Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дат 5153 15 пікір 14 Қазан, 2020 сағат 11:44

Әкім назарына. Бұланты шайқасы – бірліктің үлгісі!

Қарағанды облысы әкімінің назарына!

Бұланты шайқасы – қазақ тарихындағы қастерлі беттердің бірі.

Қазақтар мен жоңғарлар арасындағы, екі ғасырдан астам уақытқа созылған соғыстың шарықтау кезеңі ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіне дөп келгені белгілі. 1715 жылы әз Тәуке хан өлгеннен кейін оның мұрагерлері арасында билікке таласу, алауыздық өріс алғанын, Қазақ хандығы саяси дағдарысқа түсіп, қатты әлсірегенін пайдаланған жоңғар басқыншылары тас-түйін дайындықпен қазақ жеріне бас салды. Бұл – Жоңғар хандығының әскери әлеуеті барынша күшейген кезі еді.

Қазақ тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен кірген заманды орнатқан жоңғарлар аз-ақ уақытта, 1723-1725 жылдар аралығында Қазақ хандығы жерінің бүкіл оңтүстік-шығыс, оңтүстік өңірін басып алып, жөңкіле қашқан қазақ көшінің соңынан қуалай Сарыарқаға ауыз салды. Соның алдында Ордабасы жиынында біріккен қазақ қолының бас қолбасшылығына Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, ту ұстар батыры болып Қанжығалы Бөгенбай батыр сайланған еді. Олардың ұйымдастыруымен 1726 жылы Шұбартеңіз деген жерде өткен шайқаста қазақтар Ұлытауға беттеген жоңғар әскерін ойсырата жеңеді. Бірақ, бұл жеңілісті кездейсоқ сәтсіздік, қазақтар ұйымдасқан соғысқа қауқарсыз деп ойлаған жоңғар қонтайшылары шабуылын тоқтатпады. Кезекті шайқас 1728 жылы Ұлытаудағы Бұланты мен Білеуті өзендері арасында өтіп, қазақ жасақтары жасанған жаудың тас-талқанын шығарады. Заманауи тарихшылар Бұланты шайқасы маңызы жағынан ІІ дүниежүзілік соғыста неміс фашистерінің Мәскеу түбіндегі жеңілісімен барабар, осы ұрыстағы табыстың нәтижесінде қазақтардың өз күшіне сенімділігі артты, жоңғарлардың жақсы қаруланған, күшті ұйымдастырылған әскерін ойсырата жеңуге болатынын түсінді дейді.

Басқыншы жау Ұлытауға жетпей тоқтатылды. Бұланты мен Білеутінің аралығындағы, жан алып, жан беріскен арпалыс шайқастың қайнаған ортасы болған төбе кейін «Қалмаққырылған» деген атауға ие болады. Қазақтардың майдан даласында шашылған мәйіті ұрыс аяқталғаннан кейін жинастырылып Қанжығалы Бөгенбайдың ұсынысымен төбе басына жеткізіліп жерленеді. Сөйтіп, Қалмаққырылған, қазіргі түсінікке сайсақ, «Бауырластар зиратына» айналады.

Бұланты шайқасына Бөгенбайдан басқа Қабанбай, Жәнібек, Саурық, Малайсары, т.б. батырлар, ру-тайпалардың басындағы сұлтандар қатысты. Әрине, қазақ халқының бірлігін, тізе қосып елін, жерін басқыншы жаудан қорғаған Отан соғысын, соның ішінде Бұланты шайқасын ұйымдастыруға Орта жүздің төбе биі Қаздауысты Қазыбек белсене араласқаны белгілі. Олай болатын жөні мәлім. Біріншіден, соғыс қимылдары Сарыарқада, Орта жүздің жерінде өтті және қазақ қолының дені осы бірлестікке қарасты тайпа-рулардың жігіттерінен жасақталды. Екіншіден, бұл кезде жері мен елі жау табанына түскен Ұлы жүздің төбе биі Төле Әлібекұлы халқын аман сақтап қалу үшін Ташкентте тұрып, жоңғарға бағыныштылығын еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Кіші жүздің төбе биі Әйтеке 1700 жылы қайтыс болды. Яғни, бірі жау құрсауында қалып, бірі бақилық болғандықтан дәл осы кездегі азаттық соғысын ұйымдастыру Орта жүздің төбе биіне жүктелгені белгілі. Сондықтан, Кіші Орданың біраз руларына Қаздауысты Қазыбектің ықпалы жүрді. Бидің Кіші жүз ханы Әбілқайырдың барлық қазақ жасағының бас сардарлығына тағайындалуына күш салып, кейін оны Үлкен Орданың тағына отырғызуға ұмтылғанының сыры осында болса керек. Яғни, әңгіме болып отырған кезеңде қазақтардың жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысын ұйымдастырған бірден бір тұлға Қаздауысты Қазыбек болды деп шамалаймыз.

Жоғарыдағы жағдайдың бәрін тәптіштеп айтып жатқан себебіміз, 2028 жылы Бұланты шайқасының өткеніне 300 жыл толады. Осының қарсаңында әрбір ру-тайпаның өкілдері Қалмаққырылған төбеде аталған шайқасқа қатысқан батыр бабаларына ескерткіш белгілер орнатып жатыр екен. Қоғамдық желілердегі ақпараттарға қарағанда, бейресми түрде. Өйткені, олардың ешбірінде жұмысқа Мәдениет министрлігі, Қарағанды облыстық, Жезқазған қалалық яки Ұлытау аудандық әкімшіліктері тарапынан басшылық жасалғаны, үйлестіру жұмысы жүргізіліп жатқаны туралы ешбір дерек берілмеген. Яғни, жұмыс халықтың дербес ықыласымен атқарылуда. Стихиялы жағыдайда қолға алынған іс әрі қарай жалғастырыла беретіні күмәнсіз. Өйткені, ру-тайпалар арасындағы жарыс басталып кетті. Қазақ ұлт мүддесіне немқұрайды болғанымен, руы аталғанда бейтарап қала алмайтынын өмір күн сайын дәлелдеуде. Айталық, интернетте Бөгенбай, Аралбай, т.б. батырлардың құрметіне қойылған ескерткіш тақталар жарнамаланып, Қарағанды облысы жұртшылығын, соның ішінде Қаракесек руының өкілдерін Қаз дауысты Қазыбекке осындай ескерткіш тақта орнатуға, ол үшін қаржы жинауға шақырған және осы белсенділерді қолдаған жазбалар қаптап жүр. Көпшілік бұл шақыруды қолдайтыны, ұзамай ескерткіш тақта да орнатылатыны күмәнсіз. Ортадан қор ашыла қалса, тиісті жарнасын мен де беремін. Бірақ, осымен іс біте ме? Қатты күмәнданам!

Жалпы, мұндай іргелі шаруа атқарушы биліктің құзырымен әрі тікелей басшылығымен жүзеге асырылуы керек. Қаржы халықтан жиналған күннің өзінде. Жаңа жәдігер тарихи-мәдени мұралар қатарына тіркеліп, мемлекет қорғауына алынғаны жөн. Солай жасалғанда ғана ескерткіш орнатылған аумақты қамтитын әкімшілік бөлініс тарихи-мәдени мұраның сақталуына, бүлінбеуіне жауапты болып, тиісті қамқорлық шараларын жасайды. Түрлі себептермен: табиғат құбылысы, адам әрекеті, т.б. салдарынан ескерткішке зақым келсе, оны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Әйтпесе, елді мекендер жанындағы зираттарды қиратып, қалалардағы саябақтар мен гүлзарларды ойрандап жүрген вандалдардан айдаладағы ескерткішті қорғау мүмкін емес. Жергілікті халықтың мәдениетіне қарсы дұшпандық пиғыл ұстанған, ар-ұяттан жұрдай, санасын сасық тұман басқан олар ескерткіштің гранит, мәрмәр тастарын, металдарын тонап, сындырып талқандамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кез-келген ақпарат көзінен табасыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, халық бастаған іс жалғасын тапса ләзім. ҚР Президенті Қ.-Ж.Тоқаев Ұлытау өңіріне ерекше көңіл бөліп, Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған Жошы ханның мавзолейіне жөндеу жүргізу, төңірегін абаттандырып, туризм нысанына айналдыру үшін үлкен жұмыс жүргізілуіне мұрындық болды. Қалмаққырылған төбедегі ескерткіш Ұлытаудағы жәдігерлер санын да, сапасын да өсіретін нысандар қатарына қосылар еді. 2028 жылға дейін уақыт бар. Бірақ, уақытты бос жіберіп алуға жол бермеу керек.

Бұланты – қазақ ұлтының бірлігі жеңіске жеткен жер. Оны ру-тайпалар арасындағы бәсекелестікке айналдырмаған жөн.

Сондықтан, өз тарапымыздан мынандай ұсыныстар айтпақпыз:

– Бұлантыдағы Қалмаққырылған төбеге көрнекті де көркем ескерткіш орнату керек;

– ескерткіш монументке конкурс жариялап, оған еліміздегі белгілі суретші, мүсінші мамандарды тарту керек;

– бұл іске Қарағанды облысының мәдениет басқармасы бастамашы болып, жергілікті атқарушы органдар оны бақылауда ұстаған жөн;

– Ұлытаудағы Жошы хан кесенесі тәрізді Қалмаққырылған төбе, оған орнатылатын ескерткіш еліміздің тарихи, қасиетті орындарының қатарына қосылып, туризм нысаны болғаны және мемлекеттің қорғауына алынғаны дұрыс.

Ермек Балташұлы,

ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

15 пікір