Жұма, 19 Сәуір 2024
Көкжиек 3261 4 пікір 9 Қазан, 2020 сағат 17:42

«Мәдениет - атажұртпен жалғайтын алтын көпір»

Бүгінде әлемнің 43 елінде 7 миллионнан астам этникалық қазақ тұрады. Олардың басым бөлігі Қазақстанмен шекаралас Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғыз елдерін мекендейді. Ашығын айту керек, қай жерде тұрсаң, сол мемлекеттің заңына сәйкес билігіне бағынып, құқықтық талабын орындап, моральдық кодексіне мойынсұнуға міндеттісің. Өйткені «қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан тыс қала алмайсың». Алайда өзге елдің  азаматы бола тұра, өзіңнің тарихи тамырыңнан ажырап қалмай, ана тіліңді, дінің мен діліңді, ата-тегіңді, туған жеріңді, ұлтың мен жұртыңды, қаны бір халқыңды ұмытпай, дәстүр-салтыңды сарқыттай сақтап қалу - адами асыл борыш екенін әрбір арлы азамат айтпай-ақ айқын түйсінуі тиіс. Осыны ұғына білген қандастарымыздың көпшілігі атажұртымен  ара-қатынасын үзей, түп-тамырын түгендеп жүреді. Бүгінде шекераның арғы шебіндегі ағайындар арасында қазақтың мәдени құндылықтарына құрметпен қарап, тарихи Отанын танып-білуге талпыныс жасайтын жастардың көбейе түсуі көңіл тоғайтады. 

Біз шетелде тұратын отандастарымыздың қазақ халқының ажырамас бөлігі және «ұлттық кодтың» тасымалдаушысы екенін жақсы түсінеміз. Мәселен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың алғы шарты «төл мәдениетін, ұлттық кодын сақтау» екенін айрықша атап өтті. Осыған байланысты шетелдегі қазақ қауымының арасында халықтық  салт-дәстүрді, ана тілі мен ұлттық музыкасын, әдебиет пен қолөнерден қол үзбей ерекше өзектілікке ие. Бүгінгі таңда ұлттық мәдениет пен тілді сақтап қалудағы басты рөл бүкіл әлемде «жұмсақ күш» ресурсы деп танылған мәдени орталықтардың еншісіне тиіп отыр. Түптеп келгенде, төл мәдениетін, ғылымы мен тілін дамыту арқылы тұтас мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік мол. 

Осы орайда шетелдегі қазақ қоғамдастығымен қарым-қатынас пен байланыстарды дамытудың пәрменді инфрақұрылымы ретінде «Abai Yui» мәдени-іскерлік үйі желісін құру - «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының негізгі жобасы болып табылады. 

Жоба мәдени мұраны көпшілікке кеңінен тарату, алыс-жақын шет елдердегі қазақ диаспорасымен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайта түсу үшін шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарының жұмысын дұрыс үйлестіруге бағытталған. 

Қазіргі таңда мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарында әлем бойынша 250-ге жуық қазақ бірлестігі жұмыс істейді. Олардың көпшілігімен тұрақты байланыс орнатылған.

Бұл қоғамдық жоба, яғни саяси немесе коммерциялық емес. Негізгі миссиясы - дүниежүзіндегі барлық қазақ мәдени-іскерлік ұйымдарын біртұтас желіге біріктіру. Штаб-пәтері ел ордасы - Нұр-Сұлтан қаласында. Аймақтардағы өкілдіктермен күні бүгінге дейін 67 келісімге қол қойылды.

«АБАЙ ҮЙІ»

  • «Абай» мәдени орталығы  
  • «Атамекен» іскерлік үйі 
  • «Атажұрт» шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығы
  • «Жас қазақ» жастар клубы сынды 4 тармақтан жасақталған

«Абай үйі» бұрыннан жұмыс істеп тұрған қоғамдық бірлестіктер базасында, алыс-жақын шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің қолдауымен ашылады.  

Биылғы жылдың аяғына дейін әлемнің 5 елінде «Аbai Yui» мәдени-іскерлік үйлерін ашу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Омбы қаласында (Ресей Федерациясы), Берлин қаласында (Германия), Ыстамбұл шаһарында (Түркия), Ташкент (Өзбекстан) және Бішкек қаласында (Қырғызстан).

Қазірдің өзінде оның екеуі елге есігін айқара ашып, қандастарға қалтқысыз қызмет ете бастады. Омбы қаласындағы алғашқы «Abai Yui»-нің салтанатты ашылу рәсімі 22 қыркүйек қазақстандық және ресейлік мемлекеттік органдардың ресми тұлғалары, дипломатиялық қызмет өкілдері мен отандастарымыздың қатысуымен онлайн форматта өтті.

Мәдени іскерлік үйлерін ашарда қалаларға таңдау қалай жасалды? Бұл тұрғыда біз бірнеше критерийлерге сүйендік.

Ең алдымен, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасындағы Келісімді іске асыру негізге алынып, тараптар теңдігіне сәйкес Алматыда ресейлік, ал Омбыда қазақстандық мәдениет орталығын ашу туралы шешім қабылданды. Орайы келгенде, айта кетейік, 2010 жылғы халық санағы бойынша Омбы қаласында 78 мың қазақ тұрады. Олар жалпы саны жағынан мемлекет құраушы орыс ұлтынан кейін, екінші сатыда тұр. Қазақ қауымы белсенді қоғамдық қызмет атқарады. Тек осы өңірдің өзінде 10 шақты қазақ қоғамдық ұйымы ұдайы жұмыла жұмыс істейді. 

Жаһанды індет жайлаған күллі әлемдік күрделі жағдайда жайбарақат отырмай «Отандастар қоры» қоғамға қозғау салатын бірқатар қомақты істерді қолға алды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында да ауқымды аудиторияны қамтыған іс-шаралар жүзеге асырылды. Осы бағыттағы тың бастама «Аbai Yui»-нің екіншісі бағзыдан бауырлас, тағдыры тамырлас тату көршіміз Өзбекстан астанасы - Ташкент төрінде ашылды. Қоңсы қонған елдегі «ИнтерЦентр» мемлекеттік мекемесіне кеңестік кезеңнен бері ресми тіркелген «Республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы», «Отандастар қоры» қашаннан-ақ қалыпты қатынас орнатып, қарымды істердің ұйытқысы болып келеді. Жаңашыл қадамның Ташкент қаласында жасалуы да бекер емес. Бейресми дерекке қарағанда, бүгінде 1 жарым миллионнан астам қандасымыз тұратын «Өз-Ағамыз» - өзбек елінде 372 қазақ мектебі және қазағы қалың 8 облыстағы 43 ауданда ұлттық мәдени орталығымыз бар. Отандық оқу орындарына да негізінен өзбекстандық қазақ жастары ағылып келеді.  

Сәтін салса, мұндай ізгі іс, игі шаралар алдағы кезде өзге елдерде де өтеді. Жақсы бастама, жаңашыл қадам жалғаса бермек. Біздің мақсатымыз - этникалық қазақтар қалың шоғырланып, жинақы тұратын барлық елдерде «Мәдени-іскерлік үйлерін» ашу.

Жаңадан ашылған орталықтар арқылы қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін шетелдерде танымал ету және ілгерілету, сондай-ақ отандастарды қолдау, олардың ұлттық-мәдени сәйкестігін қалыптастыру жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады. 

«Abai Yui» қызметінің басым бір бағыты - қазақ қоғамдастығы өкілдерінің ана тілін мейлінше меңгеріп, ұлттық салт-дәстүрді сақтап қалу болмақ. Мәселен, дәл осы МІҮ қазақ тілі мен мәдениетін оқыту орталығына айналады. Қазіргі уақытта «Отандастар қоры» қазақ тілін оқытудың онлайн-сыныптары мен офлайн курстарын ұйымдастыру бойынша бірнеше тілдік жобаларды іске асыруда. Атап айтсақ, «Онлайн қазақ тілі» курсының бірінші семестрі ақпан - мамыр айлары аралығында өткізіліп, оған 835 қандасымыз қатысты. Тұрақты дәріс алған 210 адам арнайы сертификат алды. Қыркүйек айының басында басталған екінші семестр енді желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады. Ана тілін оқытатын онлайн курс сабақтары аптасына үш рет, уақыт белдеуінің айырмасына қарай күніне төрт мәрте өткізіліп тұрады.  

Осы орайда әлемнің 12 елінде қазақ тілін оқытып-үйрететін 31 онлайн-сынып ашуды да жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар,  ағымдағы 2020 - 2021 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырған 909 қандасымыз бакалавриат бойынша мемлекеттік грантқа ие болды. Бұдан бөлек 825 этникалық қазақ жастары дайындық бөліміне оқуға түсті. Осы бағыттағы озық тәжірибенің барлығы алдағы кезде «Abai Yui»-не бағдарланатын болады.

Отандастарды қолдау мақсатында карантин кезінде олардың шығармашылық әлеуетін іске асыруға бағытталған іс-шаралар кешені әзірленді. Отандастармен, қазақ мәдени орталықтарымен онлайн кездесулер кезінде концерттер мен басқа да мәдени іс-шаралар өткізу туралы өтініштер бірнеше рет айтылды. Аға буын мейірімді және қазақ әндерінің дыбыстарын сағынады, ал жастар өздерінің мәдени бастауларына қосылғысы келеді. Музыкалық ерекшеліктердің айырмашылығын ескере отырып, біз шетелде тұратын отандастар үшін қазақстандық әртістердің қатысуымен өтетін онлайн-концерттер – «Ұлы дала елінен» жобасын әзірледік. Жоба аясында түрлі жанрлық орындаудағы 2 концерт қойылды. Әмбе әлемге әйгілі «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің фольклорлық-этнографиялық стильдегі алғашқы онлайн-концерті осы жылы 22 тамызда өтті. Концерт отандастар ортасында кең резонанс тудырды. Әсіресе жаңалыққа жаны құмар жастардың қызығушылығын арттырды. 27 қыркүйекте өткен «Қазағым-ай» концерті де ұлттық музыка өнерінің дәстүрлі жанрын дәріптеп, оны айрықша сүйетіндер сүйсіне көрген көрнекті шара болды. Әнсүйер қауымды әдемі әсерге бөлеген концерт жер-жаһандағы қалың қазақтың жадында жатталып, санасында сақталып қалған салтанатты кешке айналды. Концерттік бағдарламада Жанғали Жүзбай, Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова және т. б. музыканттар өнер көрсетті. 

Сондай-ақ, отандастарымыздың сұранысы бойынша домбырада ойнауды үйрену курстары мен халықтық қолданбалы өнердің әртүрлі түрлеріндегі жетекші қолөнершілердің шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. 

Бүгінгі таңда Ұлы даланың дәстүрлі музыкасы бүкіл әлемдегі қазақтардың әзиз жүрегі мен жан дүниесін өзінің тарихи Отанымен табыстырып, атажұртпен жалғайтын алтын көпір, көзге көрінбейтін жібек жіп секілді. Музыка елдер арасындағы шекараны кеңейтеді және адамдар арасында байыпты байланыс орнатуға көмектеседі. Дәл осы шығармашылық жобалар арқылы этникалық қазақтардың этникалық және тарихи Отанымен байланысы орнатылып, отандастарымыздың шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасалуда. Бұл істе бізге отандастарды оқытуға және өзінің кәсіби шеберлігімен бөлісуге құштар көңілімен құлшына келісетін көптеген шығармашылық адамдардың көптеп көмек бергенін атап айтқан абзал. Бірде-бір адам бізбен ынтымақтасудан және шетелдегі қазақ қоғамдастығын қолдаудан бас тартқан емес. Бұл, біздің ойымызша, қазақ халқының тұрғылықты географиясына қарамастан, ұлтымызды ұйыстырып,  бірлігін нығайта түсуде, әсіресе жаһанды дерт дендеген күрделі жағдайда бір-бірімізге деген шынайы қолдау болып табылады. «Biz birgemiz!» деген қанатты сөз иісі қазақ үшін жалаң ұран емес, нақты әрекетке айналды.

Осы орайда шексіз алғыс айтып, шынайы құрмет, ыстық ықыласымызды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісоваға бөле-жара арнағымыз келеді. Ұдайы ұлттық өнерді ұлықтап жүретін Сәуле ханым өзі басқаратын «Аманат» өнер орталығын «Отандастармен» серіктес етіп, «Домбыра - ұлттық рух аспабы» онлайн жобасын жүйелі түрде жүзеге асыруға белсене атсалысты. Қазақтың саз аспабын үйрететін оқуға ниет білдірген қатысушылардың арнайы білімі мен дайындығы болмаса да, бірнеше сабақ барысында «Қара жорға» және «Елім-ай» атты 2 композицияны толық меңгеріп, домбыра тартудың қыр-сырын оқып-үйренді. Отандастарымыз тың бастаманы жоғары бағалап, жылы лебіз білдірді, алғысын жаудырды. Онлайн жобаға әлемнің 10 елінен 50 адам қатысып, тегін дәріс алды. Бұл - АҚШ, Моңғолия, Ресей, Корея, Түркия, Швеция, Иран, Өзбекстан, Бельгия және Қытай қазақтары. Бұл жоба әлі де жалғасын табады. Алдағы уақытта Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе домбыра, қобыз және тағы басқа да ұлттық аспаптарда ойнауды үйрету курсын өткізу жоспарда бар. 

Этнодизайнер, конструктор-модельер, Ұлттық дизайн академиясының академигі, Еуразиялық Дизайнерлер одағының құрметті дизайнері, көптеген ұлттық сыйлықтардың иегері Қазипа Қалиқызымен бірлесіп өткізілетін «Hazifa_otandastar_mektebi» онлайн-шеберлік мектебі жобасын да жеке-дара атап өткен жөн. Отандастарымыздың халықтық қолданбалы өнерін оқыту курстары «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Hazifa_otandastar_mektebi» бетінде жүргізілді. Бір мезетте 600-ге жуық адам онлайн-сабақтарға және танымал қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. Берері мол, өнері зор бұл жоба енді қазақстандық танымал ісмерлердің шеберлік сабақтарымен жалғасады. Олардың қатарында «Қазақ ұлттық аспаптарының тарихы» тақырыбы бойынша дәріс беретін халық аспаптарын зерттеуші және коллекционер Талғат Мейірбек, «Былғарыдан жасалған кәдесый бұйымдарына ұлттық ою-өрнек салудан» сабақ өтетін Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі Әбілқайыр Оразбақов және «Киізден ұлттық бұйымдар жасау әдістемесі» тақырыбында Дүниежүзілік қолөнер қауымдастығы сыйлығының иегері, қолданбалы өнер шебері Ұлбосын Дәуленова шеберлік шыңдау курсын өткізді.   

Дизайнер, тігін бұйымдары бойынша кәсіби шебер-конструктор Бақытгүл Тоқтыбаева ұлттық сахна костюмдері мен ұлттық той көйлектерін тігу бойынша отандастарымызбен озық тәжірибесін бөлісті. Жас таланттар байқауының жеңімпазы, Қытайдан келген репатриант, кәсіпкер, ағаш шебері, қолөнерші Серікжан Жалын ұлттық аспаптар, ағаштан жиһаз және ыдыс-аяқтар жасаудың қыр-сырын үйретті. Этно-дизайнер, тігін бұйымдары бойынша кәсіби шебер-конструктор, «Қадам КZ» кәсіпорнының басшысы, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы Әсел Өмірбекова «Ұлттық нақышта аяқ киім тігу әдісін оқыту» бойынша мастер-класс өткізді. Бұл елдің ерекше қызығушылығын туғызған жаңа жобаны жүзеге асыруға атсалысқан ұлтжанды азаматтардың бір парасы ғана. 

Күні бүгінге дейін осы онлайн-сабақты қайта жалғастыруды өтінген  отандастарымыздың да, қолданбалы өнер шеберлері де аз емес. Бұл тереңнен тамыр тартқан ұлттық өнердің өміршең әрі әлі де өте өзекті екенін дәлелдей түсті.  

Осы озық жобалармен қатар өресі биік өрендердің ой-өрісін арттырып, таным көкжиегін кеңейтетін шығармашылық байқаулар да өткізілді. Ақпан айында ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл - Фарабидің 1150 жылдығына және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақтардың балалары арасында «Ана тілім – ардағым» халықаралық шығармашылық байқауы өтті. Байқауға Иран, Беларусь, Моңғолия, Өзбекстаннан 32 адам қатысты.

«Абай әлемі» халықаралық байқауы 2020 жылдың 28 сәуірі мен 28 маусымы аралығында онлайн форматта өтіп, ғаламдық тұлға, ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жылдық мерейтойына  арналды. 18 жастан 35 жасқа дейінгі қандас жастар қатысқан байқауға 8 елден 40 жұмыс келіп түсті. Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Украина, Иран, Қарақалпақстан және Беларусь еліндегі этникалық қазақтар ерекше ықылас танытты.  

Шығармашылық конкурстарды өткізу тәжірибесі жастар арасында біз жоққа шығара алмайтын бірқатар проблемаларды анықтады. Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ қауымының жас буыны қазақ тілі мен әдебиетін білуге аса құлықты емес. Бұлай тұжырым жасауға шетелдік отандастардың ана тілі мен қазақ әдебиеті бойынша өткізілген конкурстарға бей-жай қарауы және тілді меңгеру деңгейінің төмендігі, сондай-ақ кейбір елдегі қазақ жастарының тіл білімі сайысына салғырт қарауы дәлел бола алады. Негізінен Өзбекстан, Моңғолия, Иран және Қытайда тұратын қандас балалар мен жастар белсенді қатысады. Өйткені, осы мемлекеттерде тұратын этникалық қазақтар ана тілін сақтауға барын салып бағады және ана тілінің қолданыс аясы тек от басы, ошақ қасындағы қарым-қатынаспен шектеліп қалмайды. Ізденіс бар, ілгерілеу байқалады. Сонымен қатар, Моңғолия мен Өзбекстанда қазақтар ана тілінде бастауыш сыныптан бастап білім алу мүмкіндігіне ие. Еуропа мен Ресейдегі жағдай басқаша. Жастар іс жүзінде қазақ тілін білмейді және оларды оқуға деген ынтасы төмен. Нақты жағдайды назарға ала отырып, біз қайда бара жатқанымызды түсінеміз және алдағы жобаларды іске асыру кезінде осыны жіті назарда ұстап, ерекше ескеретін боламыз. Бұл жағдайды аз ғана уақыт аралығында өзгерту мүмкін емес, тек мақсатты және жүйелі жұмыс қана бұл жағдайды оңалта алады. Бұл бағытта бізбен сенімді серіктес болып, бірлескен жұмысқа кірісуге дайын қазақ мәдени орталықтарына үлкен үміт артамыз.

Отандастардың мүддесін ескере отырып, біз ұсынатын тың жобалар оларды танымал тұлға, тағылымды адамдармен таныстырады және өзекті тақырыптарды талқыға салады. Мәселен, адам  баласының баға жетпес байлығы - денсаулықты сақтауға байланысты отандастарымызға «Айкуне» әдісі бойынша ежелгі түркі медицинасына негізделген қазақ ұлттық гимнастикасының негіздерін меңгеру ұсынылды. Үйде отырып-ақ отандастарымыз ұлттық тағамдар, оның ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы керекті кеңестер алды. «Қазақтың ұлттық құндылықтары - Ұлы дала бренді» жобасы осы тақырыпқа арналды.

Биыл көптеген қызықты іс-шаралар өткізілді, дегенмен  мәдениетке қатысты түсінік аясын әлі де кеңейте түсу жағы кемшін. Бізге қазақ өнерінің барлық түрлері мен жанрларын қамтып, отандастарымызды дәстүрлі және заманауи қазақ мәдениетінің кеңістігіне кеңінен тарту қажет. Алдағы кезде де көптеген тың жобалар мен шарапаты мол шаралар күтіп тұр. 

Әлия Әбелдинова 

«Отандастар қоры» КЕАҚ Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры

Abai.kz

4 пікір