Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Деп жатыр 4028 20 пікір 14 Қазан, 2020 сағат 13:23

Халықтық ультиматум. Лукашенко биліктен кете ме?

Беларусь президенттігіне үміткер болған, қазіргі президент Александр Лукашенконың басты оппоненті Светлана Тихановская 25 қазан күні Лукашенко билігіне қарсы «Халықтық ультиматум» жариялайтынын мәлімдеп, үш талап қойды.

Тихановскаяның талабы бойынша:

- Лукашенко 13 күн ішінде отставкаға кетуі тиіс,

- Көшедегі зорлық-зомбылық толығымен тоқтауы керек,

- Барлық саяси тұтқындар босатылуы тиіс.

Егер аталған талаптар 25 қазанға дейін орындалмаса, онда «Халықтық ультиматум» негізінде бүкіл халық бейбіт митингіге шығады.

«26 қазанда барлық кәсіпорындардың ұлттық ереуілі басталады. Бүкіл  жолдар жабылып, мемлекеттік сауда орындарында жұмыс тоқтайды.  

Сізде үш шартты орындау үшін 13 күн уақыт бар. Бізге де дайындалу үшін 13 күн бар. Ал осы уақыт ішінде беларусьтар өздерінің бейбіт әрі табанды наразылықтарын жалғастыра беретін болады.

Сіз Беларуссияның режимнен де күшті екенін түсінбей, біздің елдің өмірін күйретуге тырысып жатырсыз. Сіз тапсырыс күттіңіз, міне, енді тапсырыс бар. Оның орындалу мерзімі - 25 қазанға дейін»,- деп жазды Тихановская.

Сонымен қатар ол әрбір беларусь азаматын жүйеге қарсы шығуға шақырады.

Ал, 10 қазан, сенбі күні Беларусь президенті Александр Лукашенко «барлығының пікірін тыңдау» үшін оппозиция жетекшілерімен түрмеде кездескен. Лукашенкомен кездесуге барлығы 11 адам қатысыпты. Оның ішінде Белгазпромбанктің экс-басшысы Виктор Бабарико және оның ұлы Эдуард Бабарико, үйлестіру кеңесінің төралқа мүшесі, заңгер Лилия Власова және оппозиция штабының үйлестірушісі Юрий Воскресенскийлар да болған.

Оппозициялық үйлестіру кеңесінің мүшесі Павел Латушко бұл кездесуде президент Лукашенко ұсталған оппозиция лидерлерін «саяси тұтқындар» деп танығанын айтты.

Ал, Светлана Тихановская қамауға алынған күйеуімен соңғы төрт айда алғаш рет телефон арқылы сөйлесуге рұқсат алғанын жазған. Сонымен қатар ол, Лукашенконың МҚК (КГБ) түрмесінде оппозициямен кездесуін «қысымның нәтижесі» деп жазды.

«Бүгінгі оқиғалар біздің сіздерге жасаған қысымымыздың нәтижесі. Осы кездесуде Лукашенко бұрын қылмыскер деп атаған саяси тұтқындардың бар екенін мойындады. Бірақ, бұл біздің наразылығымызды әлсірету үшін ғана жасалады. Біз жаңа сайлауға берік әрі бейбіт жолмен жүре береміз», - деді Тихановская.

Беларусьта 9 тамыз күні өткен президент сайлауынан кейінгі наразылықтар әлі басылған жоқ. Сайлаудың ресми қорытындысы Лукашенконың пайдасына шешілгенімен, халықаралық ұйымдар мен беларусь оппозициясы Лукашенконың жеңісін мойындамайтынын мәлімдеді.

Abai.kz

20 пікір