Жұма, 26 Сәуір 2024
Ғибырат 5329 7 пікір 9 Қазан, 2020 сағат 13:07

Ескірмейтін ел шежіресі

(Әкем айтқан әңгімелерден)

Қарабура ағашы

Қоқандықтардың қазақтарға салатын салығының бірі – қыз салық екен. Олар келе жатқанда, қазақтар қыздарын бермеу үшін түрлі амалдар жасапты. Бетін күйелеп, үстеріне жаман киімдерді іліп, ер балаша киіндіріпті. Бірде Ерназар атамыздың көшін тексеріпті. Салық жинаушы байқап қараса, әпкеміздің отырысы ер баланың отырысына ұқсамайды. «Мынау ер бала емес қой, қыз ғой, төсін ұстаймын», – дейді қоқандық. Бұл, әрине, намысқа тиетін нәрсе. «Тұр, бері кел», – деп қызды шақырғанда, Шақайдың шешесі: «Өй, тумай кеткір, бес ит, қарындастарыңның төсіне жүндес сарттың қолын тигізгенше, өлмейсіңдер ме?» – деп, ұлдарына күйіне айқай салыпты. Шешесінің сөзіне шыдамаған Шақай қылышын суырған бетте сарт­тың басынан тартып кеп жіберіпті. Ол сол жерде мүрдем кетіпті. Қасындағыларды да қырып салыпты. Болған жайды бала-шаға түгел көріп тұрған.

Сөз жата ма, біреуден біреу естіп: «Ойбай, Шақай салық жинауға шыққан Қоқанның жандайшаптарын өлтіріп тастапты», – деген қаңқу сөз ел арасына тарап кетеді. Қоқандықтар өз еліне алып кетсе, әрине, өлім жазасына кеседі. Адамдары келіп, сұраса: «Өлтірген жоқпын, өз бетімен жүрген салық жинаушыларда нем бар, мен – ақпын. Өлтіргенімді көрген адам болса, тауып әкеліңдер», – деп мойындамапты. Елдің көбі оның өлтіргенін көзімен көрсе де, «өлтіріп едің ғой», – деуге қаймығады. Айтайын десе, адуын мінезді Шақайдан қорқады, айтпайын десе, қоқандықтар қырып кетуі мүмкін. Содан қоқандықтардың билері мен қазақтың билері бас қосып, ақылдасады да, «жан беру» деген үкім береді. «Жан беру» деген – Қарабура әулиенің шыбығын кесу екен. Қоқанның елі де Қарабураның әруағынан сескенетін көрінеді.

Қарабураның басында өсіп тұрған бұл ағаштың ерекшелігі: егер адам шынын айтса, кескенде – мөлдір түсті су ағады да, өтірік айтса – қан түсті қызыл сұйықтық шығады-мыс. Сондықтан киелі ағаш саналған. Бұл ағашты шапқаннан жауды шапқан оңайырақ болыпты. Көп адам оны шауып, куәлік еткеннен құн төлеп, құтылғанды құп көріпті.
Билердің айтуымен Шақай батыр жанына Таманың үш-төрт батырын ертеді де, Қарабураның шыбығын кесуге шығады. Оларға екі жақтың да адамдары ілеседі. Жақындағанда қасындағы жолдасының бірі: «Әй, Шақай, сен өлтіріп едің ғой. Мен бұл антқа тұра алмайды екенмін. Жауға шапқанда жүрегім дір етпеуші еді. Мына істен тұла бойым қалтырап, қылышымды қыннан суыруға дәтім бармай тұр. Сен басташы!» – депті. Сонда Шақай: «Қарабура өз атам ғой, өз атам маған не істей алады? Өзім соның ұрпағымын ғой», – дейді де, атпен келе жатқан бойы қылышын ала салып, шыбықтарды шауып өткенде, қан шапшып шыққан көрінеді. Оның қара екені, яғни, кінәлі екені дәлелденеді, бірақ билердің уәдесі бойынша құн төлеуден босатылады.
Сол кезде Қарабура әулиенің шырақшысы: «Ой, өзің Ғайып-Ерен, Қырық Шілтен демеген батыр екенсің. Бірақ артыңды әруақ әкетті-ау…» – деп, өкініш білдіріпті. Шақайдың ұлы Есеттен Алтайболат, Шақайболат, Жанболат атты үш ұл тараған деседі. Үшеуі де қылыштай жарқылдаған өткір, бірінен-бірі өткен батыр болыпты. Есеттің қартайған шағында үшеуі бірдей ауырып, қайтыс болып кетіпті. Бар баласынан айырылып, қудай шөккен қария: «Енді менің тірі жүргенімнен не пайда?» – деп аһ ұрып, өз-өзіне қол жұмсапты. Бір әулеттің оты осылай өшіпті.

Бозтайлық

Отарбай мен Қонысбай – бір атаның балалары. Қонысбай елуден аса қайтыс болып, артынан әйелі де бақилық болыпты. Басқа балалары түрлі кеселдерден шетінеген екен, кенжесі Пұсырман жетім қалады. Баланың бесікте жатқанда атастырылған қалыңдығы Жағалбайлының ішіндегі Есендерден екен. Айттырған қызы өзінен екі-үш жас кіші болса керек. Пұсырман бес-алты жасқа толғанда қайын жұрты: «Балалар бір-біріне үйрене берсін», – деп, туыстарынан сұрап, қолына алыпты.

Он үш жасқа келгенде қайын атасы: «Сен ержетіп келесің, өз еліңе бар, кәмелетке келгенде, туыстарыңмен бірге келіп, қалыңдығыңды алып кетерсің», – дейді де, оны туысқандарына аттандырады. Балаға бір тай, бір киімдік бөз және шідер беріп, шығарып салады. Баланы орта жолдан ел кезген Қоқан батыры тоқтатады. Бала оның кезенген ұзын мылтығынан қорқып, тайынан түсіп, басын көлегейлеп, жерге отыра қалады. Жаңағы адам баладан жөн сұрап, қайдан және қайда келе жатқанын біледі. Сосын: «Әлі жас бала екенсің, тайыңа тиіспей-ақ қояйын, барар жеріңе жете алмай, өліп қаларсың. Бірақ бөзіңді аламын, киім тіккізуге болады екен және шідеріңді аламын, тек бұны ешкімге айтпайсың», – деп, уәдесін алып, жөнеле береді.
Бала ауылға жақындағанда алдынан аң аулап жүрген Отарбайдың баласы Кенбай көкесі жолығады. Алыстан біреуді байқаған Кенбай: «Анау қарайған кім?» – деп саңқ ете қалады. Пұсырман оны даусынан танып, жылап қоя береді. Кенбай жақындап, атынан түсе қалып, құшағына алғанда, баланың жүрегінің тарсылдап тұрғанын байқайды. «Құлыным-ау, не болды, неден қорықтың?» – дегенде, бала жылап жібереді. Бірақ тіс жармайды. «Сенен уәде алған екен ғой, бірақ қылыш үстінде серт жүрмейді, шыныңды айт», – дейді. Ақыры мән-жайды білген соң, қай бағытқа кеткенін сұрайды да, соңынан атойлап ұмтылады. Құралайды көзге атқан Қоқан батыры қуғыншыны байқап, мылтығымен көздеп атқанда, Кенбайға оқ тимейді. Негізі, Кенбай да әкесі Отарбай сияқты әруақты кісі болса керек. Қоқан батырын шоқпарымен салып өткенде ол дәрменінен айырылып, сауға сұрайды. Кенбай: «Онда балаға ат-шапан айыбыңды бересің»,– депті. Батырдың атының қасында жетектеген боз тайлағы бар екен, соны айы­бына береді де, ауылына барып еліне: «Мен өзімді Жөгінің батырына алдырдым», – деп, жатып қалады.

Кейін басқаларға: «Басында соңымнан қуған бір кісі сияқты еді, бірақ тұра қалып, мылтығымды көздеп атқанда, менің алдымда қырық адам тұрғандай көрініп, оғым жаңылысты», – депті.

Ал Кенбайдың Пұсырманға Қоқанның батырынан алып берген боз тайлағы өте өсімтал болып шығып, одан ылғи боз түйелер тараған екен және атамыз туыстарының ішіндегі түйесі көп адам болыпты. Пұсырман он алты жасқа толғанда қайын жұртына барып, қалыңдығын алып келеді. Туыстары қос тігіп, оларды бөлек отау етіп шығарады.

Ықыластың Ерденді жұбатуы

Кіші жүздің Жеті руының бірі – Тама. Біз Таманың Жөгісінен тарайтын Шақаның Жарық атасына жатамыз. Жарықтан тараған ұрпақтан небір батыр, шешен, сал, күйші шығыпты. Ықылас Дүкенұлы – Жарықтың шөпшегі.
Ықылас атамыздың күйші атағының шығуына себеп болған оқиға – барымташылық. Бірде туыстарымыз Қырықбойдақтардың екі үйір жылқысын Ұлытаудың Наймандары барымталап айдап кетеді. Сол жылқының ішінде Ықылас атамыздың айғырға салып жүрген бәсіре жылқысы да бар екен. Наймандардың басшысы аға сұлтан Ерден Сандыбаевқа өз арыздарын айтпақшы болып, бұлар оның ауылына жол тартады.

Жоқшыларды Қырықбойдақтардың үлкені Үкілі Аманжол деген кісі бастап келеді. Сөйтсе, Ерденнің ержетіп қалған баласы Әйменде қайтыс болып, аға сұлтанның қатты қайғыда отырған кезі екен. Бұлар сұлтанның үйіне түсіп, көңіл айтады, келу себептерінен де құлаққағыс етеді. Қонақтарға тамақ дайындалып жатады. Ерденнің көңіл-күйі жоқ, қобызын анда-санда ыңырантып тартып қояды. Ықылас аспапқа қызығып, тартқысы келеді. Бір кезде барлығы сыртқа шығып кетеді.

Атамыз қолыма түсті ме дегендей, жүгіріп барып, қобызды ала салып, бірден тарта жөнеледі. Қобыздың құлағы қоңыр күйде тұр екен. Сол дыбыспен бір әуенді ойнай бастайды. Ол кезде Ықыластың жасы он бес-он алтыда, Ерденнің қаза болған баласының өзімен қатарлас болғаны, қыршын кеткені, әке қайғысы баланың жүрегіне тиіп, боздаған бір зарлы әуенге салады. Өз өмірі мен мына қайғылы оқиғаны қатар өріп, сарыны жан езілтер күй шертеді. Сырттағылар сол мезетте шыққан қалпында қалшиып, селт етпей тыңдап тұрып қалады.

Ерден ішке кірмекші болғандарды қолымен жасқап, кіргізбей, күйдің аяқталуын күтеді. Сөйтеді де: «Әй, Тамалар, мен ұры емес, сендер ұры екенсіңдер. Мынадай дарынды қалай жасырып жүргенсіңдер? Менің баламды тірілтіп жатыр, қоя тұрыңдар», – депті көзіне жас толып. Бала тартып біткен соң, қобызды орнына іледі де, отыра қалады. Сырттағылар ішке енеді. Ерден: «Сен тарттың ба?» – деп сұрайды. «Кешіріңіз, мен тартқан едім», – дейді Ықылас. Біраз отырады да, Ерден өзінің адамдарына: «Әй, мына жоқшылардың тұяғына тұяқ, құлағына құлақ беріңдер», – деген жарлық түсіріпті. Келгендердің барлық жылқысын түгендетіп береді де, Ықыласқа: «Сен енді бір жыл менің қасымда бол, күйіңмен қайғымды сейілтіп, азайтасың», – дейді де, топты бастап келген Үкілі Аманжолдан Ықылас атамызды сұрап алып қалады. Бұлар барған кез күз мезгілі көрінеді. Қайда барса да, қасынан тастамапты. Рулы елге ықпалды аға сұлтанның қасында жүрген Ықыластың қобызшы атағы жан-жаққа тарайды.

Бір жылдан соң атамызды еліне қайтарғанда Ерден алдына «дәулетің ассын» деп мал салып береді. Әке-шешесінің қасына келіп туғандарымен қауышқан Ықылас атамыз өз өнерінің арқасында ырыс-құты артып, дәулетті әулетке айналыпты. Түсіпбектің мыңғырған малы Ерденнен алып келген түліктерден тараған дейді. Ал Ықылас атамыздың Ерденнің алдында алғаш тартқаны бүкіл елге «Қоңыр» деп таралып, кейін «Ерден» атаныпты. Ерден Сандыбаев – Шоқан Уәлихановпен сайлау­ға түсіп, жеңіп шыққан, Арқаға аты мәлім байлардың бірі болған екен.

Түпнұсқа: Қазақ әдебиеті газеті

Ақерке Сайлауқызы

Abai.kz 

7 пікір