Жұма, 29 Наурыз 2024
Арылу 6954 21 пікір 13 Қазан, 2020 сағат 11:54

Орыс мұғалімдері Орта Азияға келіп орыс тілін үйретпек...

Ресей орыс тілінің ауқымын кеңейту мақсатында «Русский учитель за рубежом» атты гуманитарлық жобасын іске қосыпты. Бұл туралы Ресейдің оқу-ағарту министрлігі жазып жатыр...

Бұған дейін аталған бағдарлама аясында ресейлік 50 мұғалім Тәжікстан, Қырғызстан, Вьетнам Социалистік Республикаларында дәрістер өткізген. Ал, кеше бұл жоба Өзбекстанда жалғасын тауыпты.

Бұл неғылған жоба? Оның ауқымы қандай? Рет-ретімен айтайық...

Ташкент қаласында Ресейдің Білім министрлігі, Өзбекстанның Халықтық білім министрлігі және Алишер Усманов атындағы «Өнер, ғылым және спорт» қайырымдылық қоры арасында үш жақты келісім жасалған. Ол бойынша аталған үш тарап «Класс!» гуманитарлық жобасын жүзеге асыратын боп келіскен. Жобаның іске асырылу мерзімі 2030 жылға дейін деп көрсетілген.

РФ Білім министрінің орынбасары Дмитрий Глушконың айтуынша, бұл жоба Өзбекстандағы мұғалімдер мен мектеп оқушылары арасында орыс тілін білу деңгейін арттыруға бағытталған. 

«Біз Өзбекстандағы әріптестерімізбен орыс тілін үйрену мәселелеріне назар аудара отырып, білім беру саласындағы тығыз байланысты одан әрі тереңдете түспекпіз. Мен Өзбекстанға келген ресейлік әдіскерлердің жоғары жұмыс деңгейін көрсететініне сенімдімін. Оның нәтижесі - Өзбекстандағы мұғалімдер мен мектеп оқушылары арасында орыс тілін білу деңгейін арттырады»,- депті Глушко.

6 қазан күні «Класс!» гуманитарлық жобасын іске асырудың бірінші кезеңі өткен. Ол бойынша 32 ресейлік педагог Өзбекстанға барып, жергілікті мектеп мұғалімдері мен оқушыларының орыс тілін білу деңгейін бақылап, оқу сапасын бағалайды екен.

Ал 2021 жылы 100 ресейлік маман барады деп жоспарланған. Олардың негізгі міндеттері Өзбекстандағы мектептерде орыс тілін оқыту, сондай-ақ орыс тілінде сабақ беретін жергілікті мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау деп көрсетіліпті РФ Білім министрлігінің ақпаратында.

Жоба бойынша жіберілетін мамандар саны жыл сайын 100 адамға көбейіп отырады. Бағдарламаның барлық кезеңінің нәтижесінде 30 мыңға жуық өзбек мұғалімі орыс тілін жетік меңгеріп шығады.

Ресей Білім министрлігі посткеңестік елдер арасында орыс тілін кеңінен насихаттайтын және бұл жобаның ауқымы әлі де кеңейетінін айтады.

Осы уақытқа дейін бұл тәжірибе Қырғызстан мен Тәжікстанда жүзеге асырылғанын жоғарыда айттық. Енді ше? Кеше қырғыз бен тәжікке, бүгін өзбекке барған бұл жоба ертең Қазақстанға да келуі мүмкін. Оны Ресей билігінің (Білім министрлігінің) өзі айтып отыр. Посткеңестік елдерге орыс тілін насихаттаудың ауқымы мен географиясы әлі де кеңейеді, депті.  Рас, қазірге бұл жобаның Қазақстанға келетіні туралы ресми ақпарат жоқ. Десе де, біздікі қауіптің сөзі.

Елімізде жыл өткен сайын аралас мектептерге қарағанда қазақ мектептерінің саны қысқарып бара жатқанын осы уақытқа дейін жаздық. Мәселен, депутат Динар Нүкетаеваның айтуынша, елімізде 1181 орыс мектебі, 2043 аралас мектеп бар. Ал, 2016-2020 жылдар аралығында аралас мектептер саны 196 715 оқушыға дейін артқан. Сәйкесінше, 2010 жылы елімізде 3828 қазақ мектебі болса, бүгінде оның саны 3726. Демек, елімізде 10 жылда 102 қазақ мектебі жабылыпты. Ал, аралас мектеп дегеніміз негізінен орыс тілді және өзге диаспора тіліндегі мектептер екенін ескерсек, бұл қазақ тілінің болашағына үлкен қауіп төндіріп тұрғаны ақиқат!..

Ал, біз өткен жылдың ақпан айында Ресейдегі соңғы қазақ мектебі жабылғанын айтқанбыз. Бұл Ресейдің ішкі идеологиясы десек те, Ресейдің Керей-Алтай аймағында тұратын 900 мың қазақта бір де бір мектеп, не балабақша жоқ. Осыны ескерсек, өзге ұлттың тоғыз баласы үшін орыс мектебін ашатын біздікі не жомарттық, иә? Ал, орыс тілін насихаттауды мақсат тұтқан әлгі жоба ертең Қазақстанға келсе қайтпекпіз?..

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541