ақ, Сандыбай көбімізге қарағанда салмақты, ойлы болатын. Аз сөзділеу еді. Сол дәуірдің оқу үрдісі бойынша, филолог студенттерді болашақ мамандығына байланысты, өз қалауымен тіл және әдебиет деп екі топқа бөлетін. Жігіттердің көбі әдебиетті таңдап жатқанда, ол тілді таңдады. Тілші және әдебиетші болып бөлініп алған филолог-студенттер ғылым мен әдебиеттегі күрделі мәселелерді тап қазір шешіп тастайтындай, жатып алып, таң атқанша «құрғақ, аламан айтыстың» көркін қыздыратынбыз. «Бейімбеттанушы» өзі де Бейімбет секілді астарлы әзілге толы «жаяу әңгіме» мен қара тілдің шебері, марқұм Сейдағаң, профессор Ордалиевтің тілшілер туралы «ыңқыра, іңкіре» секілді небір күлкілі әңгімелерін ту еткен «әдебиетшілер», «тілшілерге» кәдімгідей басымдық көрсететінбіз. Салмақтылығы болар, әдебиетшілер мен тілшілердің сол «аламан айтысында» Сандыбай көп бой көрсетпейтін. Зәуде бір бой көрсете қалса «құрғақ айтыстың» «аламан дауындағы» Сандыбайдың ойлы, дәлелді пікірлерін «қарсыластары» еріксіз тыңдап қалатын. 

Жайшылық өмірде көп сөзді болмаса да, әңгімені шешен тілмен, өте қызықты етіп айтатын. Әсіресе оның сыныптас құрдасы «Ескендір-Искан» туралы таусылмайтын әңгімелерін кәнігі әртістерше рөлге еніп, «тұздықтап» айтқан кезде, көзімізден жас аққанша күліп, ес жия алмай қалатынбыз. Осындай қабілетіңмен таңға созылатын «аламан айтыстың» піріне айналатындай-ақ жөнің бар. Бірақ, айтысқа көп қатыспайсың, - дегенімізде: - Ұйқыдан қалып таңға дейін айтысқанша, оның орнына бір мақала болса да оқып тастағаным жөн емес пе? – деп, күле жауап беретін. 

«Түнгі айтыстың» белсенділері, ұйқымыз қанбай, екінің бірінде лекциядан қалып жатсақ, Сандыбай сабақтан көп қалмайтын. Ол сабақты жақсы оқыды. Мұғалімдер мен студенттер арасында да беделді болатын. Сондықтан да болу керек, студенттер оны жатақханадағы «студ.советтің» (студенттер кеңесінің) төрағасы етіп сайлады. 

Студент кезімде тісім батпай, түсінбей кеткен бір сабағым болса, ол – «Көне түркі жазба ескерткіштерінің грамматикасы» атты сабақ. Бұл пәннен бізге лекция оқыған, академик Алтай Сәрсенұлы Аманжолов болатын. Ғажап білімді, сәбидей аңғал, ақкөңіл, биік мәдениетті нағыз ғалым еді, жарықтық. Бірақ, лектор қанша жерден білімді болса да, қызығушылық болмаған соң қиын екен, осы сабақ көбімізге ауыр тиді. Қанша жерден ауыр болып, түсінбесек те жаттап жүріп, өзімізге тиесілі бағамызды алдық қой. Бірақ, осы сабақтың не туралы, қандай ғылым екенін өз басым түсінбей кеттім. Түсінбеген соң ба, құдай өзі кешірсін, «Көне түркі жазба ескерткіштерінің грамматикасы» маған қажеті жоқ, пайдасыз сабақ секілді боп көрінетін. Жалғыз мен емес, көбіміз осы сабаққа қызықпадық. Ал, Сандыбай болса осы сабақты ерекше жақсы көріп, сүйіп оқыды. Академик Алтай Аманжоловтың біз шала түсінетін лекцияларында осы Сандыбай алдыңғы орында қақшиып отырып, Аманжоловтың лекцияларын беріле тыңдайтын. Молла алдындағы иждиһатты мүриттей болып отырған Сандыбайды көріп, академиктің көзіне түскісі келіп отырған жоқ па? – деп «арам» ойлап та қалатынмын. Бірақ, Сандыбайдың көзінде еш жалғандық жоқ, дүниені ұмытып, Алтай Аманжоловтың лекциясын беріле тыңдап отырғанын көріп, өз ойымнан өзім ұялатынмын. Бір қаға берісте, сен осы адам түсінбейтін түркі тілінің грамматикасы мен көне қыпшақ тіліне неге сонша қызықтың? – деп сұрағанымда, ол: көне түркі тілі мен қыпшық тілі – біздің тарихымыз ғой,- дегені. Мен оны түсінбей, тіл қайда, тарих қайда? Сен де айтасың-ау, - дегендей оның бетіне күдіктене қарадым. Ол менің сенбей тұрғанымды сезді-ау деймін, бетіме қарап тұрып: 

- Өзің білесің, біз тарихты құжаттар арқылы, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың жазбасы арқылы, ғылыми еңбектер мен сол заманның заттай айғақтары арқылы зерттейміз. Бұл – белгілі жағдай. Ал, бұлар болмаса ше?! Онда бізге лингвистика – тіл ғылымы көмекке келеді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт тілінде, оның тарихының ізі қалмауы мүмкін емес,- деді. Менің санама сәуле жүгіргендей болды. Есіме Алтай Аманжоловтың лекцияда айтқан кейбір сөздері түсті. Қысылып та қалдым, ұялып та кеттім. Солай екен-ау,- деп айтқым келген. Бірақ, айта алмадым... Ол кез жастықтың буымен, көкірекке нан пісіп, мен білмейтін ешнәрсе жоқ деп ойлайтын шала сауатты кезіміз. Мен... мен... мен бола тұра, қалайша ойланбадым... Болмайтын жерде... Түкке тұрмайтын нәрсені... қалай, қалайша білмей қалдым,- деген жалған намыс болар, булығып қалдым. Жарылып кетердей болып Сандыбайға қарасам, мені сөзден сүріндірдім деген ой қаперінде де жоқ, бейбіт пішімде ойланып, тұнжырап отыр екен.

Ол көзге түсіп, білгенін көрсеткісі келмейтін. Айналасына еш уақытта өзінің салмағын сездіріп, бойымен басқысы келетін қылық көрсеткен емес. Ұсақ-түйекке мән бермей, қарқ-қарқ етіп рахаттана күлетін шынайы болмысы мен ірі мінезі үшін достары оны ерекше құрметтеп, жақсы көретінбіз. Көңілінің көлеңкелі тұстарын да жақындарына сездірмей, көп жағдайда тартынып қалатын. Сандыбай біреуді сыртынан сөз етуді мүлдем білмейтін. Ал, кезі келіп, айтатын жерде, бетің бар жүзің бар демей көзіңе тура қарап тұрып, тікесінен кететін. Ол қандай ортада жүрсе де, тап осы мінездері оны өз айналасына сыйлы етті.

Бұл күндері алпыстың асқарына шыққан, филология ғылымының докторы, қазақтың көрнекті қыпшақтанушы-тілші ғалымдарының бірі – Сандыбай Режепұлы Боранбаев үшін, тіл – ғылым әрі халқымыздың тарихы. «Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің фонетикалық және морфологиялық жүйесі» атты ғылыми монографиясында: «Тарихи дереккөздерге қарағанда, көптеген түркі тілдес халықтардың, алдымен қазақтардың қалыптасуы орта ғасырлық қыпшақтар тарихымен тығыз байланысты. Қыпшақ этносының үлкен-үлкен топтары қырғыздардың, қарақалпақтардың, өзбектердің, татарлардың, башқұрттардың, Кавказ маңындағы, Оңтүстік Сібір мен Алтайдағы түркі халықтарының құрамына қосылды. Қыпшақ тайпалары орыс, Грузия, Армения, Византия, Румыния, Венгрия, Мысыр және Сирия халықтарының тарихында өз ізін қалдырды. Қыпшақтардың тарихи даму кезеңдері көне түркі, қытай, орыс, грузин, армян, Византия, латын, араб, парсы, моңғол секілді әртүрлі тілдерде, түрлі әліпби үлгілерінде жазылынып қалған. Қыпшақ өркениеті, мәдениеті туралы алғашқы және кейінгі орта ғасырлардағы жазба ескерткіштер – мәліметінің құндылығымен әлемдік түркологияның, тарих, философия және т.б. ғылым салаларының назарын өзіне аударып келеді»,- деп жазған профессор Боранбаев көне қыпшақ тілін зерттеуге ең бірінші тарих тұрғысынан қарап, содан соң барып олардың тілдік тұрғыдағы ерекшеліктеріне мән береді.

Дәл осы ғылыми еңбегінде С.Боранбаев: «Алдыңғы орта ғасырда Қыпшақтар батыс Қытай мен шығыс Европа аралығындағы алып территорияны мекендеді. Тарихи дереккөздер қыпшақтардың түркі халықтарының ең көне тайпаларының бірі екендігін көрсетсе, кейбір мәліметтерде оларды қазақ халқының байырғы руларына жатқызады»,- дей келіп: «Қыпшақтар жекелеген топтармен әрқилы жағдайларда үлкенді-кішілі біріккен күштермен түрлі бағыттарда, әр алуан әкімшілік-саяси жағдайларда қимыл жасап, түрлі діндер ұстанып, көптеген халықтармен араласқан. Мысалы, XII ғасырда Кавказ жерінде грузиндердің мұсылмандарға жасаған шабуылына қатысқан. Тағы да бір мысал: М.Қашқаридың айтуы бойынша бірнеше хандыққа бөлінген Қыпшақ хандықтарының бір хандығының XII ғасырдағы орталығы Суғанақ (Сунақ ата) қаласы болған. Қыпшақтар өзара етене жақын араласуының нәтижесінде XII ғасырдан бұрын ислам дінін қабылдап қойған болатын. Олар шығыстағы (Орталық және Орта Азия) батыстағы (Ресей шығыс Еуропа мемлекеттері) сонымен қатар оңтүстіктегі (Византия, Ирак, Египет, Сирия) халықтарымен әскери, сауда, экономикалық және әкімшілік-саяси қатынастар жасаған. ...Мамлүк қыпшақтары XIII-XVIII ғасырларда қазіргі Египет пен Сирия жерінде билік құрған. Ал, XVI-XVII ғасырларда қыпшақ тілінде сөйлеген армяндар Каменец-Подольскідегі армян колониясында өмір сүрді. Олар XIII-XIV ғасырларда шығыс Еуропа мемлекеттері – Украина, Венгрия, Польша территориясында еркін көшіп-қонып жүрді. Египет пен Сирия жерінде қызмет еткен қыпшақтарды әдетте «мамлүк» деп атаса, «Дешт-и-Қыпшақ» (қазіргі Қазақстан территориясы Н.М) Қырым және Кавказ аумағында өмір сүрген қыпшақтар өздерінің бұрынғы «қыпшақ» (Араб тілші ғалымдары оларды – «таза қыпшақтар» деп атаған. Б.С) атауын сақтап қалды»,- деп жазды.

Алдыңғы орта ғасырларда өркениетті болып есептелінген көшпенді мал шаруашылығымен айналысып, табиғи факторларының арқасында, әскери-жауынгерлік өнері биік дәрежеде дамыған Қыпшақтар Еуропа кеңістігінде емін-еркін көшіп қонып жүрді. Қыпшақ тарихының осы кезеңі туралы профессор С.Боранбаевтың: «...Қыпшақтар әр алуан әкімшілік-саяси жағдайларда қимыл жасап, түрлі діндер ұстанып, көптеген халықтармен араласқан. Мысалы, XII ғасырда Кавказ жерінде Грузиндердің мұсылмандарға жасаған шабуылына қатысқан»,- деп жазған, жоғарыда біз келтірген ғылыми пікірін грузиннің IV Давид патшасының жеке тарихшысының қолжазбасы растайды.

IV Давид (құрылысшы – строитель) патша 1073-1125 жылдар арасында өмір сүрген грузин патшасы. Ол Грузияда алғаш рет ұсақ удельдік княздықтардың басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған мемлекет құрды. Жаңадан құрылған бұл кезеңдегі Грузия мемлекетінде, мемлекетті сыртқы жаулардан қорғайтын әскер түгіл, патша сарайын күзететін жақсы жасақталған сарбаздар да жоқ еді. Ұсақ княздіктерге бөлініп, бытыраңқы өмір сүрген Грузия – әскери соғыс өнерінен кенжелеп артта қалған болатын. Осы жағдайды терең біліп, жақсы түсінген IV Давид патша қыпшақ ханы Артықтың қызын алып, саяси неке арқылы әскери-жауынгерлік өнері жоғарғы деңгейде дамыған қыпшақтармен қан араластырып, туыстасып, жаңа құрған мемлекетін қорғау үшін Қыпшақ ордасынан отбасылармен бірге қырық мың әскер алдырған. IV Давид патшаның өтініш-шақыртуымен келген қырық мың жауынгерді отбасыларымен қоса есептегенде екі жүз мыңдай қыпшақ XII ғасырдың I жартысында Грузияға қоныстанған еді. Грузия мемлекетінің осы кезеңін IV Давид патшаның жеке тарихшысы: «Қайын атасын, оның туысқандарын әйелдерімен қосып өте көп адам алып келді. Еңбегі еш болып далаға кеткен жоқ»,- дей келіп: «...И не зря кипчаков переселил, ибо их руками уничтожил он силы всей Персии и навел страх на всех царей»  (Қыпшақтарды бекерден-бекер қоныстандырған жоқ. Олардың қолымен ол Парсылардың барлық күшін талқандап, бүкіл патшаларға қорқыныш ұялатты. Еркін аударған Н.Махан) (Жизнеописание царя царей Давида. Перевод с древне грузинский. /Средневековый Восток: История и современность. Под редакции З.М.Буниятова. Баку. 1990. стр134/) – деп жазып, XII ғасырда Кавказ жеріндегі қыпшақтар Грузиндердің мұсылмандарға жасаған шабуылына қатысқан,- деген профессор Боранбаевтың ғылыми пікірін тарихи қолжазба арқылы дәлелдейді.

IV Давид патшаның тұсында Грузияға қоныстанған қыпшақтардың біраз бөлігі кейіннен түрлі себептерге байланысты Арменияға қоныс аударды. Бұлардан да басқа, өзге қыпшақ тайпалары тарихтың әр кезеңінде Кавказға қоныстанып, оларды ғылыми әдебиеттерде шартты түрде «Дешт-и-Қыпшақтың» батыс бөлігіндегі Кавказ қыпшақтары немесе «Армян қыпшақтары» деп атай бастады. Қыпшақтардың Кавказға келіп орналасу уақытын кейбір ғалымдар XII ғасырға жатқызса, кейбір зерттеушілер XI ғасырға жатқызады. Ғалымдар арасындағы дәл осы даулы мәселеге байланысты қыпшақтанушы ғалым С.Боранбаев; «Қыпшақтар Кавказға XI ғасырда келген деген пікірге орта ғасырлық қыпшақтардың, оның ішінде Батыс Дешті қыпшақтардың тарихына қатысты зерттеулерге түрлі деректер (орыс жылнамалары, Византиялық жазба деректер, Кавказ деректері (грузин,армян) мажарлық, чех, неміс т.б.) арқау болған. Дегенмен, әртүрлі бағыттардағы зерттеулерде қыпшақтардың Кавказ аумағына келу кезеңдерін XI ғасырмен байланыстыратын зерттеушілер саны ғылымда басым»,- деп, түрлі жылнамалық жазба деректер мен шетелдік ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасайды.

«Армян антропонимдеріндегі түркілік қабат әр тілді халықтардың ұзақ уақыттар бойы аралас-құралас өмір сүріп, саяси-мәдени ықпалдастықта болғандығын көрсетеді. Этноантропонимдер жүйесін құрайтын Abdal-yan, Seldzuk-yan, T’urk’men-yan, Alas-kert-yan, Baylar-yan, Ayrum-yan сияқты атауларда ежелгі тайпалар туралы ақпараттар сақталған. Мысалы, Abdal – армян тарихи жазбаларындағы эфталиттердің атауы; Alas-kert (Алаш қала) – қазақтардың Алаш атауымен байланысты болуы мүмкін. Алаш атауы өте көне жазбалардан белгілі. Олай болса, «Алаш» этнонимі де «Қазақ» атауы сияқты ежелде пайда болып, мыңжылдықтар бойы Кавказдағы ономастикалық атауларда, сонымен бірге қазақтардың тарихи жадында сақталып, Алтын Ордадан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтерген елдің атауына айналған деп қарауымызға мүмкіндік береді. Қазақ тілінің қазіргі қолданысындағы «атам қазақ айтқандай», «алты алаш» ұғымдары халықтың тарихи жадында сақтала келіп, тарихи сананың оянуына байланысты жаңғырған «алаш, қазақ» сөздерінің тарихи тамыры тым тереңде жатыр»,- деп жазып, «қазақ» сөзінің синонимі «алаш» сөзінің ізін XI-XII ғасырлардағы «Армян-Қыпшақ» сөздігінен тапқан қыпшақтанушы С.Боранбаев, қазақ тарихының қойнауына тілші-ғалым ретінде көз жібереді. Тек қана «Алаш» сөзі емес «Армян-Қыпшақ» сөздігінде кездесетін «Аққойлы», «Қарақойлы», «Байлар» атауларын да ол қазіргі қазақ руларының атымен байланыстырады.

Несі бар, бір кездерде Қыпшақ тайпаларының құрамына кірген қазіргі қазақтың Аққойлы, Қарақойлы, Байлар, Байлар болғанда қазіргі Қоңырат тайпасының құрамындағы,- Байлар-Жандар секілді қазақтың бұл көне рулары, XI- XII ғасырларда түрлі тарихи себептерге байланысты Кавказ аумағында өмір сүруі әбден мүмкін ғой. Тарихтың көне сүрлеуіне тілші-ғалым ретінде көз жіберген университет прфессоры С.Боранбаев, қазақ халқының негізін құраған қыпшақ тайпаларының көне ізін Кавказ таулары аймағынан іздеді. Айта кететін бір мәселе: Кавказдың Армениясынан, Украинаның Каменец-Подольск, Львов қалаларының аумағына қоныс аударған армян қыпшақтары XVII ғасырда қыпшақ тілінде, артында түрлі жанрда мол мәдени мұра қалдырған. Он жеті мың бетке жуық Украинада сақталған осы мол мұраның цифрлық көшірмесін, 2012 жылы халықаралық Түркі акадеиясының қолдауымен тілші-ғалымдар С.Боранбаев пен С.Құдасов екеуі Қазақстанға алып келді. Бұл ұлтымыз бен ұрпағымыз үшін баға жетпес мол қазына! Тағы да бір мәселе: «Қыпшақ» – бұл жеке тайпаның ғана атауы емес. Сол кездегі Қыпшақтардың саяси құрылымы – тайпалар бірлестігінен яғни тайпалық одақтан тұрды. Сондықтан да «Қыпшақ» сөзін қазіргі «Қазақ» сөзінің баламасы ретінде қабылдағанымыз жөн. Болмаса, адасамыз. Адасқанда да шығандап бір бүйірге бұрыс кетеміз.

Тарихи мәліметтерге қарағанда қыпшақтар тек қана көшіп-қонып жүрген жоқ. Олардың өздерінің қалалары болып, сауда-саттықпен айналысқан, теңізде жүзген, соғыс әдісін меңгерген, бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихындағы өркениет жолында өшпестей етіп өз ізін қалдырған халық. Алдыңғы орта ғасырларда Евразия кеңістігін еркін мекендеген қыпшақтар X-XI ғасырларда алдыңғы Азияға, Сирия мен Египет жерлеріне дендеп ене бастады. Усама ибн Мунниздің мәліметтері бойынша қыпшақтар Сирия жерінде 1115-1116 жылдардың өзінде өмір сүріп, салжұқтар династиясынан ары қарай, 1154 жылға дейін мемлекетті түркі сұлтандары биледі деген тұжырым айтады. Қыпшақ тайпаларының араб мемлекеттеріне көшіп келіп, Египет пен Сирия жеріне енуін түрлі дәуірлер мен кезеңдерге бөлуге болады. Алғашқы кезде қыпшақтар жауынгер халық болғандықтан да Араб халифтарына жалдамалы әскер және қорғаушы ретінде жалданған. X ғасырда Египет жерінде Фатимид халифтері құрған бөтен елдің жалдамалы әскерлерін «Мамлүктер» деп атаған. Жалдамалы Мамлүк әскерінің құрамында соғыс жағдайында қолға түскен немесе сатып алынған құлдар да болды. Табиғатынан жауынгер болғандықтан болар, Фатимид халифтары құрған жалдамалы Мамлүктер арасында қыпшақ жауынгерлері де мол болған. Оларды «Мамлүк қыпшақтары» деп атаған. Қыпшақ жасақтары басқа халық өкілдерімен бірге Айубид династиясының сұлтандарына адал, өлшеусіз батырлықпен қызмет етті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұлардың арасында құлдар да, жалдамалылар да бар еді. Жасақтар мен әскери топ басшылары еңбегі мен қызметіне қарай жер алуға, сауда жасауға, әйел алып, құл ұстау секілді артықшылыққа ие болды. Олар бірте-бірте жергілікті феодалға айнала бастады. Билік пен байлықтан өзге, бұлардың қолында үлкен күш – әскер болды. Бұл жағдай оларға Айубидтер династиясының сұлтандарын сарай төңкерісі арқылы бірінен соң бірін құлатып, мемлекеттік билікті өз қолдарына алуға қолайлы жағдай туғызды. Мемлекеттік төңкеріс арқылы Айбек (1250), Байғұш, Құтыз, Бейбарыс (1265-1277) т.б. секілді жаужүрек қыпшақ жігіттері билік басына келіп, мемлекет басқарды. Египетте 1250 жалдан басталған Мамлүк Қыпшақтарының билігі Египетті 1517 жылы түріктер жаулап алғаннан кейін де, XIX ғасырда Мұхаммад Али оларды толық жойып жібергенше сақталды. Египетті 500 жылдай билеген Мамлүк қыпшақтары Египет тарихы мен мәдениетінде өзіндік іздерін қалдырды. Міне, осылай деп жазып, «Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің фонетикалық және морфологиялық жүйесі» атты ғылыми монографиясында Мамлүк қыпшақтарының Араб жеріне келу тарихына қысқаша тоқталған профессор С.Боранбаев араб тіліне енген түркі-қыпшақ сөздерінің этимологиясы мен семантикасын лингвистикалық тұрғыдан зерттейді. Өйткені, араб тіліне енген қыпшақ сөздерінде Египетте бес жүз жылдай билік жүргізген қыпшақтардың тарихы мен олардың шығыс өркениетіне қалдырған ізі жатыр.

Осы аталған еңбегінде С.Боранбаев дүние жүзіне белгілі түркітанушы, тарихшы, тілші-ғалым В.В.Бартольдтың: «Политическое господство Турок должно было придать некоторые значение их языку; мы знаем, что в Египете где турок вне военного элемента, вероятно, не было совсем, в эпоху мамлюков образовалась некоторая турецкая литература, примущественно пероводная»- (Түріктердің саяси үстемдігі олардың тілінің маңызын арттыруға тиіс еді. Біз білеміз, егер, түріктер Египетте әскери күштен тыс болғанда, мүмкін онда мамлүктер дәуірінде аударма арқылы келген түрік әдебиеті мүлдем болмаған болар еді. Еркін аударған Н.Махан) – деген сөзін келтіре отырып: «В.В.Бартольдтың «қыпшақ» сөзінің орнына «турок» сөзін қолдануы – бар болғаны тарихта қыпшақтарға берілген дәстүрлі құрмет»,- деп, әйгілі түркітанушы ғалымды «ептеп түзететін» жері бар.

Ол көне қыпшақ тілін VIII ғасырда өмір сүрген араб білімпазы Әл-Халилдің «Китаб әл-а'йн», 1245 жылы Египетте жазылған «Түркі-араб сөздігі», XIV ғасырда Сирияда жазылған Джал ад-Дин Мухаммед Абдаллах ат-Туркидің «Түрік және қыпшақ тілінің туыстығы туралы жинақ», «Египет және Сирия қыпшақтарының ауызекі сөйлеу тілі материалдары» деп аталатын «Китаб Мұқаддима», (Түсіндірме кітаб) Молла ибн-Мұхаммед Салихтың «Түркі тілі туралы алтын алқа», (1619 жыл) Абу Хайианның «Китаб ал-афал», (Етістіктер туралы кітаб) және Зах ал-мулк фи нахиф ат-түрік «Түркі тілінің байлығы» секілді Мамлүк қыпшақтарының жазба ескерткіштері арқылы зерттеді. 

Оның мақсаты көне қыпшақ тілінің жазба ескерткіштері арқылы, орта түркілік тілдік элементтер мен қазіргі тілдік элементтер арасындағы туыстық сабақтастықты анықтай отырып, ерте қыпшақ тілі мен қазіргі қазақ тілінің туыстық байланысын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу болды. Көне қыпшақ тілін зерттеуде оның бағдаршам етіп ұстағаны М.Қашғаридың «Диван лұғат ат-түрк» еңбегі мен ескі қыпшақ ескерткішінің ең ірісі, авторы белгісіз, XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың басында Ресейдің оңтүстігінде жазылған – «Кодекс куманикус» («Кумандар кітабы») (Алдыңғы орта ғасырда Еуропалықтар қыпшақтарды кумандар деп атаған) «Кодекс куманикустың» түпнұсқа қолжазбасы Италиядағы Ватикан кітапханасында сақтаулы. «Кодекс куманикус» сол кездегі батыс Дешті қыпшақтың, яғни Ресей даласын мекендеген қыпшақтардың ауызекі сөйлеу тілінің ескеткіші болып саналады. Көлемі 82 парақ (164 бет) қолжазба француз, латын, неміс тілдеріне аударылған. Тілі әлі күнге толық зерттелмеген бұл кітап, күні бүгінге дейін дүние жүзі түркітанушылар мен қыпшақтанушылардың назарын өзіне аударып келеді. Ол «Диван лұғат ат-түрк» пен «Кодекс куманикустан» өзге 1312 жылы жазылған Әбу-хайианның орта түркілік «Китаб әл-Идрак ли-Лиссан әл-Атрак» (Түркі тілдерінің інжу-маржандары кітабы) 1245 жылы Египетте құрастырылған, қолжазбасы қазіргі күнде Лейдн қаласында сақтаулы тұрған «Түрік-араб сөздігі», «Ат-Тухфат-уз-Закиа фил-Лұғати-т-Түрки» және Жамал ад-Дин ат-Туркидің «Китаб бұлғат ал-муштақ ат-түрк ва-л-кипчақ» (Түрік және қыпшақ тілінің туыстығы туралы жинақ) секілді орта түркі жазба ескерткіштері арқылы көне қыпшақ тілі мен қазіргі қазақ тілінің генетикалық байланысын зерттеді.

2019 жылы университет профессоры С.Боранбаевтың «Бұлғат Әл-Муштах...» жазба ескерткіштеріндегі етістік категориясы» атты монографиясы баспадан жарық көрді.  Ертеректе,  М.Әуезовтың «Абай жолы» романының төрт томдығындағы етістіктерді бір тілші ғалым санап шығыпты,- дегенде өз басым қатты таң қалып едім. Ал, енді XIV ғасырда Сирияда жазылған Жамал ад-Диннің «Бұлғат Әл-Муштах фи-лұғат ат-түрк ва-л-кипчақ» атты жазбасындағы етістіктерді өзімізбен бірге оқыған Сандыбай Боранбаев санап шығады деп кім ойлаған?! Автор Жамал ад-Диннің ортағасырлық жазба ескерткішіндегі етістіктерді жәй ғана санап шыққан жоқ, оларды «Ескерткіштегі етістік сөздердің семантикалық жіктері», «Ескі қыпшақ тіліндегі етістіктердің жасалу жолдары», «Етістіктердің графикалық және тестологиялық түсініктері», «Дене мүшелері арқылы орындалатын іс-әрекеттерді білдіретін етістіктер», «Түркі тіліндегі етістіктердің ортақтық деңгейі», «Қимыл-қозғалыс әрекеттерін білдіретін етістіктер» т.б. бірнеше бөлікке бөліп, ғылыми лингвистикалық тұрғыдан зерттеді. Меніңше, бұл аталған еңбектің ғылыми мазмұнын талдау үшін тағы да бір ғылыми монография жазылу керек шығар. «Бұлғат Әл-Муштах...»  жазба ескерткішіндегі етістік категориясы» атты ғылыми монографиясында: «Түркі тілінің тарихи тамырларының бірі саналатын «Ескі қыпшақ тілі» орта ғасырларда өте кең аумақты қамтығандығы белгілі. Қыпшақтар солтүстік Кавказ таулары мен Қырым қырқаларынан бастап Балқаш көлі маңындағы кең даланы түгел қамтыған. Осынша жердің барлығы Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) деген жалпы атаумен аталған. Қыпшақтар бұдан өзге Египет пен Сирияда, батыс Украина аймағы мен шығыс Еуропа елдерінде де өмір сүрген. Сондықтан да, «Ескі Қыпшақ тілі» өз дәуірінде түркі бірлестіктерінің қарым-қатынас, ресми іс-қағаздар, халықаралық қатынас тілі ретінде қолданылған және сол кездің өзінде-ақ «Қыпшақ тілі» деп танылған. Түрлі тарихи-әлеуметтік құбылыстарды басынан өткерген, қазіргі дәуірде өлі тілдер санатына кірген «Ескі Қыпшақ тілі» – қазақ, ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт, құмық, қарашай секілді қазіргі күнде қыпшақ тілдері тобына жатқызылып жүрген тілдердің ұлт тілі дәрежесінде қалыптасуына ұйтқы болғаны белгілі. Түркі тілдері, соның ішінде қыпшақ тобына кіретін қазақ тілінің де, өзге түркі тілдері секілді, алғашқы және кейінгі орта ғасырлық дәуірлерде басқа түркі тілдері арасында дамып, толығып, қазіргі лексикалық қоры, фонетикалық жүйесі, синтаксистік құрылымы қалыптасты»,- деп жазған тілші-ғалым С.Боранбаевтың ғылымдағы жолы қыпшақ тілінің тарихымен тығыз байланысты. Түркі, көне қыпшақ тілінің құрылымдық ерекшелігін зерттей келе, ол ұлт тарихына мүлдем басқа, соны көзбен қарады. Сондықтан да ол көне жазудан сыр іздеді, оның тылсымына үңілді. Тарихи айғақтарды жақыннан көріп, тереңнен ұққаннан болар, ол фәни-дүние сырларын да өзіндік көзқараспен басқаша ұғынды.

Біреу менен бүгінде алпыс жасқа толып отырған филология ғылымының докторы, университет профессоры С.Боранбаевтың азамат ретінде ең басты қасиеті не десе, оны қырық жыл білетін досы ретінде: бір сөзді адалдығы,-деп жауап берер едім. Ол отбасына да, ғылымдағы тақырыбы қыпшақтануға да, әр уақытта алғысқа толы құрметпен атын атайтын ұстазы Ә.Құрышжанұлы есіміне де, достарына да, алғашқы және соңғы махаббаты, бізден 2-3курс төмен орыс тобында оқыған, бүгінгі Боранбаевтар отбасының отанасы Ғалияға да адал болды. Ол барлық нәрсеге риясыз, кіршіксіз, таза, сәби көзімен қарады. Ескі тәмсіл бар... Өмірге сен қандай көзбен қарасаң, өмір де саған тура сондай көзбен қарайды деген,- рас сөз. Бұл – ақиқат! 

Белгілі қыпшақтанушы ғалым, профессор С.Боранбаев алпыстың асқарына қарай өрлеп барады... Қадамың құтты болсын! Бұдан кейінгі биіктерді де бағындыра бер! Денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

Нұрғали Махан

Abai.kz

5 пікір