Жұма, 29 Наурыз 2024
Дабыл 6228 39 пікір 13 Қазан, 2020 сағат 13:25

Аягөз қайда, су қайда?..

Қайран Ая, Аягөз!..

Осыдан бір жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған бұл мақаламызға не экология министрлігі, не бір депутат, не бір әкім «мәу» демеді ғой. Мұны сол басшылардың оқығанына да күмәнім бар. Өйткені, қалтасын қалай толтыруды ғана ойлайтын Аягөз ауданының әкімі жуырда парамен ұсталып кетті. Депутаттар болса, алдағы сайлаудың қамымен шапқылап, ұсақ-түйек тірлікпен (бір үйге көмір түсіріп, бір үйге пакетпен қант-кәмпит таратып), жұртты алдаусыратумен ғана жүр. Шырылдаған халық әлі сол қалпы, мұң-зарын кімге айтарын білмей дал. Аягөз арнасының суы болса, күн өткен сайын сарқылып барады.

Почему олигарх Владимир Ким не поехал к Назарбаеву в Турцию. Из-за нападок Айсултана Назарбаева? — K-News

Ал, оған басты кінәлі – «Қазақмыс» корпорациясы!

Айтылған мәселе уақыт өткен сайын қатты ушығып бара жатқандықтан, сол материалды Abai.kz порталына қайта ұсынып отырмын.

Автор


Қазақстан Республикасы Экология, геология және
табиғи ресурстар министрлігінің назарына!

Аягөз қайда, су қайда?..

Аягөз өзені – арысы 1500 жылдық тарихы бар «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында, берісі ХІХ ғасырдағы ғұлама ғалым, этнограф, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінде суреттелетін, одан бөлек, уақыт толқынындағы қаншама үлкенді-кішілі ақындардың өлеңдеріне арқау болған арналы өзен.

«Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты жолжазбасында Шоқан Уәлиханов 1856 жылы 20 сәуірде: «...Аягөз өзенінің бойынан біз анағұрлым жанданған табиғатты көрдік. Дала тұтасымен жасыл желектің ашық түсті кілеміне ораныпты. Қараған, тобылғы, тал-терек жапырақтарын жайып, күннің көзі де біршама жылынып, оңтүстікке тән алаумен қыздырып тұр. ...Қырғыз (қазақ – авт.) аңыздарында Аягөздің жайлы ағысы мадақталатыны бекер болмаса керек. Өзін қоршаған иен де, сусыз шөл далаға қарағанда, Аягөз расымен-ақ жұмақ болып көрінеді...», - деген жолдар қалдырыпты.

Ал енді, Ай мен Күннің аманында, сол кешегі «балығы тайдай тулаған», айдыны шалқар, айбыны биік Аягөздің дәл бүгінгідей аянышты, өзегіңді өртейтін көрінісін көремін деп кім ойлаған? Жағасындағы жайқалған тал-теректері қурап, табаны қаңсып, бұрқыраған шаң-топырақ ұшқан есіл арнаны көрудің өзі жан ауыртады.

Осы өлкеде туып-өскен Ақтамберді жыраудың «Аягөз өзенінің бойы – ежелден құт мекен, тобылғылы төскейі – толған ырыс, бетегелі беткейі – береке, жарлауына жапқан жапырақты жамылсаң тоңбайсың. Жазғы тұтасқан бүлдірген – сұғынсаң тоймайсың», - деп, таңдайынан төгілген сөзіне бүгінгі ұрпақ сенер ме дейсің?

Япыр-ау, ұшқан құс пен жүгірген аңға, шұрқыраған малға пана болған, жағалай қонған қалың елге нәр берген шұрайлы өзенді мәңгілікке жоғалтып алар қауіп төнгенін қалай байқамағанбыз? Олай етсек, осы өзенді (тау-тасты, шалқар даланы) әлекедей жалаңдаған шүршіт-қалмақтардан қорғап, өз ұрпағына аманаттап кеткен Қаракерей Қабанбай, Шыңқожа, Еспембет, Баймұрат батырлардың рухы кешіре ме? Әй, білмеймін!..

Білетінім, Ұлы Даланың қастерлі өлкесінің тұтас бір қолтығы – Аягөз өзені кім көрінгеннің тулақтай түтіп, терідей жұлмалайтын жекеменшігі емес, қазақтың игілігіндегі бай өлкенің өзегі еді. Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен бастау алатын ең үлкен, ұзындығы 450 шақырымға созылған арналы су болатын. Аяғы Балқаш көліне құятын дарияның ұзынды-қысқалы 312 саласы, оның ішінде: Нарын, Балықты, Батпақты, Айғыз, Қурайлы, Таңсық, Жіңішке, Қарасу өзендері, ерке қыздың бұрымындай жүз тарау бұлақтары бар. Суы тұщы, тұнық, ішуге, жайылымды суландыруға, өндірістік-техникалық мақсаттарға пайдаланылады.

Шоқанның жолжазбасындағы «Жүзағаш бекетінде шай іштім... Аягөздің жағалауын бойлаған жолмен өзеннің арнасынан шығуы себепті жүру мүмкін болмады. Біз айналып жүрдік...» дегені ып-ырас. Жазда ағысы баяу болғанымен, ерте көктемде ырық бермейтін асау мінезі бар. Кейбір жылдары тіпті, күркіреп жағаны соғып, елдің үрейін ұшырып та алады. Алғашқы сапарында саяхатшы-ғалым Жүзағаштан сәл жоғары Таңсық жеріндегі әйгілі ғашықтар мекені «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесіне бара алмай кеткен.

Жаяу-жалпы адамға өткел бермес Аягөз өзенінің үстіне көпір бертінде, 2014 жылы ғана салынды. Арналы судың қандай мол болғанын содан-ақ аңғаруға болады. 2016 жылдың маусымында Жүзағаш бекетінен отыз шақырымдай төменде орналасқан Қопа ауылының тұсында, терең иірімдерінен немереммен бірге балық аулағанымыз есімде. (Сол сурет пен бүгінгі көріністі қоса ұсынып отырмын).

Мен үшін аса қастерлі бұл ауылда түп нағашыларымыз (әжем Қазиненің төркіндері) тұрады. Жиі болмаса да, жылына бір рет барып, ағайындарға сәлем беру парызымыз. Биыл да сол дәстүрді бұзбай, сарыала күздің басында Қопаға тағы барып қайттым. Сізге өтірік, маған шын, баяғы бұлықсып ағатын Аягөз өзенін көрмедім! Оны айтасыз, құлаштап жүзіп, құмарымыз қанғанша су ішетін өлкеде бір тамшы су жоқ!

Аягөз деген аядай бұлақ деседі,

Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?

Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,

Ая, көз, ая – Арулар елі кешегі, - деп, тебірене жыр төккен Мұқағали Мақатаев айнадай жарқыраған өзеннің бүгінгі шаңы шығып жатқан кейпін көрсе, қайтер еді? «Оу, ағайындар, бұларың не, Аягөз қайда, су қайда?», - деп, күндей күркіреп сұрар ма екен, әлде?..

Әрине, бұл сұрақты алдымен мына біздер, осы өңірде туып-өскен бабалардың ұрпақтары қойғанымыз жөн болар. Сонымен, Аягөз өзенінің суы қайда кетті? Өзен ғана емес-ау, су бойында қоныстанған ауылдардың тұрғындары «Құдықтардағы судың деңгейі де түсіп кетті» деп зар қағып отыр.

Мұның себебін жергілікті жұрт Аягөз өзенінің шығыс беткейінде, шамамен 20 шақырым жерде орын тепкен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Ақтоғай тау-кен байыту комбинатынан көреді. Бірақ, пікірлерін ашып айтуға жасқанады. Осы ретте, жеке қожалығы бар жылқышы Нұржан Есенжолов қана Аягөз өзенінің тұсынан мал базасын тұрғызып жатқанын, енді алдағы уақыттағы тірлігі не боларын білмей, дағдарып отырғанын жасырмады.

- Жалпы, жергілікті халық кен, мыс өндіруге, ел экономикасын жақсартуға ешқандай қарсы емес. Өз басымыздан білеміз. «Қазақмыс» кеніші ашылғалы жұмыс орындары көбейді. Біраз азаматтарымыз сонда орналасты. Ауылымызда стадион салып беріп жатыр. Мұның бәрі дұрыс қой. Бірақ, біз табиғаттың тепе-теңдігі бұзылғанына қарсымыз. Гүлденген өлкеміздің шөл далаға айналуына қарсымыз. Өйткені біз күнімізді малмен көріп отырған жандармыз. Өзеннің суы құрыса, төрт түлікпен ғана жан бағып отырған жұрт қайтпек? Егіс егіп, бақша салып отырған бауырларымыздың да мұңы сол. Су жоқ. Қасқалдақтың қанындай ғана тамшылап тұрды. Енді, бұл кеншілеріңіз Қалдар жақтағы Айдың суына (өзенді айтады – авт.) қол салмаса болды деп, қорқып отырмыз, - деп қынжылыс білдірген Нұржан машинасымен өзен бойын аралатып шықты.

«Көрмейін десем, көзім бар...», ауылдың дәл іргесіндегі жаға ұстатар сорақы көріністерді фотоға да, бейнетаспаға да түсіріп отырдым. Өзеннің күншығыс бетінде тақтайдай тас жол салыныпты. Жол бойында әр жүз метр сайын бір-бірден қуатты сусорғыш қондырғы (насос станциялары) орнатылған. Жұмыс істеп тұрғаны оншақты болса, жаңадан қазылып, орнатылып жатқандарында есеп жоқ. Диаметрі кіші-гірім тоқты сыйып кетердей құбырлардың бір шеті жердің астына кеткен. Демек, суды өзеннің астынан, тереңнен сорады деген сөз. Құрылғының жанына барып көру еш мүмкін емес, берік тоқылған биік-биік сым темірмен қоршап тасталған. Байқағанымыздай, өзен жағалауындағы сусорғыштар күндіз-түні жұмыс істейді, әрі ортада қаз-қатар тұрған үш-төрт қабатты үйдің үлкендігіндей темір цистерналарға (резервуарларға) жинақталады. Одан ары толықсыған су «Қазақмыс», қайдасың?» деп, жерасты құбырымен Ақтоғай кенішіне жөңкіледі. Өндірілген мысты шаюға! Айдалада айдаһардай дөңкиіп жатқан бұл орталық құбырға, тіпті, тоқты түгілі кіші-гірім тайдың өзі сыйып кетері анық. Қазіргі уақытта құбырдың екінші желісі тартылып жатыр екен.

Бізді будкадан бейнебақылау арқылы көріп отырған еңгезердей үш күзетші алдымыздан атып-атып шықты. «Не ғып жүрсіздер?» деп, дүрсе қоя берген біреуі Нұржанды танып, сәл басылды. Үстілеріндегі жасыл форма жарасып-ақ тұр. Жараспайтыны – танымайтындарға көрсеткен өктем мінезі. Бәлкім, инструкция талабы солай шығар. Бейсауат жүргендерді тергеп-тексеру күзетшінің міндеті болған соң, оларға артық сөз де айта алмайсың.

- Жәй, ағамызға табиғатты көрсетіп жүрміз, - деп қысқа қайырған жолбасшым көп бөгелген жоқ. Машинасын от алдырды. Жағдайды толық түсінген сияқтымыз. Ең бастысы – өзен суының қайда кетіп жатқанын анықтап білдік!

Деректерге сүйенсек, әлемдегі ең ірі кен ошақтарының біріне саналатын Ақтоғай кенішіндегі жерасты байлығы (негізінен мыс қоры) 1 млрд 719 миллион тоннаны құрайды екен. Жобамен отыз жылға жетеді деген болжам бар. Жылына 100 мың тоннадай мыс өндіру жоспарланған. Мамандар бір тонна мыс өндіру үшін 20 жыл бұрынғыдан екі есе көп кен шығару қажеттігін айтады. Әрине, бұл кен өндіру барысында су пайдалану мөлшері де соншама есеге өседі деген сөз. Қазіргі таңда өнім шикізат түрінде әкетілгенімен, алдағы уақытта кеніш аумағында кен-байыту комбинаты салынбақ. Оған да мол су керек болады. Ендеше, жағдай бұдан да күрделене түспек.

Кеніш тұрған жер Арғанаты тауының күнбатысындағы шөлайтты аймаққа жататындықтан, өндірісті сумен жабдықтаудың бір ғана жолы бар – маңайдағы өзендерді барынша пайдалану. Ал, оның ауыр салдарын, міне, Аягөз өзенінің тағдырынан көріп отырмыз. Болашақта Аягөздің тағдыры – Балқаш көлінің ортақ тақсіретініне айналмасына кім кепіл?

Ескерілмей қалған тағы бір қатер – Ақтоғайдағы мыстың құрамында күкірт қышқылдары аралас сульфид және оксид минералды тұздары өте көп. Күкірттің адам денсаулығына зиянды екендігінде күмән жоқ, сол себепті, кеніш алаңында тек сүзгімен (маскамен), қолғаппен, рәзіңке етікпен жүру талап етіледі. (Ұсынылған көрнекі суретті қараңыз. Бір қызығы, бұл баннер кеніштен 30 шақырым жердегі Аягөз өзені бойында ілулі тұр). Яғни, ауа арқылы таралатын күкірт залалынан сақтану қай жерде болса да, артықтық етпейді.

Сонымен, Аягөз өзені хақында жұрт көзінен тасалау біраз нәрсеге қанықтық деп ойлаймын. Сол себепті, кезінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жергілікті департаментінде біраз жыл қызмет істеп, табиғат қорғау ережелерінен хабардар болғандықтан, бірнеше сауал қойғанды құп көріп отырмын.

KAZ Minerals Plc отзывы о компании, контакты, вакансии, новости

Бірінші. Қазақстанның экологиялық заңнамалар талаптарына сәйкес, табиғат игілігін пайдаланушы әрбір нысан иелері экологиялық нормативті рұқсат құжаттарын рәсімдеуі тиіс. Кенішті басқарып отырған «KAZ Minerals PLC» компаниясы табиғатқа, оның ішінде ауаға, суға көп мөлшерде кері әсерін тигізетін өндірістік залалдан қорғаудың нормативтік ережелерін рәсімдеді ме? Рәсімдесе, облыстағы ең ірі өзеннің суы қалайша тартылып қалған? Осы жайында ел алдында ашық есеп берілуі қажет деп санаймыз.

Екінші. Нарықтық экономиканың, оның ішінде өндірістің дамуы экожүйе мен табиғи ресурстарды сақтауға бағытталғанда ғана халыққа пайдасын тигізеді. Бұл мәселе тіршілік нәрін ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігін сақтаудың қуатты тұтқасы екенін естен шығармағанымыз абзал. Өйткені, судан тарыққан ел малдан айрылады, малдан айырылса, босып кетері хақ. Ал, иесіз қалған жерге көз алартатындар қашанда аз болмаған. Сондықтан, «KAZ Minerals PLC» компаниясының басшылары су қорын пайдалануға жергілікті тұрғындардың келісімін алды ма екен? – деген сауал туындайды.

Үшінші. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аймақтардағы кәсіпорындардың су қорын пайдаланудағы санитарлық-экологиялық талаптарын қаншалықты орындайтындығынан хабардар ма? Хабардар болса, Аягөз өзені Қопа ауылының тұсынан бастап, Балқашқа дейінгі аралықта құрғап қалғанын немен түсіндірер екен? Жалпы, Ақтоғай мыс кеніші үшін су пайдаланудың есебі жасалған ба? Күніне, айына, жылына қанша мөлшердегі су қажет? Мөлшерден артық алып отыр ма, жоқ, кем алып отыр ма? Су ысырапшылдығын болдырмау шаралары қаншалықты дәрежеде іске асырылады?

Төртінші. Қазақта «Судың да сұрауы бар» деген тәмсіл ежелден бар. Қала мен даладағы үйлерде судың әр текше метріне, шаруа қожалықтарында сурмалы жердің аумағына қарай қыруар төлемақы жұмсалатынын білеміз. Ал, күндіз-түні Аягөз өзенінің бауырын жұлмалап, теспей сорып жатқан Ақтоғай кенішінің иелері қаншалықты қаржы төлейді? Су төлемінің белгілі бір тарифі бар ма? Экожүйені қайтсек аман сақтап қаламыз?

Міне, осы сұрақтардың жауабын бізбен тілдескен қарапайым жандардың бәрі білгісі келетіні орынды. Көзі ашық, көкірегі ояу жұрттың бүгінде хабар алмасу мүмкіндігі де мол. Интернеттен әлемде не болып жатқанын қас-қағымда біліп отырады. Мысалы, жақында 16 жастағы Грета Тунберг деген швед қызының БҰҰ өткізген Нью-Йорктегі саммитінде сөйлеген сөзін менің ауылдастарым да тыңдады. «...Экожүйенің көзі құрып барады. Ал, сіздер тек ақша мен экономиканың өсуі туралы ертегі ғана айта аласыздар. Қалай дәттеріңіз барады? Жас ұрпақ сіздерден үміт күтеді!» деп, шырылдаған бойжеткеннің жанайқайына қолдау да білдірді.

Иә, қоршаған ортаны қорғау – бүкіл адамзаттың басты парызы. Осы ретте, Қазақстан «Жасыл экономика», «Жасыл ел» сияқты экологиялық жаңғырту бағдарламаларын қабылдаған зайырлы мемлекет ретінде әлемге танылғандықтан, елімізде экологиялық құқық бұзушылыққа ешқашан жол берілмейтініне халық сенеді.

«Бұлақ көрсең, көзін аш», «Тұманы лайлама» дей отырып, су қадірін алтыннан жоғары бағалаған ел-жұртымыз Аягөз өзенінің бүгінгі жай-күйін жоғарыдағы шенділердің назарына жеткізуді сұрағанда, осы тұнық сенімге иек артқанын сезіндім.

Қайым-Мұнар Табеев,

журналист-жазушы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі,

Шығыс Қазақстан облысы

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558